«Кейде аяз, кейде бұрқақ, кейде қырбақ…»

Қыс мезгілінің басталғаны кеше ғана еді. Ол да аяқталуға жақын. Биылғы қыс күндері жылдағыға қарағанда өзгешелеу болды. Әсіресе қаңтардың соңындағы сарышұнақ аяз көпке дейін естен кетпес. Елді әбден састырды. Қолды-аяққа тұрғызбай бүрсең қақтырды. Соңғы күндері күн ашылғандай болды. Көшені басып ұлпа қар жауды. Дегенмен, арқаны кеңге салуға ертерек. Ақырған, арқыраған деген атымен әйгілі Ақпанның аязды күндері әлі алда секілді.
Ақпан – қысқа ай. Оның үстіне қыстың соңғы айы. Соған қарап бойын кернеген «ашуы» көпке ұзамас деген үміт те жоқ емес.
«Кейде аяз, кейде бұрқақ, кейде қырбақ, кейде ерек, кейде күрпік, кейде сырқақ…» деп Ілияс Жансүгіров жырлағандай, қыстың құбылмалы мезгіліне таңғалудың қажеті жоқ.
Алайда қыстың да өз қызығы, шуақты сәттері бар.
Көк аспан. Тұп-тұнық ауа. Қар жамылған ағаштар… Қандай жарасымды! Осының өзі сұлулық.
Ауыл шетіне жиналған балалар мәз-мейрам. Биік қыраттан шанамен төмен қарай зулайды. Қар үстіне құлап жатқандары да бар. Бұған бола ешкім ренжімейді. Қайта шат күлкілері айналаны кернеп тұр.
Қыс қызықтары таусылмасын дейік…

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.