«Қазақконцерт» – бірегей ұжым

Жуырда «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған баспасөз мәслихаты өтті. Әлемдегі ең озық технологиялық жетістіктерді есепке алып жабдықталған, жоғары деңгейдегі іс-шаралар мен ресми кездесулерді, көрмелер мен конференцияларды өткізуге арналған ірі кешен – «Қазақстан» орталық концерт залында өткен жиында мекеме директоры Жеңіс Сейдоллаұлы өнер ордасының қызметімен таныстырды.

Бірегей, теңдесі жоқ кешен құру идеясын Мемлекет басшысы Н.Назарбаев ұсынған болатын. Концерттік залды Елбасы 2009 жылғы 16 желтоқсан күні салтанатты түрде ашты. Әлемге белгілі сәулетші Манфреди Николетти жобалаған ірі кешен Президенттің резиденция­сымен, Сенат және Мәжіліс ғимараттарымен үйлесім тауып тұр. Шығыс жағынан келушілер Есіл өзенінің сұлулығы мен қайталанбас пейзажын тамашалай алады. Ғимараттың желкенді формасы қырда өсіп тұрған үлкен экзотикалық гүлдің бейнесін көз алдыңызға әкеледі.
«Қазақконцерттің» шығармашылық құрамы да осал емес. Қазақстан Рес­пуб­ликасының үздік музыкалық ұжымы қатарынан саналатын «Солистер академиясы» мемлекеттік оркестріне ҚР Халық артисі Айман Мұсаходжаева көркемдік жетекшілік етеді. Оркестрдің құрамындағы артистер – классикалық музыка иіріміне толы әуендерді еліміздің үздік сахналарында орындап жүрген жоғары кәсіби музыканттары, халықаралық байқаулардың лауреаттары.
«Форте трио» мемлекеттік триосының (көркемдік жетекшісі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Т.Урманчеев) өнер саласында алатын орны зор. Ұжымның репертуары жан-жақты – барокко стилінен бастап джаз бағытын қамтиды.
Бүгінгі таңда көрермен арасында «Астана» әзіл-сықақ театры ерекше танымалдыққа ие болып отыр. Театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Т.Қабатов. Қазір театр артистері жаңа әзіл ­шоуын, көлемді спектакль әзірлеу үстінде.
«Астана Мюзикл» театры – Орталық Азия аумағындағы тұңғыш мамандандырылған мюзикл театры (көркемдік жетекшісі – ­Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров). Жаңа театр заманауи бағыттарға негізделіп, отандық мюзикл орталығына айналып үлгерді. Қадамы қарышты жас театр ұлттық драматургияны қамтитын бес отандық мюзикл мен Ж.Пресгурвиктің әлемге танылған «Ромео и Джульетта» мюзиклін көрермен назарына ұсынып жүр.
«Астана сазы» фольклорлық ансамблі қазақ халқының ұлт аспаптарын танытып, республика өңірлері мен шетелде тамаша өнер көрсетіп келеді. Ал «Номад» этно-фольклорлық ансамблінің басты ерекшелігі – қазақ халқының көнеден келе жатқан төл музы­калық өнерін қазіргі заман ұрпағының талғам-таным таразы­сына сай қайта жаңғырту. Ансамбль құра­мында халықаралық бай­қаулардың лауреат­тары, еліміздің үздік музыканттары өнер көр­сетеді.
Биылғы ауқымды шаралардың бірі – ­Астана қаласының 20 жылдығы әлемдік деңгейде атап өтілетіні белгілі. Елорда тойы – елдің тойы. Дүбірлі мереке аясында «Қазақконцерт» ұжымының ұйымдастыруымен 17-30 ­маусым күндері ІІ Дүниежүзілік «Астана» театр фестивалі өтеді. Өнер мерекесіне әлемнің танымал театрлары, Еуропа мен Азияның кәсіби ­мамандары: драматургтер, режиссерлер, актерлер, театр сыншылары мен мәдениет қайраткерлері келмек. «Astana musical» театры Астана тойына тарту ретінде Гиннестің рекордтар тізіміне енген, авторлық құқығы қорғалған әлемдік жауһар – «NOTRE DAME DE PARIS» мюзиклін ұсынбақ.

Жұлдыз Райымбекқызы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Ғабиден

    Ұжымға зор шығармашылық табыстар тілеймін. Халқымыздың мәдениеті мен өнерін насихаттап, әлемге танылуын мол үлес қосып жатқан ұжым.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.