Мажар елінде күй күмбірлеп, ән әуеледі

Еліміздің Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Д.Нұрпейісова атындағы академиялық халық аспаптары оркестрі Мажар астанасы – Будапешт пен Сербияның бас қаласы – Белградқа гастрольдік сапармен барып қайтты. Бұл аталған өнер ұжымының Еуропаға алғашқы сапары емес. Арғысын айтпағанда, оркестр соңғы 2-3 жылдың өзінде Түркия, Германия, Австрия, Франция елдерінің айтулы сахналарында өнер көрсетіп, кәрі құрлықтың талғампаз тыңдарманын сан мәрте мойындатып келген. Бұл жолғы сапардың да мәні ерекше болды. Атырау облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Саламат Сабыр бастаған өнер делегациясы әуелгі аялдап, ат шалдыратын жер – мадиярлар мекеніне бет түзеді.

Бұл елдегі Қазақстан елшілігі Тәуел­сіздігінің 26 жылдығына орай және академиялық оркестр құрметіне Будапешт төрінде салтанатты қа­былдау ұйымдастырды. Құрметті мей­мандар тізімінде Мажарстан мем­лекеттік жиналысының депутаттары, мемлекеттік органдар басшылығы, мәдениет және ғылым қайраткерлері, іскер топ және дипломатиялық корпус өкілдері, қазақ диаспорасы және студент жастар бар. Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Нұрбах Рүстемов тәуелсіздік жылдарында қазақ-мажар байланысының саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани салаларда үздіксіз дамып, нығая түскеніне тоқталды. Алысқа ұзамай-ақ, биыл ғана ашылған «Астана-Будапешт» тікелей әуе рейсі жолаушылардың уақытын үнемдеп, жолын қысқартса, қос елдің ауыл шаруашылығы саласында басталған тың инвестициялық жобалар өзара тиімді әріптестікті жаңа деңгейге көтеріп отырған көрінеді. Сондай-ақ білім-ғылым саласындағы байланыс та жыл өткен сайын қарқынды дамып, нәтижесінде бүгінде Мажар елінде 200-ге жуық шәкірттеріміз тегін білім алуда.
Өз кезегінде оркестрдің шағын құрамы қазақтың ұлттық аспаптары арқылы салтанатты шара қонақтарына еліміздің мәдени бай мұрасын көзайым қылды. Ал шығармашылық ұжымның директоры Сағынтай Көпжасаров екі елдің рухани байланысының жандануына өлшеусіз үлес қосып жүрген елші Нұрбах Рүстемов мырза мен мажарстандық түркітанушы ғалым, белгілі қоғам қайраткері, бар саналы ғұмырын түркі халықтарының бірлігін бекемдеу жолына арнаған Иштван Қоңыр Мандокидің жары, жерлесіміз Оңайша Мандокиға ерекше алғысын білдіріп, туған жерден арқалап апарған естелік сый-сияпаттарды табыстады.
«Duna Palota» сарайында болған мәдени кештің шымылдығын ­Қазақ­стан Республикасының Мажарстан­дағы Төтенше және өкілетті елшісі Нұрбах Рүстемов құттықтау сөзбен ашты. Бұдан кейін концерттің негізгі мақсат-мұраты жөнінде академиялық оркестрдің директоры Сағынтай Көпжасаров қысқаша баяндап, кеш тізгінін мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, Құрманғазы атындағы мемле­кеттік акаде­миялық халық аспаптар оркестрінің бас дири­жері Арман Жүдебаевқа табыстады.
Өнерпаздардың әр қимылын қалт жібермей, іштен тынып отырған көрерменді әп дегенде Құрманғазының «Серпер» күйі серпілтіп, сергітіп алды. Еуропаға шетелдік классика таңсық емес, сондықтан концерт бағдарламасын құруда көркемдік кеңес «Жезкиік», «Той күйі», «Көңілашар», «Адай», «Әлқисса», «Сарыарқа» секілді қазақтың екпінді, дауылпаз күйлерін таңдауға күш салғаны байқалып тұр. Халқымыздың жауынгерлік, ерлік рухын әйгілейтін әлгіндей шығармалар өзгеге тектілігіңді мойындатып, еріксіз мысын басатындай көрінеді. Симфониялық оркестрден ұлт-аспаптар ұжымының ерекшелігі де осында шығар, әр аспаптың үйлесімді үндестігі бірде делебеңді қоздырып, бірде төбе құйқаңды шымырлатады. Әр шығармадан қазақтың кең даласын, рухани бай мәдениеті мен салт-дәстүрін жақынырақ тани түскен шетелдіктер риза көңілмен дуылдата қол соғумен болды. Әсіресе домбыра мен қобыз секілді қазақ ұлттық аспаптарының әуезді үніне елтігені сондай, И.Штраустың «Радец маршын», С.Какураның «Ай-Петри къайтармасын», Л.Андерсонның «Фидл-фадлын», И.Брамстың «№5 Мажар биін» естігенде ерекше толқып, еріксіз бастарын шайқай берді.
Осы орайда оркестрдің өз білгенінен жаңылмай, өрнекті өнер көрсетуіне күш салған жас дарын, биыл ғана «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына енген, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Арман Жүдебаев пен танымал дирижер, ҚР Мәдениет қайраткері Рахила Құлсариеваның еселі еңбегін елеусіз қалдыруға болмайды. Бірде сазды әуенге елітіп, бірде шаттық күймен шабыттандырып, көрерменді де ұмытпай, ұрымтал сәтте сахнамен байланыстыра білген дирижерлардың әр қозғалысы музыкамен біте-қайнасып, көңіл ырғағын дөп басып жатты.
Концертте, сондай-ақ оркестрдің белді солистері Индира Түсіпқалиева, Ғарібжан Мұқанғалиев, қобызшы Ақнар Шәріпбаева ән-күйден шашу ша­шып, көрерменнің ыстық ықыласы­на бөленді. Дәстүрлі әнші, ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Құрмет» орденінің иегері Қайрат Кәкімов «Таңжарбай» мен «Үлкен айдай» әндерін тамылжыта шырқады.
Міне, осылайша, қазақ өнеріне тәнті болған мажарлықтар кеш соңында қошеметтей қол соғып, өнер иелеріне тік тұрып құрмет көрсетті. Бұл кеште расында, Дунай бойы дүбірлі думанға толып, күллі қазақ өнері мен мәдениетінің абыройы тағы да асқақтай түсті.
Мажарстандағы мәдени кешті жоғары деңгейде өткеріп, іргелес жатқан Сербия мемлекетіне бағыт алдық. Бұл да бізге таңсық өлке емес. Байкал мен Балқан арасындағы байтақ далада бабаларымыз талай ат тұяғын дүбірлеткен. Сөйтіп, «Балқан, Балқан, Балқан тау, Ол да біздің барған тау» деп бағзыдан бізге баян қал­дырған. Енді, міне, Тәуел­сіздігіміздің 26 жылдығына орайластырып Сербия жұртшылығын қазақ мәде­ниетімен таныс­тыру мүмкіндігі туып отыр.
Дина Нұрпейісова атындағы ор­кестрдің концерттік бағдарламасы «Шуақты өлкенің шаттығы» деп аталды. Бұл Сербияға сапар шеккен алғашқы өнер ұжымы емес, әлбетте. Екі ел ара­сындағы мәдени қарым-қатынастың аясында қазақ өнерінің өкілдері жиі болмаса да ат басын бұрып тұратын көрінеді. Былтыр ғана Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Сербияға мемлекеттік сапармен келіп, содан бері саяси, әлеуметтік-экономикалық бағыттағы байланыстарға қан жүгіре бастаған.
«Терезиа» театры. Кешкі сағат 19:30. Концерт өтетін зал көрерменге лық толы. Келушілер сахнаға тағатсыздана телміріп, ерекше қызығушылықпен алға ұмсынады. Оркестр сахнаға шығып, жайғасқан соң, алдымен қонақтардың шашбауын көтере келген Сербия Республикасы Парламентінің депутаты Драгомир Карич сөз алып, қонақжайлық мезірет жасады.
Әдеттегідей сахна шымылдығын «Серпермен» ашқан оркестр өнер­паздары әп дегеннен сермей жөнелді. Барған сайын қанатын жайып, ­бауырын жазып, әр шығарманы ­ши­рықтыра орындайды. Сербтерді де көз қиығымызбен аңдып, байқап отырмыз, басындағыдай құлықсыздау емес, дирижердің таяқшасы көкке шаншылған сайын құшырлана қол соғады. Әсіресе сербтің төл әуезі – «Моравак чачак коло» ойналғанда орнында байыз тауып отыра алмай, әуен ырғағымен қоса теңселіп, ерекше тебіренді. Сірә, бұл туындыны осыған дейін талай тыңдаса да, дәл мұндай толқыныс тудырмаған шығар дейді бір ойымыз. Өйткені қазақтың ұлттық аспаптары – домбыра мен қобыз шығармаға өзгеше рең, айрықша сипат беріп тұрғаны анық.
Концерт соңында жергілікті көрермен әсем кештің әсерінен айыға алмай, ұзақ уақыт тапжылмай қол соғумен болды. Көрермендер көзінен қазақ әуендерін әлі де тыңдай түскісі келетін қимастық көңілді байқадық. Шуақты өлкенің шаттығына шомылған шырайлы жүздерді көрдік. Мұның бәрі, әлбетте, қажырлы еңбек пен тынымсыз ізденістің жемісі.
Сахна сыртына шыққан соң Атырау облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Саламат Сағымпазұлы өнерпаздарды сәтті өнер көрсетуімен құттықтап, алғысын білдірді. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын негізге алып, қазақ мәдениетін әлемдік кеңістікке таныту мақсатын абыроймен атқарып жүрген академиялық оркестр ұжымының еңбегі мен шеберлігі шын мәнінде қандай марапатқа да лайық. Оған Еуропаның қос елінде абыроймен өткен концерттен соң жергілікті көрерменнің шексіз ризашылығы мен ыстық ықыласын көргенде көз жеткізіп, көңіл сендіргендей болдық.

Рауан СӘБИТҰЛЫ

Атырау – Будапешт –
Белград – Атырау

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.