Ұстанымы берік ауыл ұстазы

Бозара атқан таңмен таласа тұрған ол бүгін ерекше сезімде еді. Өйткені осыдан бірер күн бұрын Жаңа жыл мерекесіне Алматыдан бірі оқудағы, бірі жұмыстағы қыздары келіп, үйінің іші у да шу болып, толып қалған. Сағынысып-ақ қалыпты. Екі-үш күн қастарында болып, мауқы басылғандікі ма, бойы жеңілдеп қалған сияқты. Оның үстіне биылғы жыл өз ерекшелігімен басталмақшы. Жақында үлкен қызы Алматы орталығынан пәтер алыпты. Соның қуанышты хабары да осы жылмен бірге жеткен.

Асықпай тұрып, мектебіне жиналды. Пердені ысырып, терезеден қалаға көз салып еді, аппақ мамықтай ақ көрпеге орап, далаға қар жауып қалыпты. Шыңылтыр аяз да тұрған сияқты. Терезе қырау. «Шіркін, мынау неткен аппақ дүние! – деп ойлады ішінен, – Қандай керемет! Шексіз, шетсіз дала аппақ болып, аспанмен ұштасып жатыр. Төбелеріне ақ қардан көрпе жамылып алған үйлер де иіндерінен су кеткен жандардай маужырасып ақ тұр. Тал терекке ұшып қонған қара қарғалар. Екі жүзден астам түтіні бар осы бір шағын ауылдың сырт көрінісі дәл қазіргі сәтте тура бір Суриковтың суретіндей. Осы маң даладағы шағын ауылға келін болып түсіп, шаңырақ көтергеніне 30 жылдай болса, өзінің осы ауыл мектебінде қызмет жасап жатқанына да табаны күректей ширек ғасыр. Уақыт неткен тез еді! «Япыр-ай, – деді ол іштей, – Мен де жарты ғасыр өмірді еңсеріп тастағаным ба?!»
Ол тізбектелген көп ойдың жетегінде жүріп, жуынып, киініп, далаға шыққанын да байқамай қалды. Жай аяңдап, өзінің сүйікті мектебіне қарай беттеді. Қалың ой құша­ғында, тағы да сол алда өтетін сабағы жайлы…
Әңгімемізге арқау болып отырған сонау Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы Мәдениет ауылы Е.Рахмадиев атындағы орта мектептің жоғары санатты география пәнінің мұғалімі, «Лидер образования» алтын медалінің иегері Айгүл Сайынқызы Әділханова еді. Ол осыдан елу жыл бұрын 20 қаңтарда әсем қала Алматыда ұстаздар отбасында дүниеге келген. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, ол әдебиеттен сабақ беретін анасының жолын қуды. Айгүл Алматыдағы Қыздар педагогикалық институтының География факультетіне оқуға түсіп, ойдағыдай тәмамдап шығады. 1995 жылдан Е.Рахмадиев атындағы орта мектеп мұғалімі.
Әдетте оқушы бойынa шынaйы білім-білік дaғдылaрын дaрытып, зердесіне ғылым негіздерін тоқытатын ұстaз. Aйгүл Сaйынқызы жаңалыққа жаны құмар, ізденгіштік қасиеті жоғары осындай ұстаздардың санатынан. Ұстаз еңбегінің өлшемі – оның шәкірттерінің жетістігі. Ауыл мектебінде география пәніне деген қызығушылық оқушылар арасында жыл санап өсіп келеді десек онда білікті ұстаз А.Әділханованың үлесі зор. Мәселен, Ә.Сералиев, Г.Байгелдина, Ш.Мәрлен, Р.Мұрат, С.Тегісбекова, Ж.Жұмаханова, тағы басқалар олимпиаданың әр жылдардағы жеңімпаздары. Олардың біразы бүгінде ұстаз жолын қуып, осы салада қызмет етуде. Нақты айтсақ, Ә.Сералиев Қыздар педагогикалық университетінде дәріс берсе, А.Жақыпбекова, Ұ.Бекболат, М.Құрманғалиева география пәнінің мұғалімдері, өздері шәкірттер тәрбиелеуде.
Білікті ұстаз Айгүл қашанда білім берумен қатар шәкірт бойында ғылымға деген құштарлық оятуға күш салады. Соның айғағы А.Қауымбекова ұсынған «Жергілікті жердің топырағы, оның экономикалық маңызы» атты ғылыми жоба жүлделі II орын алып, облыстық сайыста Алғыс хатпен марапатталса, Д.Қыдырхан, А.Бөлектің «Жергілікті жердің су көздері» атты ауданда қорғаған ғылыми жобалары II, III орындарды иеленді. Пән кәбинеті мұғалімнің ғылыми зертханасы. Ұстаз пән кабинетін күнделікті сабаққа қажетті көрнекі құралдармен жабдықтауға баса ­назар аударады. Мұғалім өз тәжірибесімен бөлісу мақсатында республикалық, облыстық баспасөзге сабақ түрлерін үнемі ұсынып ­отырады.
Ұстаз еңбегі өз бағасын алуда. Атап айт­қанда, әр жылдары облыстық, аудандық білім бөлімінің және Білім және ғылым қызмет­керлері облыстық кәсіподақ кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталды, «Білім сала­сының көшбасшысы» алтын медалінің иегері.
Ол бүгінде үш қыздың анасы. Сүйген жары Игілік екеуі шаруашы­лық­тарын дөңгелетіп ауылда біреуден ілгері, біреуден кейін ғұмыр кешіп жатыр. Өз ісінің білгір маманы, сыйлы ұстаз ретінде шәкірттері мен ата-ана, мектеп ұжымының құрметіне бөленген Айгүлдің ауылдағы ұстанымы бөлек те берік жан.

Омархан Байтарал

Шығыс Қазақстан облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.