Наурыздағы көрісу («Құм баласының күнделігінен»)

Бала кезімізде 14-наурызды асыға күтеміз. Бұл Наурыз мейрамының басталуы – Көрісу күні деп аталады. Жасы кішілер үлкендерге барып қос қолын ұсынып, «Наурыз мейрамыңыз құтты болсын!» дейді, ал сәлемін алған үлкен кісі «Бір жасың құтты болсын! Қыстан аман-есен шықтыңдар ма? Құтты жыл болғай!» деп қолын алып батасын береді. Сол күні көрші болып, не аяқ жетер жерде тұрып көрісуге бармай қалсаң, оны әбестік санайды. Сондықтан кәрісі бар, жасы бар бұл күні таңертең ертелетіп, көрісу рәсіміне кіріседі. Қыс түсе қыр қазағының бір-бірін соғымбасына шақыратын дәстүрі бар. Ал қыс қаһарына мініп, айдау жолдар мен сүрлеуді омбы қар басқан кезде Нарын құмындағы шашырай орналасқан үйлер сирек хабарласады. Құм адамдары қолға қараған малын аман сақтап қалу үшін қытымыр қыста ақ түтек боранмен, сақылдаған сары аязбен арпалысып жүргенде ­наурыз айы да келеді. Енді күн жылынып, жер аяғы кеңи бастағанда олар бір-бірін көріп сәлемдесуге, көрісуге асыға­ды. Алдымен мал-жанның амандығын сұрайды, қыстан аман шыққандарымен бір-бірін құттықтайды. Бұрын бір-біріне реніштері, өкпелері болса мүлдем ұмытады, жаңа жыл, жаңа өмір ­басталады.
Таңертең көрші үйдегі сегізінші класта оқитын Талғаттың «Ата, шеше, сіздерге көрісуге келдім!» деген дау­сынан оянып кеттім. Кеше кешке ғана кім ерте тұрып бірінші болып үлкендермен көріседі деп өзімізше жарыс ұйымдастырып қойып едік. Талғат бәрімізден үлкендігін білдіріп, ерте тұрып, көрісуді бастап, ұтып кетті. Әке-шешем оған батасын беріп жатыр. Біз де орнымыздан тұрып ұйқылы-ояу қолын алдық. Таңертеңгі шайды ішіп болғасын әкем:
– Дәдеш атаға көрісіп келейік, – деп жинала бастады. Мен де оларға ердім. Көрісуге баратын үйіне үлкендер құр қол бармайды, сондықтан анам түйіншекке дәм орап алды. Қайша жеңгем де бізді келеді деп күтіп шай дайындап қойып отыр екен. Қазанда қыстан қалған сүр ет бүлкілдеп қайнап жатыр. Пеш түбінде отырған атайға барып көрістік, «Бір жастарың құтты болсын! Жыл басы – Наурыз құт әкелгей!» деп батасын беріп күректей алақанымен бетін сипап «Әумин!» деді. Одан кейін үлкенді-кішілермен көрісу, яғни қос қолды ұсынып көрісу басталды. Келіндер қайын атасына, қайнағаларына қол ұсынбайды, иіліп сәлем береді. Анам да дәстүр бойынша атаға иіліп сәлем берді. «Жасың құтты болсын, қарағым» деді. Қайша апай да әкеме иіліп сәлем беріп, ол да жаңағыдай бата алды. Анам сияқты Қайша жеңгей де ертемен бауырсақ пісіріпті, бәріміз жағалай отырып, дәмнен ауыз тие бастадық.
Көрісу келесі жылғы наурызға дейін жалғасады. Құм қазақтары көрісу кезінде төс қағыстырып құшақтас­пай­ды, тек қос қолын беріп көріседі. Сол жыл ішінде ол кісімен келесі кездес­кенде қол беріп амандасуға болмайды, дұрысы бұрын көріссең, қолыңды алмайды. «Өткенде көрісіп едің ғой» деп ескерту жасайды. Сондықтан тек «Ассалаумағалейкүм» немесе «Сәлем бердік» деп бас изеп ғана амандасу керек. Жасы үлкендер жасы кішілердің біреуі көрісуге келмесе, «пәленше әлі көріскен жоқ» деп жоқтап отырады. Көре тұра көрісуді ұмытып кетсең, «неге көріспейсің?» деп ренжиді. Көптен бері көріспеген ақ жаулықты аналар бір-бірімен құшақ жая амандасып, «өзіңді көретін күн бар екен-ау» деп көздеріне жас алып сағыныштарын білдіреді.
Көрісу күнін «Амал» деп те атайды. Үлкендерден неге олай атайды деп сұрасаңыз, бағзы заманда наурызды «Амал айы» деп те атаған дейді. Мейрам күні қазан-қазан сүр ет асылып, бауырсақ пісіріліп, алыс-жақыннан көрісуге қонақтар бірінің үйіне бірі ағылады. Бұл күні адамдар жаңа да сәнді киімін киіп, көліктеріне мініп, шағылдарды бойлай орналасқан қыстауларды аралайды.
– Сарышұнақ іннен шығып па? – деп қарттар балалардан сұрайды. Соны білгендіктен қыстау қасындағы сордың жағасындағы сарышұнақ індерін қарап жүреміз. Інінен шығып, алдыңғы екі аяғын көтеріп тікесінен тұратын сарышұнақ балаларды көрсе зып етіп ініне кіріп кетеді.
–Сарышұнақ шығыпты! – деп қуанып жүгіріп келсең, «Інінен қан­шалықты ұзапты, ізін көрдің бе?» деп қайта сұрақ қояды.
Қардың үстіндегі ізін байқап қал­саң, «мынадай қадам шығыпты» деп жауап бересің. Неғұрлым інінен ұзап шыққанын айтсаң, қарттар риза болып, «е, жаз ерте шығады екен» деп мәз болады. Ал інінен көп ұзамапты десең, «апыр-ай, қыс аяғы ұзаққа созылатын болды-ау» деп уайымдап қалады. Бірақ сол 14-наурыз күні сарышұнақ қалай болғанда да інінен шығады. Кей жылдары расында да інінен бір шығып алып, қайтадан көпке дейін көріне қоймайды, ал күн тез жылыса, жылтыңдап інінің қасынан жиі көріне бастайды. Бұл құбылысты қариялар «жыл басында сарышұнақ іннен шығады» деп қысқа қайырады. Балаларға «сарышұнаққа тимеңдер, інін қазбаңдар» деп үлкендер қатаң ескертеді. Соған қарамастан кейбір тентек балалар көктемде, жазда інін қазып, ішіне түтін жіберіп, өздерінше аңшылық жасайды. Сарышұнақ қауіп төніп қиналғанда аянышты дыбыс шығарып «жылайды». Ондайда әлгі тентектер ес жиып, көбінесе тимей босатып жібереді.
Көрісуден кейін құм өңірінде күн жылынады. Қыс бойы шағылдарды қаптап, қоңырлықта сіресіп жатқан қалың қар ери бастайды. Жылға-жылға болып су ағып, сайларға ойдым-ойдым шағын көлшік жиналады. Шағылдан, ақтықтан, қырқадан еріген қар суы құм бетін жырып жылға жасай ағады. Мұндайда біз сияқты ойын балаларының құдайы береді, күрекпен арық қазып, жоғарыдан аққан суды арналарға бағыттаймыз. Үйдің маңына сайды қуалап су жиналады, шарбаққа, мал қораға су кірмес үшін үлкендердің айтуымен оны арық қазып сайға қарай жібереміз. Жауапты тапсырманы орындағанда ойынға да ыңғайлы жағын көздеп, саймен екі ортаға бөгеттер салып, суды уақытша ұстап қоямыз.
Сол бөгеннен суды төмен қарай сыздықтатып үнеммен жіберіп, қағаз­дан жасаған қайықтарымыз жүзетін «канал­дар» қазылады. Үлкенді-кішілі қағаз қайықтардың жарысы да қызық. Зауыттан шығатын ойын­шық қайықтар ол кезде жоқ, не құмға жетпейді. Әйтеуір ондай қайықты армандап та көрген жоқпыз. Ойыншық дегеннен шығады, құм баласы ойыншыққа зәру.
Бізге қаладан келетін қонақтардың әкелетін ойыншықтың негізінен екі түрі болатын. Бірі – қорапты жүк машинасы, екіншісі – тырнақтай қағаз-пестоны бар кішкентай ғана ойыншық қара пистолет. Небәрі сіріңкенің қорабындай ғана қағаз бумаға салынған пестоны тарсылдатып, түтіндетіп атқаннан кейін бір-екі күнде-ақ таусылып қалады. Одан кейін оны қолға ұстап жүргенің болмаса түкке пайдаға аспайды. Одан гөрі өзіміздің кинодан көрген автоматтың не винтовканың ағаштан жонып алған сұлбасы он есе артық. Өйткені оның ұңғысының үстіңгі жақ шетіне шеге қағып, оған резеңке байлап, қайтарып әкеп «шүріппесіне» ілеміз. Оның басына жіңішкелеу ақ сымнан иіп жасаған «оқты» салып шүріппені басып қалғанда керіліп тұрған резеңкеден босаған бойда зу етіп мешінге дәл тиеді. Мергендікті осылай сынаймыз, зауыттар осындай автомат неге шығармайды екен деп ренжиміз.
Құм баласының жақыннан көретін, төмен ұшатын «АН-2» деп атайтын шағын ұшақ қызықтырады. Ағаштан жонып соның сұлбаларын жасап, оған шегеге орнатылған ұзын әрі жұқа қалақ жасаймыз. Қыстаудың төбесіне таяқ шаншып, соған әлгі ұшақты іліп қойғанымызда жазғытұрғы қатты жел әлгі қалақты зырылдатып шыр айналдырады. Қалақ жеңіл жасалып, шеге жіңішкелеу болған сайын оның жылдамдығы да үдей түседі. Зырылдаған дыбысы алыстан естіліп тұрады. Соған қарап мәз боласың. Жоғары класта оқитын Талғаттың ойыншық жасауда ойлап таппайтыны жоқ. Сөйтіп, өзіміздің құмда ойнауға ыңғайлы ойыншықтарды жасап, жаңа түрлерін табуға тырысамыз. Талғаттың тағы бір өнері бізге қамыстан не қурайдан сыбызғы жасап береді. Қамшының сабындай түтіктің үстіңгі жағын бәкімен үш жерден ойып, астыңғы жағынан тағы бір ойық жасайды. Бұл аспапты ауызбен үрлегенде әлгі ойықтарды саусақпен кезекпен басуды үйретеді. Ән әуендерін кәдімгідей салып аламыз.
Сақпанмен тас лақтыруды айт­саңыз­шы. Алақандай төрт бұрышты кенептің екі жағына бау тағып, басыңнан асыра қатты айналдырып тұрып, жіптің бір ұшын жіберіп қаласың, сонда ішіндегі тас аспанға оқтай атылады. Шарықтап барып алысқа құлайды. Кім алысқа түсіреді деп сайысқа түсеміз. Қағазды төрт бұрыштап желімдеп батпырауық жасап, оған жуан шарғы жіпті тағып, оның аспанға ұшырғанда қалықтап ұшқаны да бала көңілді шалқытып жібереді.
Наурыз айында жаңа төлдеген малдың төлі емгеннен кейінгі алғашқы сүтінен анамыз пісіріп беретін уыздың дәмі қандай керемет десеңізші! Енесі жарытпаған қозы мен лаққа бөтелкеге құйылған сүтті емізікпен беру, қашан аяқтанғанша енесіне емдіру, тоңып қалмауы үшін жылы қорада ұстау, малға шөп салу, суару және тағы басқа көктемгі қарбалас жұмыстар да баланың атқаратын шаруасы. Сонымен, не керек, қашан қозы мен лақ аяқтанып, отығып, өздігінен шөп жегенше тыным таппайсың. Демек, сабақты да оқу керек, төлді күтіп, малды да жайғайсың, арасында ойынға да уақыт табу қажет. Көрші балалармен жұмыс кестесі бірдей жасалады, сол себепті шаруаны тындырып, сабақты оқып, ойынға бір мезгілде шығамыз.
«Түске дейін киіз, түс қайта мүйіз» дейтін наурыз айы да аяқталып, көктем күшіне ене бастайды. Түске дейін киіз деген күннің сол уақытқа дейін қызуы күшейетінін білдіреді. Ал мүйіз деп түс қайта күн қызуы азайып, қыс ызғары қайта білініп, түнде күндіз еріген судың беті шәуіштеніп қатып қалуына байланысты айтылады. Яғни бұл айда қыс пен көктемнің айқасы үздіксіз жүріп жатады. Ақыры қыстың дымы құрып жеңіліп, көктем бірте-бірте үстемдік ете береді.
«Сәуір болмай, тәуір болмас» деп үлкендер айтып отырады. Онысы рас, көктемнің бұл айында қыс ызғары кетіп, күн жылынып, жанның да, малдың да арқасы кеңіп, жер бусанып, көктеп, айнала әсем түрге бөленеді. Тек биік шағылдың теріскей бетіндегі көлеңкеде әлі де күн қызуына берілмей ойдым-ойдым қар жатады. Сол сірескен тоңды жібіткен күн қызуы оның да ерімеуіне қоймай, күн санап көлемін кішірейте түседі. Бірақ енді құмда қатты жел тұратын кез болады. «Көктемгі жел жардай атанды жығады» дейді қарттар. Отыққан қозы-лаққа көк жұлуға, ботаға түзгін гүлін теруге шығамыз. Мұндайда көрші балалар ылғи топтанып жүреміз. Кім шөп дорбасын тезірек толтырады, кім тез жинайды деген алғырлықты көрсететін сайыс шағыл етегіндегі түзгін мен қоңырлықтағы көкті аралап кеткен достарымның арасында қызу жүріп жатады. Сәуірдің орта кезінде төлдер өздігінен көкке жайылады. Ал оны көз жазбай бағу тағы да балалардың міндеті. Осы кезде біздің де асыр салған ойынымыз қызады.
Алпысыншы жылдардың ішінде наурыз айының аяғында, сәуірден бас­тап ауылдарда балалар мен жастардың волейбол ойнау науқаны басталады. Ол кезде спорттың бұл түріне де­ген қызығушылық ерекше болды. Әсіресе шағыл шетіндегі сегізжылдық мектептің алаңқайында жазғытұрым болатын сайыстың жөні бөлек. Құмда шашырай орналасқан қыстаулардан кешке қарай балалар осында ағылады. ­Мектеп жанындағы интернаттың балалары бізге қарағанда қолы бос, волейболды қас қарайғанша алаңсыз ойнайды. Алаңда керілген торға ең алдымен жасы үлкен балалар иелік етеді, біз сияқты төменгі класта оқитындарға ­кезек күтуге тура келеді. Ондайда ­ойынды тамашалап ғана қоймай, таңдаған командаға лезде жанкүйер боласың да нағыз доданың қызығына берілесің. Содан ұзақ күттіріп бізге де кезек келеді. Әттең, осындағы сайысқа күнде келуге құм баласының үйдегі қым-қуат шаруадан қолы тие қоймайды.
Маусым айының басында құм тұр­ғындары қыстауларынан жаз жай­лауға көшеді. Сонымен, балалар ­наурызда басталған көктем қызығымен қимай қоштасады, өйткені құдық шағылдарды сағалап, малға жақсы жайылым іздеп көшкен үйлердің арасы алыстай түседі.

Самат ИБРАИМ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. Айгүл

    Халқымыздың салт-дәстүрі керемет қой. Ешбір халықта осындай бай қазына жоқ. Бағалайық, сақтайық, дәріптейік.

  2. Қуаныш

    Қазір амал мерекесі бірте-бірте жанданып, басқа өңірлерге келуде. Бұған, әрине қуанамыз.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.