«Талайды таңырқатқан жырау едім…»

Елбасы ұйытқы болған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қызылорда облысында тарихи тұлғаларды танып-біліп, олардың есімдерін жаңғыртудың маңызы айрықша мәнге ие болуда. «Жыраулар отаны» атанған қасиетті Қармақшы жерінде өз заманында Әзілкеш ақын, ­Ешнияз сал, Балқы Базар, Тұрмағамбет, Дүр Оңғар, Шораяқтың Омары, т.б. көптеген ақын-жыраулардың үлкен шоғыры қалыптасты. Осы жұлдызды шоғырдың тағы бір көрнекті өкілі – кезінде Алаш жұртына Бала жырау атағымен кең танылған Сыр сүлейі Тұрымбет жырау Салқынбайұлының туғанына биыл 150 жыл толып отыр. Үкімет шешімімен Тұрымбет жыраудың мерейтойы республикалық деңгейде өтетін шаралар күнтізбесіне енгізілген. Осыған орай облыс орталығында, жыраудың туған жері Қармақшы ауданында мерейтойға әзірлік шаралары қолға алынды.

Жал-жал толқындары бірде асып-тасып асау мінез танытатын, енді бірде сабасына түсіп, сабырлы қалпымен жөңкіле ағып жататын арнасы кең, айдыны шалқар Сырдария өзенінің көк құрақты жағасына келіп, иірім-иірім толқындармен сырласып, бір сәт терең ой кешіп отырудың өзі – бір үлкен ғанибет! Тым алыстан құлаққа етене таныс Сырдың терме сазының күмбір-күмбір сарыны келетін сияқты. Аталы өсиеті мен баталы қасиетін айтпағанның өзінде, өмірдің нақ өзінен алынған терең философиялық ойларды, биік адамгершілік, елдік асыл мұраттарды, берекелі тірлік пен бірлікті кестелі жыр, әсем әнмен әспеттеп, қошеметшіл қауымды ерекше желпіндіріп тастайтын күміс көмей жыраулардың терме сазының құдіретіне не жетсін?!
Қармақшы кентінің батыс бетінде бүкіл Түркі әлемінің абызы, күй тәңірі – Қорқыт Атаның кешенді кесенесі мен мұндалап тұр. Бір жағы – теміржол, бір жағы – автокөлік жолы бар бұл қасиетті орын Шығыс пен Батыстың құдды қақ­пасы іспетті. Кесененің темір жолға жақын арғы бетінде Сырдария өзені жөңкіле ағып жатыр. Бұл өлкеге келген қадірлі мейман, жол жүрген жолаушының қайсыбірі болмасын, қасиетті Қорқыт Атаның жамбасы тиген киелі топыраққа тәу етпей кетпейді.
Бұл мекен – бақ-ырыстың, ақ күріштің ғана емес, гауһардай асыл әннің, жауһардай жасын жырдың Жерұйығына айналды. Басқасы басқа, осы құнарлы топырақтан елдің, жердің даңқын айдай әлемге, ғасырдан-ғасырға асырған төкпе ақындар мен күміс көмей ақын-жыраулардың жұлдызды шоғыры қаптап шыққан. Мұны киелі жердің, қасиетті өнердің шапағаты демей, не дейміз?!
Әрине, қазақтың байтақ даласы мұндай құндылықтарға өте бай. Өнер – бар жұртқа тән. Және де ол ұрпақтан-ұрпаққа мәңгі мирас болып келеді. Бұл ұрпақтар сабақтастығының жарқын бір ғана мысалы. Данышпан Абай ақын: «Мал жұтайса да, өнер жұтаймайды» деген сөзді дәл айтқан ғой. Өнердің өрісі кең, ол ешқашан да өшпейді. Мұның жарқын мысалы «Сыр елі – жыр елі» атанған Қызылорда облысының барлық аудандарына да тән.
Тұрымбет жырау Салқынбайұлы 1868 жылы бұрынғы Қазалы уезінің (Қармақшы ауданы) Жамансыр болысы 3-ші ауылда дүниеге келген. Сол өзінің туған ауылы – «Бозарқаш» колхозында (қазіргі Ақтөбе ауылы) 1946 жылы желтоқсан айында 78 жасында қайтыс болған. Бейіті сондағы бабалар қорымында. Ұрпақтарының күшімен басы қарайтылып, күмбез орнатылған.
Жыраудың ататегі – Кіші жүз – ­Алшын – Қаракесек – Шөмен – Шөмекей – Бозғыл – Қаратамыр – Қалпе (Жолақай) – Қанай – Матқұл – Тәуірбай – Салқынбай, одан Тұрымбет туады. Тұрымбеттен жалғыз бала – Бекмахан.
Тұрымбет жырау Салқынбайұлы – кезінде тек өз өлкемізді емес, одан тыс Арқаның Ұлытау, Сарысу, батыстағы Ақтөбе, Ырғыз өңірлерін, сондай-ақ Өзбекстан, Қарақалпақстан, Түркіменстандағы қазақ ағайындарды көп аралап жыр айтқан кісі. Ондай сапарларда ол Сырдың сұлу терме сазын өзіндік ерекше мақаммен орындап, дарынды жырау атанған. Ол өзінің және Сыр сүлейлерінің терме саздарын алыс жерлерге кең насихаттаумен бірге, Шығыстың қызық сюжетті, қисса-дастандарын да күн-түн демей жалықпай орындайтын шеберлігімен талайды таңдай қақтырып келген.
Сыр бойы ақын-жырауларының мұрасын көзі тірісінде тірнектеп жинап, бір ізге түсіріп, оның бәрін Қазақ КСР Ғылым академиясы Әдебиет және өнер институтының сирек қолжазбалар қорына табыстап кеткен белгілі әдебиет жанашыры, шежіреші қарт Әлқуат Қайнарбаев өз естелігінде (Қармақшы аудандық «Коммунизм шамшырағы» газеті. 1970ж. ­7 сәуір): «Тұрымбет бала жастан өлең-жырға әуестеніп, оларды жиын-тойда домбыраға қосып, мәпелеп айтатын болғандықтан бала жырау атанған. Содан кейін жиырма жасының шамасында-ақ, табанда суырып салып айтатын сандуғаш дарынды жыраудың бірі болған» деп жазады. Әлқуат ақсақалдың өзі де жас кезінде Тұрымбет жыраудың қасына еріп, оның және Сыр бойының көп ақын-жырауларының өлең-жырлары мен дастандарын қағазға түсіріп отырған.
«Ақын-жыраулар» («Ғылым» ­баспасы. Алматы. 1979 ж.) атты кітаптағы: «Салқынбаев Тұрымбет – Сыр бойы, Арқа, Қарақалпақстан, Түркіменстан, Өзбекстан жерлерін көп аралап, жыр айтқан. «Зинарат қыз», «Әміре-Ұрлықа», «Ақтам сопы», «Әуезхан» сияқты көп жыршы-жыраулар біле бермейтін, ұзақ әрі қызық сюжетті қисса, дастандарды ел арасында бірден-бір таратушы жырау. Тұрымбет жыраулық өнеріне қоса ірі айтыс ақыны, революциядан бұрын ­Жиенбай жырау, Кете Жүсіппен айтысқан. Ұлы Отан соғысы жылдарында халық ақындарының облыстық, аудандық, айтыстарына қатысқан. Шығармалары «Пернедегі термелер» (1965), «Айтыс» (2-ші том, 1965) кітаптарында жарияланған» деп жазылған пікірлер анық растайды.
Жыраудың әкесі Салқынбай Сыр бойындағы Қарақұм өңірін жайлаған орта дәулетті кісі болған. Қарақұмда «Салқынбай құмы» деп аталатын ақ шағылды, биік жалды төбе бар. Салқынбайдан – Жадыра, Тұрымбет, Қолдабек, Молдабек туады. Тұрымбет жырау – бала кезінен домбыра тартып, ән айтқан, сөзге жүйрік болған. Ағасы ­Жадыра да үлкен шайыр болған кісі. Бірақ ол інісінің өнері басым екендігін байқап: «Бір үйден екі жырау шыққанымыз ерсі болар» деп жолды талантты інісі Тұрымбетке беріп, шайырлықты қойып кетіпті. Қарттардан жеткен деректің бірі осы.
Тұрымбет жырау бала кезінен бастап ескіше оқып, ауыл молдасынан сауатын ашады. Одан әрі өз бетінше ізденіп, Шығыс поэзиясының інжу-маржандарына ­сусындайды. Жастайынан тақпақ, терме, толғау, айтыс, тойбастар, мақтау, сынау, мінеу сияқты өлеңдерді табанда шығарып айтуға өте шебер болған. Бұған оның жасы үлкен ағалары Балқы ­Базар, Дүр Оңғар, Даңмұрын сынды халыққа аса әйгілі ерен жүйріктердің соңдарынан еріп, үлкен сайыстарға қатысуы елеулі септігін тигізеді. Тұрымбеттің осындай жыраулық ән-мақамдары мен қайырымдарын кейіннен соңынан ерген шәкірттері Молдахмет, Сәрсенбай, Балқашбай, т.б. жырау­лар әрмен қарай жалғастырып, бірінен соң бірі іліп әкеткен. Ол кісінің кезінде «Тұрымбет – ән атасы Кіші жүзде» деп айрықша бағалануының бір сыры осы.
Бала жыраудың өнерін Сыр, Ырғыз, Нұрата өңірлеріне белгілі Төребай би Пышанұлы да жоғары бағалаған. Ол Дүр Оңғарды бас ақын деп оң жағына, Тұрымбетті жас ақын деп сол жағына отырғызып, екеуіне де үлкен сый-құрмет жасаған. Атақты Алмат би Тобабергенұлының бірде екі араздасқан елді бітістіріп, татуластыру мақсатында халыққа аса әйгілі Дүр Оңғар, Жиенбай, Тұрымбет жырауларды арнайы шақыртып алып, үшеуіне бірдей бір ұйқас, бір ырғақпен өлең айтқызып, сөз салмағын жұрт алдында сарапқа салғаны бар. Өзара араздасқан екі ел үш жыраудың тереңнен толғап айтқан сөздерінен кейін ақылға келіп, бір-бірімен шұрқырасып көріскен екен. Жыраулық өнердің, сөздің құдіреті арқылы дала билері кезінде елді татулық пен бірлікке осылайша ұйыстырып отырған ғой.
Тұрымбет Салқынбайұлының өз тұстастары арасында шоқтығы биік өнер иесі, шырқау дауысты кәтекі жырау әрі ақын, сазгер екендігін дәлелдейтін деректер де көп. Мысалы, Сыр сүлейлерінің көрнекті өкілі, халық ақыны Қуаныш Баймағанбетов өзінің «Сымбатты Сырдың сұлу сүлейлері» деген толғауында:
«Кетеде Шораяқтың Омары өтті,
Өлгенше өлең-жырды жоғары етті.
Даңмұрын, Ешнияз бен Оңғар жырау,
Тұрымбет бес Бозғылдан бұлар да өтті» деп оны топ жарған дүлдүлдердің алдыңғы қатарында атайды.
Ал белгілі жыршы-жырау, Сыр сүлей­лерінің көрнекті өкілі Балқашбай Жүсіпов өзінің ұстаздарына арнаған термесінде:
«Тұрымбет – ән атасы Кіші жүздің,
Тоғытқан әннің кесте көп өрнегін» деп оның әншілік, сазгерлік қырын жоғары бағалайды. Жалпы қазақ әдебиетінің дамуы­на Сыр сүлейлерінің қосқан ерекше үлесі мен өзгеше үрдісі жайлы қызылордалық белгілі әдебиеттанушы, ғалым, филология ғылымының ­докторы, профессор Бағдат Кәрібозовтың салмақты пікірлер айтып, байыпты зерттеулер жасап жүргені белгілі. Осы беделді ғалымның Дүр Оңғар Дырқайұлының шығармашылығы хақында жазған «Киелі сөздің иесі» атты зерттеу мақаласында «Қазақ әдебиетінің құрамдас бөлігі, ағысты арнасы – Сыр сүлейлерінің шығармашылығы әдебиетіміздің бүтін бір кезеңін, ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басын барынша қамтып жатуымен бірге, жалпы көркемөнеріміздің тарихы мен теориясы үшін мағыналы мазмұн, көркем түр, эстетикалық биік талап деңгейіндегі жоғары талғаммен дүниеге келген әдеби мұралар болып табылады» деп Сыр өңіріне тән ақындық, жыраулық өнердің жалпы сипатын терең ашып көрсетеді.
Осы тұрғыдан алып қарар болсақ, Тұрымбет жырау Салқынбайұлының шығармашылығы да өз кезіндегі уақыт пен заманның тыныс-тіршілігімен үндес. Оның көптеген өлең, толғаулары жоғарыда айтылғандай, қазақ поэзиясындағы бұрынғы өткен ақындар мен жыраулар поэзиясына тән көркемдік тәсілдер мен айшықты нақыштарға толы. Бұған Тұрымбет жыраудағы:
«Келіңдер, бектер, келіңдер,
Қай пенде алдын болжасты.
Өздеріңе жақсылар,
Ұласып сөзім жалғасты.
Айрылысқан азып ақымақтың,
Талайы болған албасты.
Қосылған озып көркейіп,
Тойдырған неше қарны ашты.
Біршілікте-береке,
Қайда ұшсаң қанат талмас-ты».
Немесе:
«Сөйле, тілім, шалықтап,
Қолға алып сөзден алмасты.
Кесе бір сөзің болмасын,
Қадамыма алғашқы.
Аруақты тербесем.
Оятармын жан-жақты» дегендей шымыр шуақтарын көптеп мысал етуге болады.
Жастайынан ел ішіндегі сүреңсіз жағдайларды: жоқшылық пен жөнсіздікті, байлардың озбыр әрекеттерін көріп, оның бәрін көңіліне түйіп келген Тұрымбет жырау Қазан төңкерісі әкелген жаңа өзгерістерді қуаттап, кедей бұқараға теңдік әперген кеңес дәуірін жырлауға шабыттана үн қосады. Ол өзінің «Тұрыңдар, кедей, жатпаңдар» деген толғауында:
«Тұрыңдар, кедей, жатпаңдар,
Еңбекті байға сатпаңдар.
Байдың құл боп қолыңда,
Қойының жүріп соңында,
Жалшы боп малын баққандар.
Бізге сәуле бар ма деп,
Болмаса қорлық зар ма деп.
Көзінен жасы аққандар.
Жауыздың күнін батырған,
Жарлының таңын атырған,
Ерлерді есте сақтаңдар!» деп оларды жаңа заман орнату ісіне үндейді.
Қос дәуірдің жыршысы Тұрымбет жыраудың «Бай құдасына», «Аманбай байға айтқаны», «Бір ісім болыс, билер, келді ортаңа», т.б. өлең-жырлары Қазан төңкерісіне дейінгі, яғни патшалық дәуірдегі байлардың озбыр іс-әрекеттерін батыл әрі ашық әшкере еткен шығармалар болса, «Озбырлық заңы өзгеріп», «Топтастық кедей бірленіп», «Өмір нұры», т.б. көптеген өлең, толғаулары жаңа заман тақырыбына арналған. Осы орайда сол дәуірде өмір сүрген қандай бір ақын-жыраудың көсемдер мен партия тақырыбын айналып өтуге еш мүмкіндігі болмағандығы еріксіз еске түседі. Бұл тақырыптың да Тұрымбет жырау Салқынбайұлы шығармаларында да кең орын алғандығын осы тұрғыдан қарастырған жөн.
Ақын немесе жырау қай дәуірде өмір сүрмесін, ол өз дәуіріндегі қарапайым қара халықтың мұңын жырлап, жоғын жоқтайды. Тұрымбет жырау өзі өмір сүрген дәуірдегі қатаң әрі қасаң саясаттың кесірінен қарапайым халықтың басына қайғы-қасіреттің қара бұлтын үйіріп, сол халықты қасақана қан қақсатқан асыра сілтеу, ашаршылық, қуғын-сүргін сияқты қанды науқандардың жергілікті жерлердегі қолшоқпарлары – шолақ белсенділердің қанына тартпай, өз басының қамы үшін жөн-жосықсыз астамдық әрекеттерге барып жүргенін отты жырлары арқылы батыл сынайды. Бұған оның «Айттым сөз серлетпекке соңғы ұлыққа», «Қоштайсың бір-біріңді қулар кілең», «Белсенді келінге», т.б. өлең-жырларын атап айтуға болады. Елдің үстінен күн көріп, тым есіріп кеткен билік басында жүрген шолақ белсенділерді жырау:
«Айттым сөз серлетпекке
соңғы ұлыққа,
Астамдық аңлаған соң соңғылықта.
Байқаңдар басшы болған азаматтар,
Қынжылтып көпшіліктің
кеулін жықпа.
Қарсы сөз сөйлегенді құртамын деп,
Қорқытып құр зәріңді жайма жұртқа» деп жеріне жеткізе сынаса,келесі бір өлеңінде:
«Қоштайсың бір-біріңді қулар кілең,
Жайыңды сендердің де жақсы білем.
Жұмыспен жұрт жұмылып
жатқанында,
Тасалап жүресіңдер тартып күрең.
Еңбегің колхозшының қанамасаң,
Алар ма ең мыңдап сомға
қос-қос кілем?
Тұскиіз, жібек көрпе, парлап киім,
Жиғандай сонша дүние сен бір кім ең?!» деп тағы да сол ел үстінен күн көрген басшысымақтардың теріс іс-әрекеттерін батыл әшкерелейді.
«Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген қазақы қағиданы берік ұстанған Тұрымбет жыраудың сол кездегі шолақ белсенділердің әпербақан әрекеттерін көпшілік атынан өткір сынап-мінеп жазған өлеңдері біреулерге ұнамай да қалады. Соның да әсері шығар, Тұрымбет жырау уақытша басқа жерге қоныс аударуға мәжбүр болады. Сөйтіп, бір түнде отбасы, мал-мүлкімен көтеріліп, Өзбекстанның Тау-Елібай деген (Тамды ауданы) жеріне көшіп кетеді. Барған соң ол жақтағы ағайындармен тез тіл табысып, сонда орнығып тұрып қалады.
Бірақ елмен байланысын үзбейді, Кейіннен жыраудың Сыр бойына кері оралуға жасаған ниеті бірден жүзеге аса қоймайды. Әрі мұнда ертіп келген ағайындарын қимай жүреді. Жыраудың сол тұста елді сағынып, ол жақтағы шәкірт інісі, діни ағартушы Ыспан қари Сүлеймен баласымен өлеңмен хат алысып тұруы туған жерге тезірек оралуларына елеулі түрткі жасағандай болады. Оны туған жерге деген ыстық сағыныштан туған мына жыр жолдарынан байқау қиын емес. Өлең-хаттың соңғы түйінінде жырау:
«Қармақшының қаласы,
Жағалай біткен ағашы,
Сырдарияның саласы,
Оман дария аман ба?!
Жаптардың суы бұлтылдап,
Ақ күмістей жылтылдап,
Балығы ойнап бұрқылдап.
Бұлбұлдай сайрап құстары
Ертелі-кеш жыңқылдап,
Көл бетінде үйрек, қаз,
Аққулар ұшып сыңқылдап,
Тимей ме ешкім оларға?!
Шыбындар шағып шымши ма,
Шыдамай иттер қыңси ма?
Матақан, маса, соналар,
Баяғыдай ыңқи ма, –
Азайған жоқ па олар да?!
Бізден сәлем айтыңдар,
Қалмасын қағыс солар да!» деп Cырдағы ел-жұртын ғана емес, оның ұшқан құс, жүгірген аң, жорғалаған жәндігіне дейін сағынып, аңсап жүргенін жүрекке жылы жеткізе біледі.
Ат ауыздығымен су ішіп, ер етігімен қан кешкен қаһарлы Ұлы Отан соғысы басталғанда қарт жырау шабыт арнасын қайта аршып, толағай домбырасын жігерлене қолға алады. Опасыз басқыншы жауға деген кек оғы жалынды жыр болып атылады. Жыр алыбы, замандасы Жамбыл ақын сияқты ширығады. Ел қорғау жорығына аттанып бара жатқан өрімдей жастарға ақсақалдық ақ батасымен қажырлы қайрат, қайтпас күш-жігер береді. Жырау атаның «Ақ бата», «Ер болсаң бекіт беліңді», «Еңбектің ері атаныңдар», «Жеңіс жыры», «Шат көңілден», т.б. өміршең өлең-толғаулары Ұлы Жеңісті жақындатқан майдан жауынгерлерінің қайсар ерлігі мен тыл майданы еңбеккерлерінің қажырлы еңбегін әспеттейді.
Бала жырау Тұрымбет Сақынбайұлы­ның қарттық дәуірі міне, осындай шабытты жырлар мен мағыналы сырларға толы болды. Оны ол өзінің «Талайды таңыр­қатқан жырау едім» атты атақты термесінде:
«Атандым жас күнімнен бала жырау,
Жиында, талай топта талай сынау.
Талайды таңырқатқан жырауыңның,
Қарт болып отырғаны енді мынау» деген жыр жолдары анық дәлелдейді.
Тұрымбет жырау Салқынбайұлының жыраулығы, ақындық, сазгерлік өнері туралы әңгімелер бізге көнекөз, құй­мақұлақ қарт кісілердің айтуымен жеткен. Ол әңгімелер адамға мол ғибрат, тәлім, өнеге беруімен ерекше әсер қалдыратын. Қарттардың айтуынша, атақты жыраудың алқалы топта ерекше мақам, сырлы сазбен шалқыта-толқыта көкке асыра орындайтын термелері мен толғауларын, қисса-дастандарын естіп-тыңдауға құмартатындар көп болған. Тіпті көнекөз қарттардың айтуынша, жыраудың дауысын естуге құмартып, сонау алыс аймақтардан ат арытып, арнайы іздеп келушілер қатары сиремеген. Осындай әңгімелерді біз бала болсақ та, жадымызға тоқып өстік.
Байырғы журналист, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ұзақ жылдар бойы Жезқазған қаласында баспасөз және телевидение саласында жемісті еңбек еткен, марқұм Мәлік Алтыруов Тұрымбет жыраудың көзін көріп, қолына су құйған жақын інісінің бірі болған. Мәлік Алтыруов өзінің «Заманының дүлдүлі еді» («Сыр бойы» 28.08.1993) атты мақаласында: «Әдетте ондай кісілер көп жиналған кештер киіз үйлерде ­немесе кілем, текемет төселген ашық аспан астында өткізілетін. Үлкен-кіші түгел жиналып, таң атқанша жырау әкеміздің жырын тыңдайтын. Тұрымбет жыраудың жыр орындау мәнері ерекше болатын. Бір ғажабы, жыр орындаған кезде сұлу жүзі ерекше шырайланып сала беретін. Домбыраны сабалап, кей жыраулар сияқты үстін-үстіне төпей бермейтін. Алдымен, домбырасын алдына көлдеңен тастап, мәсісінің қонышын жұмсақ алақанымен жанай сипай отырып, жырдың әр жолын жүрекке жатқызып, салмақты әуезбен орындайтын. Жырдың қайырмасына келгенде барып домбырасын қолға алып жіберіп, кең тынысты әуенімен аспандата толқытып-толқытып қайырып тас­тайтын. Кейін мұндай орындаушылық мәнерді оның шәкірті Молдахмет жыраудан да бірнеше рет естігенім бар» деп жазады.
Жыраулық өнердің хас шебері Тұрымбет Салқынбайұлы жайлы көптеген ауыл, өңір ақсақалдарының, журналис­тер мен жазушылардың ес­теліктері, мақалалары мен зерттеулері әр жылдары әртүрлі басылымдарда жарық көрді. Көзін көргендердің айтуы бойынша: жыраудың дауысы алқалы топ алдында, әсіресе ­жиын-тойларда, үлкен отырыс, жиындарда таң жаршысы Шолпан жұлдыз жарқ еткен кезде үдейіп, ерекше күшейіп, екінші тынысы қайта ашылғандай болады екен. Тұрымбеттің «Шырқау дауысы» деген сазды мақамы осыдан шыққан. Оның «Гөй-гөй» әні де қайталанбас дүние. Сыр бойында бұл мақам кең жайылған. Сазгердің «Күмісай» әні – сал-сері жігіттің байдың сұлу қызына деген ғашықтық ынтызар көңіл күйінен туған ғажап туынды. Бұл әнді белгілі жырау, өнер қайраткері Алмас Алматов кезінде Париж сахнасында асқақтата шырқап, әнқұмар шетел көрермендерін де таңдай қақтырды.
Тұрымбет Салқынбайұлы – жы­раулық, сазгерлік өнерімен қоса үлкен айтыс ақыны. Ол Қазан төңкерісіне дейін ­Жиенбай жыраумен және Кете Жүсіппен айтысқан («Айтыс», «Жазушы» баспасы, 2-том,1965 ж.). Ұлы Отан соғысы жылдарында Тұрымбет жырау Егізбай Мәкібаевпен айтысқан. Қызылорда, Ақтөбе қалаларында өткен ақындар айтысына қатысып, олардан жүлделі оралған.
1945 жылы шау тартқан шағында қарт жырау Ұлы Жеңістің салтанатына арналып Қызылордада өткен үлкен жиынды ашу құрметіне ие болады. Ұстазының осы жиынға арнаған «Шат көңілден» атты толғауын сонда шәкірті Молдахмет ­Дабылов орындайды.
«Мен келген Қармақшыдан
қартың едім,
Қарыштап талай жерді шалқып едім.
Ізінде өлең-жырдың жүрген кезде,
Біреуден кем, біреуден артық едім» деп басталатын осы термесі үшін 77 жастағы қарт жырауға бас бәйгеге алты қанат ақбоз үй сыйға тартылып, астына ат мінгізіліп, иығына шапан жабылған екен.
Белгілі Сыр сүлейі, ақын, жырау Әбдікәрім Оңалбаев облыстық «Ленин жолы» газетінде (02.02. 1945 ж.) өлеңмен жазған баяндамасында (Ә.Оңалбаев кітабында, 125 б.):
– Тұрекең сексендегі отыр төрде,
Арынымен ағызған өлеңді өрге.
Наркескен қылыш Нартай отыр,
Кемітпеген өмірде ешбір пенде, – деп қос дүлдүлді ерекше атайды.
Тұрымбет жыраудың жалғыз баласы Бекмахан Салқынбаев әкесі сияқты кәтекі жырау болмаса да, жастайынан домбыраны әдемі шертіп, Сыр бойы жырауларының мақамдарын нақышына келтіре орындайтын өнерлі кісі болған. Өзінің бүкіл саналы ғұмырын, күш-жігері мен білімін хал-қадерінше ауылшаруашылығы өндірісіне арнаған Бекмахан Салқынбаев кезінде Шиелі, Жалағаш, Тереңөзек, Қармақшы аудандарында жауапты қызметтер атқарды. Өзінің туған ауылы Чапаев атындағы колхозда (қазіргі Ақтөбе) ұзақ жыл бас агроном болды. Ол кісі көзі тірісінде жырау әкесінің біраз өлеңдерін жинақтауға үлесін қосты. Әйгілі жыраудың «Гөй гөйі», «Шырқау дауысы», «Күмісай» сияқты елге кең тараған ән-мақамдарын, басқа да Сыр бойы жыршы-жырауларының әуездерін жастарға қолынан келгенше үйретіп кетті.
1942 жылы Тұрымбет жырау жалғыз баласы Бекмаханды соғыс майданына аттандырып тұрып:
«Жауға аттанбақ сайланып,
Асынып қару байланып,
Емес пе ерге, сән балам?
Жұртқа келген жұмысқа,
Болмайды қарап тұрысқа,
Болмалық міндет, тән балам!
Кеулімнің пісент шыңындай,
Көзімнің жарық нұрындай,
Сен едің жанған, шам балам.
Жауды жеңіп жайратып,
Дұшпанның сорын қайнатып,
Басына жаудыр, қан балам!» деп жеңіске жігерлендіріп жіберген еді.
Әке аманаты мен мұраты орындалды. Жауынгер Бекмахан Салқынбаев туған жерге аман-есен оралады. Еңбекке қайта араласып, бақытты шаңырақ құрады. Оншақты ұл-қыздан немерелер сүйіп мағыналы, мәнді ғұмыр кешеді. Сөйтіп, Ұлы Отан соғысының және бейбіт еңбектің ардагері Бекмахан Тұрымбетұлы 1978 жылы туған ауылында фәниден бақи дүниеге озады.
Ата-дәстүрін, оның өнердегі жолын Тұрымбет жыраудың киелі қарашаңырағы да ұстап қалған. Жыраудың жалғыз баласы Бекмахан мен келіні, Батыр ана Зағидан (ақын Әлімбай Әлиасқаровтың қарындасы) тараған 13 ұл-қыз, жүзге жуық немере, шөбере, шөпшектер қаулап өсіп шықты. Жырау ұрпақтарының арасында өнерге, домбыра тартып, ән айтуға бейім, қабілетті жастар көп. Қармақшыдағы Тұрымбет жырау Салқынбаев атындағы музыка мектебінен жыраудың бірнеше ұрпақтары дәріс алған. Осы мектептің ұстазы, музыка маманы, әнсүйер қауымға «Сүйіктім» әнімен, тағы басқа да төл ­туындыларымен кеңінен танымал Жарқынбек Тұрымбетов терме, толғау айтып, ата жолын лайықты жалғастырып жүр. Ол өлең жазумен де айналысады. Өлеңдері бірнеше ұжымдық жинаққа енген. Осы жолдардың авторы – Тұрымбет жыраудың туған немересі, ата мұрасының бірден-бір мұрагері, іздеушісі, жоқшысы болып келеді.
Тұрымбет жырау Салқынбайұлының әдеби мұралары әлі толықтай жинақталып болған жоқ. Оның жарық көрмеген шығармалары, кезінде ел ішіне кең тарап кеткен. «Мың сауал» атты туындысы мен «Қашқынбай батыр» дастаны қолға түспей отыр. Үміт дүниесі ғой, көне сандықтардың түбінде сарғайып жатып қалуы да мүмкін. Олар табылып жатса құба-құп.
Өзінің баянды ғұмырында асыл атамыз «Жігітке жүз өнер де артық емес» деген қазақы қағиданы берік ұстанған. Жоғарыда әңгімелегеніміздей, сан қырлы (жырау, ақын, әнші, сазгер, сал-сері, т.б.) өнеріне қоса ол кісінің қолы боста қаршыға, бүркіт ұстап, тазы жүгіртетін құсбегілік, аңшылық, ағаш-тал, бау-бақша өсіретін бағбандық қасиеттері де болған. Жыраудың өз қолымен отырғызған ағаш, талдары ескі қоныс – Бозарқаш ауылы аумағында әлі маңайына сән беріп тұр. Жергілікті тұрғындар ол жерді «Тұрымбет талы» деп атап кеткен.

Тұрымбет жыраудың жыр орындау мәнері ерекше болатын. Бір ғажабы, жыр орындаған кезде сұлу жүзі ерекше шырайланып сала беретін. Домбыраны сабалап, кей жыраулар сияқты үстін-үстіне төпей бермейтін. Алдымен, домбырасын алдына көлдеңен тастап, мәсісінің қонышын жұмсақ алақанымен жанай сипай отырып, жырдың әр жолын жүрекке жатқызып, салмақты әуезбен орындайтын. Жырдың қайырмасына келгенде барып домбырасын қолға алып жіберіп, кең тынысты әуенімен аспандата толқытып-толқытып қайырып тастайтын. 

Тұрымбет жырау сұлу сақал, мұрты бар, бидай өңді, орта бойлы, иықты келген кісі болған. Мейлінше қарапайым, Атымтайдай жомарт, қолы ашық, жұртқа қайырым, шапағаты мол кісі атаныпты. Жыраулық өнерімен алыс елдер мен жерлерде ұзақ жүріп қалып, алты-жеті айдан соң ауылына оралғанда алдына көп мал салып, айдап әкеледі екен. Жырау сол малды ауылдағы жетім-жесір кісілерге, тұрмысы нашар отбасыларына бөліп беріп отырған. Өзін ауылдастары болыстыққа қоярда-қоймай ұсынғанда: «Мен жыраумын ғой. Мөр ұстауға ыңғайлы, іске икемі бар жастарға жол берейік» деп бас тартыпты. Ақындық, жыраулық өнердің тізгінін тең ұстаған жырау баба есімі кейінгі жас ұрпаққа осындай ғажап сырлары мен тамаша қырлары арқылы өнеге өлшеміне айналған. Шәкірті ­Молдахмет Дабылов Тұрымбет жырау қайтыс болғанда:
«Таңырқатқан талайды,
Жүйрігі еді халықтың,
Бәйге алған озып бабында.
Әрі жырау, әрі би,
Туысы толық ер еді,
Бермеген жатқа арын да.
Атақты айтқыш, дүр еді,
Үлгі берген өзіме,
Албырт жастық шағымда» деп ұстазын тебірене еске алған екен.
Өзінің барлық саналы ғұмырында туған елім, жерім, ұлтым деп жүрегінен жыр төгіп өткен Тұрымбет жырау Салқынбайұлы артына өшпес мол мұра қалдырды. Олардың бірқатары бұрындары «Айтыс», «Пернедегі термелер», «Ел аузынан» кітаптарына енді.
Елін сүйген ерді елі де сүйеді. Жырау есімі халық жүрегінде мәңгі жасай бермек. 1993 жылдың қараша айында Қармақшы ауданының Ақтөбе ауылында Тұрымбет жырау Салқынбайұлының туғанына 125 жыл толған мерейтойы аталып өтті. Той үстінде оның «Талайды таңырқатқан жырау едім» атты кітабы оқырмандар қолына тиді. Өнер сайыстары, ат бәйгесі ұйымдастырылды. Жырау құрметіне аудандық музыка мектебіне есімі берілді. 2008 жылы Қармақшыда әйгілі жыраудың 140 жылдық мерейтойы кең ауқымда тойланды. Жырау мұралары толықтырылып, «Атандым жас күнімнен бала жырау» кітабы жарық көрді. Сол жылы облыс әкімінің қолдауымен «Сырдария кітапханасы» сериясы бойын­ша жарық көрген көп томдықтарға шығармалары енді. Ал жыраудың 145 жылдық мерейтойы «Тұрымбет ән атасы – Кіші жүзде» атты аймақтық жыршы-жыраулар фестиваліне ұласты.
Жан азығы – иманы мен ар-ұжданына мейлінше адал болған Тұрымбет жырау 1945 жылы Ұлы Жеңіс таңын қарсы алып тұрып:
«Арман жоқ жемісті де көрді көзім,
Гүлденді қайта көктеп бау мен бағым.
Келгенше тілім енді сайрай берем,
Жақын деп қорықпаймын өлер шағым.
Өлсем де қабірімде тілеп жатам,
Елімнің бақыты мен болашағын» деп толғанған екен.
Көп ұзамай бір жылдан кейін, 78 жасында көз жұмарында жырау ­Бо­зар­қаштағы өз үйінің шаңырағына қарап жатып, іні-қарындастарына, туыстарына: «Қарақтарым-ау, мына үйдің ішінде өлең өріп жүр ғой, теріп алсаңдаршы» деп соңғы аманатын айтып үлгеріпті.
Жырау атаның осы аманатына адал болу ұрпақтарының ең ардақты парызы. Тұрымбет жырау Салқынбайұлының 150 жылдық мерейтойына орай ойға алған, қолға алған шаралар көп. Бәрі сәтімен болсын дейік. Ең бастысы, ақбоз үйдің түндігінен өрілген өлең-ғұмырдың оты ешқашан өшпей, қара орман халқы мен өскелең жас ұрпақтың асыл қазынасына айнала түссе – одан артық қандай бақыт бар! Ата аманаты мен ұрпақ парызының өтелгені де сол емес пе?!

Ибрагим БЕКМАХАНҰЛЫ,
жыраудың немересі,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.