Жүрегін ән тербеген

Белгілі композитор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Қалибек Деріпсалдиннің «Шексіз алғыс, сіздерге!» әні өткен жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған «Елім менің» деп аталатын патриоттық әндер байқауында «Тәуелсіз елдің ұланы» аталымы бойынша жүлделі орынды иемденді. Әрине, бұл талантты азаматтың өнердегі жалғыз жетістігі емес. Енді өткен жылдарға шолу жасап көрейік. 

Қалибек Амангелді ауданының Байғабыл деп аталатын елді меке­нінде дүниеге келді. Жастайынан өнерге іңкәр болып өсті. Тұңғыш рет 1970 жылы өзі шығарған күйі­мен облыстық оқу­шылардың фестива­лінде топ жарып, бірінші орынды жеңіп алды. Әрине, бұл табыс ерекше қанат бітірді. Сөйтіп, ол тек әулетінің ғана емес, ұстаздарының да абыройын асқақтатты. Сол кезден бастап, әншілік өнерге біржолата ден қойды.
Сол жүлдені жеңіп алған жылы өнердегі жолы ашылып, Алатаудың баурайындағы Алматы қаласына сапар шекті. Мұнда да республикалық байқауда лауреат атанып, дарынды жеткіншектің есімі баршаға белгілі болды.
Өмірден көріп жүргеніміздей, қандай да өнер иесінің танылуына әу баста жанашыр болған жандардың септігі тиетіндігі белгілі. «Менің бойымдағы талант ұшқынын аңғарған Амангелді орта мектебіндегі алғашқы ұстазым Аманбай Мұқышев болды» дейді кейіпкеріміз өткен жылдары көз алдына әкеліп.
Оның ғұмырының біраз жылдары еліміздің оңтүстік өңірінде өтті десек артық айтпаған болармыз. Себебі сонау бір жылдары өзінің кіндік қаны тамған Амангелдідегі орта мектепті ойдағыдай тамамдаған соң Тараз шаһарындағы мәдени-ағарту училищесіне студент болып қабылданды. Жүзі жайдары, кіммен болсын тез тіл табысып кететін бозбала өзіне бұрын бейтаныс жердегі ұстаздары мен курстастарының арасында да үлкен беделге ие болды. Талантты адамның қарым-қабілеті қайда болсын көрінбей тұрмайды. Көп кешікпей өзі білім алып жатқан өңірдегі «Алатау» эстрадалық ­а­­н­самблінің құрамында өнер көрсетті.
Еңбекқор жігітті өзге әріптестері де айрықша қадір тұтты. Солардың қата­рында лирикалық әндерімен талай жүрек­терді жаулаған Марат Омаров және Марат Ілиясовтар мұның әндеріне тәнті болатын.
Тараздағы студенттік жылдар да өз қызығымен артта қалды. Ондағы ­достарымен қимай қоштасып, балалық шағының ізі қалған туған жеріне біржола оралды. Торғайлық ағайындар өнерпаз бауырларын құшақ жая қарсы алды.
Оны сыйлап қана қойған жоқ, үлкен сенім артып, лауазымды қызметтерді ұсынды. 1980 жылы Торғай облысының Қима аудандық мәдениет бөлімін бас­қарды. Осы қызметте жүріп , «Гүл­дәурен» деп аталатын халық аспаптар ансамблін ұйымдастырды. Оның бойын­дағы ұйымдас­тырушылық қабілет Арқа­лық қаласында «Торғай толғауы», «Балауса», Амангелді ауданында «Торғай толқыны», «Көктем гүлі» секілді өнер ұжымдарын құрған кезде де айқын байқалды.
Ел сыйлаған азаматтың компози­торлық таланты өз алдына бөлек әңгіме. Осы жолда көп еңбектенді. Әлі күнге дейін талғампаз қауым тойлар мен басқосулардың Қалекеңнің «Сағыныш сазы», «Сен мені түсінесің бе?», «Ерке құсым», «Айлы түнде», «Арман айым», «Қайдасың, қайда менің аңсағаным?» се­кілді жүрек қылын шертетін ерекше ән­дерінсіз көңілді болмайтындығын айтады.
Ол көптен бері өнерге қатысты ойларын қағаз бетіне түсіріп келеді. Оның қолынан шыққан төл туындыларын да сүйсіне оқып шықтым. Олардың ішінде «Көктем қыздар», «Домбыра сазы», «Айлы түнде», «Торғай әуендері» секілді көпшілікке мәлім жинақтары бар.
Жас жігіттің бойындағы айрықша қабілет пен дарынды қазақ өнерінің майталмандарына айналған көрнекті тұлғалар да дер кезінде көре білді. Мәселен, әйгілі компазитор Әсет ­Бейсеуов өнер жолында ақ батасын берумен қатар, сазгерлік қабілетінің ұшталуына да қамқорлық жасады. Сондай-ақ жергілікті сазгерлер ­Болат Хамзин, Қайыржан Мақанов, Айтбай Мұздахановтардың да ықылас-пейілдері ерекше болды.
Қалекеңнің әсем әндерінің ха­лыққа жетуіне Қазақстанның халық артисі Нұрғали Нүсіпжанов, өнер жұлдыздары Жұмат Маханбетов, Ұлжан Айнақұлова, Ғазиза Жұмекенова, Балжан Жүсіпбеков, Сайлау Ордабаев, қостанайлық Ботагөз Дүбірбаева, Гүлнәр Үсенова, Арыстан Құрманов секілді күміс көмей, жез таңдай әншілер өздерінің қомақты үлестерін қосты. Қазақ эстрадасының танымал жұлдыздары Мейрамбек Беспаев, ­Досымжан Таңатаров, «Нұрмұқасан» тобы, Еркебұлан Сәрсенбеков және Есет Сәдуақасовтар де сазгердің әндерін нақышын келтіре орындап келеді.
Әнші-сазгердің бақыты оның отбасында. Жастай сүйіп қосылған жары Айша композитор досымыздың алғашқы тыңдаушысы, сыншысы, әрі өнердегі және өмірдегі жанашыры. Қалекеңнің Ербол және Бекбол есімді ұлдары да әкелерін асқар тауға балайды.
Жұртшылық ардақ тұтатын өнер иесінің жұлдызы әрдайым биікте жана беруіне тілектеспіз.

Оразалы ОТЫНБАЙҰЛЫ
Қостанай

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.