«Салбурын мереке ғой саятшыға…»

Бүгінде ұмытылған салт-дәстүр қайта жаңғырды. Әсіресе Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан кейін жер-жерде ұлттық мұраға деген ықылас арта бастады. Осы мақсатта облыстық «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы» ұлтымызға тән маусымдық шараларды ел арасына кеңінен насихаттап келеді. Оған дәлел – «Мизам – береке бастауы», «Сақталушы еді – сыбаға», т.б. дәстүрлеріміздің аудандарда тартымды өтуі. 

Қазақтың көнеден жеткен ең қызықты аңшылық саяты – қансонар. Абай атамыз «Қансонарда бүркітші шығады аңға…» деген өлеңінде алғаш түскен қардағы аңшының көңіл күйін, бүркіт салу, тазы жүгіртудің, түлкі мен бүркіттің айқасқан сәттегі сұлу көрінісін аса бір шабытпен жырлайды. Осындай ата-бабаның салтанат құрған құнды мұрасын кейінгі ұрпаққа мәнін бұзбай жеткізу бізге сын.
Осы мақсатпен Түлкібас ауда­нының Тілдерді дамыту және мәдениет бөлімімен бірлесе біздің орталық қызметкерлері «Салбурын мереке ғой саятшыға…» тақырыбында этнотанымдық шара ұйымдастырды. Шараның ашылуында Түлкібас ауданының әкімі Нұрбол Тұрашбеков, жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұт, орталық директоры Жәнібек Абданбекұлы мен саятшы Мұхтар Атахан сөз сөйледі.

Салбурынның мәні мынада: Аң аулау маусымы кезінде аңшылар топталып, аңы мол жерлерге сапар шегеді. Жақсы ат, қыран бүркіт, түзу мылтық – бәрі бірдей сайланады. Аңкөс аңшылар, бапкер құсбегілер, білгір саңлақ саятшылар, құралайды көзге атқан мергендер, елгезек атшы-қосшылар бас қосады. Олардың ішінде әнші, күйші, жыршылар да болады. Саны шектелмейді. Бір топта он-он бес бүркіт, жиырма-отыз адам болуы да мүмкін. Ал ең аз дегенде бүркітші, қағушы, атшы-қосшы, былайша айтқанда, үш-төрт адамнан кем болмайды. Ел-жұрттан аулақ иенге шығып, қос тігіп, айлап (әдетте қарашадан ақпанның аяғына дейін) жатып, аң аулайды. Күндіз жан-жаққа бытырап, аң аулауға кетеді де, кешкілік от басына жиналады.


Бүркіт баптау мен құмай тазыларды аңшылыққа баулу, аңға салу жайында ой-пікірлер ортаға салынып, тәжірибе жүзінде көрсетілді. Оңтүстік өңіріне белгілі құсбегі Жомарт Кеуенов пен саятшы Мұхтар Атахан өз кәсіптерінің қыр-сыры туралы тың мағлұмат берді. Саятшылық пен аңшылық жөнінде бейнефильм түсірілді.

Мырзабай ОМАРОВ,
Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы ғылыми-әдістемелік бөлімінің меңгерушісі

Оңтүстік Қазақстан облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.