«Бұл мынау армиядан жазған хатым…»

Әкем Тілеп Қорабайұлы 1918 жылы Қызылорда облысы Қазалы ауданы №11 Сарытөбе ауылдық кеңесінде дүниеге келген.
Еңбек жолын 1934 жылы Қазалы ауданының «Аташ» ауылындағы төрт жылдық мектепте мұғалім болып ­бастады. 1936-1938 жылдары Қызылорда қаласындағы екі жылдық мұғалімдер даярлайтын курсты бітіріп, «Ұялы» елді мекенінде орта мектепте мұғалімдік қызмет атқарған.
1940 жылдың қазан айында Кеңес Армиясы қатарына алынды. Ұлы Отан соғысына қатысып, кіші лейтенант дәрежесінде 130 атқыштар дивизиясы құрамындағы атқыштар взводының командирі болған.
Соғыстан елге оралған соң Қазалы қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары, қаладағы мектеп-интернаттың меңгерушісі, «Қаракөл» ауылындағы бастауыш мектепте мұғалім болды.
Кейін Қазалы ауданындағы артельдің жабдықтау бастығы, аудандық тұтынушылар одағында, Ақөзек селолық тұтынушылар қоғамында, аудандық шикізат дайындау мекемесінде, Қазалы қаласындағы тамақ өнімдерін өндіру комбинатында, аудандық тұтынушылар одағына қарасты қоғамдық тамақтандыру мекемесінде шаруашылық меңгерушісі, дайындаушы, қойма меңгерушісі қызметтерін абыройлы атқарып, зейнеткерлікке шықты.
Осы жылдары Ұлы Отан соғысының І дәрежелі орденімен, Кеңес Одағының маршалы Г.Жуков атындағы медальмен,1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында фашистік Германияны жеңгені үшін медалімен, Жеңістің 25, 30, 40, 50 жылдығына арналған медальдармен,«Еңбек ардагері» медалімен ­марапатталды.
Ол кісі еңбек ете жүріп өлең шығару, шешендік сөздерді дәріптеу және Сыр сүлейі Қарасақал Ерімбет нұсқасымен жазылған Кіші жүз шежіресін жатқа айтып, насихаттап өткен.
1973 жылы наурыз айында Қазақ КСР Ғылым академиясының әдебиет институтының қызметкерлері Балтабай Адамбаев пен Мардан Байділдаев Қазалыға келіп, өздерінің сұрауы бойынша әкеммен кездесіп, бірқатар әңгімесін жазып алды. Кейін Б.Адамбаев шешендік сөздерді жинақтаған кітаптарында («Халық даналығы», «Ел аузынан», «Тозған қазды топтанған қарға жейді», «Шешендік сөздер») әкемнің де әңгімелерін енгізген.
Сонымен қатар әкей 1980 жылдан бастап өмірінің соңғы күндеріне дейін ауданық мәдениет бөлімі жанынан ашылған «Шежірешілер» үйірмесінің жұмысына белсене араласты.
Оқырман назарына Тілеп Қорабайұлының армия қатарында қызмет атқара жүріп, елге жазған өлең-хаттары ұсынылып отыр.

Сағидулла ҚОРАБАЕВ

ЕЛГЕ ХАТ

Қош сау бол, жолыққанша ата-анам,
Қолыма қағаз бенен алдым қалам.
Мені ойлап, уайымдап болма қапа,
Жолына Отан қорғау кетті балаң.

Жер шалғай рет келмей көрмей кеттім,
Дегенмен, қасірет шегіп болма алаң.
Біз әлі қауышармыз ден сау болып,
Бітіріп бұл міндетті қайтсақ аман.

Жол жүріп келеміз біз күні-түні,
Жығылмау басты мақсат жетсең шамаң.
Үш бала бір ауылдан аттанып ек,
Сүлеймен Қалыбаев және Алдан.

Жастары талай ұлттың бірге жатып,
Бір тұрып татулықпен таттық тағам.
Араздық, алакөздік біздерге жат,
От кешу, өмір-өлім, қатты заман.

Еске алып өткен күнді есеп етсең,
Болыпты аш-жалаңаш жастық әман.
Кемістің күйі кетіп, кейіпті алып,
Көп жылдар бұдан бұрын болдық надан.
Қол соғып жаңа өмірге қуанып ек,
Жолына азаттықтың басқан қадам.
Құтылған кедейлік пен надандықтан,
Советтің көлемінде барлық адам.

Сондықтан сен Советтің қымбат қарты,
Қайғырып ойлап мені болма алаң.
Бір балаң Отан қорғап жүрсе сыртта,
Қолыңда бар ғой шүкір, екі-үш «жаман».

Ал әке, қайрат беріп бір-біріңе,
Татулық орнатыңыз семьядан.
Үздіксіз оқытыңыз жеткіншекті,
Қалмасын келешекте болып надан.

Жол үсті, көп жазуға уақытым жоқ,
Қозғалып, қалтылдайды жазсам қалам.
Хат жазып сағынышты сәлемменен,
Кеуіліңді делбейді бұл – Тілеп балаң.

Аға-іні, құрбы-құрдас, жолдастарым,
Саламат-сау болыңдар сұраған жан.
Білдіріп амандықты хат жазып тұр,
Тілектес сырттарыңнан болсаң маған.
1940 жыл

***
Аман-сау отырмысың жас пен қартым,
Бұл мынау армиядан жазған хатым.
Қуандым хабар алып сіздер жақтан,
Білген соң амандық пен жағдаятын.

Мен жүрмін шығып шалғай, елден жырақ,
Ақтауға халқымыздың сенім салтын.
Жолдасым-өңкей жастар ердің үні,
Қорғаушы Отанының ұлы даңқын.

Ғылымын ел қорғаудың келешекте,
Үйреніп жатыр жастар қызу қарқын.
Бұл күнде есеңгіреген жау солдаты,
Есітіп қалтырайды ердің даңқын.

Бата алмас бізге олар күзет мықты,
Жапырған талай жауды батыл халқым.
Денім сау мен де соның біреуімін,
Отанның ақтамақшы аманатын.

Алтайжан, үлкейдің дәу жігіт болып,
Ағаңның оқисың ба жазған хатын.
Алтайдың арнасындай шалқысын деп,
Алтай деп қойып едім өзім атын.

Ағаңның көп жазуға уақыты жоқ,
Қысқаша аяқталды сәлем хатым.

Ой толқыны

Ой кеуілім, толғанасың неге бұлай,
Тың тұрған тынық ойға салып лай.
Жүрегім, орнықпайсың соғып жиі,
Қорқыныш, иә қуаныш болжағандай.

Қаламым, қалтырайсың жүрмей және,
Біреуден аласыңды алмағандай.
Жан-тәнді жетелеп жүр сасқалақтап,
Қуғыншы қыр ізінен қалмағандай.

Отырып оңашада толғанамын,
Алда-артта болады деп әлде қандай.
Қой кеуілім сағыныштың сазы шығар,
Тең құрбы туған жерде болмағандай.

Аман-сау туған елде қауышармыз,
Ерекше ел қуанып тойлағандай.
Жырақта елден алыс жүргеннең соң,
Жүру жоқ әр нәрсені ойға да алмай.

***
Аман-сау отырмысың, ата-анам,
Аялап ақ сүт берген, асыраған.
Мәпелеп ат жалында, түйе үстінде,
Аузыма тіс шыққанша берген тағам.

Ауылдан армияға аттанарда,
Аралда көрмей қалып болдым алаң.
Алты жыл көрмей неғып жүрсің шыдап,
Аптада бір көрмесе қайғыланған.

Асығам еңбегіңді мен ақтауға,
Алдыңда қызмет етіп келсе шамам.
Алыстан сағынышпен хат жолдаған,
Соңына қол қоюшы Тілеп балаң.
1941 жыл

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.