Армандарға қанат байлап…

Уақыт алға жылжи береді. Бұл – өмір заңы. Осы заңдылыққа сәйкес тағы бір жылды артқа тастап, Жаңа жылдың – 2018 жылдың алғашқы күндерін де бастап кеттік. Біз алдымен елдің жайын ойлайтын халықпыз. Тілек айтатын болсақ ә дегенде аузымызға түсетін сөз – «еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!». Егерде өткен жылға ел тұрғысынан баға берер болсақ – ешқандай да өкпеміз жоқ. Бұл туралы Елбасының Жаңа жылдық құттықтауында да айтылды.

Өткен жылдағы басты-басты оқиғалар туралы не айтуға болады? Бірінші кезекте «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесі еске түседі. Төрткүл дүние назар аударған жаһан­дық шараны зор табыспен, асқан ұйымшылдықпен өткізе білдік. Нәтижесінде еліміздің беделі ­артты, абыройы асқақтады. Бұған Халықаралық көрмелер бюросы Бас хатшысының: «соңғы жиырма бес жыл ішіндегі ең тамаша көрме» деген сөзі анық дәлел. Мұндай ірі көрме Орталық Азияда, оны айтасыз ТМД мемлекеттерінің ішінде алғаш рет Қазақстанда өткізілуі де үлкен мақтаныш. Сирия дағдарысын реттеуге арналған Астана процесі аясындағы келіссөздің де әлемдік деңгейдегі маңызы ерекше. Дүниежүзі көз тіккен кездесулер­дің алаңы ретінде Астананың таңдалуы да жайдан-жай емес. Осының өзі сырт елдердің Қазақстанға деген құр­меті мен сенімі. Елордада өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Ислам ынтымақтастық ұйымының Саммиттерінде де адамзат үшін елеулі шешімдер қабылданғанын айта кеткеніміз жөн.
Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануы – елімізге көрсетілген ең жоғары сенім. Ал биылғы жылы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етіп отырмыз. Осы жағымды жаңалықтардың барлығы жаныңды жадыратады, жүзіңе қуаныш ұялатады.
Тауық жылы рухани сілкініс жылы болды десек қателеспеспіз. Елбасының рухани жаңғыруға қа­тысты бағдарламалық мақаласы жұрт­шылықтан қолдау тапты. Бұл өзі дер кезінде көтерілген бастама болды. Қандай істе де рухтың алар орны зор. Ол рух қайдан келеді? Аспаннан салбырап түспейтіні белгілі. Немесе аяқ астынан, ға­йыптан пайда болмайды. Рух туған жердің, туған елдің қадір-қасиетін білуден бастау алса керек. Біздің топырағымыз тарихқа бай. Ал бай тарихымыз қаһармандық шежіреге толы. Қаһармандық, бабалардың ерлік істері адам бойына күш-жігер, қайсарлық, өрлік бітірері анық. Осындай қасиеттерді сіңірген жанның алмайтын асуы, шықпайтын биігі болмайды. Міне, рухтың құдіреті!
Рухани жаңғыруымыздың ай­шықты бір дәлелі – қазақ тілінің жаңа әліпбиін қабылдағанымыз. Бұл қадам да бүгінгі заман талабынан туындады. Әлемдегі көп елдер, онда да өркениетті елдер латын әліпбиімен жұмыс істейді, өмір сүреді. Неге біз көштен қалуымыз керек? Сөйтіп, ұлы көшке біз де ілестік. Ықылас-ниетіміз қабыл болып, жолымыз оңғарылсын дейік.
Бәрін айт та, бірін айт – көбей­генге, қатарымыздың молайға­­ны­на ештеңе жетпейді. Өткен жылы бөр­кімізді аспанға атып, шаттана қуанғанымыз – халқымыздың саны 18 миллионға жеткені. Бізге өсу керек, көбею керек. Жеріміздің көле­міне қарай халқымыздың саны да соған лайық болып жатса нұр үстіне нұр емес пе?!
Табалдырықтан енген тағы бір жылды үлкен үмітпен, игі тілекпен қарсы алып отырмыз. Арман­да­ры­мызға қанат байлап, жүзімізге нұр-шуақ төгетін жақсылық жылы болсын, 2018!

Нұркен ЖАНДӘУЛЕТҰЛЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. Ләйлә

    Жаңа жыл елімііз үшін жаңа белестер жылы босын. Ең бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Сырттан келген жаудан, айтпай келген зілзаладан аман болайық. Қанағатшылдығымыздан арылмайық.

  2. Жанар

    Иә, тыныштық, бейбітшілік болсын. Халқымыз үшін бастысы осы.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.