Бурабайдың бағын жандырсақ…!Немесе Көкше жайы неге алаңдатады?

Болат ЖӘМКЕНОВ,
Қазақстанның құрметті журналисі

Иә, жадымызда ежелден: «Бурабай – қазағымның Хан Ордасы, Қазақтың жүрегінде хан Абылай!..» болып қалыптасқан бұл киелі мекеннің орны бөлек екені кәміл. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына орай жақында ғана баспасөзде осындағы үш бірдей нысан: «Абылай хан алаңы», «Оқжетпес» және «Кенесары Үңгірі» жалпыұлттық «Қасиетті Қазақстан» картасына енетінінің жариялануы да қалың жұртшылықтың Көкше-Бурабайға деген ерекше ықыласының дәлелі.
Алайда біз осындай қолдағы барымызды шын мәнінде, ұлттық құндылық ретінде бағалай алып отырмыз ба? Қоғам боп қорғай алдық па? Осы тұрғыдан, әсем көркі біржола жойылып кете ме деп бүгінде жұртшылықты қатты алаңдатып отырған жер бетіндегі табиғаттың сирек мүйісі Көкше-Бурабайдың қазіргі жай-күйіне назар аудартып, толығырақ таныстыра кетуді жөн көріп отырмыз.

Айта кетсек, бұдан бір ғасыр бұрын Алаш көсемдері «Оян, қазақ!» деп ұран тастаcа, Елбасының осыған үндес ­Рухани жаңғыруға шақырған мақаласы да халықтың көкейіндегісі: ұлт қамы үшін ұлағатты ой тастау. Ел басына түскен қилы кезеңдерде үзіліп қалған алтын арқау, ұлттық асыл құндылықтарымызға қайта оралтуға, бүкіл көзқарасымызды өзгертуге үндеп отыр. Әсіресе қашаннан қазақпен тағдырлас Жер-Ана туралы толғанысы да селт еткізбей қоймас! Ұзақ жыл орыс империясының отарлауына, кейін тоталитарлық жүйенің тонауына ұшыраған, бүгінде ерекше қамқорлыққа мұқтаж жалпыұлттық қастерлі, киелі жерлерімізді айрықша қорғау тың бетбұрыс тудырып отыр. Мұны біз таяу­да Көкшетаудың біраз жерін (бүгінде Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарына бөлініп кеткен) аралай жүріп те естідік. «Рухани жаңғыру» жобалары Көкшенің қазіргі ахуалын түзете алар ма екен?» деседі көргенді көпшілік.
…Қасиетті Көкше! Қайран ­Бурабай қай кезде де ғажап қой! Арқада қыс түтеп тұрған ақпанда келсеңіз ақжаулық-қар жамылған мәңгі жасыл өлке ертегі әлеміндей қысқы бар сұлулық көркімен, «бір жұтсаң көкірегіңнен дәмі кетпес» (Сәкен) саф ауасымен, ақшуақ мейірімін төге қарсы алса, бұл өңір жаз айларында тіптен құлпырып, тілмен айтып жеткізгісіз түрге енеді. Құдіреттің күшімен құйылғандай, қазақтың өршіл асқақ рухындай болып көкке шаншылған Оқжетпес шыңы, үш жағынан қарасаң үш түрлі: ару қыз, сұлу әйел, қартаң ­кейуана бейнесінде көрінетін Жұмбақтас, Көкше биігі, Бөлектау, Жекебатыр жоталары, «қыздың жиған жүгіндей» сан түрлі пішіндегі әсем гранит шоқылар… Айдынында Ай жүзген Әулиекөл, аққу құшқан Айнакөл!… Тап бір Жаратушы шебер мынау күнделікті күйкі тіршілік пен қу құлқынға құл болып кеткен сорлы пенделеріне: « – Ей, адамдар! Сұлулық құдіретін түсініңдер, жандүниелеріңді тазартыңдар, тазарыңдар!» деп әсемдік атаулыны осы Бурабай баурайына үйіп-төгіп қойған ба, дерсің!

Көкшетау қазақ үшін несімен қастерлі?

Бірінші оның әлгіндей қайталанбас ғажайып көркем табиғаты болса, екіншісі тарихи ескерткіш-киелі орындарына байланысты. Осынау ұлан-ғайыр атажұртта қазақ баласын бір тудың астына жинап, арыстандай алысып, тоғыз ұрпақ бойы қазақ тағдырын қыл үстінде қалтыратқан Жоңғария қалмақтарын біржола ­жойып, тұңғыш үш жүздің ханы атанған Абылай­дың Хан Ордасын тіккен ордалы мекен осы Бурабай!
«Көшкен елдей, Аққан селдей, Әскері Қанжығалы қарт Бөгенбай» (Мағжан) сан мәрте ата жаумен айқасқа аттанған жер осы!
Орыс империясының отаршылдығына қарсы ұлт-азаттық күресін бастаған жаужүрек баһадүр, аты аңызға айналған қазақтың соңғы ханы Кенесары батырдың «Ақ туын Абылайдың тіккен жері» (Иманжүсіп) де дәл осы Бурабай!
Атағы Алашқа мәлім Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ жырлап тауыса алмай кеткен, ел тарихына уызынан жарып өскен Сәкен, Мағжан, Қасымдар кешегі қылышынан қан тамған кеңестік кезеңнің өзінде Бурабай шежіресіне, ұлы Абылай есіміне соқпай өте алмаған Көкшең осы! Қазақта Көкшедей көп жырланған жер бар ма, сірә?!
Ал Тәуелсіз елдің ертеңі – бүгінгі жас ұрпақ біле ме осыларды? Біле бермейтін де болар-ау!..
Бірде Асқар Тұрарұлы деген орыс тілді көршімнің әңгімесі мені қатты ойға қалдырған. Қазақ хандары, батырлары жөнінде мақұрымдау көршімнің өзі де, мектеп жасындағы екі ұлы да түріктің Сүлейман сұлтаны, тіпті оның арғы атасы Ертұғырыл батырдан бастап жіліктеп шағып ағып тұр!.. Сөйтсек, көршім бала-шағасын Ыстамбұлға апарып қайтқан екен. Атақты сұлтанның тұрған ­сарайын, кейбір әйгілі Осман билеушілерінің жүрген-тұрған жерлерін аралап, олар туралы әңгімелерге қанығып, деректі фильмдер көріп, ал сол өткен дәуірлердегі түрік сарбаздарынша киінген жігіттер шыға-шыға келіп келушілерге қызмет көрсеткенде бұлардан ес кеткен… Ғұмыры ұмытылмастай әсерде қал­ған! Күнде ғаламтор қарап, нақты дерек­терге ғана иланатын бұлар Қазақ хан­дығы, қазақтың 9 ұрпаққа созылған жоң­ғар шап­қыншылықтарына қарсы ерлік кү­рес­тері туралы әңгімемізге күмәнмен қарайды.
«Көп естігеннен бір рет көрген артық» демей ме. Мына Астанадан таяқ тастам жердегі Бурабайда ұлы Абылай ханның, ұлт-азаттық күресінің қаһарманы, жаужүрек Кенесары ханның асқақтап ескерткіштері, көне мұрағат-жәдігерлерге толы музей-кешені тұрса, қазақ бола алмай жүрген біз сияқты бейбақтар тарихымызды танып, бала-шағамызбен барып, тәу етіп тұрмас па ек? Туристер де үйірілмес пе еді? Ақын-жырауларға музей ашқанда, хандарымыз солар құрлы болмағаны ма? Көкшенің тау-тасынан «ақша сауған» кәсіпкерсымақ найсаптар осыны неге білмейді?!» деп тоқтаған ­шетелдерде көп жүрген ғалым әрі кәсіпкер Асқар көршім ішкі өксігін әзер басып. Айтса айтқандай. Бүгінгі жаңа дәуір жас­тары ұран ғып ұстанар бастама емес пе, ағайын?!
Біз жоғарыда Бурабай ерекше қорғауға мұқтаж дедік. Және бұл тек Тәуелсіздік арқасында соңғы 10-15 жыл беделінде ғана айтыла бастаған екен.
«Көкшенің көз жасы қашан құрғайды?». Журналист А.Алпысбайұлының осындай тақырыптағы сын мақаласын оқыған едік («Алаш айнасы», 14.03.2012 ж). Жазушы Т.Қажыбаевтың курорттық аймақ­тағы келеңсіздіктер туралы, ақын Қ.Мұқтайтегінің «Көкшенің көркі естеліктерде ғана қалды…», Е.Айтмаған­бетов­тің «Тарт қолыңды, Бурабайдан!» («ҚӘ») атты ашына жазған мақалалары тақырыптары айтып тұрғандай оқырманды селк еткізбей қоймайды! Орыс тілінде де жариялануда. Қаламгерлер мен табиғат жанашырларының мұндай жанайқайына не себеп? Кәне, осы тұрғыдан сәл тереңірек зертеп көрелік.
Бұл өңірді атам қазақ о бастан осылай қастерлеген. 1903 жылы осы маңға арнайы ат басын бұрған атақты саяхатшы-ғалым В.П.Семенов-Тяньшаньский жер бетіндегі ерекше мүйіс деп мойындаған. Орыс империясының ­отарлау ­саясатымен қазақ даласына ағылған қарашекпенділер Бурабайды бірден-ақ өздерінің саябақтық-курорттық жері деп жариялаған… Бурабай содан бергі жүз жыл бойы аяусыз тоналып келеді. Көне ресми құжаттарға үңілсек, бұған көз жеткіземіз. Бурабай аймағы 1920 жылы мемлекет қарауына алынса, 1938 жылы халықаралық байқауда КСРО курорттары арасында екінші орынға ие болысымен-ақ мұнда басқа да денсаулық түзеу орындары, түрлі шаруашылықтар қауырт салына бастаған. Тұмса табиғатқа қол салу үдеген.
Академик Төрегелді Шарманов таяу­да баспасөз бетінде: «Мен Президентке адам жасын ұзартатын, денсаулыққа ерекше пайдалы әлемде төрт-ақ жер жаннаты бар, солардың қатарына енді ­Бурабайды да қосу керек деп айттым» деді. Оған Жетісудің кей жерлерін қосатынын жазыпты. Аталы сөз. Ғалым бұлай дегенде: «Бурабай жай жер емес, оның табиғи байлығын айрықша қорғап, сақтай білуіміз керек!» дегенді баса жеткізіп отырғаны анық.
Бурабай курорттық аймағы несімен құнды дегенде, оның табиғи байлығын негізінен, үшке бөліп қарауға болады.
БІРІНШІ. Ауасы мен табиғат аясы. 35 шақырымға созылған Көкшетау жоталары қоршап, өткір дала желінен қорғап жатқан, ойында орманы сыңсып, қырында биік шыңды қиялаған қарағайы мен ақ қайыңдар желек атқан, айнала көмкерген күміс көлдер… Бурабай аумағына ерекше қоңыржай, қолайлы микроклимат орнатып, басынан бұлт жаумай өтпеген, беткейінен озонды ауа-көк торғын мұнар кетпеген көркем табиғат мүйісі көрген жанның әлі де көз жауын алады! Саядағы сансыз өсімдік жұпары аңқып, қылқан жапырақты ағаштардың эфир майына, оттегіге бай ауасы тынысыңды ашып, бойыңды бау­рап әкетеді. Жүрек-қан тамырлары, жүйке жүйесі науқастары үшін серуендеу маршруттары белгіленген: «Адам жанын жегідей жейтін уайым, әртүрлі жағымсыз ой тәнді бұзады, ал қуа­ныш пен жағымды көрініс әсері тәнді дамы­тады, нығайтады» деп атақты И.П.Павлов тегін айтпаған. Біз мұнда күр­делі медициналық ем алуды көтере алма­са да, тек қана осы ерекше ауасы мен көр­кем табиғат аясы үшін сонау алыстан келіп, демалып жүрген науқастарды да көрдік.
Әттең!.. сол дертке дауа саф ­ауаны қорғау о бастан жанашырлықпен жоба­лан­баған. Басқасын айтпағанда, Бурабай атмосферасына жылына тек Щучинск, Көкшетау қалаларының өзінен 35-40 мың тоннадан астам лас қалдықтар (күл, күкіртті ангидрид, азот тотығы, көміртегі тотығы, адам ағзасына аса қауіпті қорғасын тозаңы) төгіледі екен. Орталықтандырылған жылыту жүйесін салу бертінде ғана қолға алынған. Осын­дағы жүзге тарта мекеме, «Бурабай» кенті үйлері мұржаларын, оған бүгінде толассыз ағылған автокөліктің улы көк түтінін қосыңыз. Бұл күнде рабайсыз далиып бара жатқан ­Щучинск қаласындағы аяқ алып жүргісіз сауда-саттық орындарындағы, ондаған кәсіпорын-шаруашылықтағы қыс бойы түтін атқан қаптаған қазандықтарды былай қойғанда, лас қалдықтар 500-700 шақырым жерлердегі қалалардың биік тұрбалары арқылы да ауа ағымымен жетеді екен… Қайран Көкше барған ­сайын тынысы тарылып, жанары жасау­рай қарайды. Араша сұрап тұрғандай…
ЕКІНШІ. Фаунасы мен флорасына төнген қатер. Көкше-Бурабай аумағында бұрын омыртқалы жануарлардың 305 түрі, соның ішінде сүтқоректілер – 54 болса, оның 4 түрі, құстар – 213 болса, оның 17 түрі жойылуға жақын. Ұя салатын орнитофаунаның құрамынан 13 түрі жойылған. Аққу ұя салмайтын болған. Қара ләйлек, шақырғыш аққу, ақ құр, сұр тырна, дуадақ безіп кеткен. Қоңыр аю, марал мен елік, осы өлкені көп зерттеп жазған Н.Д.Беклемишевтің дерегінше, бертінге дейін болған құну мен сілеусін, Балқаш жолбарысы біржола қош айтысқан. Соңғы аю 1995 жылы атылған…
Бұл өңірдің флоралық ерекшелігі таңғаларлық жоғары деңгейде: ол 757 түрлі өсімдіктен тұрады! Бурабай табиғат мұражайына қойылған олардың 40-тан астам түрі адам ағзасына, соның ішінде жүрек-қан тамырлары, бүйрек, өт, ­бауыр, тыныс жолдары-өкпе, буын, аяқ-бел және т.б. ауру түрлері үшін таптырмас емдік өсімдіктер. 15 түрі Қызыл кітапқа енгізілген.
Әттең!.. әсем табиғатқа аяусыз ауыз салып, ғасыр жасаған қарағайды, арудай жасанған биші қайыңдарды мыңдап отап, жерді иемденіп қалуға араны ашылғандар саны қазір күрт артқан. Бурабай курортық аймағында қаймағы бұзылмаған, адам аяғы таптамаған бос жерлер қалмауға айналған. Эколог-ғалымдардың айтуынша осы қарқынмен қорғаусыз қала берсе енді бір 15-20 жылда Бурабай аймағының қазіргі қалған фаунасы мен флорасының жартысынан астамы жойылып кетпек. Көпшілікті шошындыратыны да осы!..
Айта кетейік, әдетте, өркениетке ұмтылған елдер өздерінің табиғат және тарихи ескерткіштері сияқты ұлттық құндылықтарын мемлекет қорғауындағы Ұлттық табиғи парктер мен табиғат қорықтары арқылы сақтап қалғаны мәлім. Олар және Халықаралық конвенциялар арқылы да қорғалады. Азуын айға білеген АҚШ бүгінде БҰҰ стандарттарына сай – 269, Австрия – 239, ТМД елдері – 150, Канада – 70, Жапония – 77 қорғалатын курорттық аймақтарымен мақтана алады. Автокөлік жолына секіріп шыққан хайуанатты көрсе небір есерсоқ көлік жүргізушінің өзі қазақтың атасына жол берген баяғының келініндей иіліп тоқтап, өткізіп жібереді. Заң қатал. Ұлттық сана жетілген. Ал біздің республикамызда небәрі 12 мемлекеттік ұлттық табиғи парк құрылған болса, соның ең маңдай алдысы «Бурабайдың» көрген күні әлгі… Өкінішті-ақ!..
Оның үстіне, кейбір сұғанақ қолды бизнесмендерден әбден запы болған мұндағы тұрғындарды өткен жылы Үкімет Қазақстанның мемлекеттік ұлттық табиғи парктері 5 және 49 жылға жалға берілетінін мәлімдеп, сол тізімге Бурабайдың да ілігуі қатты алаңдатып отырғанын жеткізе кетудің артықтығы болмас. Бұл жөнінде сәл кейінірек тоқталамыз.
ҮШІНШІ. Гранитті тау жыныстары мен минералды сулары – Бурабайдың басты байлығы. Геологиялық және тектоникалық құрылысы миллиондаған жылдар бұрынғы көне дәуірлерден бастау алған, жел мен су, физикалық, химиялық және өзіндік микроклимат әсерлерінен пайда болған гранит массивтері, яғни қазақы ұғыммен айтсақ, «қыздың жиған жүгіндей» әсем жартас-шоқылар сан ­алуан ертегілік пішінде қиялыңды тербейді.
Жалпы бір кезде осы аймақта 90-нан астам минерал түрлері табылған болса, соның 40-тан астам көздің жауын алатын әшекей бұйымдар жасайтын түрлерінің дені, сондай-ақ сирек (тек Алтай мен Оралда) кездесетін яшма, хрусталь, алтын, платина, турмалин, хризопраз сияқты қымбат бағалы түрлері түгелдей дерлік тоналып біткен.
Америка ғалымдарының пікірінше, 100 тонна гранитте әрқайсысы 8-10 тонна аралығындағы мөлшерде алюминий, темір, магний, әрқайсысы 30-70 фунт аралығындағы мөлшерде ванадий, никель, хром, 180 фунт марганец, сондай-ақ кальций, калий, натрий қышқыл қоспалары, фосфор, титан қоспалары, таскөмірді алмастыра алатын 2 фунт торий мен 14 унция уран (болашақтың отыны) кездеседі екен. Ал біз әңгімелеп отырған курортты аймақ граниттерінде мұның бәрі де бар. Олардың адам ағзасына қажетті мөлшері Бурабай минералды суларында жеткілікті.
Адам денсаулығы үшін ең бағалысы – Бурабай аймағының осы минералды сулары мен балшығы. Жоғарыда аталған элементтерге бай тау жыныстарының терең қойнауларын жарып шыққан Бурабай-Щучинск курорттық (БЩК) аймағының көлдері мен су көздері қойма­ларында Денсаулық сақтау министрлігі Өлкелік патология ҒЗИ деректері бойынша: ­минералды-радонды, минералды-бромды, өзіндік компонентсіз минералды-хлоридті-натрийлі, хлоридті-сульфатты емдік суларының аса мол қоры жинақталған. Бұлардың жүрек-қан тамырлары жүйесінің, жүйке жүйесінің, тірек-қозғалыс аппаратының және басқа да онға тарта ауруларға ерекше шипалық қасиеті ертеден дәлелденген.
Алайда, ең өкініштісі, осы емдік сулар мен балшық табиғи қоймалары аяқасты рәсуа болып, ластанып, келмеске кетіп бара жатқаны! Анау айдын көлдерге аққу ұя салмауға айналғаны! Бұл өзге себептермен қоса, ең алдымен, курорттық ай­мақтағылардың ұзақ жылдар бойы осын­дағы көл суларын астатөк пайдаланып келгенінің зардабы. Бірақ көл суларының көбі айтарлықтай бүлініп те үлгерген.
Ертеде ертегідей айтылатын «сексен көлден» селдіреп жеткен оншақты көлдің өзі эколог-ғалым Айтқажы Қазыбеков келтірген зертеу-деректері бойынша, бұдан 100 жыл бұрын М.П.Семенов Тяньшанский: «..осындағы көлдердің ең көркемі»деп сүйсінген Әулиекөлдің (Бурабай немесе Қарағайлы көлі деп те аталады) кәусар суы ластанған, шығыс және батыс түбін 4 метрге дейін лай, қайраң, балдыр, жағалауын өсімдік басқан, ал «осындағы көлдердің ең ірісі…» деп сипаттаған Айнакөл (Үлкен Шабақты) суы біртіндеп құрғап, шағын аралдар пайда бола бастаған. Минералды су мен емдік балшықтың ірі қоймасы Майбалық 1923 жылмен салыстырғанда 3, 6 метр, ал Шабақтыкөл (Кіші Шабақты) мен Қотыркөл тек соңғы 30-35 жылда ғана осыған жуық мөлшерде төмендеген. Ірілігі жөнінен үшінші Шортанды көлінің (Щучье) деңгейі тек 1960-2001 жылдар аралығындағы абсолюттік белгісі 5, 7метр төмендеген, алғашқы арнасынан 500-600 метр кейін шегінген… Көл құрдымға кету алдында, – дейді мамандар.
Ал екінші бір ірі қауіп көзі топырақ қабаттарының бүлінуі. Жазушы Төлеген Қажыбаевтың деректері бойынша, ұзақ жылдар бойы Щучинск қаласы және Бурабай кентінде техникалық пайдаланылған қалдық суларды, әжетханалардан шығатын нәжіс суларды ағызып төгетін санитариялық режімге сай жөні түзу кәріз жүйесі болмаған. Лас қалдықтар топырақ қабаттарына таралған. Мәселен, Бурабай кенті, орманды қырқып салынған «Щучье» құс фабрикасы, көкөніс егетін «Оқжетпес», «Қотыркөл» кеңшарлары маңындағы топырақ қабатында азотты, нитратты қоспалар шектік рұқсат ету мөлшерінен 4-6 есе артық. Судағы бактериялық ­микроб 7-10 есеге артқан. Шаруашылықтар, түрлі мекемелер лас қалдық суларын көп жылдар бойы көлдерге, су арналарына тонналап төгуінің орны толмас зардабы.
Санитариялық нормалардың ешбір сақталмауы салдарынан табиғаттың үлкен сыйы Майбалық, Текекөл минералды сулары жарамсыз болып қалған. Майбалық көлінің тек йодты-бромды балшығы ғана кәдеге жарауда. Көл көп жыл иесіз қалған. Жергілікті кім көрінген, тіпті сонау Ресейден де келіп тиеп әкете береді екен. Мұндай иесіздік қауіпі енді жоғары сапалы емдік балшықтың тағы бір ірі коллекторы Балпашсорға да төне бастаған!..Өткен жылы Президент баспасөзге берген сұхбатында: «Курортық аймақты Сергеев су қоймасы арқылы Көкшетау су пайдалану жүйесіне қосып, көлдердің су деңгейін қалпына келтіру, жылыту жүйесін салу, ауаны қорғау қолға алынуда» екенін мәлім етті. Бірақ бұл тек бастамасы ғана. Себебі БЩК аймағындағы бірден-бір ылғал көзі-қар ұстайтын миллиондаған ағаш оталып кетті.Көлдердің табиғи тепе-теңдігін сақтап тұрған Күркіреуік, Сарыбұлақ, Иманай сияқты көптеген бұлақ, су көздері тазартусыз, әлдеқашан бітеліп, суалып қалған. Демек, жер асты минералды сулары мен көлдерді аман сақтап қалу ай­мақтың күн тәртібінде барынша өткір тұр.

«Бурабайдың өзіндік қайталанбас микроклиматы жойылып кетпей ме?!»

«Бұл да әбден мүмкін» дейді эколог-ғалымдар. Себебі анау Қырымдағыдай ірі теңіз, заңғар таулар қоршап тұрған жоқ. Тіпті «Алакөлмен» де салыстыруға келмейді. Шын мәнінде, Бурабай – шағын ғана Көкшетаудың баурай-шатқалы. Климаттық курорт аймағы. Егер ол жоғарыда біз айтқан үш байлығы: ағаш-өсімдігінен, минералды көлдерінен, Көкшетауды көкше атандырып тұрған озонды саф ауасынан айырылса не қадір-қасиеті қалады? Кішігірім қалаға айналып шыға келмей ме? Бұған жол беруге бола ма?..
Бурабайға төнген басты қауіп көзі – мұнда соңғы 10-15 жыл көлемінде ха­лық­тың шамадан тыс шоғырлануы. Бурабай-Щучинск курорттық аймағы жалпы аумағы 83,5 мың гектар жерді ғана алып жатыр (тауларын, көлдерін, бір қала, екі аудан орталығын, әлденеше елді мекендерді қоса алғанда, ал орманы – ­47, 0 мың га). Автокөлікпен тіке жүріп өтсең екі сағаттай ғана жер, яғни Көк­шетау тауының баурайы. Ал осында сан мыңдаған адамдық 70-тен аса ірі санаторийлер мен емдеу-сауықтыру кешендері, оннан астам қалашық немесе кенттер орналасқан дегенге сенесіз бе?! Бурабай ауданы әкімінің кеңесшісі А.Есімованың дерегінше, жалпы туристік қызмет көрсету инфрақұрылымында 112 нысан бар, оның 45-і ресми шипажай-курорттық мекеме. Ондаған әкімшілік, ғылыми зерттеу мекемелері мен оқу орындары, ал 2006 жылдың өзінде мұнда 300 дүкен, 70 мейрамхана, 541 тұрмыстық қызмет көрсету нысандары, әлденеше туристік фирмалар тіркелген. Қазір одан әлденеше еселеп көбейгені анық.
«Бурабай» курорттық аймағын дамытудың Бас жоспарында Щучье (Шортанды) көлінің жағасында «БФ Глобал» түрік компаниясы орманды отап салып жатқан туристік ойын-сауық кешені, ондағы 3700 нөмерлік 9 қонақүй, жалпы ауданы 21 мың шаршы метр ойын-сауық және сауда орталығы, сондай-ақ осы кешендегі бірнеше казино, 700-ден астам жекеменшік коттедждер мен 1620 пәтерлік 4-5 қабатты тұрғын үйлер, гольф-клубтар, ат-спорт орталығы, шыңға өрмелеу учаскелері – осының өзі таяу арада тағы бір ірі қалашық болып қосылады деген сөз.
Қазірдің өзінде жылына сырттан келіп демалушылардың (көбіне Ресейден), туристік сапармен келетіндердің өзі 500 мың-1 миллион аралығында. Облыстық туризм және спорт комитетінің дерегінше жазда Бурабайға тәулігіне 10 мың адам туристік сапармен келуге тиіс.
Сонда, ой жіберіп көріңіз, курорттық аймақтың әр шаршы шақырымына қанша адамнан келмек?! Ал Бурабай курортық аймағының мұншама адамның шоғырлануына, қабылдауға табиғи әлеуеті жете ме? Мұншама адам тастайтын қаншама шірік қоқыстар, ластайтын улы нәжістер, табиғатты бүлдіруі ше? ­Бурабай экологиялық апат алдында тұрған жоқ па? Бұған ешбір маман тұшымды жауап бере алмайды.
Себебі 1959 жылдан бергі аралықта БЩК аймағы бойынша жоғары білікті гид­рогеологтар, климатологтар, экологтар, флора мен фауна мамандары т.б. ғылыми тұрғыдан кешенді зерттеп:1) аймақтағы ауыз су, емдік су мен балшық қорлары қанша, 2) осы тұрғыдан оларды пайдалану нормалары қандай болу керектігі, 3) табиғат тепе-теңдігін қалпына келтіру, қорғау шаралары нақты талдап көрсетілген біртұтас бірде-бір жобалық-сметалық құжаттама жасалмаған.1959 жылдан бері! (1991 жылғы шағын техникалық-экономикалық жоспарлау негіздемесін қоспағанда).
Н.Д.Беклемишев, С.Н.Никитин, В.Ф.Михайлов, В.Н.Бирюков, А.Қазы­беков сынды ондаған ғалымдардың Бурабайдың экожүйесін табиғи апатқа ұшыраудан қорғау туралы құнды еңбектері мүлде ескерусіз қалып отыр.
Ұлттық код. Ел Президенті мақа­ласын­да осылайша атап көрсетті. Соған бір мысал. Ұлы Абылай Қытайдан, Ресейден келген елшілердің өзін дұшпан аяғы баспасын деп осы Бурабайға кіргізбейді екен. Сырттағы көлдердің бірінің жағасына үй тіктіріп, сол жақтан шығарып салатын болған. Аңын-құсын аттырмаған, жақын көлдерге жылқы жібермеген. Бұл қазақ ақсүйектерінде кейінге дейін жалғасқан жол. Анау Арқаның алпауыт шонжары Шорманның Мұстафасы ақын Жаяу Мұсаның атын ат жетпегендіктен тартып алған жоқ, мал кіргізбей, көкмайсасын мал тұяғына бастырмай отырған ауыл арасына дөрекілік көрсетіп атпен кіргені үшін тартып алғаны аян. Яғни табиғат анамен үйлесімді тіл табысу, қиятын әр талына қиянат қылмай, әрбір аң-құсына обал-сауаппен қарау – бұрыннан қанымызда бар қасиет емес пе еді? Ал біз не істеп отырмыз, мына Бурабайға?!

«Қазаннан қақпақ кетсе…»  немесе Бурабайда тау да сатылған ба?

Тәуелсіздігіміз жаңа тәй-тәй басып, экономикамыз ес жия алмай жатқан өліара тұста Бурабай кенті осы аймақты талан-таражға салудың, жер телімдерін оңды-солды жекеменшікке үлестірудің орталығы болған ба деп қаласыз. Жергілікті тұрғын Салтанат Мұқанова мен Орман селекциялық орталығының маманы ­Федор Тетериндер: «Өңірдің көркі «биші қайыңдар» алаңы да жекеменшіктің қолына өтіп кетіп, кәсіпкер аяусыз отап үйлер сала бастаған соң көпшілік болып қарсы шықтық»деп еске алса, Бурабай аудандық жер қатынастары бөлімнің бастығы Марат Наурызбеков: «Курортты аймақтың жер дауы бір бұл емес. Тіпті мұнда тау да сатыла береді екен. Бір жерге таудың иесі тақтайшаға телефон нөмірін жазып, «сатылады» деп қойғанын да көзбен көрдік» дейді.
Араны ашылғандар таудың гранит тасына да ауыз салып, тонналап таси бастаған. Абырой болғанда, сол кездері облыс тізгінін ұстаған Еркін Әуелбеков пен Мақтай Cағдиев өздері келіп, қатаң тыйым салған екен. Мұндай фактілер жетерлік. «Ал сондай кәсіпкерлерге ­Бурабай тағдырын сеніп жалға беруге бола ма? Бурабай табиғатын оңалтуға қажет миллиардтаған теңге қаржыны олар өз қалтасынан өлсе шығарар ма?» деседі, біз жоғарыда тоқталған Ұлттық табиғи парктерді жалға беру туралы сөз болған жерде…
Біз жоғарыда Көкше-Бурабай қазақ киелі санайтын тарихи мекен ретін­де де қастерлі дедік. Әулиекөл мен Оқжет­пес шыңы ортасына орналасқан, үш жүздің ханы Абылай ұлт ұйытқысы билері мен әруақты батырларын жинап жиын өткізетін «Абылай алаңына» 1991 жылы хан Абылайдың туғанына 280 жыл толуына орай стела орнатылса, 2004 жылдың 9 шілдесінде ел Президенті Н.Назарбаевтың қатысуымен 34 метрлік монумент-ескерткіш қойылған (Мұнда ұлы ханның ескерткіші, тіпті әлі күнге мүсіні де жоқ). Алаң төріндегі дөңестегі көне жәдігер – граниттен жасалған «Хан тағын» келушілер үнсіз айналып тәу етуші еді…
…Дүние құбылады неге бұлай,
Бурабай қазақ үшін Құбыладай.
Бурабай қазағымның Хан Ордасы,
Қазақтың жүрегінде хан Абылай!..

Ұлы хан алтын-байлық жинамаған,
Тағы – тас, қорғаны – тау, сұлу орман.
Айнала – аққу құшқан айнакөлдер
Әр тасы тәбәрік қой, бізге қалған!.. – дегің-ақ келеді. Бірақ… қазір бұл Алаң да, «Хан тағы» мен осындағы шағын мұражай да күтімсіз қалған… Қазақ үшін тағы бір өте-мөте киелі жер – Оқжетпестің ұшар басына ақша табу үшін әлдекімдер сымарқан тартып, бала-шаға құжынап жүргенін көргенде, ал қайталанбас табиғат құбылысы «Жұмбақтасқа» Ресейден келген бір топ жас арақтарын ортаға қойып, аузына келгендерін айтып, ашық-шашық «билеп» жүргенін көргенде жағамызды ұстадық.
«Мына жартасты қопарып тастау үшін бір шөкім тротил де жетеді-ау!» деген ой денемізді түршіктірді. «Әй, дейтін әже, қой, дейтін қожа» таппайсың. Осыларды көргенде, қайран Бурабай бүгінде иесіз қалғандай сезінесің… «Кенесары үңгірі» Әулиекөлден 500 метр биікте орналасқан. Кіреберіс тақтада:
«Сол түні сонау үңгір тау ішінде,
Қабағын қарс жауып, Кене ойланды.
Қиналған қазағына жол таппаққа,
Жүрегі тілім-тілім тіле ойланды!..» дегенді өз жүрегі де тілім-тілім Мағжан ақын ғана айта алар-ау дедік. Ал айнала жартасқа түскен «Саша, Маша, Ахмет…» сияқты шайтаніз шимайлар, қаптаған бөтелке мен лас қоқыстар –бүгінгі ұрпақтан қалған белгі… Әттең, «елім, жерім!» деп жүрегі «тілім-тілім» ойланар бір пенде табылса бұған жол бермес еді-ау! – деген ауыр қиналыспен төмен түсе бердік…
«Туризмді дамытамыз!» деп бөркімізді аспанға атамыз… Дұрыс-ақ делік. Бүгінгі өскелең тіршілік болмысына, әлемдік өркениет өнегелеріне иек арту – уақыт талабы. Үкіметтің Мемлекеттік Ұлттық табиғи парктерді жалға беруге баруы да елімізде экотуризмді дамытуды мақсат етуден делік. Бірақ Бурабай аймағы осыған әзір ме? Әзір емес екендігі Астанада өтіп жатқан «ЭКСПО – 2017» халыққаралық көрмесіне дайындық кезінде-ақ байқалып қалды. Басқасын айтпағанда, аймақтың көрікті жерлерін жаяу аралайтын арнаулы жолдар, тиісті дәретхана, қоқыс салатын орындарының өзі жетіспеді. Гид-аудармашылар дайындау бертінде ғана қолға алынған.
БЩК аймағындағы 100-ден аса меншік иелері аумақты бөліп-бөліп алып, қоршап тастаған. Орманды отап салған жекеменшік вилла, коттедждер ұры иттің тұмсығындай сұғынып әр тұстан жиі жылт-жылт көрініп қалады. Тіпті Сәкен ағамыз «Қарағай биік шыңды қиялаған, Еш адам оны барып қия алмаған!» дейтін тау-тас биігіне де шеңгел сала бастаған…

Айта кетейік, көкшетаулық қаламгерлердің бастамасымен құрылған «Мирас» өлке зерттеушілер клубы жас ұрпақты Отанын, жерін сүюге жетелейтін игілікті іс тындырған. Көне құжаттарды ақтара жүріп, «жер-су аты – бабалардың хаты» болып қалған осы өңірдің 25-тен астам бұрынғы қазақша өз атауларын тапқанымен, өкініштісі, кертартпалар айналымға енгізбей, «Спящий рыцарь», «Сфинкс», «Синюха», «Боровое», «Карасье» (Қарасу), «Корова» (Өгізтас), «Казачий остров» сияқты отаршылдық қамытындай ондаған жат атаулардан әлі құтыла алмай тұр. Республикалық дәрежедегі 13 табиғат ескерткіштері түгелдей дерлік орысша қалпында. 

«Боровое» ма, Бурабай ма?

Әдетте, шетелдік туристерді та­биғатты тамашалау ғана емес, жергі­лікті ұлттың тарихы, экзотикалық ерекшеліктері, өзіндік салт-дәстүрі ерекше қызықтыратынын шетке шығып жүрген кез келген адам жақсы біледі. Айта кетейік, көкшетаулық қаламгерлердің бастамасымен құрылған «Мирас» өлке зерттеушілер ­клубы жас ұрпақты Отанын, жерін сүюге жетелейтін өте игілікті іс тындырған. Көне құжаттарды ақтара жүріп, «жер-су аты – бабалардың хаты» болып қалған осы өңірдің 25-тен астам бұрынғы қазақша өз атауларын тапқанымен, өкініштісі, кертартпалар айналымға енгізбей, «Спящий рыцарь», «Сфинкс», «Синюха», «Боровое», «Карасье» (Қарасу), «Корова» (Өгізтас), «Казачий остров» сияқты отаршылдық қамытындай ондаған жат атаулардан әлі құтыла алмай тұр. Республикалық дәрежедегі 13 табиғат ескерткіштері түгелдей дерлік орысша қалпында. Ал ежелгі қазақы топонимикалық атаулардың әрқайсысы тұнып тұрған тарих, шежіре! Туристерге керегі де осы емес пе? Бірақ оны шетелдік меймандарға дұрыс әңгімелеп бере алатын төл тарихымызға, шет тіліне жетік арнаулы гид-экскурсоводтар дайындау ойға келмеген, жоқ десе де болады.
«Ахуалын көрдіңіздер. Сонда соңғы 10-15 жылдан бері жыл сайын бюджеттен Бурабай курорттық аймағын дамытуға бөлінетін миллиардтаған қаржы сол «Туризмді дамытамыз» деген желеумен ұрандатып жүрген алпауыттардың өз қалтасына кетпесе, қайда кетіп жатыр?» деп күйінеді былайғы жұрт. Ал әлемдегі өркениетті елдер өздерінің жалпыұлттық қастерлі жерлерін, оның өсімдігі мен хайуанаттар әлемін, минералды кен көздерін болашақ ұрпағы үшін қалай сақтап отырған өнегесі туралы жоғарыда атап өттік.
Сөз басында ғалым әрі кәсіпкер Асқар бауырымыз айтқандай, біз де абыз-тарихымыздан тағылым тоқып, қазақтың да қабырғалы ел болғанын, Алашқа ұран болған ұлы Абылай, соңғысы жаужүрек Кенесарыдай хандары, аты аңызға айналған батырлары, ұлтты ұйытқан абыз билері болғанын танытар асқақ ескерткіш-кешендер салынып, түрлі отансүйгіштік шаралар жасалып жатса, анау Абылай хан Алаңында осындағы Шоқан Уәлиханов атындағы Кадет корпусының болашақ жас офицерлері, сарбаз-ұландар әскери ант қабылдап жатса – «өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жаңғырғаны» сол болмай ма?! Тәуелсіз елдің жас ұландары осыны көрсек дейді. Елбасы шақыруы да осыған үндейді.
Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин сияқты Алаштың ақиық шайырлары­ның ізін басқан көкшетаулық қаламгер­лер еліміз тәуелсіздік алысымен-ақ баспасөз беттерінде Бурабайдың мұңын мұң­дап дабыл қақса, арқалы ақын Серік Тұрғынбеков­тің «Тимеңдер, «биші қайыңға!» деген жоқтау-өлеңі Бурабайда ағаш-ағашты аралап, әлі араша сұрап жүргендей…
Олай болса, жер бетіндегі сирек кез­десетін табиғат мүйісі, «Қазақстан Швейцариясы» атанған, «Абылайдың Ордасы құрылған.., қазақ ақындығының да ордасындай болған» (Мағжан), ұлт мақтанышы Бурабайды мемлекеттік деңгейде қорғауды қоғам боп қолға алар уақыт жетті деп есептейміз. Ертең кеш болмақ.

Астана

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

3 Пікір

  1. Елжан

    Туризмді дамытуға қолайлы жағдай керек. Туризмді ойлағанда табиғатты қорғау мәселесін де естен шығармауымыз маңызды. Өз табиғатымызды бізден басқа кім ойласын?

  2. Әділет

    Бурабайдың қайталанбас әсемдігін сақтай білгеніміз жөн.

  3. Маржан

    Бурабай қасиетті жер болғандықтан Абылай хан ордасын құрып, ақ найзаның ұшымен батырларымыз қорғап, көздің қарашығындай сақтаған. Енді біз, осы керемет табиғатты, саф алтын таза ауаны сақтай білейік! Жап- жасыл қарағайы қыста да, жазда да, мәңгілікке жасап тұрсың. Жандары ашымайтын құлқынның қамын ойлағандармен күресейік, ағайын! Сұлу жерімізді сақтай да, дамыта да білейік!

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.