Кенен әндері шырқалды

Алматыда Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасының және Кенен Әзірбаев атындағы коммерциялық емес қордың ұйымдастыруымен «Жас екпін» жас өнерпаздар республикалық байқауының марапаттау рәсімі және гала-концерті өтті. Өнердің төресі – қазақтың дәстүрлі әні   мен күйіне арналған байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен музыкалық орта оқу орындары мен арнайы мамандандырылған музыка мектептерінен  келген 100-ге жуық жас өнерпаз қатысты. Бабы мен бағы қатар жанған маңдайалды жүйріктер жүлделі орындарды иеленіп, Төрткен Кененқызының алғысын алды.

Ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа аманат мұра болып жеткен халқымыздың дәстүрлі ән-күй саласындағы асыл қазынасын жан-жақты насихаттап, халық композиторларының ән-күйлерін, жыр-термелерін жас ұрпақтың санасына сіңіру мақсатында ұйымдастырылған байқаудың талабына сәйкес әрбір өнерпаз Жетісу, Арқа, Батыс, Алтай-Тарбағатай, Сыр бойы әншілік дәстүрлері бойынша халық композиторларының бір әнін, халық әнін және қосымша ­Кенен Әзірбаевтың шығармашылығынан бір ән орындады. Ал «Дәстүрлі күй» сайысында Батыс, Маңғыстау, Сыр өңірлерінің күйшілік дәстүрлері бойын­ша бір төкпе күй, Арқа, Қаратау, Алтай-Тарбағатай, Жетісу өңірлерінің күйшілік дәстүрлері бойынша бір шертпе күй және К.Әзірбаевтың «Құлақ күйі» таңдалды. Міне, осы талап бойынша әрқайсысы бірнеше ән-күй орындаған өнерпаздарды құрамында Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасының меңгерушісі ­Рамазан Стамғазиев, белгілі күйші Мұрат Әбуғазы, «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасының ұстазы ­Шолпан ­Даржанова және күйші Сырым Нұрмолдин бар қазылар алқасы екі күн бойы тапжылмай тыңдап шықты.
Талантты тани білу де – таланттардың еншісі. Қазылар алқасының жетекшісі Р.Стамғазиев салтанатты рәсімде «Дәс­түрлі ән» және «Дәстүрлі күй» аталымдары бойынша өткізілген байқауға 12 облыстағы жиырмаға тарта оқу орнынан 68 домбырашы және 26 әнші келіп қатысқанын жеткізді.
– Халқымыздың жезтаңдай әншілері мен дәулескер күйшілерінің ізін жалғап, сонау ғасырлардан бермен келе жатқан саф өнерін болашаққа апаратын жас ұрпақтың бар екені бізді қуантады. Дәл қазір сахнаға шық десең дайын тұрған жас әнші-күйшілерді көргенде ерекше толқыдық. Байқауды ұйымдастырудағы негізгі мақсатымыз да сол, ел арасындағы талантты жастарды іздеп табу, оларға бағыт-бағдар беру, халық мұрасын ұрпақ жадына құю болатын. Бұл, әрине тынымсыз ізденіспен, қажырлы еңбекпен келеді. Сондықтан осындай талапты шәкірттерді дайындаған ұстаздарына алғыс айтамыз, – деді ол.
Өнер жарысына қатысқан жастардың дәстүрлі мұрамызға деген талабы мен талантына қоса кемшіліктері де болмай қалған жоқ. Осы орайда Р.Стамғазиев кейбір қатысушылардың әннің алғашқы нотасынан бастап жаңылуы, сөзін бұзып айтуы, тіл тазалығы, репертуарды дұрыс таңдамауы, ән қайырымына демінің жетпей қалуы, домбыра мен дауыстың сай келмеуі, т.б. сияқты жайттарды айтып өтті. Ән-күйді орындаудан бөлек сахнаға шығудың да өз мәдениеті бар, осының барлығы қазылар алқасының назарынан тыс қалмағаны байқалды. Әрине, 15 әннің кез келгенін табан астында орындап беру оңай емес, сондықтан да осындай өнер жарыстарының шыңдалу, репертуарды байыту жағынан берері мол. Және де байқауда көптен бері айтылмай жүрген, көп әншілер мойын бұра алмай жүр­ген әндер де тыңдарманмен қайта қауышты.
Ал «Дәстүрлі күй» аталымы бойын­ша қазылар алқасының атынан сөз алған күйші-ұстаз Мұрат Әбуғазы Алтайдан Атырауға дейінгі өлкеден ат арытып арнайы келген үміткерлердің өнерге деген ықыласын ерекше айта келе, «Үміткерлер байқау ережесімен алдын ала танысқан болатын. Соған қарамастан бағдарламадан ауытқып, дәстүрлі күйшілік мектебінің орнына қазіргі ­заман композиторларының күйін алып келгендер де кездесті. Осы­ған байланысты байқау шарттарын орын­дамаған кейбір балалардың бағы жанбай қалатыны болады. Сондықтан мұндай жайттарды алдағы уақытта мұқият ескеру қажет» деп жас шә­кірт­­терді өз мүм­кіндіктерін жете пайдалануға шақырды.
Сонымен, бірінші рет өткен «Жас екпін» жас өнерпаздар республикалық байқауына қатысушылардың жүректері лүпілдей күткен сәт те келіп жетті. Қа­зылар алқасының шешімімен анық­талған жеңімпаздар Гран при және жүлделі І, ІІ, ІІІ орындарды иеленіп, арнайы дипломдармен, алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапат­тал­ды. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққандардың есімдерін атасақ, Ж.Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжінің студенттері Айдана ­Асанбаева «Дәстүрлі ән» аталымы бойынша, ал Жұмаділ Серікболұлы «Дәстүрлі күй» аталымы бойынша Бас жүлде иегерлері атанды. Айдана мен Жұмаділдің жүлделерін ­Кенен Әзірбаевтың қызы Төрткен апай өз қолымен табыстады.
Байқау қорытындысымен І орынға – әншілер Мәнура Таңнұр мен Ақжол Өсербай, күйшілер Нұржан Сағнай мен Қымбат Әбдувахаб, ІІ орынға – ­Алпыс Жақиянов пен Балжан Талғат, күй бойын­ша Ержанат Жарқыннұр, Аида Жаханбекова, Қайрат Тоқан, ІІІ орынға – Гүлжан Мырзагелді, Байбақты Ідірбай, Зарина Рахманбердиева, күйшілер Жанат Мұқанов, Ибраһим Сұлтанов, ­Еркежан Ерзатқызы, Бауыржан Мұхамади лайық деп танылды. Жеңімпаздарға «Жас екпін» жас өнерпаздар республикалық байқауының лауреаты атағы мен дипломдар қоса тапсырылды. Дарынымен, дауыс бояуларымен, алтын саусақтарымен, тұлға-тұрпаттарымен жарқ етіп көрінген жеңімпаз жастар байқауда қол жеткізген жетістіктеріне қарай тарту-таралғыларын алып қуаныштан жүздері бал-бұл жанса, өзге қатысушылар олардың бағына қол соқты. Айта кетерлігі, байқаудың сыйлық қоры қомақты болды. Айталық, Гран при иегерлері 500 мың теңгені қанжығаларына байласа, І орын жеңімпаздары 300 мың теңгені бөлісті. Осы орайда байқаудың басы-қасында жүріп, демеушілік жаса­ған Кенен атамыздың ұрпағы Мұхит Әзірбаев жұртшылықтың ризашылығына бөлен­генін айта кету орынды.
Еліміздің әр аймағынан келген өнерлі өрендер бәйгеде бақтарын сынап қана қоймай, қазіргі қазақ әні мен күйінің көш басында жүрген өнер майталмандарымен дидарласып, ақыл-кеңестерін тыңдап, төбелері көкке жеткендей болды. Лауреаттар байқау соңынан өткен гала-концертте Рамазан Стамғазиев, Мұрат Әбуғазы, Нұржан Жанпейісов, Талғат Мұқышев сынды саңлақтармен бір сахнада өнер көрсетті. Дәстүрлі өнердің ең талантты шоғырының қатарына қосылуды армандайтын әрбір жас үшін бұл үлкен жетістік екені белгілі. Олардың қазақ музыкасының белді насихатшысына айналуы үшін көп қолдау, көп қолғабыспен қоса осындай жарыстардың да берері мол. Он жасынан өнерге құштар болып қолына домбыра ұстаған, кейінгі ұрпаққа өшпес мол мұра қалдырған ақын, әнші, композитор Кенен Әзірбаев атамыздың өзі де қырғыздың манабы Шәбденнің асында «Көпшілік, тыңда әнімді» деген өлеңімен жарып шығып, бас жүлдені иеленген екен. «Туғалы мұндай жиын көрмеп едім» деп өзі айтқандай, сол аста тағынған қамар белдікті әйгілі ақын өмірінің соңына дейін тастамаған дейді. Шәбденнің асы қазақтың абыройын көтерген Кенен атамыздың әншілік, ақындық жолын бастап бергені сияқты, осы байқауда топ жарған жүйріктер де қазақ өнерінің бір-бір шамшырағына айналары шүбәсіз. Өйткені қасиетті өнер жолын таңдаған жас өрімдер қазақтың киелі домбырасына, шалқар сазына деген ықылас-ниеттерімен, кәусардай таза көңілдерімен ерекше көзге түсті. Ұлттық өнердің өміршеңдігін көрсетті. Тамсантты, таңғалдырды, қуантты. Баға жетпес рухани мұрамыздың түп бастауларымен бай­ланыс ешқашан үзілмейтініне сенім ұялатты.
Шырқай бер, биікке самғай бер, «Жас екпін»!

Дина Имамбаева

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.