ЕСІРТКІМЕН КYРЕС ЕЛ ЕРТЕҢІ ҮШІН КЕРЕК немесе есірткіден ертерек ес жию

Ажал сатқан адамды көрдіңіз бе? Қапелімде «Ажал сатқаны несі? Ажал да Алладан келмей ме?» деріңіз анық. Алайда наша сатып, нанын тапқан болып, есесіне талай адамды ажал аузына апаратын «есірткі саудасы» деген ұғым сізге бүгін таңсық емес. Ресми деректер бойынша, 2000 жылы Қазақстанда 34 мың нашақор арнайы тіркеуде болған, ал БҰҰ-ның есірткі саудасына және қылмысқа қарсы күрес басқармасының мәліметі бойынша, сол жылдары Қазақстанда 250 мың есірткіге тәуелді адам өмір сүрген. Қазір бұл көрсеткішті Бас прокуратураның Құқықтық статистика және әлеуметтік есепке алу комитеті 54 мыңға жеткізіп отыр. Соның ішіндегі 4 мыңы – нәзік жандылар, бес мыңға жуығы жасөспірімдер екен. Наркологтардың айтуынша, есірткіге тәуелді нашақорлардың нақты санын шығару үшін ресми көрсеткіштерді кемінде 5-6 есеге көбейткен жөн, сонда Қазақстандағы нашақорлардың нақты санына жақындауға болады. Ал нашақорлықтан өз еркімен емделуден бас тартатындарға заң жүзінде мәжбүрлеу шарасы қолданылады. Мәселен, Астанадағы жалғыз наркологиялық диспансерде жылына 3 мың адам емделіп шығады екен.
Соңғы 10-15 жылда Қазақстандағы ең өткір де өзекті мәселелердің бірі – нашақорлық пен есірткі саудасы болып отыр. Оны Ішкі істер министрлігі де, денсаулық сақтау органдары да, басқа құзырлы орындар да жоққа шығара алмайды. Қала берді, халық арасында жүргізілген сауалнама да осыны айғақтайды. Сауалнамаға қатысқан (қатысушы – 18 жасқа дейінгі жастар) адамдардың 83 пайызы бүгінгі күннің өткір мәселесі нашақорлық пен есірткі саудасы екенін алға тартады.

Есірткімен егес: қалай күресу керек?

Өтірігі жоқ, есесіне өкініші өзекті өртейтін бір дерт болса, ол – нашақорлық. Сондықтан да есірткі ұлттық генефонымызға төнген үлкен тажал демеске лаж жоқ. Ал нашақорлықпен нәтижелі күрес жүргізе алмай отырғанымызға не себеп? Бұл сұраққа жауап жетерлік, пікір де сан алуан.
Бір тарап «бұған басты себеп – нашақорлықпен күрестегі жаза түрінің жеңілдігі» дейді. Олар өз сөздерін «көршілес Қытай, Таиланд, Иран секілді елдердегідей ең жоғарғы жаза түрін қолданбайынша, есірткі тасымалына тосқауыл қоямыз деуіміз бекершілік. Өрімдей жастардың өмірін иненің ұшына байлап беріп отыра береміз бе? Мәселен, Иранда есірткі саудасымен айналысқандарды бірден дарға асады. Есесіне қаншама есерсоқ есін жияды. Көз алдында өлім тұрғанда кім-кімді де үрей иектейтіні өтірік емес. Сондықтан сан тағдырларды табанына таптап жүргендерді соттаумен ғана шектелу бұл дертпен күресте күткендей нәтиже бермейді» деген ойларын ортаға салады.
Бұл елімізде өлім жазасына жол берілмейтіндігін біле тұра, әлі күнге оған қарсы уәж айтатындар қатары еш сиремегенін аңғартады. Оларды да түсінуге болады. Өйткені күн санап нашақорлықтың жасы жасарып бара жатқаны жасырын емес.
Ал екінші тарап есірткіге қарсы күресті өлім жазасын қолданбай-ақ та жүргізуге болады деп санайды. Олар «қазір елімізде жыл сайын есірткі саудасымен айналысатындарға тағылатын айып пен жаза барған сайын күшейіп келеді. Кешегі Кеңес үкіметі кезінде есірткімен айналысқандар айып­пұл төлеумен құтылатын. Кейін­нен 10 жылға дейін бас бос­тандығынан айырылатын болды. Ал қазір Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 259-бабына сәйкес, есірткі тасымалымен айналысқандарды заңға сәйкес 20 жылға дейін темір торға тоғытуға болады. Бұл да болса жазаның қатайып келе жатқанын байқатпай ма? Ол аздай, қазір біраз елдер өлім жазасынан бас тартып отыр. Олардың қатарында біз де бармыз. Оған қоса өлім жазасына кесетін елдерде есірткі сау­дасы түп-тұқиянымен жо­йылды дей алмаймыз ғой» деген­ді алға тартады.
Есірткімен күрес – ше­гірт­кемен күрес емес, күрмеуі көп күрделі іс. Бүгінде әлемді әбігерге түсірген нашақорлықтың басында ірі топтар отыр. Олар­дың түкірігінің жерге түспей тұрғанының өзі қалталарының қалыңдығында екенін айтпаса да түсінікті. Ал әлем бойынша ең көп пайда түсіретін бизнестің бірі – дәл осы есірткілік заттар тасымалы мен саудасы екені тағы мәлім. Өкініштісі сол, темір тор есірткі тасымалына тосқауыл болар емес. Сондықтан да есірткімен күрестегі жаңа жаза түрін қоғамдық дауысқа салып шешуге болар ма еді? Тіпті болмаса есірткі тасымалымен айналысатындарды өмір бойына бас бостандығынан айыруға болады. Осының өзі – ауыр жаза. Бұл – біздің ой.

Ауылға ауыз
салғандар

Нашақорлықтың нағыз ортасы – қала. Бұл – біздің кешегі көргеніміз. Бүгін бұйығы тірлік кешіп жатқан ауылдағы бір үйде есірткінің егесі отыруы мүмкін. Сырт көзге ешкіммен қақ-соғы жоқ бейқам болып көрінген баз біреулердің айрандай ұйып отырған ауылға ажал уын себуші екенін аңғара бермеуіміз мүмкін. Есірткі саудалап есіріп алғандар енді есесін жібермес үшін ауыл жас­тарына да қол салды. Біріншіден, оң-солын әлі танып үлгермеген ауыл жастарына есірткі таңсық. Сондықтан «кәсіптің» бұл түрі әлі бара қоймаған ауылда есірткі саудасы дөңгеленіп жүре береді. Екіншіден, есірт­кімен күрес басқармасының қызметкерлері мен арнайы есірткіге қатысты қылмыстардың ізіне түсушілердің алыс аймақтарға айлап-жылдап ат ізін салмайтыны олардың ауылға ауыз салуына да бірден-бір мүмкіндік болып отыр. Сондықтан да жауапты органдардың алыс аймақтарға жиі барып, рейд жүр­гізіп тұруы қадағалануы қажет.
Ал енді «қойдың жа­сындай жасы қал­ған» ақсақалдар мен ақ жаулықтылардың да ата-бабасынан қалмаған «кә­сіпке» араласуына не себеп? Зей­нетақының зары өткен қа­риялар үшін оңай олжаға кенелтетін мұндай сауданың еш сөкеттігі жоқ болып көрінсе керек. Ал есірткінің құлағын ұстап отырғандар үшін бұл тиімді. Өйткені қоғамнан алыстап, қамқорлыққа зәру болып қалған қариялардан көп адамдардың күдіктене қоймасы анық. Кейде таяққа сүйенген жандардың сөмкесін тінтуді ар көретініміз бар. Даналықтан балалыққа өткен кариялардың сенгіштігін пайдаланып жүргендердің құрығы ұзын екенін осыдан-ақ байқауға болады.

«…Баланың
көңілі – далада»

Керісінше, бұл тірлікке балалар бейімдеу болып келеді. Өкініштісі сол, «шауып кел, алып кел»-ге жарап қалған балалардың өздері де осы жолда есірткінің дәмін татып үлгереді. Әрі жасөспірімдер арқылы «жүйелі маркетингті» іске қоса алады. Өйткені жасөспірімдер жаңа «тауар» жайлы жарнама жасап, оны өз достары мен ортасына жеткізуге қабілетті болып келеді. Бұл кімдер үшін аса тиімді екенін ішіңіз сезген шығар. Сондай-ақ балалардың бұл ісі үшін алдымен ата-ана ғана жауапқа тартылады.

Түнгі клуб…
тас түнек…

Қым-қуыт қала тірлігінен ойып тұрып орын алатын ойын-сауық орын­дарының бірі – түнгі клубтар. Азан-қазан әуен, темекі түтіні… Бұл жерде бәрі бұлыңғыр. Есірткі саудасының қызатын жері де – осындай орындар. Бұл жерге көбіне жастардың жиналатыны бесенеден белгілі. «Жасырары жоқ, біз соңғы уақытта ойын-сауық, көңіл көтеру орындарына тексеруді жиі жалғастырып отырмыз. Соған қарамастан, есірткімен әуестенушілер қатары сиремей отыр. Тіпті мекемедегі ішкі қауіпсіздік қызметкерлері де есірткі сатып пайда табуды қолайлы көрген. Жасөспірімдер арасында жағымсыз құбылысты болдырмау тұрғысында мектеп инспекторларын қамтыған арнаулы рейдтер де өткізіп келеміз. Түнгі 11-ден соң қаңғып жүрген балаларды міндетті түрде жауапқа тартатын боламыз», – дейді есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлері. Мысалы, бір ғана Алматы қаласында тінту кезінде бірнеше рет есірткімен ұсталған түнгі клуб, түрлі ойын-сауық орталықтары бар. «Енді бар айыпты клуб иелері өз мойындарына алуы тиіс. Себебі бірер жыл бұрын Алматы қаласы ІІД басшылығы мен қаладағы ойын-сауық мекемелері басшылары өзара кездесу ұйымдастырып, есірткіге қарсы үгіт-насихат жұмыстарын өрістеткен болатын. Сол кезде есірткі сату фактісі әшкереленген клуб иелеріне де қылмыстық іс қозғалуы мүмкін деген ескерту болған. Бұл жолы сол «уәде» орындалуы әбден мүм­кін», – дейді есірткімен күресті жүргізетін топ қызметкерлері.

Бағдарлама бар,
бағыт ше?

Бұл – біздің келтірген бірді-екілі дерегіміз ғана. Ал осы кеселдің жолын кесуге бағытталған бағдарлама бар ма? Қазақстан Республикасында нашақорлыққа және есiрткi бизнесiне қарсы күрестiң 2006-2014 жылдарға арналған стратегиясы бар. Аталған стратегияның мақсаты мен мiндеттерiне: 1) нашақорлыққа қарсы насихатты күшейту; 2) есiрткiге тәуелдiлердiң алдын алу, оларды ерте анықтау, тиiмдi емдеу және әлеуметтiк оңалту жөнiндегi iс-шаралардың тиiмдiлiгiн арттыру; 3) есiрткi бизнесiне қарсы күресте ведомствоаралық өзара iс-қимылды нығайту; 4) нашақорлыққа және есiрткi бизнесiне қарсы күресте халықаралық ынтымақтастықты кеңейту; 5) уәкiлеттi мем­лекеттiк органдардың, сондай-ақ нашақорлықтың алдын алуға және оны емдеуге мамандандырылған медициналық мекемелердiң материалдық-техникалық әлеуетiн нығайту; 6) наркологиялық қызметтi реформалау мен дамыту процесiн жаңғырту және тиiмдi ғылыми-ақпараттық сүйемелдеу; 7) наркология саласында кадрлар даяр­лау жүйесiн және бiлiм беру бағдарламаларын жетiлдiру; 8) есiрткiге қарсы қызметтi реттейтiн заңнамалық базаны жетiлдiру, нашақорлыққа және есiрткi бизнесiне қарсы күреске бағытталған республикалық заң­наманы және құқық қолдану практикасын тиiстi халықаралық құқықтық актiлермен және қоғамдық ұйымдар ұсыным­да­рының қағидаларымен одан әрi үйлестiру кіреді. Ал есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымының жолын кесу туралы жазылған бөлімде шекаралық қызметті қадағалау, есірткіге қарсы күресте құқық қор­ғау қызметкерлерін дайын­дау­ды жетілдіру секілді шара­ларды ғана атап көрсеткен.
Одан бөлек бір кездері на­шақорлықтың алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған шаралар акциясы жиі өтіп жататын. Бұл туралы бір кездері бұқаралық ақпарат құралдары да жаппай жазды. Ке­йінгі жылдары бұл бәсеңсіді. Бі­рақ ол «қоғамда нашақорлық­тың жолы кесілді» дегенді білдірмесі анық. Сондықтан көпшілік орындарда, білім ошақтарында на­шақорлыққа қарсы шараларды қайта жандандырған жөн. Атал­ған кеселдің қауіп-қатері туралы оқулықтарды көптеп шығарып, деректі фильмдер түсірілуін қайта қолға алған абзал.

Қылмыстың аты – қылмыс. Ал оның артында халықтың қасіретіне апарып соғар қатер тұрса мүлде қол қусырып қарап отыруға болмайды. Жуырда ғана Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның құқық қорғау жүйесін реформалау мәселесі жөнінде өткізген кеңесінде: «Нашақорлықпен және есірткі бизнесімен күресті күшейту үшін ІІМ-нің есірткі бизнесімен күрес жөніндегі комитетіне есірткі бизнесімен күрес жүргізетін аймақтық бөлімшелер тікелей бағынышты болады. ІІМ шара қабылдап, әкімшілік қамауға алуды орындау жөніндегі функцияны кезең-кезеңімен Әділет министрлігіне берсін», – дегенді қадап айтты. Бұдан бөлек трансұлттық есірткі қылмыстарынан басқа барлық есірткі қылмыстарын тергеу де ІІМ-ге беріледі. Елбасы мұнын бәрін ІІМ-нің Тергеу жөніндегі комитетін құру туралы айтқан ұсынысында жеткізді. Байқап отырсаңыз, есірткіге тосқауыл қою мәселесі ешқашан Елбасы назарынан тыс қалған емес. Ендеше, бұл күн тәртібінен де түспеуі керек. Өйткені есірткінің артында ел тұр. Ал ел болу үшін есірткіден ертерек ес жиюымыз керек.

Динара СЕРІКҚЫЗЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.