Әбу Бәкірдің ерліктері

«Егер маған Алладан басқа тағы бір дос таңдау мүмкіндігі берілсе, мен Әбу Бәкірді таңдар едім». Пайғамбарымыз салла Алаһу алейһи уәс сәләмның осынау бағасына сай, Әбу Бәкір-Сыдықтың Исламдағы әрбір қадамы ерен ерліктерге толы болды. Сөз жоқ, ол ерліктер Алла және Оның Елшісіне (с.а.у.) деген алғашқы халиф Әбу Бәкірдің терең махаббатынан туындап жататын.

ІЗГІ ЖОЛҒА ІРКІЛМЕСТЕН ТҮСТІ

Расулалла (с.а.у.) Хира тауындағы үңгірде, өзіне Алла тарапынан алғашқы қасиетті хабардың, яғни уахидің Жебірейіл періште арқылы жеткізілгенін айтып, жақындарын Исламға шақырған кезде Әбу Бәкір мұсылмандықты еш бөгелместен, бірден қабылдаған болатын. Аталған қадамы оның Исламдағы алғашқы ерлігі еді. Бұл жөнінде Алла Елшісі (с.а.у.) бір жолы былай деген екен: «Мен адамдарды Исламға шақырдым. Олардың әрқайсысы ұсынысымды ең аз дегенде, сәл де болса іркіліп, бөгеліп барып қабылдайтын еді. Алайда Әбу Бәкір олай етпеді. Мен оған Ислам жайлы айта бастаған кезде, еш бөгелместен Алланың Ақ жолына түсті».
Осылайша Әбу Бәкір бас бос­тандығына ие ересектер арасында Исламды қабылдаған алғашқы ер адам еді. Бұл жөнінде ержүрек сахабалар­дың бірі Аммар болса, әл-Бұхари «Сахихының» 3660-хадисінде былай дейді: “Исламның алғашқы кезеңінде Алла Елшісінің (с.а.у.) жанында бес құл мен екі әйел және Әбу Бәкір ғана болған еді. Соны көргенмін». Өзі Исламды қабылдасымен Әбу Бәкір осынау Хақ дінді өзгелерге насихаттауға құлшыныспен кірісіп кетті. Оның шақыруымен Алланың Ақ жолына түскендер қатарында Осман бин Аффан, Зубайр бин Ауам, Талха бин Убайдулла, Абдур Рахман бин Ауф, Саад бин Әбу Уаққас, Біләл сияқты кейінірек Исламның мықты тіректеріне айналған батыр болмысты сахабалар бар еді. Алла оларға разы болсын.
Әбу Бәкір мұсылмандықты қабыл­даған алғашқы күнінен бастап, ұстазы әрі досы Мұхаммед пайғамбармен (с.а.у.) бірге жүріп, Исламды бүкіл іс-әрекеті, бар болмысымен таратуға тырысып өтті. Алла Елшісінің (с.а.у.) көзі тірі кезінде Онымен (с.а.у.) тізе қоса, Ислам үшін атқарған Әбу Бәкірдің ерлік істерін айтып түгесу оңай болмас, сірә!
Сондай иманды қадамдарының бірі ретінде Пайғамбарымыздың (с.а.у.) жеке өмірінің қауіпсіздігі үшін өз жанын пида етуге Әбу Бәкір-Сыдықтың қашанда әзір тұрғанын айта кеткен жөн болар. Себебі «Расулалланың (с.а.у.) өміріне қастандық жасалса, онда тұтас адамзат баласының ұстануға тиіс Үміт оты сөнуі мүмкін» деген ойдан Әбу Бәкірдің жаны жай таппайтын. Оған бір мысал: Пайғамбарымыз (с.а.у.) бен Әбу Бәкір Хыжра сапарына шыққандарында, Меккеден Мәдинаға тіке жол тартқаннан қауіптеніп, әуелі Саур тауындағы үңгірді паналауды жөн көргендері тарихтан белгілі. Себебі тік көтеріліп, дереу іздеуге шыққан құрайыштық көпқұдайшылдар «бірден ұстап алар» деген сақтықпен осындай шешімге келіскен болатын. Әбу Бәкір хазіреті әлгі Саур тауына жеткенше, Расулалланың (с.а.у.) біресе алдына түсіп, енді бірде соңынан ілесіп отырады. Мұның сырын сұраған Алла Елшісіне (с.а.у.) досы былай деп жауап берген екен: «Алдымыздан торып жүргендер бар ма екен?» деп қауіптенгенімде алға түскенді жөн көремін, ал «қуғыншылар келіп қалмады ма?» деп күдіктенгенімде соңыңызда жүріп отырғанды қолайлы санаймын, – деген екен осынау қасиетті сапардағы адал жолсерік досы.

ҚАНСЫРАҒАН ЖҮРЕКТЕРДІҢ ЕМІН ТАПҚАН

Енді бір сәт Әбу Бәкір-Сыдық­тың Пайғамбарымыз (с.а.у.) дүние­ден өткеннен кейінгі қиын-қыстау кезеңдерде атқарған ерліктері­не тоқталсақ. Өмірінің соңғы күні, таңертең Расулалланың (с.а.у.) жағдайы біраз жақсарғандай болып, сахабалардың да көңілдері көтеріңкі күйге түсіп, Әбу Бәкір болса, бір шаруаларымен қала сыртына шығып кеткен еді. Жаманат хабарды алысымен ол дереу Расулалланың (с.а.у.) жатқан үйіне, яғни қызы Айшаның (Алла оған разы болсын) отауына жетуге асықты. Алла Елшісі (с.а.у.) аяулы жары, Айша анамыздың қолында дүниеден өткені тарихтан белгілі ғой. Әбу Бәкір екі дүниедегі шынайы досы әрі қайталанбас Ұстазының (с.а.у.) бетінен өбіп тұрып: – Өмірің қандай қасиетті болса, өлімің де осыншалықты ұлағатты болар ма! – деді жанарларынан жас бұршақтап. Ол сыртқа шығып, аза-хабарды естірткен сәтте сол жердегі жиналған мұсылмандарды ауыр қайғы мен қасірет басқандай еді. Олар үшін Пайғамбарымыз (с.а.у.) жай ғана ұстаз емес, бүкіл өмірлерінің рухани тірегі, достары, ақылшы-кеңесшілері, айқын Ақ жолға бастаушы басшылары еді. «Енді біздің күйіміз не болмақ?» деп аһ ұрысты олар.
Тіпті Исламның арыстан жү­ректі сарбаздарының бірі Омар Хаттабұлының өзі ақылынан адас­қандай халде-тін. Ол қылышын қы­набынан шығара жалаңдатып: «Пайғамбар (с.а.у.) өлді деп айтқан адамның басын шабамын» деп қатуланды. Омарды жұбату, оған басу айту мүмкін еместей еді. Осындай сын сағаттарда алғашқы боп ақыл-есін жиып, қайратына мінген жан Әбу Бәкір болды. Ол дереу мінберге көтерілді де:
– О халайық! Егер кімде-кім Мұхаммедке сиынса, онда расында Расулалланың (с.а.у.) шын жайына аттанғанын хабарлаймын. Ал егер кімде-кім Аллаға сиынса, онда Оның мәңгі тірі, яғни ешқашан өлмейтіндігін естеріңе салғым келеді! – деді. Сөйтті де, Қасиетті Құрандағы Әли Имран сүресінің 144-аятынан үзінді оқыды:
– Мұхаммед бар болғаны Елші ғана. Оған дейін өмірден талай Елшілер өткен. Егер Ол қаза болса немесе өлтірілсе, сонда сендер діндеріңнен кері шегінбексіңдер ме?». Қасиетті Кітаптағы осынау са­бырлылыққа шақырған сөздерді естігеннен кейін жиналған жамағат шынайы мұсылмандарға тән ұстамды қалыптарына қайта келісіп, басқа түскен жағдайға шүкірлік етісті.
Қасиетті Құранды басшылыққа ала отырып, Алла ризасы үшін деп, дүйім халыққа айтылған осынау жұбату сөздерде қаншама пара­саттылық, терең иман, даналыққа толы тәуекел жатыр десеңізші!
Бұл – хазіреті Әбу Бәкірдің Ислам жолындағы ең басты ерліктерінің бірі ғана болатын.

АЛҒАШҚЫ ХАЛИФ
АМАНАТТАРЫ

Пайғамбарымыз салла Алаһу алейһи уәс сәләм дүниеден өткеннен кейін Ислам халифаты алдында шешімін күтіп тұрған ең басты мәселе өз араларынан басшы таңдау еді. Мәселенің маңыздылығы сонша, оны бірнеше күн тұрмақ, санаулы сағаттарға кері ысыру Ислам мемлекеті үшін үлкен қатер болатын.
Кез келген сәтте күтпеген оқиға­лардың орын алып кетуі, сөйтіп, қо­ғам­да бей-берекеттіктің орнауы әб­ден мүмкін еді. Ол дегеніңіз – қасиет­ті Пайғамбар (с.а.у.) орнатып кеткен Ислам мемлекетінің болашағына қауіп төнеді деген сөз. Мұсылмандар өзара ақылдаса келіп, бұл қызметке Әбу Бәкірден лайықты кісі жоқ деп шешісті. Аталған сайлау шешімінің егжей-тегжейі жөнінде, сірә, бөлек бір әңгіме қозғаған лайық болар.
Ол халифтік қызметінің бірінші күні халыққа алғашқы арнауын жолдады. Әбу Бәкір егер өзі осы қызметінде Алла және Оның Елшісі (с.а.у.) арқылы жеткізілген қағидалардан ауытқымаса ғана мұсылмандардың өзіне бағынуы тиіс екендігін, ал халиф ретінде теріс жолға түссе, онда халықтың тура жолға бұрып, көмектесулерін әлгі арнауында сұраған екен. Сонымен Пайғамбарымыз (с.а.у.) қазасынан кейін Ислам қоғамында пайда болған өтпелі кезең ауыртпалықтары сахабалармен бірге Әбу Бәкірдің иығына түскен болатын.

«ЗЕКЕТ ПЕН НАМАЗ – ЕГІЗ МІНДЕТ»

Әрине, сол шақтағы қиын тү­йіндердің бірі жайлы тарата айтар болсақ, Расулалланың (с.а.у.) қазасы жөніндегі хабар Араб жеріне кеңінен жайылған сайын, көптеген тайпалар зекет төлеуден бас тарта бастаған еді. Олар: «Бұл тек Пайғамбарға (с.а.у.) ғана төленетін салық болатын» деген жалған тұжырымдарымен Исламның басты шартына қарсы шығысты. Жағдайды ушықтырмау мақсатында көптеген сахабалар, оның ішінде Омар Хаттабұлы да бар, зекет жинау ісін уақытша жеңілдету, тіпті тоқтата тұру туралы халифке кеңес берген болатын. Алайда Әбу Бәкір халиф мұндай жалпақшешейлікпен келіспеді. «Зекет төлеу мен бес мезгіл намазды орындау – Алла тарапынан түскен бұйрық, яғни Шариғаттың бөлінбес қос діңгегі. Олардың бірін орындаудан бас тарту деген сөз – Исламның діңгегіне балта шабумен пара-пар» деп Әбу Бәкір бұл Қасиетті міндеттердің сөзсіз орындалуын табанды түрде талап етті.
Бұған орай әл-Бұхаридің «Зекет кітабының» 1399, 1400-ші хадистерінен үзінді келтіре кетсек. Омар Хаттабұлы әлгі зекет беруден бас тартушылармен жаңа халифтің қалайша күрес жүргізбекші екендігін сұраған кезде, Әбу Бәкір былай деген екен: «… Алла атымен ант етемін! Намаз бен зекетті бөліп қараушылармен міндетті түрде күресетін боламын. Себебі мүліктен зекет беру міндетті ғой! Кезінде Пайғамбарымызға (с.а.у.) зекет орнына төлеп келген бір ешкісін бергісі келмейтін адам табылса, мен сол үшін де күресемін!» деген екен. Содан кейін Омар: «Алла атымен ант етемін, зекет үшін күресу шешіміне Әбу Бәкірді Құдайдың өзі алып келген сияқты. Ол шешімнің өте орынды екендігін бірден түсіндім» деген еді.
Әбу Бәкір-Сыдық зекет төлеу міндетін бес мезгіл намаздан бөліп қарамау керектігін талап еткен табанды шешімі арқылы осылайша Ислам негізінің нығая түсуіне өз үлесін қосқан болатын.
Алғашқы халифтің Алла жо­лындағы осынау ержүрек табан­дылығы өтпелі кезеңнің сын сағат­тарынан Ислам мемлекетінің іргесі шайқалмастан, бүлінбей өтуіне себепші болды.
Расулалла (с.а.у.) қаза боларынан бірнеше күн бұрын Усама бин Зайд­ты Сирияға жорыққа дайындаған еді. Алайда Пайғамбардың (с.а.у.) сырқаттанып, содан кейін көз жұ­муына байланысты ол сапар бірнеше апталарға кейінге шегерілді. «Усама жасағын осындай қиын-қыстау кезде сыртқы жорыққа жіберудің не қажеті бар? Оның үстіне 20-ға да толмаған жас жігіт әскерді басқара ала ма?» деген сауалдар қаптап кеткен болатын. Мұндай ұсыныстарға Әбу Бәкір:
– Мен бұл жерде жалғыз қалсам да, Пайғамбардың (с.а.у.) бұйрығы­мен әзірленген Усаманың жасағын Сирияға жөнелтуге тиіспін! – деп тойтарыс беріп, өз шешімінде табанды түрде тұрып алды. Усаманың әскерін шығарып сап тұрып Әбу Бәкірдің айтқан мына өсиеттері бүгінгі күн үшін де сол күйінде өзекті десе болғандай.
«Қашқын немесе қолбасшыға қарсы тұрушылардан болмаңдар. Қарт адамды, әйел, бала-шағаны өлтір­меңдер. Пальма ағашын, жеміс ағаштарын қимаңдар. Азық-түлік үшін ғана болмаса, жалпы қой, сиыр, түйелерді орынсыз бауыздамаңдар. Сапарларыңның барысында монас­тырларда өмірін өткізушілермен кездесулерің мүмкін. Оларға тиіспей, жайына қойыңдар» деген нұсқауымен халиф Әбу Бәкір-Сыдық қолбасшы Усама әскерін жолға салған болатын. Ол әскер 40 күнге жетер-жетпесте Сириядан үлкен жеңіспен қайта оралды. Қолбасшы Усама бин Зайд Ислам дінін жаңа өңірге таратып, сол сапарда дәріс беретін өкілін де Сирияға қалдырып кеткен еді.

ЖАЛҒАН ПАЙҒАМБАРЛАРМЕН КҮРЕС

Әбу Бәкір басқарған халифаттың тағы бір бетпе-бет келген күрделі түйіні – өзін «пайғамбар» деп жария­лаушылардың ұйымдастырған көтері­лістерін басу. Олай болмаған жағдайда мемлекетте азамат соғысы тұтанып кетуі мүмкін. «Зекет төлеуден босатпады» деген сылтаумен әлгі суайттар өздері басқарып отырған тайпаларын Мәдинаға қарсы шабуылға бастап шыққан еді. Алайда мұсылмандар мұндай сатқындық әрекеттерді той­таруға әзір болатын. Әбу Бәкірдің басқаруындағы мұсылмандар соққы­сының өте пәрменді болғандығы сонша, сатқындықпен шабуылдаушылар кері қашуға мәжбүр болды. Жоғарыда айтқанымыздай, Усама әскері де осы екі аралықта майдан даласына жетіп үлгерген еді.
Содан кейін Әбу Бәкір Ислам мемлекетіне сатқындық жасаған әлгі тайпаларға қарсы әскери жорықтарды бірінен кейін бірін жасауға ұйғарды. Жаңа халиф Мәдинаға өзінің орнына орынбасар етіп Усаманы қалдырып, басын қатерге байлап, жорыққа әскерді өзі бастап шықты. «Бұл жорыққа басшылық ісін өзгелерге тапсырып, өзіңіз Мәдинада қалыңыз!» деген кеңесшілерінің сөзіне қарамады. Сөйтіп, Сыдық өзі басқарған шабуылдарында абыс және забиян тайпаларының бүлікшілерін жеңіп, Ислам мемлекетінің біртұтастығын сақтап қалды.
Уалид бин Халидтің бастауында­ғы Мұсылман әскері өзін пайғамбар деп жариялаушы суайттарға қарсы бітіспес күрестер жүргізіп, Алланың қолдауымен және халиф Әбу Бәкір-Сыдықтың бұйрығымен жеңістерден-жеңістерге қол жеткізіп отырды.
Сондай күрестердің бірінде, яғни Йамама соғысында қасиетті Құранды тұтас жатқа білген жетпістей сахаба қаза болғандықтан, Әбу Бәкір Құрани Кәрімді толық жинақтатып, бір кітап етіп топтастыруға бұйрық берген болатын. Ислам ілімін халық арасына кең таратып, оны терең түрде оқыту ісіне айрықша көңіл бөлуі алғашқы халифтің кезекті үлкен ерліктерінің бірі еді.
Алпыс үш жасында қаза болған Әбу Бәкір адамзаттың Ұстазы әрі өзінің ең аяулы досы Пайғамбарымыздың (с.а.у.) қасына жерленді.

ХАЛЫҚТЫҚ БАСҚАРУДЫҢ ШЫНАЙЫ ҮЛГІСІ

Алғашқы халиф, «Islamic Gateway» атты энциклопедиялық мұрағатта жа­зылғанындай, мәңгілік жайына аттанар алдында кем дегенде мынандай екі өсиет айтқан екен:
– Шын киім (яғни ақиреттік киім) ретінде маған жаңа бұйымдар кигізбеңдер. Күнделікті иығыма іліп жүргендерімді тазалап, жуып, сонымен денемді жабыңдар, – деді Әбу Бәкір.
– Әке, бұл киімдеріңіз өте ескі және әбден тозған ғой? – деді халиф­тің қызы және мұсылмандардың анасы Айша (Алла оған разы болсын).
– Дегенмен сол ескі де тозған киімдерім денеме жайлырақ, – деді халиф. Осынау соңғы өсиеттерінің ал­ғашқысы бұлжытпастан орындалды.
Әбу Бәкір-Сыдықтың екінші өсиеті төмендегідей еді: – Менің меншігімдегі жерімді сатыңдар да қаржысын, халифтік қызметімде алған айлығымның қайтарымы ретінде Халық қазынасына құ­йыңдар! Әрине, халифтің бұл өсиеті де үлкен ыждаһатпен орнына келтірілген болатын. Халифтің екінші өсиетінің сыры төмендегідей еді. Мұсылман­дықты қабылдарға дейін Әбу Бәкір бай саудагер болатын. Ал халиф боларының алдында оның иелігінде сол дәулетінің едәуір бөлігі қалған-ды. Жеке шаруасымен айналысуға мемлекет жұмысынан оның қолы тимесін анық түсінген сахабалар өзара ақылдаса келе, Әбу Бәкірге халиф ретінде жылына алты мың дирхам көлемінде айлық белгілеген екен. Осы айлықты алып тұрған алғашқы халиф көз жұмары алдында сол қаржының барлығын дерлік мемлекет қазынасына қайтаруға бел байлайды. Яғни халиф Сыдық Ислам мемлекетіне сіңірген қызметінің тегін болғанын жөн көрген ғой. Оның екінші өсиеті де толық орындалып, бұл қаржының барлығы да Байт-ул-Мал, яғни Халық қазынасына қайта құйылды. Осылайша ол Исламға қалтқысыз қызмет етудің тамаша үлгісін көрсетіп кеткен болатын.
Әбу Бәкірдің бірнеше ұлы және бауырлары бар еді. Алайда халиф мемлекеттік қызметтерге олардың бірде-бірін тартқан емес. Керісінше, ондай қызметтерге сахабалар арасынан ең лайықты дегендерін әділдікпен таңдап қоюшы еді.
Әбу Бәкір мәңгілікке көз жұмар алдында екі аптадай төсек тартып жатқанында да Ислам халифатының болашағы жайлы ойланумен болды. «Өзімнен кейін мұсылман қоғамында бей-берекеттіктер орын алмаса екен» деп қабырғасы қайысқан Сыдық ұзақ ойлана келе, «сахабалардың ішіндегі ең жігерлісі әрі Алла жолында аянбай тер төгетін пәрменді болмысқа ие» деп бағалап, Омар Хаттабұлын өз орнына ұсынған болатын. Онда да «айттым – бітті, кестім, болды» деген жоқ. Бұл ұсынысын әуелі сахабалардың талқысына салып, олардың келісімін алғаннан кейін ғана жалпы халықпен ақылдасты. Олар да құп алған соң Омарды екінші халиф деп жариялаған болатын.
Әбу Бәкір осынау қысқа ғана, яғни екі жыл, үш ай, он күнге созылған халифтық қызметінде тұтас Ислам әлемі бетпе-бет келген небір ауыр кезеңдерде мұсылмандарды зор абыроймен басқарып, «қиюы кетті-ау!» деген талай өткелдерден мемлекетті даналықпен алып шыға білді. Алғашқы халифтің осыншама рухани табыстарға жетуінің сыры неде еді? Әрине, ең әуелі Алла Тағалаға және Оның Елшісіне (с.а.у.) деген шексіз махаббаты оның тұтас өмірінің түгесілмес күш-қайнары, сарқылмас бұлағы болды.
«Ислам әлемін нығайту жолында жаным құрбан» деп жанын аямай тер төккен Әбу Бәкір бүкіл әлемге нағыз халықтық биліктің, ел мүддесін күйттеген үкіметтің қандай болуы керектігін дәлелдеп берді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) негізін салып кеткен Ислам мемлекетін одан әрі нығайта түсті. Алла разы болғай Әбу Бәкір-Сыдықтай пәруана құлына!

Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.