«Жер үстінде де жұмақ бар»

Елордадағы Ұлттық мұражайда  белгілі қаламгер  Қуаныш Жиенбайдың кезекті жаңа кітабының тұсауы кесілді.  Сөз ұстаған  орта буын   әріптестері арасында  ат оздырып, қаламының қарымын танытып, өнімді еңбек етіп келе жатқан жазушының  сүйекті шығармасы   – «Жер үстінде де жұмақ бар» деп аталады. 

Кітаптың таныстырылымына арнал­ған жиынды ҚР еңбек сіңірген қайрат­кері, сықақшы Көпен Әмірбек жүргізіп отырды.
Жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлы­ғы­ның лауреаты Әнес Сараев романның көтерген мәселесі ғаламдық маңызы бар тақырып екенін айта келіп: «Қалам­герді құр мақтай бермейік, одан оған пайда болмайды. Кітап туралы айтың­дар, кемшілігі болса көрсетіңдер, ақиқа­тын жеткізіңдер. Көңілжықпастық жаса­маңдар, шын автор сондайды күтеді» деген ағалық жүрекжарды пікіріне жиналған қаламгерлер мен оқырман қауым құлақ қойғандай.
Дегенмен, «Жер үстінде де жұмақ бардың» салмақты дүние екенін аузы дуалы біраз жазушылар тілге тиек етті. Солардың бірі – ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, белгілі қаламгер Қажығали Мұхамбетқалиев.
«Бұған дейін «Ән салуға әлі ерте» романы жазушылардың жақсы лебізіне ие болған Қуаныш ініміздің бұл шығармасы сол романның сабақтасқан жалғасы іспетті. Өйткені романдағы оқиғалар, адамдардің мінез-құлқы, экологиялық жағдайлар сол Арал маңындағы, Төретам мен Байқоңыр айлағы төңірегіндегі тіршіліктің тынысын сездіреді. Жазушы сол өңірдің тумасы болғаннан кейін өзі білетін, жастайынан көріп, көңіл сүзгісінен өткізіп, біте қайнасқан нәрселерді жазады. Бұл өте жақсы. «Жер үстінде де жұмақ бар» несімен ерекше дегенде, мен оның материалды толық игергенін айтар едім.
Романның басты кейіпкері – оқыған, тоқыған, көзі ашық азамат Көбейсін өзі өсіп-өнген, маңдай терін төккен туған жеріне жаны ашып, шеттен келіп, шекеден осқырына қарайтындардың әрекетіне күйінетін, соққыға жығылса да бетінен қайтпайтын қайсар азамат. Соны тұлғалық деңгейге көтерген» деп романның өзге де ерекшеліктеріне тоқталды. Жазушы Марат Мәжитов «Алған объектіні білу бар, зерттеу бар. Соған өзіндік көзқарас таныту, үн қосу бар. Міне, осы –Қуанышқа тән нәрсе» десе, белгілі журналист Ержұман Смайыл кітапқа топтастырылған әңгімелерінде өмірдің сан алуан нәзік иірімдерін тап басатын жазушы шеберлігін айта кетті:
«Қуаныш әдемі бір теңеулер табады… Аралдың құмын жұмыртқаның сары уызына теңеп суреттейтін жері бар. Зибагүл деген қыздың өзі өскен құмға деген құмарлығы керемет. Қоларбада отырып, соның бәрін суретке түсіріп жүріп бәйге алады. Өмірге деген сүйіспеншілікті оятады» деді ол.
Бұдан кейін Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері Жарылқап Бейсенбайұлы, филология ғылымының докторы Бауыржан Омаров, сыншы Амангелді Кеңшілікұлы және басқалар Қуаныш Жиенбай романының тәлімді, тәрбиелік тұстары, жазушының өмірлік ұстанымы туралы ойларын ортаға салды.
Бір сөзбен айтқанда, қазақ әдебиетін тағы бір ауқымды дүние толықтырды. Қазақтың қасіретіне айналған экология мәселесі, ел тағдыры ешкімді де бей-жай қалдырмаса керек.

Ғазиз ҚҰРМАШҰЛЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.