Суретшіге қолдау қажет

Қалибек Айнажаров арбаға таңылған бірінші топтағы мүгедек бола тұра  Қазақстанның көк байрағын әлем халқының алдында желбіреткен жан. Оның есімі халықаралық «Миротворец» қоғамдық ұйымының дүниежүзілік  альянсы аясында өткен көрмеде танылды. Мәскеудегі көрмеге АҚШ, Германия, Үндістан, Грекия сынды мемлекеттер де қатысқанын ескерсек, шараның маңыздылығын бағамдауға болады.

Жерлесіміз шет елдік актерлер, саясаткерлер, мәдениет қайраткерлері енген үздік ондықтың ішіне енді. Олар белгілі өнер қайраткерлері Стивен Сигал, Майкл Дуглас, саясаткер ­Фидель Кастро (марқұм), композиторлар Мишель ­Легран мен Александра Пахмутова, танымал кардиолог Лео Бакира, хоккейші Владислав Третьяк, әнші Валентина Толкунова және Аягөз қаласынан суретші Қалибек Айнажаров. Ол өзінің қайталанбас туындыларын ағаш бетіне ойып ­салады. Өнер туындыларының аттары да ерекше: «Адам ата мен Хауа ана», «Балалық шақ», «Дала аруы», «Голгофаға жол», «Үш жүз», «Қо­бызшы», «Періште мен төрт салт атты», «Гур­до­фарид пен Сухрабтың жекпе-жегі», «Қозы Көр­пеш Баян сұлу», «Омар Хайям» т.б. өнер туын­дылары. ­Бү­гінгі таңда Қалибек Айнажаровтың есімі әлем­дік дәрежедегі суретшілердің реестріне енген.
…Аягөздік жігіттің қоларбаға таңылуы дәрігерлердің шалағайлығынан болған жағдай еді. Сүйек туберкулезі деген қате диагнозбен жасалған отадан соң 13 жасар қарапайым ойын баласы қоларбаға таңылды. Бір кездердегі асқақ арман, жарқын болашақ туралы ойлары бір-ақ сәтте быт-шыт болып екі аяқ тартылып, басуға жарамай пұшайман халге түсті. Бойында намысы, жүрегінде оты бар, талантты жігіт осылайша қоларбамен жүруге мәжбүр болып қалған. Бұлқынды, ширықты… ешкім бұған назар ­аудармады, енді бұл ешкімге керегі де жоқ болып қалды. Қаншама ұйқысыз өткізген түндер, азабы мол күндер, шеккен қайғы-қасірет сол кездегі ­21 жасар жас жігітті түбегейлі шешімге алып келді.
– Мәскеу, Ленинградтағы клиникалардың да шамасы келмеді. Диагноздың жаңсақ болып, маған мүлде басқа операция жасалғанын кеш білдім. Бірде Ленинград хирургиялық туберкулез институты берген дәрігердің қорытындысын кездейсоқ қағаздардың ішінен тауып алдым, –дейді ол. Ол енді өзінің бүкіл өміріне қиянат жасаған жалған дәрігерден кек алуға бел буды. Анығында, хирургиялық емес, 4 жылдық санитарлық-гигиеналық маман даярлайтын оқу орнын тәмамдаған «оташыны» жас жігіт қойнына тығып, алып барған шолақ мылтығымен атады. Бір емес, екі рет. Әйтеуір, «дәрігер» дін аман қалды. Мылтық дауысының қоғамдағы жаңғырығы ғаламат болды. Бірнеше жылдардан бері қиянат шегіп жатқан қоларбадағы мүгедек жігітке бірден назар аударылды. Мәскеудің «Литературная газета» басылымында журналист А.Самойленконың «Выстрел после операции» деген мақаласы жарияланып, 1986 жылы Қалибек жайлы «Диагноз» деп аталатын көркем-публицистикалық фильм түсірілді. Осы аттас кітап шығарылды.
Дүниежүзінің беделді ұйымдары таңғалып, марапатқа ұсынып жатқан Қалибек Айнажаровтың туындыларының сыры неде? Мүгедек жігіттің қазіргі жанайқайы не жайлы? Мәскеу, Астана, Алматы, Өскемен қалаларында сурет көрмелерін өткізген жігіт енді өз өнер ­туындыларын лайықты бағасына сатқысы келеді. Ал бұл дүниелерін осы саланың мүйізі қарағайдай өнер тарландары жоғары бағалаған. Ағаш бетіне ойып салынған өнер туындылары дүкен сөрелерінде тұрған дәл осындай бейнелерінен анағұрлым айырмасы бары анық.
– Өзімнің жан жарым Айгүл екеуміздің орта­мыз­дағы жалғыз ұлымыз отау құрды. Енді бір үйде бес жанбыз. Шақырылып жатқан шетел­дегі сурет көрмелеріне қатысу үшін де қара­жат қажет. Демеу­шілер шағын қаладан ­та­была бермейді, – дейді ол. Ал көрме, галереяға ұял­май қоятын, әлем мойындаған өнер туындылары Қалибекте бар­шылық. Мәселен, тарих ғылымының докторы, Ресей қолданбалы өнер академиясының ака­демигі Нәйля Бекмаханова (тарихшы ­Е.Бек­маханов­тың қызы), Алматыда «Сымбат» сән акаде­миясы ұйымдастырған көр­меде қазылар ал­қа­сының төрағасы болған белгілі сәнгер ­Алек­сандр ­Зайцевтар Қалибек Айнажаров­тың ­қо­лы­нан шыққан дүниелерін өте жоғары бағалады.
– Амал не, әлемдік өнер шеберлері тарапынан лайықты бағаларын алған суреттер әлі де өз деңгейінде бағаланбай жүр. Мұң-зарымды айтып жоғарыға жаздым. Олардың маған көмек көрсету туралы жергілікті жерлерге жазған хаттары да бар. Бірақ неге екені белгісіз, «баяғы жартас, сол жартастың» кебін құшудамыз, – дейді Қалибек Ішпекбайұлы қағаздарды көрсетіп.
Тәуелсіз Қазақстанның көк байрағын әлемдік додада желбіреткен, «Әлемнің ұлы адамдары» кітабына енген жігіт өз өнерінің лайықты бағаланғанын қалайды.

Берікхан Тайжігіт
Шығыс Қазақстан облысы
Аягөз ауданы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.