Алты Алаштың анасы болған Сыр елі

«Сыр – Алаштың анасы». Бұл – көненің көзі, мәдени мұралардың асыл көмбесі, талай тарихты қойнауына бүккен, талай тарланды қанаттандырған Қызылорда жайлы Елбасының сөзі.
Қазақтың байтақ даласына қарап Алла Тағаланың өзі қазаққа пейіліндей дархан, көңіліндей кең атырапты сыйға тарта салған-ау деп тамсанасың. Алтай мен Алатаудың арасын алып жатқан құлан даланың қай тұсын болмасын Жерұйық дерсің… Сыр елі де – сондай сырлы да жырлы қасиетті мекен.

Көненің көзі болған көрікті қала

Жазса Тарас Днепрді,
Жазса Пушкин Еділді.
Неге маған жырламасқа,
Сырда туған елімді.
Әбділда ТӘЖІБАЕВ

Қазақ тарихында өзіндік үлкен рөл атқаратын қаланың тарихы да тереңде жатыр. Сонау 1818 жылы Қоқан хандығы кезінде Сырдария бойында бой көтерген алғашқы қорған Ақмешіт болып аталады. Кейіннен, яғни 1853 жылы шілдеде Орынбор генерал-губернаторы В.А.Перовский орыс әскерлерімен қамалға басып кіріп, қоқандықтарды қаладан қуып шығады. Содан соң қала Перовск атанып, 1867 жылы Сырдария уезінің орталығына айналады. Міне, осыдан соң қалада мәдени орталықтар мен үлкен жұмыс орындары бой көтере бас­тады. Теміржолдар пайдалануға беріліп, қалада депо, вокзал үйлері салынды. Ал 1922-1925 жылдары қала қайта Ақмешіт атанды. 1925 жылы қазақтың орталығы болған қала Қызылорда атын иемденеді. Яғни бұл қала қазақ халқының алғаш рет «қазақ» атануының тарихи куәгері болды.
Сонау 1920 жылдары Орынбор қазақтың бірінші астанасы болғаны баршаға аян. Бірақ қашықтан ел басқару қолайсыз болды. Сондықтан да қазақтың сол тұстағы біртуар ұлдары алты Алаштың астанасы болуға лайық орталық іздеді. Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов сынды қоғам қайраткерлері қазақтың астанасы орыстың туы тігілген қаладан гөрі қазақтың иісі аңқыған, ұлттық болмыс-нышаны көрінген киіз үйлі ауылында болғанын артық көрді. Ақыры келісіле отырып қазақтың астанасы болып сол кездегі Ақмешіт қаласы бекітілді. Әу баста өзге ұлт өкілдері астананың Орынбордан Ақмешітке ауыстырылғанында «…қа­зақтар құмға көшіп барады» деп кекет­кен де еді. Бірақ қалың қазақтың ортасы, то­ғыз жолдың торабы, Ұлы Жібек жолының бойы болғандықтан осы қала таңдап алынды. Астана мәртебесіне қол жеткізген қалада түрлі мекемелер мен өндіріс орындарының іргесі қаланды. Қалада 1920 жылдың 13 қаңтарында алғашқы қазақ драма театрының шымылдығы Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасымен ашылды. Мұнан өзге түрлі ғылыми-зерттеу институттары мен техникумдар бой көтерді. «Еңбекші қазақ», «Казахстанская степь» газеттері де осында жарық көрді.
Әрине, тақыр жерге қала тұрғыза салу бір күннің жұмысы емес. Бұл та­бандылықты талап етеді. Десе де, сол тұстағы большевиктердің оптимизмі таңда­нар­лықтай еді. Олар жоқтан бар құрап, өздері де түсініп болмайтын, қиялға бергісіз қоғам орнатуға даяр болатын. Сондықтан да қараша ауылды салтанатты қалаға айналдырудың бас жоспары қолға алынды. Қаланың сызбасын жасауға білікті мамандар тартылды. Олардың қатарында мәскеулік профессор, инженер-конструктор С.А.Фельдмен мен В.Н.Львов, қазаққа аты мәлім тұңғыш инженеріміз Мұхамеджан Тынышбаев та болған еді. Міне, осындай қауырт жұмыстың нәтижесінде қала қарыштап дамыды. Тіпті оны алғаш «Мәскеу сынды мәртебелі қаланың қатарына қосылады» деген де. Әрине, ол солай болды. Қазақтың астанасы Қызылорда сол тұстағы қазақтың «Мәскеуі» болды. Бола да бермек.

Сырдария тудырған жыр
дариясын

Дүбірлі дүлдүлдердің ізі қалған,
Жүлделі жүйріктердің жүзі жанған.
Ежелгі Сырдың елі, жырдың елі,
Киелі, қасиетті Қызылордам.
Махмұтбай ӘМІРЕҰЛЫ

Сыр өңірі – жыр сүлейлері шыққан киелі өңір. Сол себепті де «Сыр елі – жыр елі». Мұнда жыраулық дәстүрдің мектебін қалыптастырған Ешнияз сал, Шораяқтың Омары, Балқы Базар, Кете Жүсіп, Дүр Оңғар, Қарасақал Ерімбет, Даңмұрын, Нартай, Нұртуған, Әзілкеш Шымырұлы, Құлан Алдабергенұлы, Қаңлы Жүсіп сынды тұлғалар Сырдың даңқын асырды, мәртебесін арттырды. Сыр елі – қазақтың кемеңгері, от тілді, орақ ауызды шешенінің бірі Әйтеке бидің, туған жерін жаттан жан аямай қорғаған Жанқожа, Көкен, Жанназар, Бұқарбай сынды хас батырлардың, азаттықты аңсаған, ұлтын сүйген азамат Мұстафа Шоқайдың Отаны. Бұл жерден шыққан кәсіби ақын-жазушыларды сөз еткенде ең алдымен ауызға ілігері – Әбділда Тәжібаев. Жұбан Молдағалиев: «Әбділда Тәжібаев туралы сөз болғанда екі дария көз алдыңа келеді. Бірі – Сырдария. Ғасырлар бойы ел мен жерді емізіп, нұр мен нуға ене болып келе жатқан дария. Екінші дария – жыр дариясы… жыр дариясы ұшы-қиырсыз қазақ даласын ғана суарып жатқан жоқ, жер-жердің, ел-елдің поэзия мұхитына құйып жатыр. Оның аты – Әбділда Тәжібаев», – деген еді. Осындай ұлы ұлдар тудырған Сыр топырағы­нан Мұхамеджан Қаратаев, Асқар Тоқмағамбетов, Қалтай Мұхамеджанов, Әбдіжәмил Нұрпейісов сынды тұлғалар шыққан.

Сырмен сыр бөліс…

Дария тағы да алға асығады,
Толқындар бірде тасып, басылады.
Сан ғасыр бауыр басқан Аралының,
Алдынан кең құшағы ашылады.
Махмұтбай ӘМІРЕҰЛЫ

Иә, қызылордалықтар сырғып аққан Сырымен мақтанады. Сырдарияның бүгіп жатқан сыры да мол сынды. Ол көне грек тілінде Яксарт деп аталса, ортағасырлық мұсылман жазбаларында өзен жұмақтағы төрт өзеннің бірінің атымен Сейхун деп аталған. Тарихшылар­дың айтуынша, Ескен­дір Зұлқарнайынның жаулап алған жерлерінің солтүстік шекарасы Сырдария өзені арқылы өткен екен. Міне, сан тарихтың куәсі болған Сыр өзені – бүгінде барша Алаштың мақтанышы. Сырдың бойын жағалап, сыр бөліссең, Сыр сенің сырыңды ұғар сырласың, мұңыңды шағар мұңдасың, тіпті жаныңа медеу жолдасың да бола алады. Ендеше, қай-қайсысыңыздың болмасын Сырға жолыңыз түссе, Сыр суымен сырласыңыз. Қимастықпен қоштасарыңыз анық.
Сыр елі – оқу-білімнің ордасы. Мұндағы «Сырдария кітапханасы» – Сыр елінің жауһары. Ал мұндағы бас­ты білім ордасы саналатын Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті өзінің 73 жылдық тарихында өңірдегі жоғары және орта кәсіби оқу орындарының көшбасшысы болып қана қоймай, еліміздегі еңселі оқу орындарымен иық тірестіре аларлық дәрежеге жетті десек, артық айтпағандық болар.
Ал 190 жылдан аса тарихы бар Алаш­тың анасы атанған ежелгі мұражайлар да менмұндалайды. Қай-қайсысына кір­сең де, тарихтың қойнауына күмп бересің. Ендеше, Қызылордаға қыдыра қалса­ңыз, қызықтан құр қалмаңыз. Қайта Қы­зылорданы қимай қайтасыз…

Анар Дүйсенбайқызы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. Қайырбек

    «АЛТЫН САҚИНА» АҚИҚАТЫ ҚАШАН ОРНАЙДЫ?

    «Ана тілі» газетінің № 33 санындағы «Қазақия қалалары» айдарымен берілген Анар Дүйсенбайқызының «Алты Алаштың анасы болған Сыр елі» атты мақаласын оқып, ішінде келтірілген кейбір деректерге уәж айтқымыз келді. Алдымен, «Сонау 1920 жылдары Орынбор қазақтың бірінші астанасы болғаны баршаға аян» деген сөйлемдегі мәліметке келісе алмайтынымызды білдіреміз. Қазақтың арғы тарихын ақтармағанда, оның ХХ ғасырдағы бірінші астанасы Орынбор емес, Алаш, немесе Семей қаласы болғандығын көзі ашық, көкірегі ояу қазақ оқырманы жақсы біледі. 1917 жылы желтоқсан айының 5–13 күндері аралығында Орынбор қаласында өткен Екінші Жалпы қазақ-қырғыз съезінің қаулысы бойынша Уақытша ұлт кеңесі, Алашорда үкіметі құрылғаны мәлім. «Алашорданың уақытша тұратын орны – Семей қаласы. Алашорда бүгіннен бастап қазақ-қырғыз халқының билігін өз қолына алады»,- деп жазылған сол съездің қаулысында («Алаш» қозғалысы. Алматы, «Сардар» баспа үйі, 2008, 305-б.). Ел тарихының осы кезеңін сөз еткенде әлі де ескі сарынмен Алашорда үкіметін көзге елемей, оның астанасы Семей қаласын ұмытып, әңгімені бірден Орынбордан бастау – қалыптасып қалған бұрынғы әдет, әрі өрескел қателік деп санаймыз.
    Газетте берілген: «Қалада 1920 жылдың 13 қаңтарында алғашқы қазақ драма теартының шымылдығы Мұхтар Әуезовтің «Еңбек-Кебек» пьесасымен ашылды» деген сөйлемдегі мәліметтер де тарихи шындыққа жатпайды. Біріншіден, алғашқы қазақ драма театры емес, Мемлекеттік ұлт театры шымылдығын ашады. Екіншіден, ол тарихи оқиға 1920 жылы емес, Қызылорда астана атанған соң, 1926 жылы болады. Үшіншіден, театр шымылдығы Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебегімен» емес, Қошке Кемеңгерұлының «Алтын сақина» драмасымен ашылды. Қошкенің жалғыз ұлы Нарманбет (1927–2009) «Алтын сақинаға» қатысты ақиқат қашан орнайды деп үнемі айтып отыратын және сол үшін қатты күйзелетін. Сөзіміз дәлелді болу үшін дерек көздерін келтірейік.
    Алаштанушы ғалым Д.Қамзабекұлы «Мемлекет театрының туған күні» атты зерттеуінде былай деп көрсетеді: «Еңбекші қазақ» газетінің 1926 жылы қаңтар айындағы бірнеше санының бірінші бетінде басылған хабарландыру тексі төмендегідей: «Ғинуардың 13-і күні кешкі сағат 6-да Мемлекеттік ұлт театрының ашылу мерекесі болады. Театр әртістері Кемеңгерұлының «Алтын сақинасын» ойнайды. Оның соңынан – концерт, демалыс уақыттарында оркестр ойнап тұрады. Театр директоры Дінше» (Д.Қамзабекұлы. Руханият. Алматы, «Білім» баспасы, 1997, 207–208 бб.). Сол уақытта халық ағарту комиссары (бүгінгіше Білім және ғылым министрі) болған қайраткер Смағұл Садуақасұлы театрдың ашылғанына байланысты бірнеше мақала жазды. Олар Қызылорда қаласынан жарық көріп тұрған «Еңбекші қазақ» газетінде жарияланды. Газеттің 1926 жылғы 24 қаңтарда шыққан «Алтын сақина ойыны туралы» атты мақаласында қайраткер былай деп көрсетеді: «Ғинуардың 13-і күні Кемеңгерұлының «Алтын сақинасын» ойнады. Концерт бөлімінде ән салынып, күлдіргі тақпақтар айтылды. Сауық кеші ұлт театрының ашылуына арналды» (С.Садуақасұлы. Екі томдық шығармалар жинағы. 1-том. Алматы, «Алаш» баспасы, 2003, 270-б.).
    Бұл жерде біз ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің театр өнерінің тарихындағы орнын еш төмендетпейміз. Тек адал шындықтың айтылғанын қалаймыз. Біле білсек, Мұхтар, Қошке, Смағұлдар – ниеттес, қаламдас, дос адамдар болған. Олар да ақиқаттың бұрмаланбағанын тілер еді деп білеміз. 1927 жылы жарық көрген «Әдебиет тарихы» кітабында М.Әуезов: «Тарихтың дәл суретімен толығырақ танысамын деген кісі болса… Қошмұхамбет Кемеңгерұлының «Қазақ тарихынан» еңбегін қарап өтсін дейміз»,- деп жазады (М.Әуезов. Әдебиет тарихы. Алматы, «Ана тілі» баспасы, 1991, 143-б.). Қошкенің ғалымдығын Мұхтар шын бағалаған. Екеуі Ташкентте 1930 жылы аспирантурада қатар оқып жүрген кездерінде тұтқындалып, абақтының азабын бірге тартты. Әдебиетіміздің бағына қарай, Мұхтар бостандыққа шығып, Қошке қуғын-сүргіннен құтыла алмай, ақыры 1937 жылы оққа ұшты. Өзі жоқтың – көзі жоқ емес, жоқтаушысы бар, әділдікті қалаған ұрпағы қалды деп айтамыз.
    «Қазақ баспасөзінің қатесін көрсе, еуропа әйелдері бала тастар еді. «Тілмаштағы» баспаның қатесін көріп, Қыр баласына қол қойдым»,- деп жазған еді Қошке Кемеңгерұлы бір мақаласында. Арада ширек ғасыр өтсе де, қазақтың баспасөзінде қателер әлі де бар екеніне біз де қайранбыз.

    Қайырбек КЕМЕҢГЕР,
    филология ғылымдарының кандидаты, доцент

  2. Біреу

    Қайырбек мырза, сіздің айтып отырғаныңыз фактілік қателер. Оны грамматикалық қателермен шатастырмаңыз. Бұл мақалада, меніңше, грамматикалық қателер жоқ. Сондықтан ашып жазыңыз.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.