«Жиырма бес» Ақанның әні болуы тиіс

Халық арасына кеңінен таралып кеткен «Жиырма бес» деп аталатын ән бар. Адамның жастық шағына деген аңсары, сағынышы, мұңы, дүниенің өткіншілігі, бір орында баяндап тұрмайтыны жайындағы философиялық мәні терең әннің тыңдаушыға берер әсері өте күшті. Әннің ғажаптығы сонда ол толқытады, тебірентеді, жалпы адам өмірінің мәні мен мағынасы сыр шертеді. Осы «Жиырма бес» әнінің кімге тиесілі екені жайында пікірталас та аз емес. Оған себеп, әннің әртүрлі нұсқаларда кездесетіндігі. Мәселен: 

Жүйрікте болмайды көрік сыналмаған,
Бақ тайса ерге дәулет құралмаған.
Меңзеген асқар тауға асыл көңіл,
Дүниеде еш нәрседен тына алмаған…
Ахау-ай, ай-жалған,
Жиырма бес, қайта айналып келмес саған, – деген сөздері бар «Жиырма бес» Зілқаранікі болды. Осы мәтінді, оның нотасын композитор А.Затаевич 1925-31 жылдары «Қазақтың мың әні», «Қазақтың 500 ән-күйі» деген елден жазып алған жинағында келтірген. Затаевичке бұл әнді «Зілқараның әні» деп жаздырған Қаныш Сәтбаев екен. М.Әуезов «Абай жолында» Біржан сал Абайға Зілқараның «Жиырма бес» әнін айтып еді дейді.
Беріп кет сақинаңды мыс та болса,
Жүрейік күліп-ойнап қыс та болса.
Таста да етігіңді байпақшаң кел,
Көрейін өз сорымнан ұстап алса, – деген сөздері бар «Жиырма бес» Салғаранікі болуы керек. Өкінішке қарай, осы екі мәтін де бір әнмен айтылып жүрген сыңайлы. Енді бір «Жиырма бес» Қытай елінен келген Хамит Ысқақұлы айтатын ән.
Бұл әннің нұсқасы да бір ғажап, классикалық үлгі деуге болады. Алдыңғы «Жиырма бестерден» ән, мәтіні бөлек. Демек, аталған туынды да бір дәуірдің шежіресін көтеріп тұр. Осы әнді шығарған адам өнерде аса биік дәрежеге көтерілгені сөзсіз. Қытайда халық әні деп айтады екен. Ілия Жақановқа жазушы Әнес Сарай Ақмола облысына барғанда бір кісі оған бұл ән – Шортанбайдың әні деп айтыпты. Осыны «дәлел» етіп біздің Ілия ағамыз бұл әнді Шортанбайдыкі дейді. Жақановтың бұндай «дәлелдеуін» біліп алғандар мен де бәленнен естідім, анау мынаның әні екен деушілер көбейіп кетті. Нақты айтқан адамның аты, жері, мезгілі жоқ осындай әдістермен біраз ел өз жақындарын ақын-композитор қылуға тырысып жатыр. Бұл жалған. Мұндай дәлелдер бірнеше жерден, әртүрлі уақыттарда нақты айтқан адамдардың аузынан шықса, көңілге қонымды болар еді. Қай жерден, кім айтқаны белгісіз, бәленшенің әні деп біз барлық халық әндерінің авторларын жаза беруімізге болады. Мәселен, тарихшы ­Манаш Қозыбаев дәстүрлі әнші Қапаш Құлышеваға бұл әнді Ахмет Байтұрсыновтікі депті. Бірақ ­Шортанбай мен Ахмет Байтұрсыновтың қолдағы жинақтарында Хамит айтқан мәтін жоқ.
«Ақан серінің поэзиясынан үлкен орын алатын шығармаларының парасатты ойтолғаққа арналғаны аз емес. Олары жүйелі де орынды, діндар Ақан, не сері Ақан емес, қазақтың үздік ойшыл Ақан серісі екенін көрсетеді. Оның серілігінің негізінде мейірбандық, қамқорлық, жанашырлыққа негізделген бекзаттық басым десек, ұлағатты сөздері де сол төңіректен көрінеді:
Алтынды қорлағанмен жез болмайды,
Жібекті жуғанменен бөз болмайды.
Мысалы әр нәрсенің бәрі сондай,
Жаманның көкірегінде көз ­болмайды, – деген сөздер неден кем?! …нағыз дала философиясының дара да, дана түрі емес пе?» деп Кәкімбек Салықов ағамыздың 1935 жылы Сәкен ­Сейфуллин құрастыруында Ақан серінің «Таңдамалы өлеңдері» деген атпен шығарған жинағында серінің «Асыл мен жасық» деген он екі шумақ толғауына тамсануы тегін емес қой. Осы өлеңнің төрт шумағы төмендегідей:
Сауғанмен жалғыз сиыр іркіт болмас,
Өнерді бойға біткен іркіп болмас.
Мысалы әр нәрсенің бәрі сондай,
Сұңқылдап күшіген құс бүркіт болмас
(Қарқылдап қара қарға бүркіт болмас
Ит қызыл болғанменен түлкі болмас,
Ойнақтап сиыр үркіп жылқы болмас.
Ел көркі дәулет екен әзелдан-ақ
(Мысалы әр нәрсенің бәрі сондай)
Дәулетсіз ел болса көркі болмас
(Ағашқа саясы жоқ бұлбұл қонбас)
Мәстектен тұлпар артық шаппаса да
(Жабыдан тұлпар шықпас баптағанмен,)
Тексізден текті тумас мақтаса да
(Жаманның аты шықпас мақтағанмен)
Баласы ителгінің қу ілмейді,
(Ителгі қайырсаң да түлкі алмайды)
Алтыннан тұғыр қылып сақтаса да.
(Алтындап томағасын баптағанмен)
Жабыға тоқым салма жалы бар деп,
(Жабыға айғыр салма жалды екен деп)
Жаманға басыңды име малы бар деп.
(Жаманмен жолдас болма малды екен деп)
Жануар деп сипайды әрбір малды,
(Жүйрікті жол үстінде тастап кетпе )
Шошқаны кім сипайды жануар деп.
(Қан түсіп аяғына қалды екен деп)
А-хау, а-хау заман,
Хош бол аман,
Жиырма бес, қайта айналып келмес саған…
Хамит Ақан серінің сөзімен айтып келіп, жақшада жазылған мәтінге түседі, 3-4 шумақты жақшадағы мәтіндермен айтады. Жалпы айтайын деген ойы – сөздері бір, уақыт өте орындаушы­лардың есте сақтау қабілетіне қарай мәтін өзгеріске ұшыраған.
Ақан сері де сол заманның ақын-компози­тор­лары сияқты әнді, мәтінді өзі шығарған. Сондықтан мәтін кімдікі болса, ән де соныкі. Бұл мәтін Ақан серінікі, ендеше ән де Ақандікі. «Әр шумағы үзіліп түскен гауһардай кәдімгі қара өлең боп, әркез айтылып та жүрді. Бір шумақ бір-бір ой. Ол көне фольклорлық нұсқадан гөрі ойшыл ақын,не сал-серінің толғанысына ұқсайды. Ән қайырмасының өлшемі, құрылысы Арқаға ғана аян «Жиырма бестің» тосын нұсқасын танытқандай болды» деп Ілия Жақанов дөп басқан». «Әудем жер», »Көк жендет» әндерінің мәтіндері сол жинақта Ақандікі деп берілген, ендеше әндері де Ақандікі. «Балқадиша», «Құлагер», «Қараторғой», «Маңмаңгер», «Сырымбет», «Майда қоңыр», «Ләйлім шырақ», «Шырмауық» сынды мәңгі өлмес әндер қалдырған Ақан сері «Жиырма бес» әнін шығарған.

Мұсатай ЕСМАҒАНБЕТ
Көкшетау

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.