Телағыс

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, академик, филология ғылымының докторы Уәлихан Қалижановтың тұлғалық портретін оның әр қасиет-қырынан зерделеуге болады.
Ол – қаламы жүрдек журналист.
Уәлихан Қалижанов шығармашылықтағы өз жолын ең әуелі көсемсөз, көркемсөз жанрларынан іздеген еді. Еңбек жолын журналистика сынды сергек саладан бастауы оның бойындағы тұлғалық қасиеттерінің ширап жетілуіне, сөйтіп шығармашылық болмысының мейлінше ашыла түсуіне себепкер болғаны даусыз. Жаратылысынан жаңашылдыққа жаны құмар, ой-әрекеті шапшаң, ізденімпаз жасты журналистика сынды жауынгер сала шыңдай түсті. Ол осы жолда қатардағы тілшіден бас редакторлыққа дейін өсіп, баспасөз қызметінің жілігін шағып майын ішкен білгір маман деңгейіне жетті. «Жетісу», «Ұлан», «Жас Алаш» («Лениншіл жас»), «Егемен Қазақстан» газеттерінде ұзақ жылдар бойы атқарған қызметі, шын мәнінде, Уәлихан Қалижанұлы үшін болатты шыңдағандай жігерін жанып, төзімділікке, еңбекқорлыққа тәрбиелеген нағыз өмір мектебі болды. Осы орайда ел өміріндегі маңызды қоғамдық-саяси, тарихи, мәдени құбылыстар жайында оң көзқарас қалыптастыру, ұлттық рухты түлету бағытында қыруар күш-қуат жұмсап, көп еңбек етті.

Ол редакторлық қызметте жүріп, қазақ баспасөзінің тәуелсіздік рухында түлеп-жаңғыруына үлес қосты; жас тілшілердің қаламының ұшталып, қанатының қатаюына ағалық қамқорлық жасап, ұстаздық өнегесін көрсетті. У.Қалижанов көсемсөз саласында Алаш арыстарының ізгі арманының – елдік пен азаттықтың ұлттық құндылықтар ретінде терең зерделенуіне күш салды. Жалпы ол басшылық еткен уақытта республиканың жетекші басылымдары заман талабы мен оқырман сұранысына қарай тың бастамалармен түрленіп шыға бастады.
Ол – ұлтжанды саясаткер. Ұлтжандылығы, туа біткен турашылдығы, білім-білігі мен парасат-пайымы – Уәлихан Қалижанұлының қоғам және мемлекет қайраткері ретінде ірі тұлғаға айналдырған іргелі қасиеттер. 1994 жылдан 2012 жылға дейінгі аралықта ол Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрінің ­орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, ІІ, ІІІ, ІV шақырылған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болды. Осындай лауазымды басшылық қызметтерде ол ұлттық мүддені қорғауға қатысты елеулі іс-шараларға бастамашылдық танытып, маңызды мәселелердің оң шешім табуына атсалысып жүрді. Әсіресе шетелдегі қазақ қандастарымыздың тарихи Отанға оралуына байланысты күрмеуі қиын мәселелерді шешу тұрғысында ұлтқа деген қамқорлықпен жасаған құнды ұсыныстары мен ірі істері ел есінде. У.Қалижанов осы ретте қоныс ­ау­дарушы қандастарымыздың жаңа ортаға, жаңа жағдайда әлеуметтік-психологиялық, тілдік бейімделуі үшін аса қажет қоғамдық-мәдени іс-шараларды қолға алғаны белгілі.
Мемлекеттік тілдің тынысын ашу жолында атқарған, атқарып жүрген істерін біреу білсе, бірі біле бермейді. У.Қалижанов Мәжіліс депутаты ретінде ҚР «Дипломатиялық қызмет туралы» Заңына «дипломатиялық қызметке баратын тұлғалар мектепті қай тілде тамамдағанына қарамастан, мемлекеттік тілді жетік білуі тиіс» деген маңызды ұсынысты айтып, кейін ол Заң нормасына енгізілді. Осылайша, ол ана тіліміздің дипломатиялық қызметтегі қолданылу аясын заң жүзінде кеңейтуге тікелей атсалысып еді. Бұл да ұлтжанды азаматтың ел қалаулысы ретіндегі қызметін абыроймен атқарғандығын білдірмей ме?!. Оның «Тұңғыш Президент оқуларын» өткізу идеясын ұсынудағы түпкі мақсат-тілегі де мемлекеттік тілдің әлеуетін арттырумен сабақтас-тұғын.
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының басшылығына келгелі бері ана тілінің мүддесіне қатысты сол ұстанымдарынан таймай, ісін жалғастырып келеді. Әдебиеттану, өнертану ғылымдарының қарашаңырағы саналатын мекемеде Уәлихан Қалижанұлы­ның бастамасымен 2012 жылдан бастап мектеп оқушыларының «Менің Әуезовім» атты республикалық шығармашылық конкурсы өткізіледі. Негізінен ұлы жазушының әдеби мұрасын насихаттауға, жас әуезовтанушыларды тәрбиелеуге арналған конкурстың тағы бір маңызы мемлекеттік тілді дамытуға, сөйтіп жас буынның жаңа қазақстандық патриотизм рухында тәрбиеленуіне бағытталғанында. Бүгінгі таңда осы бәйге дарынды шәкірттердің дәстүрлі сайысына айналып, республиканың түкпір-түкпіріне танылып үлгерді.
Қазақ жазуының латын әліпбиіне оралуы тұрғысында да ғалым бұл тарихи үдерістің ұлт келешегі үшін маңызына ерекше мән беріп, республикалық баспасөз беттерінде бірқатар мақалалар жариялады. Осы орайда ол латынға көшуді жаһандану жағдайында ұлттың өзегін – тілін сақтап қалудың заман талабынан туындаған амалы ретінде пайымдай отырып, осыған қатысты халық ішінде оң көзқарас қалыптастыруға атсалысып келеді.
Ол – зерделі ғалым.
Республика жұртшылығына көбіне қоғам, мемлекет қайраткері ретінде таныс У.Қалижанов әр жылдары түрлі қызметтерді атқара жүріп, өзінің жанына жақын, көңіліне қалаулы тақы­рыптардағы ғылым ізденістерін үзбей жал­ғастырды.
Академик У.Қалижанов өз зерттеулерінде қазақ тарихының ақтаңдақ тұстарына жарық түсіріп, бүгінгі күн тұрғысынан салыстырмалы-тарихи баға береді. Ұлт, мемлекет дамуындағы саяси, тарихи үдерістердің объективті саралануына айрықша назар аударатын ғалымның қаламынан бүгінге дейін 25-ке жуық кітап шығыпты. Олардың кейбірі көркем шығармалар, көсемсөз жинақтары, тәржімелер болса, басым бөлігі – ғылыми монографиялар. Солардың қатарында «Мәшһүр Жүсіп», «Жәдитшіл жырлар: Тарихи зерттеулер», «Көңіл көкжиегі», «Қазақ әдебиетіндегі діни-ағартушылық ағым», «Ойкөз», «Жамбыл», «В потоке времени», «Ұлт рухы», «Замана сөзі» сынды кітаптар – ерекше атауға лайық іргелі зерттеу нәтижелері.
«Ақмолла ақынның өмірі мен творчествосы» тақырыбында кандидаттық диссертациясын (1978), «Қазақ әдебиетіндегі діни-ағартушылық ағым (ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басы)» атты докторлық диссертациясын (1999) қорғаған ғалымның зейін қойып зерттеген басты тақырыбы ұлттық сөз өнеріндегі діни-ағартушылық ағым болды.
Жүйелі түрде жүргізілген ғылыми ізденіс­тердің нәтижесінде жасалған қорытындылар, ой-тұжырымдар Қазақстан әдебиеттануында діни-ағартушылық ағым жөнінде ғылыми түсінікті нақтылауға үлес болып қосылды. Тұтас бір тарихи кезеңді толық қамту арқылы жасалған толымды талдаулар негізінде «діни-ағартушылық ағым» жайында ғылыми тұжырымдама түзілді. Аталмыш әдеби ағым аясында дүниеге келген поэтикалық жаңғыру үрдістері сараланды. У.Қалижановтың осы бағыттағы қол жеткізген ғылыми жетістіктері өз кезегінде әдебиет тарихын дәуірлеу мәсе­ле­­сіне қатысты ізденістерде де қолданыс тапты.
«Халық тарих толқынында», «Ғылыми қазына» сынды мемлекеттік бағдарламалар мен бірқатар гранттық жобалар аясында әдебиет тарихы, абайтану, жамбылтану, әуезовтану салалары бойынша жүргізілген ғылыми зерттеулер мен мақалалар жинала келе осындай мазмұнды кітаптарға арқау болды. Қай тақырыпта қалам сілтесе де, өз жолын салып, айрықша толғамдарымен, соны пікірлерімен саналарды сілкінтіп, оқырманын рухани түлететін қаламгерлік ізденіс нәтижелері оның шығармашылық тұлғасын даралай түсері анық.
Ол – жазушы.
Егеменді еліміздің рухани тыныс-тіршілігіндегі мәнді құбылыстарды зерделеуге арналған «Ел мен Ер», «Президент» кітаптары қаламгердің атамекен тарихы, ел тағдыры, бүгіні мен болашағы жайлы ой-толғамдарын қамтиды. Президент Н.Ә.Назарбаевтың тәуелсіз мемлекеттің іргесін қалаудағы сарабдал саясаткер ретіндегі көшбасшылық қасиеттерін дәйекті саралаған тағылымды еңбекті қазақтың Шерағасы – әйгілі жазушы Шерхан Мұртаза былай бағалаған екен: «Тарихшылар осы уақытқа дейін біртұтас қазақ елінің тарихын жаза алған жоқ… Соның сүбелі саласы «Президент» деген кітап. Осы кітапқа қарап болашақ тарихшылар шындықты жаза алады, осы кезеңнің бар тіршілігін, жақсылығын да, кейбір кемшілігін де ‒ барлығын осы кітаптан таба алады. Сонысымен де құнды. Бұл тарихшыларға, болашақ біздің ұрпаққа үлкен мұра болып қалатын дүние». Сайып келгенде, «Ел мен Ер», «Президент» Уәлихан Қалижанұлының ғалымдық, журналистік, жазушылық қабілет-қарымын ұштастырған, ұзақ жылдардағы сан салалы қызмет тәжірибесін,өмірден түйгендерін молынан пайдаланған, қажырлы ізденіс нәтижесі; ұрпақ игілігі үшін жаратылған дүниелер.
У.Қалижановтың жазушылық қырын танытар әдеби, көркем-публицистикалық еңбектер қатарында оның Абай, Жамбыл, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Х.Ерғалиев, Қ.Аманжолов, Д.Әбілев, З.Қабдолов, Б.Кенжебаев, С.Шаймерденов, Р.Нұрғали, Ә.Кекілбаев, Ф.Оңғарсынова, Ш.Мұртаза, Ә.Сарай, Ж.Молдағалиев, Т.Молдағалиев, Т.Кәкішев, т.б. туралы эсселері де бар. Тұлғатану, талантқа тағзым, тарихи бағамдау сипатында жазылған дүниелерде зерделеу объектісінің биік адамгершілік келбет-тұлғасы сомдалып, ұрпаққа өнегелік қасиет-қырлары ашылып отырады. Осы орайда автордың шығармашылық иелерінің тағдырында бұған дейін көзден таса қала берген базбір тарихи мезеттерді дөп басып, өзінше бағалаудағы аңғарымпаздығы, інілік ізеті көңілді баурап алады.
Ол – іскер басшы.
Жарты ғасырға жуық өмірін журналистік және ғылыми шығармашылық еңбекке, жоғары лауазымды мемлекеттік қызметтерге арнаған Уәлихан Қалижанұлының бүгінде жетпістің жотасына шыққан жайы бар. Өмірдің бір белесі, 70 атты мерейлі жасқа ол еңбекке деген қызу құлшыныстың арқасында шаршап-шалдықпай жетіп отыр десек, артық айтпаспыз, сірә. Ол – қай салада қызмет етсе де, өзінен де, өзгелерден де бар ынта-жігерін салып жұмыс істеуді талап ететін еңбекқор басшы. Айналасындағы болашағынан үміт күттірер жастарға нәтижелі еңбек етуді сөзбен емес, тындырымды ісімен үйреткенде тәлімгер, ұстаз міндетін де атқарып кететіні бар. Уәлихан Қалижанұлының басшылығымен М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты бүгінгі таңда ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізумен қатар, қоғамның рухани-мәдени өміріне де белсене араласып, өз шығармашылық әлеуетін барынша тиімді іске асырып келеді.
Институт ұжымы академик У.Қалижановтың жетекшілігімен соңғы 6 жылда 42 ғылыми жобаны, 2 бағдарламаны табысты орындады. Нәтижесінде жүздеген ұжымдық монографиялар, ғылыми жинақтар, әдеби антологиялар мен энциклопедиялар жарық көрді. Оның басшылығымен ­сапалы ғылыми кадрлардыдаярлау ісіне аса мән беріліп, Институтта PhD докторантура, ­магистратура білім сатыларында білім беріле бастады. Ғылымға талабы бар жастардың әлеуметтік хал-ахуалы да іскер басшының назарында. У.Қалижановтың жетекшілігімен жұмыс істеп келе жатқан Институт ұжымының жоспарында атқарылар іс әлі де баршылық.
Осындай сан салалы қызмет жолында қашанда еңбегі елеулі болған азаматтың өмір жолы тағылымды, өнегелі. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, академик У.Қалижановтың ғұмырбаянынан баянды бақтың құпиясы өмірлік кәсібіңді дұрыс таңдай білуде және оны сүйе білуде екенін түйдік.

Альмира Қалиева,
филология ғылымының
кандидаты

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.