«Шіркін, Life!»: Сиыр сауған, қамшы өрген…

Күз келді! Көгілдір экранға көз тігіңіз! Елдің ықыласына бөленген «Еларна» арнасынан «Шіркін, Life!» реалити-шоуы экранға жол тартады. Бұл жоба несімен ерек? Әнші Алмас Кішкенбаевтың қой қырқып, шөп шауып, кірпіш құйғанын көргіңіз келе ме? Я болмаса қалада өскен ақсаусақ, әкесінің ерке қызы Динара Қырықбаеваның сиыр сауғанын көз алдыңызға елестетіп көріңізші! Ақылбек Жеменей ат ерттейді, Әйгерім Қалаубаева жүн түтеді, Бейбіт Қорған қамшы өреді… Иә, олар құрт та жаяды, нан да пісіреді, қазы да айналдырады, кесте де тоқиды… Қызық па? Ендеше, құр қалмаңыз!

Тамаша өмір – ауылда! Бұл – жобаның басты ұстанымы. Аталған жоба арқылы алтын бесік, аяулы мекен – ауыл өмірі барынша әсерлі көрсетіледі. Бұл Елбасымыздың «Жас мамандарды ауылға тарту» яки «Дипломмен – ауылға» бастамаларына да септігін тигізбек. «Басты миссиямыз – бағдарлама арқылы көпшілікке ауыл өмірін насихаттау, жастарды киелі мекенге тарту, ең бастысы, халқымыз­дың сан ғасырлық мұрасы – салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын насихаттау» дейді жоба­ның басы-қасында жүрген журна­лист қауымы. «Шіркін, Life!» шоуының продюсері Толқын Сейдоллақызы: «Рас, бұған дейін де осыған ұқсас шоу­лар отандық телеарналарда жылт етіп, кейін жоқ болғаны белгілі. Олардың барлығы дерлік сәтсіз аяқталған еді. Көпшілік жоба эфирге шыға бастағанда бұл Ресейдің «Дом-2» немесе берер жыл бұрын “Қазақстан” телеарнасынан көрсетілген «Дарабоз» бағдарламаларына ұқсатуы мүмкін. Алайда бұл жобаның жолы бөлек. Бұған тек танымал эстрада жұлдыздары қатыса алады. Өнерлеріне қол соғып, риза болып жүрген аға буын үшін де, соларға қарап бой түзеп, соларға қарап шаш қойып келе жатқан жас ұрпақ үшін де өнер жұлдыздарының сахнадан тыс өмірлері қызықты екені рас. Ал бұл жоба солар арқылы ұмытылып бара жатқан салт-дәстүр мен әдет-ғұрпымызды жаңғыртуға үлес қоспақ» дейді.
Жоба қалай жүзеге аспақ? Екі топқа бөлінген 8 өнер жұлдызы шалғайда жатқан ауылда 13 күн бойы «байланыс аясынан тыс жерде» өмір сүреді. Яғни бағдарлама шарты бойынша олардың қолдарында ешқандай заманауи техника, байланыс құралдары, интернет пен ұялы телефон да болмайды. Он үш күн бойы олар қалалық өмірді ұмытып, ауылдың алаңсыз тірлігіне етене араласуы керек. Бұл жерде елдің көз алдында өнер иелерінің ауыл өміріне бейімделе алатынын әрі қаншалықты төзімді екендерін байқауға болады. Қатысушыларға ауыл шетінен арнайы екі үй беріледі. Олар сол жерде өмір сүреді. Бір қызығы, тіпті оларда заманауи тұрмыстық заттар: теледидар, тоңазытқыш, микротолқынды пеш, көгілдір отын, қала берді, ыдыс жууға арналған сұйықтар да болмай­ды. Ендеше, біздің кейіпкерлеріміз қиындықтарға қаншалықты қарсы тұра алады екен? Қызық! Айтпақшы, жобадан жарқ ететін жұлдыздардың қатарында Ақылбек Жеменей, Бейбіт Қорған, Динара Қырықбаева, Алмас Кішкенбаев, Әйгерім Қалаубаева, Асыл Беделхан, «Арнау» дуэті – Нұржан Керменбаев пен Салтанат Бақаева бар. Алматы облысындағы Үмбетәлі ауылында өмір сүретін өнер жұлдыз­дары өз өнерлеріне ауыл адамдарынан құралған қазылар алқасы тарапынан ұпай жинайды. Жоба эфирге жол тартқаннан бастап көпшілік көрермен SMS жүйесі арқылы өз дауыстарын беріп, бағалай алады. Сүйіп тыңдайтын әншіңіз Сіздің үмітіңізді ақтай ала ма? Өз сүйікті әншіңіздің ел сүйкіміне де бөленгенін қалайсыз ба? Ендеше, «Еларнада» елмен бірге болыңыз!

Бейбіт Қорған, әнші: Көпшілік біздің әнімізді тыңдап, өнерімізге қол соғып келсе, бұл жобадан кейін әншілердің табиғи болмыстарына да тәнті болып, таңдай қағатын шығар деп ойлаймын. Өйткені халық бұрын бізді сахнадан ғана тамашалай алса, енді қалыпты өмір дағдысындағы тіршілігімізден де хабардар бола алады. Бәріміздің түпкі негізіміз, қазақтың қаймағы бұзылмаған қалпы – ауыл. Ендеше, ауылдан алыстамайық, ағайын!

Ақылбек Жеменей, әнші: Бұл өзі қызық бір жоба болды. Қым-қуыт қала тірлігінен барып бірден ауыл тірлігіне араласып кету оңайға соқпағаны анық. Бірақ бұл біздің қолымыздан келмейді дегенді білдірмейді. Тек біраз уақыт көп дүниеден қол үзіп қалдық қой. Оған қоса шөп шабу, қой қырқу, қамшы өру секілді істердің мен үшін еш жаттығы болмаса да, мысалы, кірпіш құюдың аздап таңсық болғаны рас. Өйткені мен Маңғыстау жақтың перзентімін. Біздің жақта ол көп таралмаған. Әйтсе де ата-бабамыз айналысқан кәсіпті қолға алып, салт-дәстүрлерімізді жаңғыртуға үлес қосқанымызды мақтан тұтамын.

Динара ІЗТІЛЕУ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

4 Пікір

  1. Иса

    Осы Әйгерім Қалаубаева деген әншіміз кайбір жылы «Тұрмысқа шықтым, әншілікті тастадым, хиджаб киетін болдым т.б.» деп еді, енді неменеге шошаңдап жүр екен????

  2. Салима

    қызық. Ал қашаннан бастап сағат нешеде екені туралы мәліметтер жок па екен?

  3. Норка

    Аталмыш бағдарламаның бір екі қойылымын көрдім, шынымен кімнің кім екенін көруге болады. Іштерінде сын көтермейтін жастағы қарындастарымыздың қазақша ойын келелі білдіре алмай қиналғанын қарап, қазіргі жастардың деңгейін көруге болады. Негізінде атауының өзі ұнамаған, ағылшыншаны не үшін тіркеді екен, әдемі бір қазақша сөз табылмады ма.
    Салтанат қарындасымыздың әуендетуі тамаша еді, өмірде тіпті басқаша екен, қазақша екі сөздің басын қоса алмай, босқа майысады келіп, қарап отырып ұялады екенсің!

  4. Лариса

    Асыл Беделханның жүріс-тұрысы,сөйлегені,бір сөзбен айтқанда өз-өзін ұстауы керемет,ұлдар да 4уі де тым жаксы , ал қалған 3 аруымыз тіпті қарауға да тұрмайды

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.