Алаш идеясы және Қазақ радиосы

Ұлттық кітапханада Қазақ радиосы Алматы студиясының ұйымдастыруымен «Алаш идеясы және Қазақ радиосы» атты жиын өтті. Оған алаштанушылар, зиялы қауым мен қаламгерлер, бұқаралық ақпарат құралдары саласының өкілдері қатысты.

Ж.Молдағалиевтің өлеңімен ашылған жиынның тізгінін ұстаған Қазақ радиосы Алматы студиясының жетекшісі Б.Жағыпарұлы ұлттың үнжариясы – Қазақ радиосы мен Шалқар радиосы Тәуелсіздік рухын, Алаш идеясын үзбей насихаттап, тарих тағылымын тыңдарман назарына ұсынып келе жатқандығын, ал оның негізін қалаушы – ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлы екендігін біреу білсе, біреу білмейтіндігін алға тартып, Алашорданың 100 жылдығын атап өтіп жатқан тұста осы айтулы оқиғаны ­назардан тыс қалдырмау жөн екендігін атап өтті.
Республика бойынша ең алғаш 1921 жылы 1 қазанда Орынбор қаласынан радиохабар таратылғандығын, оған ұйтқы болған А.Байтұрсынұлы екендігін ғалым Н.Омашұлы Ресей архивтеріндегі құжаттарға сүйене отырып баяндап берді.
Бұл деректі қазақ даласына насихаттауды мақсат тұтқан жиын барысында А.Байтұрсынұлының туғанына 145 жыл толуына орай жарыққа шыққан Ахмет Байтұрсынұлы фотоальбомының (бас редакторы Р.Имаханбет) және «Бес арыс» (Р.Имаханбет, Г.Орда) атты кітаптың таныстырылымы өтті.
Алматы және Торғай қаласындағы А.Байтұрсынұлы музей-үйі қорының мұрағаттық деректері, шежірелі фотосуреттері, тарихи тұлғаны өз дәуірі мен бүгінгі тәуелсіздік кезеңдегі ұлт ұстазын ұлықтаған ресми жиындар мен арнайы іс-шаралар материалдары топтастырылған фото-жинақтың керме жібін ұлт ұстазының жиені А.Байсалова мен «Нұр Отан» ХДП Алматы қалалық бөлімшесі төрағасының бірінші орынбасары К.Матыжанов, ал «Бес арыс» кітабының керме жібін қоғам қайраткері, «Тіл жанашыры» құрмет белгісінің иегері А.Осман мен әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымының докторы Т.Тебегенов қиып, өз ой-пікірлерін білдірді.
А.Байтұрсынұлы мұражай-үйінің директоры Р.Имаханбет, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің деканы С.Медеубекұлы, «Ақиқат» журналының бас редакторы А.Әлім, Б.Майлин атындағы қордың төрағасы Ж.Табын және т.б. Алаш арыстарының еңбектері, сол арқылы қазақтың қанында бар қасиеттерді қайта жаңғыртып, үлгі-өнеге ету жолында қазақ үнінің жаршысына айналған Қазақ радиосының ұшан-теңіз еңбегін, рухы биік, сезімі асқақ ұрпақ тәрбиелеудегі рөлін бағалап, жиынды ұйымдастыруға мұрындық болған азаматтарға алғыс айтты. Сондай-ақ Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйінің директоры Р.Имаханбет Ахаң үйінің ауласына «Алаш үйі» салынса деген ұсыныс-пікірін жеткізді.
Жиын барысында Қазақ радио­сының Алматы бөлімшесінде еңбек ететін Ә.Байжанбаевтың баласы А.Әнуарбекұлы, Ғ.Есенсариев, Т.Момбекұлы, Г.Нәлібай, ­С.Қоңырбаев, Ж.Оразымбетова, Г.Бостан, Г.Алпамысқызы және т.б. ұжым мүшелері көпшілікке таныстырылды.
Жиналған көпшілік «Алтын қордағы» М.Әуезов, А.Тоқпанов, Б.Момышұлы, Ш.Айманов, Ғ.Құрманбаев, Т.Ахтанов, М.Мақатаев, Ә.Байжанбаев, Д.Қанатбаев, М.Ержанов және т.б. қазақтың біртуар азаматтарының дауыстарын тыңдап, үлкен толғанысты бастан кешті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл Қазақ радиосының Алматы студиясына А.Байтұрсынұлының құрметіне ескерткіш-тақта қойылмақ.

Бағдагүл Балаубаева

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.