АСТАНА – ВАШИНГТОН: СЕНІМДІ СЕРІКТЕСТІК СЕРПІНІ

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан ­Назарбаев Америка Құрама Штаттарына ресми сапар­мен келді.
Президент Нұрсұлтан ­Назарбаев АҚШ-қа ресми ­сапары аясында Ақ үй басшысы Дональд Трамппен кездесті. Қарсы алу рәсімі аяқталған соң Елбасы Ақ үйдің Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды. Қазақстан мен АҚШ Президенттері екіжақты қарым-қатынастың және халықаралық күн тәртібінің мейлінше өзекті мәселелерін талқылады.

Елбасы ресми сапармен келуге шақырғаны үшін АҚШ Президенті Д.Трампқа алғысын білдірді. Қазақстанның АҚШ-ты сенімді серіктес, әлеуетті әріптес санайтынын жеткізген Н.Назарбаев алдағы уақытта екіжақты қарым-қатынасты нығайтудың маңыздылығын атап көрсетті.
– Сізді президенттік қызме­тіңіздің бір жылдығымен және экономикадағы зор жетістік­те­ріңізбен құттықтаймын. ­Қазақ­стан мен АҚШ арасында әр­дайым екіжақты саяси қарым-қатынас орнаған. АҚШ тарапы алғаш­қылардың бірі болып Қазақстанның тәуелсіздігін мойындады. Содан бергі 26 жыл ішінде екі ел ара­сындағы байланыс жаңа белеске көтерілді. Менің бүгінгі сапарым – соның айғағы. Алдағы әңгіме барысында екі елге де тиімді мәселе­лер­ді талқылайтынымызға және ­Қа­зақ­стан мен АҚШ арасындағы эконо­микалық әріптестіктің одан әрі нығая түсетініне сенімдімін, – деді Елбасы.
Дональд Трамп АҚШ тарапы Қазақстанды Орталық Азия өңіріндегі болашағы зор, стра­тегиялық әріптес деп есеп­тейтінін мәлімдеді. Оның айтуынша, Қазақстан мен АҚШ арасын­дағы дип­ломатиялық, сауда-эконо­ми­калық қарым-қатынас жаңа сапаға ие болып отыр. Ақ үй басшысы Қазақстанды өңірлік бейбітшілік пен қауіпсіздіктің шешуші факторы ретінде бағалайтынын жеткізді.
Бұдан кейін мемлекеттер басшылары шағын құрамда келіссөздер жүргізді.
Н.Назарбаев пен Д.Трамп ­жур­налистерге арналған брифинг өт­кізіп, кездесудегі талқыланған мә­селелермен таныстырды. ­Пре­зи­дент Н.Назарбаев Ақ үй бас­шы­сына АҚШ-қа шақырып, қа­зақ­стандық делегацияға қонақ­жай­лылық та­нытқаны үшін алғыс білдірді.

Д.Трамппен телефон арқылы сөйлесуін, ­Эр-Риядтағы кездесуін және осы сапардың сенім, достық және өзара түсіністік туы аясында өтіп жатқанын атап көрсетті. «Сапарымның нәтижесі Қазақстан-Америка қарым-қатынасы екі елдің игілігіне айналар кеңейтілген стратегиялық серіктестік деңгейіне көтеретіндігіне сенімім мол. Осыған орай біз бүгін Астана мен Вашингтон арасындағы өзара қарым-қа­тынастардың жаңа дәуірін бастайтын бірлескен саяси мәлімдеме ­қа­былдадық» деді Н.Назарбаев.
Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-тың Орталық Азия елдерімен «С5+1» форматындағы ынтымақ­тастығын нығайтуға мүдделі екенін айтты. Қазақстан Президенті халықаралық қауіпсіздікті нығайтып, қазіргі заманның сын-сынақтары мен қауіп-қатерлерін бірлесе еңсеру ісінде Астана мен Вашингтонның өзара тиімді ынтымақтастық танытып отырғанын атап өтті.
– Қазақстан 2001 жылы АҚШ-тың терроризмге қарсы күресін белсенді түрде жақтады, қазір де Ауғанстанда жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстарға қолдау көрсетіп отыр. Америка әс­ке­рінің Ауғанстанда болуы – тек АҚШ-тың ғана емес, бүкіл әлемнің ісі, – дей келе Нұрсұлтан ­Назарбаев Ауғанстанға Қазақстан тарапынан көр­се­тіліп жатқан гуманитарлық көмек жөнінде айтты.
Бұдан бөлек, Қазақстан Пре­зиденті келіссөздер барысында Солтүстік Корея төңірегіндегі ахуалға, сондай-ақ Вашингтон мен Мәскеу арасындағы қатынастардың күрделене түсуіне байланысты мәселелер талқыланғанын айтты. «Қазақстан дүниежүзіндегі төртінші ядролық арсеналдан бас тартып, әлемдегі ең ірі сынақ полигонын жапты. Ядролық қаруы бар елдерге біз таңдаған жолды ұсынуға моральдық құқығымыз бар. Солтүстік Кореяның проблемаларын АҚШ, Қытай және Ресей елдерінің бірлесе шешкені маңызды» деді Қазақстан Президенті.
АҚШ Президенті екіжақты диалогтың маңыз­дылығын атап өтіп, екі ел арасындағы ынты­мақтастықтың стратегиялық маңызына тоқталды.
– Біз Сізді Ақ үйде қабылдағанымызға қуаныштымыз. Елдеріміздің өзара ықпалдастығына қатысты маңызды диалог жүргізу мақсатымен бүгін бізге келгеніңіз үшін рақмет. Ширек ғасырдан астам уақыт бойы АҚШ Қазақстанды мықты, егемен әрі тәуелсіз ел, Орталық Азиядағы стратегиялық серіктес ретінде қарастырып келеді, – деді Дональд Трамп.
АҚШ Президенті Қазақстан мен АҚШ-тың ядролық қаруды таратпау және өңірлік қауіпсіздікті нығайту ісіндегі бірлескен күш-жігерін атап өтті. Дональд Трамп Ауғанстан мәселесін шешуге атсалысқаны үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтты және Қазақстан сияқты елдермен АҚШ ынтымақтастықты нығайта беретінін жеткізді.
– Қазақстанның 2050 жылға қарай жаһандық экономиканың алғашқы отыздығына кіруді жос­парлап отырғанын Президенттің мәлімдегеніне ризамын. Ол Қазақстандағы іскерлік ахуалды жақ­сарту үшін жұмыс істеуде. Бұл арқылы ­Америка компаниялары үшін жаңа мүмкіндіктер туып, жаңа жұмыс орындары ашылады, – деді АҚШ Президенті.
* * *
Қазақстан Президенті «Шетелдік жеке инвестициялар жөніндегі корпорация» (OPIC) мемлекеттік агенттігінің президенті Рэй Уошберн­мен кездесті. Мемлекет басшысы әңгіме барысында инвестиция саласындағы қатынастарды нығайтудың және өзара тиімді экономикалық жобаларды жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті. Рэй Уошберн «ЭКСПО – 2017» көрмесінен алған әсерін бөлісіп, алдағы уақытта Қазақстанның «Kazakh Invest» компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылатынын тілге тиек етті.
Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-тың Энергетика министрі Рик Перримен кездесуінде АҚШ Президенті Дональд Трамппен жүргізілген келіссөздер барысында қол жеткізілген нәти­же­лерге тоқталды. Қазақстан мен АҚШ-тың мұнай-газ саласындағы ынтымақтастығына оң баға беріп, Теңіз және Қашаған кен орындарында жүзеге асырылып жатқан және «жасыл» энергетиканы дамытуға арналған жобалар жөнінде ой бөлісті.
АҚШ-тың Энергетика министрі кездесуге ризашылығын білдіріп, инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға септігін тигізетін негізгі факторларды атады. Кездесу соңында тараптар мұнай-газ және энергетика салаларындағы екіжақты қатынастарды одан әрі дамыту жөнінде пікір алмасты.
* * *
Мемлекет басшысы Америка Құрама Штаттарының іскер топтар өкілдерімен кездесті. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен АҚШ арасында орныққан қатынастардың маңыздылығы мен стратегиялық сипатына тоқталды. Америка Қазақстан экономикасына салынған тікелей инвестициялардың көлемі бойынша екінші орында. Тәуелсіздік жылдары АҚШ компаниялары тарапынан Қазақстанға 50 миллиард доллардан астам инвестиция құйылды. 2017 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 2 миллиард долларға жетті. Энергетика, көлік, инновация, медицина және басқа салаларда Америка капиталының қатысуымен 500-ден аса компания табысты жұмыс істеп келеді. Ірі серіктестер қатарында «Шеврон», «Эксон Мобил», «Дженерал Электрик», «Хэллибёртон» және басқа да компаниялар бар.
Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев ­Қазақ­станның көлік-транзиттік әлеуетін дамыту үдерісіне тоқталып, бизнес жүргізу үшін мемлекет тарапынан жағдай жасауға бағытталған шаралар жөнінде әңгімеледі. Қазақстан экономикасын цифрландыру және өндіріске инновацияны енгізу барысына ерекше назар аударды.
Кездесу барысында АҚШ-тың іскер топтар өкілдері Қазақстанмен экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге зор қызығушылық танытты. Мемлекет басшысының ресми сапары аясында авиация және ғарыштық зерттеулер, мұнай химиясы және ауылшаруашылығы, сондай-ақ инфрақұрылымды дамыту саласындағы жобаларды жүзеге асыруға бағытталған 7 миллиард долларға жуық қаржы көлеміндегі инвестиция және сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы 20-дан астам коммерциялық құжатқа қол қойылды. Бұдан бөлек, сапар барысында 3 үкіметаралық келісім жасалды.
Мемлекет басшысының АҚШ-қа сапары жалғасуда.

Дина ИМАМБАЕВА

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.