Баршаға ортақ мереке

Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында Наурыз мерекесін жаңа ұлттық үлгіде ауқымды етіп өткізу жөнінде Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының «Наурыз ең әуелі балдырғандарға арналуы керек» деген бастамасын қолдау мақсатында «Жаңғыруға жастардан үндеу» атты дөңгелек үстел өтті. 

Ұлттық кітапхана жанынан құ­рыл­ған «Жастар кеңесі» ұйым­дас­тырған жиынға М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік акаде­миялық драма теат­ры мен Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актерлері, студент жастар және кітапхана қызметкерлері қатысты.
Қазақ елі үшін қасиетті, киелі са­налатын Ұлыстың ұлы күні – ­Нау­рыз мейрамының тойлануы туралы талай сын мен ұсыныстар айтылып жүргені белгілі. Осыған орай жуырда «Егемен Қазақстан» газетінде ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы­ның «Наурызға – жаңаша көзқарас» атты мақаласы жарияланған болатын. Министр Наурыздың пішімін ­заман талабына сай түбегейлі өзгерту қажеттігін атап айтты. «Наурыздың айрықша тәлім-тәрбие, қадір-қасиет беретін түрлері өте ерекше. ­Сон­дықтан Наурыз мейрамына жаңа пі­шім беру үшін, адамның ұлтына, діни бағыныстылығына қарамастан, адамгершілік құндылықтарға мән бере отырып, Қазақстан халқы түгел қамтылатындай мазмұнын жасау ­керек» деді А.Мұхамедиұлы.
Осы бастамаға орай Ұлттық кітап­ха­нада өткізілген жиында жастар қауымы Наурыздың тәлімдік әрі тәрбиелік маңызына ерекше назар аударды. Дөңгелек үстелді жүргізген Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мем­ле­кеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актері Бақыт Тушаев Наурыз мейрамында бүлдіршіндерге ерекше көңіл бөлу жөніндегі ұсынысты құптайтынын жеткізді. «Халқымыз наурыз көжеден алдымен балаға дәм татқызады. Періште көңіл балаларды қуантудан басталған мерекенің мән-мағынасы зор. Отбасы мүшелерінің бір-біріне сый­­лық жасауы, жылы сөздер айтуы да ба­ла­лардың есінде қалары сөзсіз» деді ол.
Ал М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері Еркебұлан Дайыров ұлттық киімді тек Наурыз мерекесі кезінде ғана киіп қоймай, күнделікті киюге ыңғайлы түрлерін шығару қажет деп санайды. «Кезінде ата-бабамызды ыстықтан да, суықтан да қор­ғаған бұл киім әрдайым ұлттық ерекшелігімізді айқындап тұруы тиіс. Әркім өзіне жарасатын заманауи ұлттық киім үлгілерін тіктірсе» дейді актер.
Қатысушылар Наурыз мерекесінің фольклорлық көріністен гөрі жаңаша сипатта тойлануы үшін өнер адамдарымен қатар әрбір отбасының, әрбір азаматтың атсалысуы керектігін тілге тиек етті. Өйткені бұл мейрам бүкіл ұлтқа ортақ және рухани-мәдени маңызы зор. Ызғарлы қыстың кетіп, жаңа жыл, жарқын жаздың келетіндігіне бүкіл жаратылыспен қатар әрбір адам баласы қуанады, сағынышпен көрісіп, бір-біріне ізгі тілектерін арнайды. Самарқанның көк тасы жібігенде адамның пейілі мен мейірімі тасып-төгіліп, қайырым­ды­лық жасауға асығады. Мұның бәрі Наурыздың тәлім-тәрбиелік астарының мол екенінің дәлелі.
Жиынға қатысқан жастар мей­рамға орай түрлі тәттілерді, ұлттық тағам түрлерін заманға лайықтап көрнекі қаптамамен шығару, Наурыз нышаны ретінде бәйшешек немесе қыз­ғалдақ гүлін бекіту сияқты іс-шара­ларды іске асыру жөнінде де өз ұсы­ныстарын жеткізді. Ол үшін Наурыз­дың жаңа тұрпатта тойлануына бүкіл жұрт­шылық болып жұмылуымыз керек.
Дөңгелек үстел соңында жинал­ған­­дар республика жастарына арнал­ған Үндеу қабылдады. Үндеуде ҚР Мәдениет және спорт министрі ­Арыстанбек Мұхамедиұлының ұсыны­сын қолдай­тындарын жеткізіп, Нау­рыз мерекесін лайықты тойлау, салт-дәстүрімізді ұстану әрбір азаматтың борышы екені айтылған. Рухани жаңғыруды өзімізден бастауды қолдаған жастар қазақша үлгіде киім киіп, мерекені жоғары деңгейде атап өтуге шақырды.
Айта кетейік, министр ­Арыстанбек Мұхамедиұлының бастамасын еліміздің өнер және мәдениет қайраткерлері де қолдауда. Мәселен, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жеңіс Сейдоллаұлы: ­«Расымен де, Наурызды жаңа үлгіде, жалпы ұлттық ауқымда атап өту ­туралы бастама өте орынды. ­Наурыз халықтық мереке болғандықтан, оны атап өту дәстүрі де өңірлер мен аймақтарда әртүрлі сақталған. ­Жалпы ұлттық мерекелердің ­тойлану көрінісі бірлік, татулық, отбасын қастерлеу секілді құндылықтарды жоғалтпаған ­ауылдарда байқалады» десе, Шәмші Қалдаяқов атындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық филармониясының артисі Гүлбала Әбуова: «Наурыз мейрамын тойлау, ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүрімізді ұстану әр Қазақстан Республикасы азаматының борышы, міндеті деп ойлаймын. Министрдің Наурыз мерекесін тойлаудағы ұсыныстары өскелен ұрпаққа үлгі-өнеге, бағыт-бағдар болатыны сөзсіз. Бұл игі істі бастауда жоғары дәрежеде, шын пейілмен атсалысуға бар күш-жігері­мізді саламыз деп айта аламын» деді.

Дана ХАЛЫҚ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.