Жүйрік тазы

Биыл – ит жылы. Ит – тұрмыста, шаруашылықта атқаратын қызметі және дәстүрлі наным-сенімде өзіндік орны бар үй хайуаны. Дәстүрлі қазақы ұғым бойынша ит жеті қазынаның бірі болып есептелінеді. Сонымен бірге қазақы мүшелмен жыл санау дәстүрінде он екі жылдың бірінің атауы. Ит малшыға мал бағуға таптырмайтын серік болды: ит-құстан, ұрыдан малды қорғады әрі ауылды күзетті. Иттің мал күзетудегі орнын әспеттейтін «ит – адамның құлағы» немесе «итсіз қойшы саңырау» деген мақал-мәтел осы жайтқа байланысты қалыптасты. Әсіресе жаугершілік заманда ауыл-аймақты тұтқиылдан жау шабудан аман алып қалған да, қалатын да ит. Демек, иттің жақсы қасиеттері мол болғандықтан қазақ танымында итке қатысты ырым-тыйымдар, жосын-жорал­ғылар, тіпті салт-дәстүрлер де көп. Көпшілік біле бермейтін, әсіресе жастарға жаңа ақпарат болатын  ит жайлы тың деректер «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дəстүрлi жүйесi» атты энци­клопедияда (жетекшісі Нұрсан Әлімбай) жүйелі жеткізілген. Сондықтан ит жылында иттің болмысы мен қасиет­терін біліп жүрейік деген мақсатпен энциклопедиядағы мәліметті назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Иттің – зілзала, дүлей дауыл, өрт, тасқын сияқты апаттарды алдын ала сезе алатын ерекше қасиеті де бар. Ит иесін ғана емес, оның туыстарын да таниды, тіпті иесінің өзі көрмеген туысын да иісінен ажыратады екен деседі. Бөріге бір лақты жем қылып қойғаны үшін күні бойы қыңсылап, ас-су ішпей қамыққан, тіпті өліп кеткен иттер жөнінде аңыз-әңгімелер ел ішінде мол сақталған. Сондықтан жақсы ит малға да, жанға да серік деген баға беріліп, үйдің ырысы делінеді.
Иттердің қолға үйретілуі мезолит дәуірінен (б.з.д. 13-7 мыңжылдықтар) бас­тау алады. Қола дәуірінің кейінгі кезеңін­де ит те сиыр мен қой тәрізді құрбандыққа шалынатын жануарлар санатына енген. Б.з.д. І мыңжылдықтың ортасында Орта Азия мен оған жапсарлас жатқан аумақта итті жерлеуге қатысты қазба деректері оның бағзыда үлкен культке ие болғандығын көрсетеді. Итке қатысты көне дерек Авестада мол ұшырасады және ол кездегі адамдар ең қасиетті деп санаған хайуандарды итке теңеген. Айталық, құндызды «су иті», кірпіні «тікенекті ит» деп атаған. Зороастрлықтардың сенімінде ит пәле-жаладан, жын-періден қорғайды. Ит жылқы тәрізді өліктің жанын қияметке дейін жеткізетін жәрдемші деп санаған. Бағзыда ғұндар өлiктi жерлегенде «аруақты көкке ертiп шығады» деген сенім бойынша иттi де бірге жерлейтін болған. Көп жұрттардың мифтерінде ит өлім мен өмірдің шекарасы, екі дүние аралығы, жан мен тән дәнекері деген сияқты ­алуан түрлі қисындар кездеседі. Мысалы, иттің адамға жақындығы соншалықты, ол құйрығымен су сеуіп, адамды тозақ азабынан құтқаруға ұмтылады деседі. Көне түркі тайпаларында тарихын, атауын, тотемiн бөрімен, барақпен (итпен) байланыстырады.
Иттің еркегі – төбет немесе арлан, ұрғашысы – қаншық деп аталады. Бірге туған күшіктерді – ұялас дейді. Иттің дауысын үреді, арсылдайды, ырылдайды, қыңсылайды, ұлиды деп ажыратады. Қазақта төрт көз, сары аяқ, яғни көздерінің алдында екі ақ дағы, аяғы сарғыш болса ондай ит үйге ауыртпалық, қиыншылық әкеледі деп асырамаған. Тіпті наурыз ғұрпын атқару кезінде кездескен төрткөз итті өлтіретін болған.
Әуелде ит адамдардың қоныс-мекенін күзету қызметін атқарды. Кейін мал шаруашылығының, соның ішінде, көшпелі шаруашылық-мәдени типінің орнығуына байланысты ит күзетшілікпен қатар, бақташылық қызметті қатар алып жүрді. Бұл үрдіс иттің жаңа тұқымдарының қалыптасуына алып келді. Дәстүрлі қазақы ортада негізгі тұқымдар болып саналатын тазы мен төбеттің пайда болуын аталмыш жайтпен түсіндіруге болады. Оларды сыртқы және өзіндік физиологиялық ерекшеліктеріне байланысты тықыр жүнді (таз) және қалың жүнді (барақ) деп жіктейді. Тықыр жүнді иттерге тазы, ал ұзын жүнді барақ иттерге төбет жатады. Сонымен қатар қазақта кездесетін аралас тұқымды будан иттер – дүрегей деп аталады. Қазақы төбет өзінің ақылдылығымен, сабырлылығымен, батылдығымен, қайраттылығымен ерекшеленеді. Ол жыртқыш аңдарға, әсіресе қасқырға өш болғанмен, орынсыз өршеленіп ұмтыла бермейтін «салқынқанды» хайуан ретінде ерекше бағаланады. Қаймықпайтын батылдығына қарамастан, иесі тұрғанда бөтен адамға мүлдем қауіпсіз, яғни оған сес көрсете үргені болмаса, қаппайды. Көп жағдайда айтақтаумен немесе иесіне, өзіне бөтен адам оғаш қылықтар көрсеткенде ғана айбат шеге ұмтылатыны болады. Алайда иесі немесе отбасы мүшелері жоқ кезде, әсіресе түн мезгілінде төбет ауыл маңына келген бөтендер үшін аса қауіпті дүлей күшке айналды. Осы жағдайда төбеттің жай кездерде онша байқала бермейтін аса ептілігі мен құрыш қайраты оны таптырмайтын сақшы етті. Өзінің ерекше жүйріктігімен және ептілігімен ерекшеленетін аңкөс ит – тазы деп аталады. Қазақтың ұғымында ең жақсы тазыны – құмай деп атайды. Дәстүрлі наным-сенім бойынша құмай тазы италақаз деп аталатын мифтік құстың жұмыртқасынан пайда болыпты. Оның құмай деп аталуы да осы қисынға байланысты. Мұндай атау құмай тазының ұшқырлығы ұшқан құстай екендігін білдіреді.
Дүрегей иттерге тән нақты тұлға бітімі мен мінез-құлқы бола бермейді. Олардың арасында төбетке де, тазыға да ұқсастары, сонымен қатар мүлдем өзгешелері де көптеп кездеседі. Олардың арасында төбет пен тазыда кездесе бермейтін адамға да, малға да қарсы шабуға бейім тұратындары және жиі үретіндері кездеседі. Дүрегей иттердің арасында дене-бітімі шағындары да бар. Сонымен қатар көбінесе сауда байланысы кезінде өзге елдерден және қазақ даласына қоныс аударып келген орыс келімсектерінен ауысқан иттің өзге де тұқымдары тарады. Ондай иттердің дене бітімі өте шағын, тапал түрлері кәндек, кәнден, итаршы сияқты атаулармен аталды.
Қазақта иттің сырттаны деп дене бітімі ірі, саққұлақ, күшті, алғыр, батыл сияқты ерен қасиеттерімен ерекшеленетін итті атайды.
Ит – адамның сенімді серігі. Әлем ха­лықтарында ит адамның серігі, досы, жанашыры, көмекшісі саналады. Қазақы ұғым бойынша да жылқымен қатар ит те – адалдықтың, достықтың нышаны. Яғни адамға ең жақын әрі сенімді серігі болу осы екі жануарға ғана тән деп есептелінеді. Расында да иесіне шын берілген ит қауіп төнгенде өзін өлімге қиюға дейін баратындығы жөнінде деректер мол кездеседі. Шәкәрім Құдайбердіұлының «Адамнан артық жәндік жаралмаған» дейтін әйгілі өлеңінде иттің адам тірші­лі­гіндегі ерекше орны мен маңызы поэти­калық айшықты тілмен сипатталынады:
Адамнан артық жәндік жаралмаған,
Дейді жұрт: «айуан жоқ иттен жаман».
Бұл туралы менде бір бөтен ой бар,
Анық ұқсаң, айтайын, достым, саған.
Адамның айуаннан айласы мол,
Қит етсе қиянатқа қояды қол.
Мейірім, ынсап, ақ пейіл, адал еңбек, –
Бұл төртеуін кім қылса, шын адам сол.
Қанеки ондай адам, қай жерде бар?
Көбінің сыртында бал, ішінде зәр.
Жарық алып әлемді араласаң,
Ондай жан неше мыңнан біреу шығар.
Әйтпесе өзге адамнан ит ілгері,
Достықты ит ұмытпайды, артық жері.
Қолыңнан сорпа жалап өскен күшік
Өлгенше есігіңде жүргендері.
Түнде тыным көрмейді қораға үріп,
Шарқ ұрады ауылды шолып жүріп.
Кетпейді дәмін татқан досын тастап,
Қуалап анда-санда қойсаң да ұрып.
Тоқтамас өзге ауылға сыйласа да,
Кек қылмас иесі ұрып, қинаса да.
Жүз жылдық дос бір күнде жау болады
Көңіліне бір қылығың сыймаса да.
Қарызы бар еді деп мойын бұрмас.
Сол күні-ақ дұшпаныңмен
болар сырлас.
Бұрынғы жақсылықтың бәрін ұмытып,
Не қылса, бір зияны тимей тұрмас.
Өкпелесе не сөзге, немесе асқа,
Жау шығады дос, жақын қарындасқа.
Ит иесін қаппайды құтырса да,
Адамның шын досы жоқ иттен басқа.
…Біреудің асыраулы иті болған,
Күшігінен тамақты берген қолдан.
Сол адамның тап-тату жақын досы
Араз болып кетіпті достық жолдан.
Пәле салып жамандап күнде-күнде
Өшігіп, дұшпан болып кеткен мүлде.
Ыза менен күншілдің ойын билеп,
Өлтіргелі келіпті айсыз түнде.
Арсылдап иті үрген қараңғыда.
Иесі жер шалады барады да.
Бұғып жатқан дұшпанын көзі көрмей,
Итті ұрады бір таяқ алады да.
Қанжар ала жүгірген жауды көріп,
Қашады қатты аттанды салады да.
Мына жақтан жүгіріп ит те келіп,
Тастайды әлгі жауын жарады да…
Алаңдамай тыңда да сөзімді тос,
Айтылған сөз емес қой
қалжыңмен бос.
Дос деп жүрген кісіңнің көбі дұшпан,
Шын достың – жақсылықты
ұмытпаған дос.
Иттің адамға адал серік екендігі ертедегі мифтерде, дәстүрлі дінмен байланысты аңыз-әңгімелерде ерекше көрініс тапқан. Иттің адамға адалдығының себебі қазақ мифінде былайша түсіндіріледі: «Жасаған жердің иесін жарату үшін жер кіндігінен топырақ алып, бір ер, бір әйелдің мүсінін жасап, күнге кептіріп, ­аузынан үрлеп, жан енгізіпті. Олар орнынан тұрып, өмір тірлігін бастапты… Жасаған балшықтан илеп, адам мүсінін жасағанда оның кіндігінен ойып тасталған бір шөкім балшықтан итті жаратқан екен.
Кіндіктегі шұңқыр содан пайда болыпты. Иттің үнемі адамнан айырылмай, қайда барса да, иесінің мал-мүлкін қорып, адамға серік болып жүретін себебі сол екен».
Қазақта «ит – үйдің ырысы» деген сөз бар. Дәстүрлі ұғым бойынша адам басына қонған құт пен шаңыраққа келген бақ көбінесе ит бейнесінде келеді екен. Ондай үйге құтпан ит немесе алғыр тазы бітеді, ол адамның барлық тілеуін жүзеге асырып, мұратына жеткізеді деседі. Өйткені ит иесінің ырыздығының тау­сылмауын үнемі тілеп жүреді. Көне аңыздардың бірінде иттің адамзаттың бір ырыздығы бидайды қалай сақтап қалғандығы жөнінде айтылады. «Басқа да жан-жануарлармен бірге Нұх кемесіне мінгенде ит аузында тістеген бидай сабағымен кетіпті». Сөйтіп, ит адамзатты аман алып қалыпты. Әрі сақшы, күзетші, әрі қамқор иттің көшпелі ортада ерекше қастерленгендігі соншалықты «итті теппе – ырысың кетеді» деген ­тыйым да қалыптасқан. Тіпті ит болмаса тамақтың артығы далаға төгіліп, обал, ысырап болар еді. Бұл хайуанның адам ырыздығының сақшысы, сақтаушысы екендігінің тағы бір мәні осында дегенге саяды ит туралы ел арасында кең тараған тағы бір әңгіме-аңыздың мазмұны.
Ит жүгірту – аңшылық және саятшы­лық­та арнайы баулыған иттерді аңға қосу. Ит қосу аң аулаудың байырғы әдісі, әрі ертеден келе жатқан өнер ретінде белгілі.
Иттерді аңға өзіндік ерекшеліктеріне байланысты баулиды. Қазақта аңға өте шапшаң әрі ұшқырлығына байланысты көбінесе тазы иттер үйретілген. Аңға баулыған тазы иттердің иіс сезгіштігі сезімтал, құлағы сақ және ұшқыр жүйрік болып қалыптасады. Тазыны күшік кезінен таңдап алып, ұсақ аңдарға салып ауыздандырып, із кесуге баулыған. Бүркіт баулығандай оны да әртүрлі әрекеттерге машықтандырады. Алдымен бұйрыққа бойсұнатын етіп жаттықтыру, «жат, тұр, отыр, кір, шық, жүгір ұста, алып кел, әкет, кейін тұр, таста, есікті аш, жап, қақшы, әне! міне!» деген сөздерді ұғынуға және соған орай әрекеттенуге тәрбиелейді. Тазыға жасынан шикі тамақ бермей, тек пісірген тағамдар береді. Піскен тамаққа үйренген ит ұстаған аңды өлтіргеннен кейін жемей тастап қояды, тіміскілеп, жаман-жұтық нәрселерді жемей, таза болып үйренеді. Иіс сезгіштігі де артады. Итті кез келген адам емес, тек бір адам ғана баулиды. Жаңа туған күшік көзін ашып, бауырын көтергеннен кейін көрінген нәрсені ұстап, домалатып ойнағыш келеді. Сол бастан алдына тышқан, сарышұнақ өлтіріп, тастап қойса, ырылдап талауға үйренеді. Өскен соң алдымен жетекке баулып, айтаққа дағдыланады. Жетекке үйренген иттер тартынбай, не озып кетпей, қатарласып жүріп отырады. Кейін бірте-бірте тірі нәрсені ұстауға үйретеді. Итті бау аштырып үйреткенде тірі қоянның аяғын байлап, айтақтап ұстатады. Осыдан кейін итті дәл осы тәсілмен түлкіге салады. Алғашқы бау ашуы сәтті болған ит келесіде тайсалмай тап береді. Ит түлкі ұстап үйренген соң аңшыға көп жеңілдік туады.

Ғұрып атауы

ИТЫРЫЛДАТАР – қалыңдыққа ұрын келу ғұрпында атқарылатын жосынның атауы. Ит тәрізді ырылдау, үру арқылы адамды бөгеп, тек кәдесін алғаннан кейін ғана жолын босататын ғұрып. Ертеде ұрын келген күйеуді қалыңдықтың жеңгелері түрлі ғұрыптар атқарып, кәде-сыйлықтарын алғаннан кейін ғана жолықтыратын болған. Мұндай кезде қалыңдығы отырған үйге беттеген күйеу жігіттің алдына бір әйел итке ұқсап ырылдап ­жатып алады. «Ырылдап» жатқан әйелге жолын босату үшін тиісті кәдесі – ­итырылдатарды берген соң ғана күйеу үйге қарай өте алатын болған. Кейбір аймақта бұл ғұрып үйге кіргеннен кейін орындалады. Жатар алдында бір кемпір төсек жанынан итше ырылдап немесе үріп жатып алып, күйеу итырылдатар кәдесін бергеннен кейін ғана орнынан тұрып кетеді. Сонымен қатар итырылдатар кәдесін алу үшін кейбір аймақта күйеудің алдынан ит жетектеген балалар шығатын болған. Жалпы бұл кәде итті үй мен иесінің қорғаушысына балануға байланысты орындалатын ғұрып болса керек.

Сіз білесіз бе?

ИТКЕ БАЙЛАНЫСТЫ  ЫРЫМ-ТЫЙЫМДАР

Итті қа­сиетті хайуан санауына байланысты дәстүрлі қазақы ортада ол жайында сан алуан ғұрыптар, ырымдар мен тыйымдар жүйесі қалыптасты. Қазақ иттің көзге көрінбейтін құбылыстарды сезетін, тіпті, көретін де қабілеті бар деп есептейді. Дәстүрлі наным-сенім бойынша ит бақсылардың жынын көргендіктен ғана бақсы отырған үйдің «босағасын қабады» екен.

Иттің кейде иесіне қарай жүгіруі тектен-тек емес. Шынтуайтында бұл жайт иттің иесіне қарай келе жатқан бәле-жаланы көріп, оны хабарлауға асыққандығын білдіреді деседі.
Ырымдар. Көшпелі ортада адам­ның итке деген сан ғасырлық қа­тынасы, әсіресе ырымдардан көрініс тапты. Төменде осындай ырымдардың ең негізгілері беріліп отыр:
– иттің ұзақ әрі созып ұлуы немесе мезгілсіз уақытта қыңсылауы жаманшылықтың нышаны. Ит ұзақ ұлыса өлім-жітім, сойқан болады, елге бақытсыздық, табиғат апаты (жер сілкіну, сел, көшкін, тасқын, боран) келеді деп ырымдап, оны ауылдан қуады;
– иттің үздік-создық, қысқа ұлуы жақсылықтың нышаны. Өйткені ол иесіне жақсы тілеу тілеп жатыр;
– ит көкке, яғни аспанға қарап үрсе сол үйдің шаңырақ иесіне «көрінеді», яғни, үй иесі өледі дейді. Мұндайда кейде итті өлтіріп, «бәле-жала өз ба­сыңмен кетсін» деп жерге көміп, үстін жеті кісі қара таспен бастырып тастайды;
– ит пысқырса жаман ырым саналып, «мұрныңа иіс, мұрныңа иіс» деп қайталап айтатын болған. Өйткені оның мұрны сол үйдің малының өлетіндігін сезіп тұр дейді;
– ұзақ жолға шыққан кісіге жолы оңғарылсын деп ырымдап итке тоқым жабады;
– баланы қырқынан шығысымен атақты адамның (ақын, шешен, батыр, т.б.) үзеңгісінен өткізіп алу ғұрпы сияқты иттің күшігін де ырымдап бел­гілі адамдардың үзеңгісінің астынан өткізіп алады;
– ит шөп жесе – жақсы ырым («ілгері басқанның иті оттайды, кері кеткеннің келіні ұрлық жасайды» деген мақал осыдан шыққан);
– ауылдан атқа мініп аттанғанда артынан ит ере шықса, қуалап зорлықпен кері қайтармайды. Бұл жайтты ит иесінің жолы болады, сапары оң болады деп жақсылыққа жориды;
Иттің қылығы мен әрекетіне қарап күн райын болжау.
– ит қолды-аяққа тоқтамай үріп, қыңсылап, айнала жүгіріп, тағат таппаса, жер сілкінеді;
– ит иіріліп жатса немесе тұмсығын бауырына тығып ұйықтаса, жауын-шашын болады;
– ит жонынан түлесе, қыс жақсы болады, бауырынан түлесе, қыс аяғы ұзаққа созылады;
Иттің адамның түсіне енуін жору.
– егер түсіңде ит көрсең – адал досыңа сәттілік болады;
– жүгірген ит көрінсе – онда өзің жаңа орынға жайғасуға орын іздейсің;
– қара ит түске енсе – дұшпан­дарыңнан сақтану керек;
– ақ ит түске кірсе – жақсылықтың нышаны, ырыс.
– түске төрт көз ит кірсе немесе «ақ төс қара ит» – бұлар «кәпір, дұшпандар», олардан сақтанудың қамын ойлану керек.
Тыйымдар.
– әйел адамның итке тас лақ­тыруына болмайды. Бұлай істесе әйел қолының берекесі қашады, ырысы кетеді, иттің құты ұшады;
– жаңа түскен келін мен аяғы ауыр әйел итке кет деп айтуына тыйым салынады;
– құда-жекжаттар итше ырылдасып кетеміз деп бір-бірінен ит, күшік алмайды;
– мал сойғанда алдымен үй иелері еттен ауыз тимей тұрып қанын итке бермейді. Сойылған малдың етіне адам ауыз тимей жатып ит иіскеп немесе ауыз тиіп қойса, ет «харамдалды»;
– атты адамға итті қууға болмайды;
– итті сабамайды, ұрмайды. Итті қорлап, азаптаған адамның басына жаманшылық келеді. Өйткені ит «иесі» өкпелеп, киесі атады;
– жөнсіз итті өлтіруге болмайды (төрткөз ит немесе құтырғаны болмаса). Ондай адам «иттің қарғысына» қалады, ұзақ жасамайды, кедейленіп, жарлылыққа, тапшылыққа, жоқшы­лыққа ұшырайды;
– ит өлтірген мұсылман қажыға баратын құқынан айырылады. Ондай адам Мекке топырағын басуға тиіс емес.
– итке мініп отыруға болмайды.
– жаңа туған сәбиге иткөйлек кигізіледі. Бұл сәби итжанды болсын дегенді ырымдағаны;
– сәби қырқына толысымен иткөйлегін шешіп, оған дәмді ас түйіп, иттің мойнына байлап қоя береді. Балалар итті қуып жетіп ішіне түйілгендерді алып, итжейдені иесіне әкеліп тапсырады. Баланың иткөйлегін сақтап, жолға, сапарға шыққанда өзімен бірге алып жүрсе, пәле-жаладан сақтап, жолын ашады, «баланың періштесі қағып, аман апарып, есен әкеледі»;
– жас келін қайын атасына сәлем етіп отқа май құйған соң, үлкен үйдің итіне етегіне салып ет беріп, сүт жалатып, арнайы тілек айтады;
– ұрын барған күйеуге ит ырылдатар ғұрпы жасалады. Қалыңдыққа келе жатқан күйеу үйге таянғанда алдынан шыққан бір әйел жүресінен отыра қап ит боп ырылдап, кәде алады;
– қуаңшылық жылдары иттің үстіне су тамызып, жаңбыр тілеген;
– ит өлген жағдайда аузына май салып, көміп тастайтын болған. Қазақта қартайып өлерін білген ит алыс қиянға кетіп, көзден таса жерде өлетін болғандықтан «Жақсы ит өлігін көрсетпейді» деген мақал қалыптасқан. Өте алыс, көз көріп, құлақ естімеген жер дегенді білдіретін «ит арқасы қиянда», «ит өлген жер» деген тұрақты сөз орамдары да осы жайтқа байланысты қалыптасты;
– күшік алу үшін иесіне кәде береді, оны «қарғыбау» тағу деп атайды;
– қазанның әбден тозығы жетсе де оны лақтырып тастамай, итке итаяқ жасап береді.
– Халықтық ветеринарияда да иттің өзіндік орны болды. Көшпелі ор­тадағы наным-сенім бойынша ит ас-та­ғамға пайдалануға келмейтін арам хайуандардың қатарына жатады. Дегенмен, зәрушілікке байланысты оны ем­дікке қолдану жиі кездескен. Ит және оның түрлі мүшелері жабысқан пәле-жалаға, ауруға, жараларға қарсы ем-дом ретінде кеңінен қолданылды. Жеті қазынаның біріне саналатын иттің итаяғынан тілі шықпаған балаға су ішкізеді. «Ит жыны» бар бақсылар дертті иттің бас сүйегіне көшірген. Сөйткенде, иттің «рухы» әртүрлі аурудың иелерін қуып шығады екен деседі.

Сөз сыры

ИТКӨЙЛЕК

ИТКӨЙЛЕК / ИТЖЕЙДЕ – жаңа туған нәрестеге арнап тігілген қырқынан шыққанша киетін ғұрыптық көйлек. Жас баланың нәзік денесіне батпауы үшін тігістерін сыртына қарата, шетін бүкпей, қолмен тепшіп, жөрмеп тігеді. Иткөйлек кигізудің алуан түрлі ырымдық жақтары да бар. Әрбір ауыл, рулас жақын адамдар жас сәбиге өздерінше тілек тілеп, Иткөйлекті ырымдап кигізген. Алдындағы балалар шетінеп отырған жағдайда жаңа туған балаға арналған Иткөйлекті бақытты тұрмыс кешкен, көп жасаған, өсіп-өнген жақын адамның киімінен даярлайды. Бұл өмірге жаңа келген сәбиге ұзақ ғұмыр тілегенді білдіреді.

Бетті дайындаған
Айгүл Әмірбекова,
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері,
филология ғылымының кандидаты

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.