Біржан салдың әндері

Елордадағы «Қазақстан» орталық концерт ­залында Астана қалалық әкімдігінің академиялық мемлекеттік филормониясы камералық хорының «Айбозым» атты ерекше концерті өтті. Оның ерекшелігі сонда, концертке халық композиторы Біржан салдың шығармашылығы арқау болды. Даланың асқақ үнді дара тұлғасының әндері көп дауыста орындалып, жұртшылықтың құлақ құрышын қандырды. Бұл жөнінде Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, камералық хордың көркемдік жетекшісі әрі дирижері Гүлмира ҚҰТТЫБАДАМОВАМЕН тілдескен едік.

– Гүлмира Қазиқызы, Біржан салдың әндерін хормен айту идеясы қалай туды?
– Әр нәрсенің бастауы, үлгі-өнеге тұтатын темірқазығы болады ғой. Мен әкемнен көп дүние үйрендім. Ол – Қази Кұттыбадамов Ақмола облысының осы Біржан сал ауданының тумасы. Бұл – бір кездері Еңбекшілер ауданы аталған берекелі өңір.
Қазақтың халық әндері, халық композитор­ларының әндері бала кезімнен санама сіңді, былайша айтқанда, уызымнан жарыдым. Өйткені отбасымызда үнемі ән шырқалып, күй ойналып жататын. Әсіресе Біржанның әндері көп айтылушы еді.
Өсе келе консерваторияға оқуға түсіп, академиялық музыка дәстүрлері негізінде тәрбие алсам да, ұстазым, КСРО Халық артисі Анатолий Молодов мені халық әуендерінің нәзік иірімдері мен ұлттың бет-пердесіндей ғажайып күйлердің сан түрлі қайырымдарын игеруге, хормен айтқан кездегі ән ерекшеліктеріне үйретті.
Міне, сондықтан да шығарма­шылық ізденістерім мені Біржан әндеріне алып келді.
Айта кетейін, профессор А.Молодов Мәдидің «Қараке­сегін», қазақтың халық әні «Жайдарман­ды», Құрманғазының күйі «Ақбайды», Дәулеткерейдің «Қосалқасын» және басқа да қазақ өнерінің жауһарларын хорға түсіріп, керемет әрлеп шығарған.
Осындай үлкен ғажайып өнер әлемі Біржан шығармашылығын жүрекпен сезініп, түсінуіме мұрындық болды. Мен халық композиторы әндерінің өзіне тән керемет әуезділігін, сұлу сазын суретшінің көзімен қарап, бояуымен әрлегендей етіп көрсеткім келді. Біржанның әндері дарқан даладай кең, бай, кейде тіпті сол жазира кеңістіктен асып төгіліп жатқандай әсер береді. Оның әр әннің мазмұны мен мәні, соған сай әуені күні бүгінге дейін өзектілігін жойған жоқ.
Жан дүниемде әбден пісіп жетіл­ген осы ой, Біржан әндерін хормен шығаруға деген ұмты­лы­сым шығармашылық ізденісіме дәнекер болды.
– Біржан әндерін хорға түсірудегі мақсат қандай?
– Бірден айта кетейін, мен жетекшілік ететін академиялық филармониядағы камералық хордың мүшелері – 18-30 жас аралығындағы жас әншілер. Жастар жүрген жерде жалын бар. Олар бұл жаңалыққа ынта қоя кірісті. Бала кездерінен музыкалық сауат ашып, ән айтуға машықтанған қыз-жігіттер өмірлерін әнсіз елестете алмайды. Сондықтан да өнерге деген сүйіспеншілік оларға шығармашылық шабыт сыйлағандай. Араларында түрлі конкурстардың жеңімпаздары бар, қай-қайсысы да жеке әнші бола алатын жастар. Талантты, музыканы терең түсіне білетін, сезіне алатын, өнер жолын адаспай тапқан әншілермен жұмыс істеу бір ғанибет. Мақсатымыз үлкен. Соның ең бастысы – қазақтың дәстүрлі ән мәдениетін халықаралық музыкалық қауым­дас­тыққа таныстыру, Біржан сал әндерін жаңа қырынан биікке көтеру. Қазір біз маусым ­айында Түркияға, шілдеде Қытайға гастрольдік сапармен баруға дайындалып жатырмыз. Біржан атамыздың әндері сол жерлерде өтетін концерттерде асқақтайтын болады.
– Өте жақсы. Дегенмен, Біржан әндерінің халық­тық нәрі мен бояуы қаншалықты сақ­талады?
– Біржан салдың әндерін білмейтін қазақ жоқ. Бүгінде оны дәстүрлі әншілер ғана емес, классикалық музыка шеберлері де орындап жүр. Біржан әндерінің өзіне тән ырғағы мен әуені, бояуы бұдан еш кемімейді. Қайта байи түседі деп ойлаймын. Оған хор өнерінің хас шеберлері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының бастауында тұрған ­Дмитрий Мацуциннің, қазақ әйелдерінен шыққан алғашқы хор дирижері Гүлжазира Ахметованың, қазіргі таңдағы талантты хормейстрлер Бейімбет Демеуов пен Ғалымжан Беркешовтың және басқалардың Біржан сал шығармашылығына ерекше назар аударуы дәлел.
– Халық композиторының бар­лық әндері хорға келе ме, жоқ ың­ғай­лысын таңдап алдыңыз­дар ма?
– Хор әуендерінің өзіне тән ерекшеліктері болады. Сол себепті де Біржан салдың барлық әндерін бірдей хорға түсірген жоқпыз, өзіндік қиындықтары бар. Мәселен, көпке белгілі «Ләйлім шырақ» әнін бұл концертте айта алмадық. Оны болашақтағы жоспарларға енгізіп қойдық. Жалпы дәстүрлі әншілермен хорда ән айту шығармашылық тұрғыда жеңіл міндет емес.
– Бұл біз үшін тың бағыт сияқты көрінеді. Қалай ойлайсыз, өзге де халық компози­тор­ларының әндерін осындай негізде шығарса, дәс­түрлі ән өнері байи түсер ме еді?
–Неге байымасқа. Ұлы далада асқақтаған төл туындыларымызды соны сипатта шырқап, заман ыңғайына сай ұсынып жатсақ өнер ұтпағанда кім ұтады?
Негізі біздің қазақтың ұлы әншілерінің, композиторларының шығармашылық қазынасын сақтап, қазіргі заманға ыңғайлау бүгінгі музыканттардың, жас ұрпақтың жауап­кершілігі аса жоғары міндеті деп білемін. Біздің бұл идеямызды өзге де әріптестеріміз қолдайтын шығар. Үміт көп.
– Концерт қалай өтті? Көрермендер қалай қабылдады?
– Көрермен қауым өнерімізді жылы қабылдап, ризалық білдірді. Олардың арасында ұлттық ән мәдениетінің нағыз білгірлері, оны бағалай білетін тәжірибелі өнер адамдары болды. Біржан сал шығармашылығы арқылы даланың үнін ереше шабытпен жеткізе алдық деп ойлаймын. Тыңдап отырған жұрт қол соғып, қошемет білдіріп отырды. Өнер адамы үшін бұдан артық сыйлық бола ма?
– Әнді хорға ыңғайлап, мың құбылтып, көп дауыспен әсерлі жеткізу оңай шаруа емес. Біржанның бір әнін хорға қалай түсіргендеріңіз жөнінде тиянақтап жеткізуге бола ма?
– Біздің бұл жұмысымызды сөзбен суреттеп жеткізу қиын. Бұл маңдай тердің төгілуі, төзімділік пен табандылық, шығармашылық ынта-жігер арқылы мүмкін болатын нәрсе. Сондықтан да қалай даярланамыз, әнді қалай шығарамыз деген мәселе тыңдарманға құпия болып қалсын. Өйткені алда әлі бірқатар ұлы халық компо­зи­торларының, ақын-әншілердің шығармашылығына, мұраларына арналған концерт­теріміз болады. Ең бастысы, хор арқылы халық өнерін биіктете түсетінімізге көз жетті.

Ғазиз ҚҰРМАШҰЛЫ
Астана

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.