Қилы тағдырлардың көркем бейнесі

Жазушы Ж.Дәуренбековтің қос томдығы жайлы ой-пайым

Жазушыны танытатын қаламының көркемдік қарымы мен қуаты.
Ой мен тілден жаралып, шынайылық пен талғамның талқысынан туатын көркемдіктің кемелі оқырманның кірпияз көңілін баурап алары сөзсіз.
Осы орайда бізді озып айтпай орынды сөзге бастаған, керекті байлам, еректі ойға жүгіндірген жазушының қос томдығы.
Ал қос томдықтың авторы Жақау Дәуренбеков – қазіргі қазақ қаламгерлерінің ішіндегі суреткерлік қуат-қарымы мен шеберлігі, көркемдік әлемі бөлекше жазушы. Ол өткен ғасырдың жетпісінші жылдары, қазақ өміріндегі рухани сілкініс пен серпілістен туған жас буын өкілдерінің бірі ретінде, әдебиетке өзіндік қаламгерлік мақсат-мұратымен, ой ұстанымымен, сөз өрнегімен келіп қосылды. Бұған оқырман жүрегіне жол тауып, қазақ әдебиетінің қорынан тиісті орнын алған шығармалары дәлел.
Бұған дейін көптеген шығармалары жарық көрген жазушының роман-хикая, әңгімелер мен повестерден тұратын қос томдығы Мәдениет министрлігінің әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару бағдарламасы бойынша, жазушының жетпіс жасқа толуына орай жарық көріпті.

Қос томдықтың бірінші кітабы тарихи тақырыптарды өзек еткен «Дала хикаяларымен» басталады. Солардың алғашқысы – XIX ғасырдағы Кіші жүз қазақтары ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы Жанқожа батырдың бейнесі сомдалған «Көкжал» хикаясы. Жанқожа Нұрмұхамедұлы (1795-1859 жж.) – Қоқан мен Хиуа хан­дықтарының езгісіне, сондай-ақ Ресей патшалығының отаулау саясатына қарсы күресіп өткен, қазақ ұлт-азаттық көтерілістерінің бастауында тұрған үлкен тарихи тұлғалардың бірі. Автор мұнда елі мен жерінің азаттығы жолында, он жеті жасында, белі бекімей жатып-ақ атой сап атқа қонған, содан бастап қолынан қылышы мен найзасы түспеген, өмір бойы жауымен жағаласып өткен дала батыры ғұмырының соңғы кезеңдерін, шау тартқан шағындағы тіршілік мезеттерін суреттейді. Тіршілік заңы бойынша, жұмыр ­басты пенде ретінде «жұлқынған қуаты кеміп, азуы мұқалғанымен, сүйегі семіп, қаны суығанымен», батыр боп жаралған адамның айбары басылып, рухы аласармақ емес, өйткені ол – сүйекке, қанға біткен қасиет, жарық дүниеге қалай келсе, солай боп өтері хақ. Хикая­да Жанқожа батыр осы тұрғыда – осы тұғырда бейнеленеді. Ол ғұмыр жолының соңғы нүктесі жақындап келе жатқанын санасымен түйсінгенімен, «елді еркіндікке бастаған батыр екені есіне түскенде, ширығады, ар мен ­намыс баяғыша сілкінеді». Бұл – кәрілікке бел ­алдырмайын, қайткенде тіршіліктің жалына жармасып қалайын деген пендеуи пиғылдан емес, халқы мен жерінің болашағына, алдағы күніне алаңдап, көкейін жегідей жеген ойлардан туған ширығу мен сілкініс еді. ­Батыр «тоқым төсеніп, ер жастанған ерулі күндерден сүйекке сіңген әдеті» бойын­ша кешке қарай ерттеліп, үй іргесінде тұратын Бозшұбар сәйгүлігінің беліне аяқ артқанда, «жылқының иісі кең ­сарайын ашып, жанарына ұшқын ұялайды, ұйып тұрған буындары бырт-бырт үзіліп, білегіне күш бітеді». Қас батыр мен текті жылқы жануарының рухтары осылайша бірігіп, астасып, біртұтас алапат күшке айналады. Бұл – ішкі рух қуаты, атадан балаға жалғасып, болашақ ұрпақтың қанына сіңіп, бойына дари берер жойқын күш-қуат. Біздің іздеп жүрген ұлттық кодымыз да осы болар. Санамен сараласақ, хикаяттан біз осыны аңғарамыз, автордың Жанқожа батыр бейнесін сомдағандағы айтар ойы, діттеген мақсаты да осы екені анық.
Хикаяда Жанқожа батырдың өзекті пен­де ретінде өткен өміріне көз жі­беріп, ой қорытуы, жорық жолдарын еске алып, серіппедей ширығуы кейіп­кердің ішкі монологы арқылы баяндалады. Хиуалықтармен күресте қазақтың қарсы тұра алар күш-қайратына күмән келтіріп, сенімсіздік танытып, орыстың мылтығынан да қорқып-үркіп, әрі өз бас пайдасын, билігін күшейтуді ойлағандықтан, олардың қолтығына кіруге бекінген Арынғазы сияқты сұлтандардың ұсынысын қабыл алмай, ат құйрығын үзісуі оның жерді, ата-қонысты қорғау мақсатына біржола бел буғанының белгісі еді. Арынғазы сұлтанмен жолы екі айырылғанда, батыр: «Қарақан басымның қарекетімен жүрмей, елімнің жаппар иесі боп ер жастанып жүргендегі жүрек қалауымның жан рақаты – ешкімнің етегін сүзбей, өз құқым өзімде, кіріптар болмай, кеудемді кере тірлік кешкен осынау қалпыма не жетсін» деп ой түйеді. Үш жүз жыл бойы отарлық езгіге қарсы күрескен, тәуелсіз ел болуға ұмтылып, сол жолда мың өліп, мың тірілген халқымыздың ұлы арман-аңсары, сан ғасырлар бойғы азаттық күресінің идеясы Жанқожа батырдың осы бір түйінді сөздерінде көрініс тапқан деуге болады. Ұлт азаттығын көксеген жаңа тұрпатты күрестердің қозғаушы күшіне айналған бұл идея кешегі Алаш арыстарының жанқиярлық қарекеттеріне, бергі Желтоқсан көтерілісіне ұласып, ақыр соңында қазақ елінің азаттығына алып келгені шындық. Жанқожа батыр образының астарында осындай қатпарлы ойлар жатыр.
Жанқожа батыр тіршіліктен татар дәмі таусылар күнінің жақын қалғанын ойлай жүріп, ажалының кәріліктен емес, жаудан болатынын сезеді. «Ажалың жау қолынан… жау қолынан…» деген жымысқы ой санасына сан мәрте оралады. Ақыры, «Батыр, жау қаптап келеді!» деген хабармен бірге ол күн де келіп жетті. Жаудың іздегені өзі екенін бірден түсінген ол, ел-жұртын босқа қанға бөктірмеуді ойлап, соңына ешкімді ертпеді. Бес қаруын сайланып, ажалын жалғыз өзі қарсы алуға шықты. Сөйтіп, көкжал тұрпатты батыр өмір бойы жағаласып өткен орыс пен хиуалықтардың емес, өз қандастарының қолынан, төбе басында малдасын құрып, намаз оқып отырған сабырлы кейіпте ажал құшты. Өз биігінде көз жұмды. Жанқожа батырдың өлімді қасқая қарсы алуы, қарша жауған жебелердің денесіне дарымай, тайып, кері құлауы, сауытының жарқылдап от шашуы, батыр тұлғасының батып бара жатқан күн шапағымен зорайып көрінуі кешкі табиғат суреттерімен астастырыла, шебер берілген. Ұясына қонған күнмен бірге батырдың да тірліктегі күні сөнді. Алайда күні сөнгенмен, артына шашар жарық сәулесі өшкен жоқ. Хикаяда бұл сәт былайша суреттеледі: «Таң жарығы шалқалап аспанға қарап, қимылсыз жатқан батырдың ақсауытына түскенде, ұп-ұзын сәулелер ұшқындай шашырап жарқыл салды».
Жанқожа батырдың өз қандастарының қолынан қаза табуы – тарихи шындық. Патша өкіметінің әскери әкімшілігі Жанқожаның көзін құрту үшін Елікей Қасымов бастаған арнаулы жазалаушы отряд жібереді. Батырдың ғұмырының соңғы күндері туралы кезінде Ресей зерттеушісі Л.Мейер де жазып қалдырған. Автор хикаяда осы тарихи оқиғаны негізге ала отырып, қарақан басының қамынан ұлттық мүддені жоғары қоя білген қазақ батырының кесек болмыс-бітімі мен сом табиғатын, азаматтық асқақ ұстанымын тартымды да нанымды бейнелейді.
Түйіндей келгенде, «Көкжал» хикаясы – қазақ ұлт-азаттық көтерілісін тағы бір қырынан ашып көрсеткен, танымдық, тәрбиелік тұрғыда атқарар жүгі романға бергісіз, айтар ойы салмақты тарихи көркем дүние.
Кітаптағы келесі «Асау» хикаясы­ның кейіпкері – адам емес, арғымақ ат. Бұл – жан алысып, жан беріскен сұрапыл шайқас көріністерін бар бояу палитрасымен кино кадрларындай көз алдыңа жайып салатын, ішкі динамикасы буырқанысты, тұлпардың тұяқ алысындай қуатты серпінге құрылған шығарма. Оқиға барысы, дамуы адам баласының ойран-топырынан иесін алып шықпақ болып жанталасқан тұлпардың әрекеті, жан ышқынысы арқылы беріледі. Адам мен адам арасындағы жантүршігерлік айқасты, өмір мен өлім арпалысын тегіне біткен түйсігімен түсінген арғымақ мерт болған иесінің өлі денесін жауға тастамай, ұрыс даласынан алып шығады. Соңынан қаумалай қуған қуғыншылардан қашқан арғымақтың «тұяғының ұшына астасып кеткен жер мен аспан әрең тиіп, әрең тиіп зыр айналды». Бұл ретте «Қобыланды батыр» жырындағы «Құбылып Бурыл гуледі, Тіктеп тиген тұяғы, Көлденең жатқан көк тасты, Саз балшықтай иледі» деген теңеу ойға оралып, аттың шабысын суреттеудегі бейнелеу құралдарының аталмыш эпоспен параллельдігі ерекше сүйсінтеді. Бұл көркемдік тәсіл жазушы сөзінің образдылық күш-қуатын, оның суреткерлік шеберлігін мойындатады. Хикая соңында «иесінің аруақ намысынан қуат алған арғымақ алды жарға барып ұласар ұлан жазықта ағындаған аппақ арынға, арыннан – елеске, елестен ақ сағымға айналып» кете барады.
Әлем әдебиетінде Дж.Лондонның «Ақ азуы», Л.Толстойдың ит туралы «Булька» атты әңгімелер топтамасы, М.Әуезовтің «Көксерегі» тәрізді жан-жануарлар өміріне, олардың адамдармен арақатынасына құрылған шығармалар баршылық. Ал қазақ әдебиетінде, әсіресе батырлар жырларында ер қанаты – тұлпарлар батырлардың жан серігі, адал досы есебінде үнемі қатар жүріп, қатар сипатталады. Қара сөзбен жазылған бұл хикая да солардың заңды жалғасы, бір үзігі іспеттес. Оны халқымызды тарих көшіндегі талай сұрапыл сыннан аман алып өткен, жанымен жаны бір жаралған қазанаттарға қойылған әдеби ескерткіштің қатарына жатқызуға әбден болады. Саны аз қазаққа жылқы малына тән дәл осындай тектілік, асаулық, тарпаңдық қажет-ақ. Дәуренбековтің «Асауы» сияқты ойлы шығарманы оқығанда, тарихи даму үдерісінде мәңгілік серігі болған, қазақты қазақ қылған жылқыны ұлттық эмблема еткеніміз дұрыс па деген ойға кетесің.
Кітаптағы «Үзеңгі дос» хикаясы­ның кейіпкері – Жанқожа батырдың үзеңгілес жолдасы, қарулас серігі болған, ­онымен талай жорық жылдарын бастан бірге өткерген атақты Ақтан Ақайұлы ­(1770-1854 жж.). Олар халқын езгіден азат етуде бір жеңнен – қол, бір жағадан бас шығарып, бір мақсат жолына жұдырықтай жұмыла біледі. Хикая­да суреттелгендей, Ақтан батыр Сыр бойы қазақтарынан алым-салық жинауға Хиуа хандығы қойған Бабажан наибтың бекінісі – Бесқаланы аларда үлкен ерлік көрсеткен-ді. Хиуалықтардың бетін қайтарғаннан кейін екі батыр орыс отаршылдарына қарсы тізе қосып бірге атқа қонады, бір-біріне демеу, сүйеніш бола отырып, білек жалғастырып, бірлесіп әрекет етеді. Хикаяда Ақтан батыр «сақал-мұртын ақ шалса да, ескек төсі әлі еңкеймеген, қимылы қунақ», ойы ширақ адам ретінде бейнеленеді. Жанқожа сияқты, оның да көкейін адами, пенделік қарабайыр тілектер емес, халық болашағына, ел мүддесіне қатысты үлкен ойлар мазалайды. Жастайынан басын бәйгеге тіккен ол жер қойнына кіргенше күрескерлік мақсат-мұратынан еш айнымайтын кесек тұлғалы батыр боп өтеді. Халықтың айтуынша, оның жауға аттанарда өзімен ілесіп бірге жүретін ақшулан бұлты болған екен. Жорық жолдарында төбесіне үйіріліп, рух беріп отыратын ақшулан бұлт батыр бейнесін одан әрі айқындап, аша түседі. Батырдың шынайы портретін беруде автордың оның кескін-кейпін табиғат құбылысымен астастыра суреттеуінен қоршаған ортамен, болмыспен етене өмір сүріп, Тәңірге тәу еткен қазақы таным-түсінікті аңғарасыз. Хикая соңында қос батыр жері мен елінің амандығын, сол жолдағы өшпес ұрандарын ұрпақтарына аманат етіп, тілек тілейді, болашаққа үміт артады. Төбемізден ақшулан бұлттар көшпесін, бәлкім, олар кешегі Ақтан мен Жанқожа сияқты батыр бабаларымыздың желеп-жебеп жүрер рухы болар. Рухы биік елді жау алмайды. Хикая идеясы осыны меңзейді.
Бірінші томдағы дала хикаяларының ішінде «Көктемір» атты роман-хикаяның алар орны бөлек. Оған тарихта «Көктемір» немесе «Көрінбейтін адам» есімімен мәлім болған қазақ қызы Сапура Мәтенқызының күрес жолындағы өмірі арқау болған.
XVIII ғасырдағы Емельян Пугачев бастаған Шаруалар көтерілісіне отарлық езгіге наразы қазақтардың да белсене қатысқаны тарихтан мәлім. Шаруалар соғысындағы аса бір жарқын кезең – Орынборды қоршауға алған шақ болатын. Империяның Азиядағы ірі тірегі болып табылатын күшті бекініс-қамалды көтерілісшілер жарты жылға жуық қамауда ұстаған. Орынборды шабуылдағанда да, оны ұзақ мерзім қоршауда ұстап тұрғанда да қазақ жасақтарының өзіндік үлесі болғаны мәлім. Тарихи деректер бойынша, Пугачев армиясындағы қазақтардың саны 6 мыңға жеткен. Ұдайы ат үстінде жүріп, жақсы жарақтанған қазақ жасақтары ­Пугачев армиясының үлкен әскері құрамына атты жауынгерлер ретінде енді. Алайда 1774 жылғы 24 тамызда Пугачев армиясы Царицынның шығысында тас-талқан болып жеңілді. Пугачев Еділден өтіп, бәлкім, қазақ арасына сіңіп кетуді көздеген де болуы ықтимал, далаға қашты. Бірақ оны өз үзеңгілестері ұстап берді. Дегенмен, қозғалыс көтеріліс басшысының өлтірілуімен тоқтай қалған жоқ, бүліншілік толқындары бұрқ-бұрқ етіп, жазға дейін созылды. Пугачев ықпалымен Кіші жүз ішінде өрістеген қозғалыс Жем өзенінен Шыңғыстау өзеніне дейінгі және Орынбор шекаралық шебімен түйісетін аумақты қамтыды. Қазақтарды тым еркінсіп кетті деп есептеген патша әкімшілігі қазақ даласына жазалаушы әскерлерін үйіп-төгіп, 1775 жылдың жазында қозғалыс ошақтарын басып-жаныштады. Орыс әкімшілігі қозғалыс ошақтарын бастық деп санағанымен, қазақ ру-тайпаларының арасында Ресейге қарсы толқулар толастамады. 1775 жылдың соңына қарай Кіші жүзде өзін Пугачевтің мұрагерімін деп жариялаған «Көктемір» (немесе «Көрінбейтін адам») туралы аңыз таралады. Ол Үшінші Петр император қайтып оралады, сол себепті де күресті тоқтатпауымыз қажет деген үндеу тастайды. Осы мәселеге қатысты зерттеу жазған ғалым Н.Бекмаханова өзінің «Көрінбейтін адам туралы аңыз» еңбегінде бұл лақап есімнің артында Табын тайпасының өкілі Мәтеннің 22 жасар Сапар (Сапура) атты қызы тұрғандығын атап өтеді. Қарапайым халық «көрінбейтін адамды» теңдесі жоқ күштің иесі, ерекше таңғаларлық қасиеттері бар адам ретінде елестетті. Ресей тарапынан 1775 жылы жүргізілген жазалаушы жасақтар жорықтарынан жапа шеккен ру-тайпалардың жігіттері отаршыл орысқа қарсы қайтадан атқа қонып, «Көрінбейтін адамның» маңына топтасады.
Сапура Мәтенқызы – Н.Бекмаханова­ның еңбегімен қатар, «Қазақ КСР-нің ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі тарихы» кітабы арқылы ғылыми қауымға біршама таныс болғанымен, қалың оқыр­ман қауымға жеткілікті түрде таныла қой­маған тұлға. Ж.Дәуренбековтің хикая­сында ол тарихи тұлғадан көркем образ дәрежесіне көтеріліп, алғаш рет әдеби айналымға түсіп отыр. Жазушы хикаяны тарау-тарауларға бөліп, әрқайсысына мән-мазмұнына сай атау беру арқылы Сапураның күрес жолына түсіп, ер-аза­матша соңынан елді ертуін, сөйтіп, ұлт-азаттық қозғалыстың үлкен бір күшіне айналуын жіліктеп суреттейді.
Ерлік пен батырлық – еркек кіндікті атаулының да бәрінің бірдей пешенесіне жазыла бермейтін қасиет. Иә, шынында, жаратылысы елден ерекше болмаса, заты нәзік жан атпалдай ер-азаматтарды сөзіне ұйытып, соңынан ерте алар ма?! Көктемірдің портретін жазушы былайша сипаттайды: «Отырысы оқшау. Омырауы өр, қос иығы тіп-тік… Тік қараған жанардан жарқ еткен нұрлы ұшқын жанды қариды. …Осы ұшқында адамның мысын басар өрлікке толы қайсарлықтың құшыры жатқанын, тауаны қайтып, жасыған көңілді тасқайраққа салған сапыдай жанып-жанып жібергенде жарқылдай шашырап, жанар жасқар шоғы барын Қасайтүрік осы ілкі сәтте сезінді. Пенде баласының қос қарашығында жатқан осыншалық қасиетті енді бетпе-бет көрді. Көкіректен көктей өтер құдірет осындай-ақ болар!»
Көктемір есімі 1775 жылдың соңы мен 1776 жылдың алғашқы жарты жылдығында Кіші жүзге ғана емес, оған көршілес аудандарға тарайды. Е.Пугачев көтерілісінің қайталануынан қорыққан Орынбор губернаторы И.Рейнсдорп Кіші жүзде қалыптасқан қатерлі жағдайды реттеу жөнінде Нұралы ханға хат жолдайды. Алайда бұл уақыттағы жағдай ханның бақылауынан шығып кеткен болатын. Жоғарыда көрсетілген уақыт аралығында қазақтардың он мыңға жуық адамы бар үлкен жасақтары Қобданың жоғарғы ағысында, Гурьев пен Кулагин бекіністерінің аралығында және Шыңғырлау өзені бойында шоғырланған еді. Олар алдын ала әзірленген жоспарлары бойынша Орынбор шебінің бойында орналасқан бекіністер мен форпостарға шабуылдар жасады. Сонымен қатар қазақ ру-тайпаларынан құралған жасақтар Жоғарғы Жайық, Қызыл, Таналық, Ор бекіністеріне шабуылдар ұйымдастырып, Ильинск және Елек қорғанысы қамалдарын алуға бірнеше рет әрекеттенді.
Нұралы ханның тапсырмасымен келген інісі Ералының алдында Сапура хан қаһарынан қорықпайтынын білдіріп, ­айылын да жимай, сұлтанмен тең дәрежеде сөйлесіп, орып-орып сөйлеп, тайсалмай жауап береді. Алған бетінен таймайтынын, жолынан қайтпайтынын айтады.
Дереккөздерде кезіккен мәлімет­терге қарағанда, бұл жасақтар Табын, Тама, Шекті, Байбақты, Кердері, Шөме­кей тәрізді тайпалар өкілдерінен құрал­ған. Бұл қозғалыстың үлкен сипат ала бастағандығын байқаған Орынбор әкімшілігі арнайы әскери күштер бөлсе, Нұралы хан өзінің нөкерлеріне «Көрін­бейтін адамды» өлтіріп, ауылын ­шауып алыңдар деген бұйрық береді. Батыр қыз күштің тең еместігін біле тұра көзжұм­байлыққа бару күнә екенін біледі. Губернатор да, хан да Көктемірден емес, халықтан қорқатынын, ендеше, халық нақақтан күймеуі тиіс, батырлардың тағдырлары әманда қысқа, ал халық мәңгілік, бар жазаны өзім көтеріп, өзім ала кетуім керек деген ой түйеді. Бұны келешекте күресер ұрпаққа ғұмыр сыйлау үшін де керек деп ұғынады. Сөйтіп, өзінің барлаушылары арқылы істің қалай белең алғандығын байқаған Сапура, бүгінгі халқын болашақ үшін сақтап қалмақ ниетпен, шағын жасағын бастап, ауылын Қобда бойынан Қиылдың жағасына көшіреді. Ойы – ел бастар ер де осы халықтан туар деген арман еді. Хикая­сын автор: «Күркіреген күннің жауыны болады, күркіреген елдің дауылы болады!» деп аяқтайды. Ресейдің басқыншылық саясатына қарсы бағытталған «Көктемір» немесе «Көрінбейтін адам» қозғалысы Пугачев басшылығымен өткен шаруа­лар көтерілісінің қазақ даласындағы соңғы ұшқыны болғанымен, бұдан кейін екі ғасырға созылар қазақ ұлт-азаттық қозғалыстарының бастау көздерінің бірі, біздің бүгінгі тәуелсіздігіміздің іргетасы екені даусыз. Мұны автордың: «Дауыл! Ол дауыл соқты! Оның жаңғырығы қазақ даласында талай жаңғырықты!» деген сөздері айқындап тұр. Ал Сапура – шын мәнінде даланың жалын атқан Жанна д’Аркі. Тұмар (Томирис), Бопай, Айтолқын, Гауһар ханымдар сияқты, ел басына күн туғанда ерлермен бірге атқа қонған, жүрегі ұлтым, халқым деп соққан, рухы биік, азат өмірді аңсаған қазақ қыздарының бірі. Аруларымыздың бойына қанмен дарыған осы қасиеттер кешегі Ұлы Отан соғысы кезіндегі Әлия, Мәншүк, Хиуаз, бертінгі Желтоқсан көтерілісіндегі Ләззат, Сәбира, Кенжегүл, т.б. ерлік істерінен жарқырай көрінді.
Қорыта айтқанда, дәстүрлі эпикалық проза үлгісінде жазылған «Дала хикая­ларындағы» негізгі идея – азаттық сүйгіш, жаужүрек дала ерлерінің сом да кесек бейнелері арқылы ерлік дәстүрді, ұлттық рухты ұлықтап, биіктете түсу, оны жас ұрпақтың бойына дарытып, жаны да, тәні де қазақы, елін сүйетін патриот жеткіншектер тәрбиелеуге үндеу. Бұл қазақ жұрты үшін жаһандану дәуірінде тілін, дінін, ділін, ұлттық болмыс-бітімін сақтай отырып, мәңгілікке бет түзеген өмір көшін дербес ел ретінде жалғастырудың бірден-бір кепілі болмақ.
Жазушының екі томдығына енген басқа повестері мен әңгімелері де қазақ өміріне, соның ішінде ауыл тіршілігіне арналған. Бұл туындыларда суреттелетін ауылға тән қоңырқай тірлік ырғағы, адамдарының бір-бірімен қарым-қатынастары, ондағы қалыптасқан өзіндік орта, адами қатынастар өлшемі, адамдар характерлері бірі-бірін толықтыра отырып, ауыл әлемін – өзінше үлкен бір кеңістік көрінісін көз алдыңа ­жайып салады. Әр повесть, әр әңгіме қарапайым оқиға желісімен өрби келе, мәңгілік құндылықтар – адамгершілік, адалдық, имандылық мәселелерін алға тартады. Әңгімелердегі оқиғалар шебер композициялық құрылымға, көркем суреттеулерге құрылған, жылы юморға да бай. Ауыл адамдарының табиғи мінездері мен әрекеттері жаныңды жылылыққа бөлеп, сүйсіндіреді, еріксіз езу тартқызады.
Бірінші томдағы «Жұмақтың кілті» повесіне қазақ үшін аса қастерлі ұғым – қара шаңырақтың киесі мен қасиеті арқау болған. Жазушы әке мен бала арасындағы қарым-қатынас арқылы ұрпақтар арасындағы үзілген байланысты, соған орай мәнінен айрылған бүгінгі тыныс-тіршілік ауанын суреттейді. Қаладағы қу тіршіліктің заңына бағынып, қағынан жеріген құлан сияқты туған топырақтан, әке мен анасынан алшақтап кеткен Сардарбек әл үстінде жатқан әкесіне жетудің орнына, шақырып қойған қонағының жағдайымен әуре болады. Ол үшін өзіне өмір сыйлаған әкесінің дүниеден көшерде аузына су тамызып, жанында болудан гөрі, күнкөрісіне, мансабына аса қажетті қонағын күткен әлдеқайда артық. Жалғыз бұл ғана емес, бір кіндіктен өрбіген інілерінің де ой-ниеттері күнделікті бас қамынан туған пенделік қарекеттерден аспайды. Екі арада шырылдап жүрген – тек қарындасы ғана. Әкесі айтпақшы, қайда екенін білмесе де, балалары жанығып жұмақтың кілтін іздеуде. Ал «көне дәуірдің ең соңғы жұқанағы» қара шал ешкімге илікпейді, айналаға өз өлшемімен қарап, өз ақылымен, өз философиясымен ғана өмір сүреді. Қарияның ұғымынша, жұмақ дегеніміз – өз үйі, өлең төсегі, әр шаңырақтың киесі болады, ол иесіз қалмауы тиіс. Алайда жаны жат боп кеткен бала мұны түсінер ме?! «Көңілінің түкпірінде қасиетті тұмардай сақтап келген қара шаңырақтың қасиетті кілтінің ешкімге керексіздігін сезінген шал сазарып үнсіз қалды…» Ата салты мен дәстүрінен, ұлттық тамырдан қол үзіп, қазақы болмысынан ажырап, басқа кейіпке еніп бара жатқан ұрпақ тағдырын автор осылайша күйзеле баяндайды.
«Хрусталь», «Ауыл көлеміндегі төтенше оқиға», «Анау», «Елекбай екінші», «Көңіл», «Керек адам», «Ситуация», «Өмірсерік», «Қоңыраудың тілі», «Сырт көз», «Уақытша міндет», т.б. әңгімелер кісілік өлшемдерін, адами құндылықтарды әспеттеуімен бағалы. Ауыл адамдарының сан қилы мінездері, кісілік келбеттері адамгершілік пен аярлық, шыншылдық пен жалғандық, адалдық пен жағымпаздық, мансапқорлық пен еңбексүйгіштік, батылдық пен қор­қақтық қасиеттердің өзара тартысы арқылы ашылады. Аталмыш әңгімелердегі қаламгер идеясы адамның қайткенде де адам болып қалуын көксейтін мәңгілік арман-аңсарларға саяды.
«Ақеспе» әңгімесінде автор қаладан ауылға келген Кәменнің ойы арқылы туған жердің қасиетімен киесі туралы өзіндік түйін-тұжырым жасайды: «Осындай жер жылуын сезінбеген жан жер басып жүрмін деп кеудесін қаға алмас. Қағуға қақысы жоқ… Бәсе десе… адамдардың біріне-бірі суық болуы туған жерінің ыстық құмын ұмытқаннан екен ғой…»
«Ауыл таңы» – қаймағы бұзылмаған табиғат суреттерінің көркем полотнодағы көрінісі іспетті. «Күннің шашақты кірпігінен шашылған сәулелер, сабақтарын қозғап, бастарын көтерген гүлдер, құстар мен жәндіктердің құйқылжыған үні, аспанда селт етпей қатып қалған қасқыр-бұлт, қоян-бұлт, арыстан-бұлт, бота-бұлттар» – табиғаттың барша тамашасы қаз-қалпында қағаз бетіне қона кеткен. Жазушы армандағандай, «шіркін, осы сәт қылқалам ұшына ілінсе, осы сәт нотаға түссе», бүтін бір өнер шығармасына айналып шыға келер еді.
Екінші томға енген «Қызыл баспақ», «Украинаға көмек», «Үміт», «Қарғыс», «Күләй кемпір» әңгімелері мен «Соңғы вагон» повесі Ұлы Отан соғысы кезіндегі ауыл адамдарының өмірін арқау еткен. Жазушы, үміт пен сенім құшағында күн кешіп, басқа түскен ауыртпалықты көтере білген, өздерінің аузынан жырып, майданға, көрші республикаларға көмек қолын созған ауыл жандарының мейірімділігі мен төзімділігін, жанкешті тірліктерін, өмір ерте есейткен балалардың қам-қарекеттерін шебер суреттейді.
«Бір нәзік сәуле» повесіндегі қарт майдангер Сәду етікші мен оқушы Кәкінтай арасындағы достық қатынас баяндалады. Жас жеткіншек айналасындағы басқа адамдардан, өз қатарластарынан гөрі, сөздері жарасып, ойлары қабыса кететін Сәду етікшіні бөлекше көріп, соған іш тартады. Шыншылдық пен адалдықты ту еткен, жалғандыққа, көлгірлікке жаны қас Сәду қарт екеуінің араларында бір тартылыс күші орнайды. Ол келе-келе баланың ең бір қадірлі адамына айналады. Ол көңілін толқытқан сан сұрауларға Сәдудің әңгімелерінен жауап, дәйек тапқандай болады. Кәрі солдат бойындағы адалдық, шыншылдық, ізгілік қасиеттер оны тәнті етіп, жүрегіне берік ұялайды. Отқа оранған Отанды қорғап қалған осындай кісілердің адалдығы екеніне иланады. Сәду етікшінің адамгершілік мектебінен тәлім алған жас балғын «Тіршілік атаулының бәрі күн нұрынан жаралса, ал жақсылық атаулының бәрі жан нұрынан жаралғанына» ден қояды. Қарт майдангер қарапайым өнегелері арқылы осылайша бала жанына адамгершіліктің нәзік сәулесін сіңіріп, ұрығын сеуіп кетті. Кәкінтайдың алдағы соқтықпалы, соқпақты өмір жолында осы өлшемдер биігінен табылатынына, одан еш айнымасына шүбәсіз сенесіз, соған қуанасыз.
Қос томдықтағы «Пенделер пешенесі» топтамасын жазу­шы­ның өмірден көрген-түйген ойларының түйіні, өзіндік философиясы деуге болады. Өмірдің бір сәттік көріністерінен, мөлтек сырларынан құралған алақандай әңгімелерде үлкен шығармаға арқау боларлық келелі де келісті ой-тұжырымдар айтылады.
Жақау Дәуренбеков – журналист, жазушы, баспагер ретінде үш саланың тізгінін қатар ұстап келе жатқан кемел шығармашыл тұлға. Және де тәлімгер тұлға. Оның «Лениншіл жас» газетінде қызмет істеген шақта қаламынан туған дүниелерінің 70-80 жылдардағы бүтін бір ұрпақтың рухани өсуіне, жазуға икемі барлардың журналистикаға келуіне әсері мол болғаны анық. Бертінде баспагерлік қызметке ауысқанда, соның ішінде республикалық «Өнер» баспасы бас редакторының орынбасары міндетін атқарған кезде талай жасты редакторлық мамандыққа баулып, баспа өнерінің қыр-сырына қанықтырды. Жақау ағаның баспагерлік үлкен мектебінен өткен жанның бірі – менмін. Ол жоғары кәсіби біліктілігі, өз ісіне деген асқан жауапкершілігі, принципшілдігі, талап қойғыштығы арқылы бізді қазақ сөзінің қадір-қасиетін түсінуге, сынын бұзбауға, оған мейлінше адал болуға, тиянақтылыққа, жауапкершілікке, еңбекқорлыққа үйретті. Ағадан бойымызға сіңірген тағылым мен тәжірибенің жемісі бізге әлі күнге дейін азық болып, баспа ісіне қал-қадерімізше қызмет етіп жүрміз.
Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алуы­на орай 90-жылдары құрылған «Ана тілі» баспасының алғашқы күнінен басшысы болған ол халқымыздың мәдени-рухани өміріне, тіліміздің орнығып, қолданыс аясының кеңейе түсуіне қажетті көптеген бағалы кітаптар шығарып, сол мақсат жолына зор үлес қосып келеді.
Қарымды қаламгер, қазақ сөз өнерінің майталманы, менің үлкен ұстазым – Жақау ағаға шығармашылық табыс, ұзақ ғұмыр тілей отырып, ел мүддесіне, ұлттық мұраттарға қызмет ете беріңіз демекпін.

Балжан ХАБДИНА,
баспа және полиграфия
ісінің қайраткері

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.