Баукеңнің ұстазы

Атырау өңірінің халық ағарту ісінің қалыптасып, даму тарихында аттары беймәлім, бірақ халық алдындағы еңбектері ерекше тұлғалар баршылық.Құрылғанына 80 жыл толып отырған мұнайлы облыстың өркендеуіне, жан-жақты дамыған, білімді мамандарды даярлауда өлшеусіз еңбек еткен алғашқы ұстаздардың бірегейі – Дүйсенғали Бурабаев. Қызылорда қазақ халық ағарту институтында қоғамдық пәндерден дәріс берген Дүйсенғали Бурабайұлының мұрағаттық ісқағаздарында, оның Орал облысы Қарабау жерінде №8 ауылда 1885 жылы туғаны, Гурьевте орыс-қазақ училищесін, Орынбор мұғалімдер мектебін бітіргені және Қызылқоға жерінде Кеңес үкіметінің орнауына қатысып құқық қорғау саласында жұмыс істегені көрсетілген. Ұлттық қауіпсіздік басқармасы анықтамасында Д.Бурабаев туралы төмендегі мәліметтер бар.

«БУРАБАЕВ Дюйсенгалий (Дуйсенгали) [..1885 — ..] Родился в Кустанайском уезде.; казах; Окончил 3-годичную вол. Рус-кир. школу. Окончил 2-классное рус-кир. уч-ще, 2 г. учился 2 года в казахской учительской школе, не закончил. Член ВКП с 1.06.1922 С 19 лет работал – учитель аульной школы (? — 1920 гг.); сотрудник Гурьевского уоно (1920-22 гг.); пом. прокурора Уральской губернии по Калмыковскому уезду – уездный прокурор (09.1922-25 гг.); зав. казахской школой семилеткой (1925-26 гг.); инспектор Наркомпроса КССР (1926-27) пред. ГрамЧК (Чрезвычайной комиссии по борьбе с неграмотностью) при НКП КССР с 11.11.1928 – член (коллегии) Политико-просветительского комитета КССР (на правах наркомата) первый секретарь. Проживал: Кустанайская обл. пос.Тургай. Арестован 20 ноября 1932 г. Актюбинская облпрокуратура.
Приговорен: Выездная сессия Актюбинского облсуда 2 декабря 1932 г., обв.: 58-7 УК РСФСР.Приговор: 10 лет ИТЛ. Реабилитирован 18 сентября 1968 г. Пленум Верховного суда СССР. за отсутствием состава преступления».(Источник: Сведения ДКНБ РК по Костанайской обл).
Бұл деректерді тарқату мақсатында Қос­танай облыстық ішкі істер департамен­тінің мұрағатындағы №02718 іспен танысуға тура келді. Дүйсенғали Бурабаев 1931 жылдың ақпан айынан 1932 жылдың шілдесіне дейін, Ақтөбе аймағы Торғай ауданының аудандық атқару комитеті төрағасы, 1932 жылдың шілдесінен қазан айына дейін Торғай аудандық пар­тия комитетінің бірінші хатшысы болған. Жанұялы, бес ұл-қызы болған. Мұра­ғат­та жолдасы мен балалары туралы мәлі­мет жоқ. Айыптау ісінде Ақтөбе аймағы ОГПУ мәліметінде «Бурабаев Дүйсен­ғали 1924-25 жылдары Жымпитыда аудан прокуроры болған кезде інісі Бурабаев Бисенғали атақты бай Жанқараев Сүлей­меннің қызына үйленгенін, қалың мал ретінде ағасы Дүйсенғали 400 сом бергені көрсетілген. 1926-27 жылдары Орал қаласындағы жетіжылдық мектепте дәріс берген, кейін Қызылордаға қоныс аударған. Бурабаевтардың жекеменшігінде 100 қой, 40 ірі қара және 10 түйесі болған. 1929 жылы малдары тәркіленіп Бурабаев Бисенғали жер аударылған. Ұжымдастыру науқаны кезіндегі қателіктері үшін ­Бурабаев Дүйсенғали1932 жылы 20 қара­шада тұтқындалып, 1932 жылы 2 жел­тоқсанда 10 жылға сотталған. 1967 жылғы 7 шіл­де­дегі №1\3271 анықтама бо­йын­ша ай­­даудағы уақытын толық өткізген және кейінгі тағдыры белгісіз. Батыс Қазақ­стан облысындағы мұғалім мамандар туралы зерттеулерде Дүйсенғали Бурабаев есімі көрсетіледі. Өлкетанушы Тілекқабыл Сағыновтың «Меценат» атты мақаласында: «1880 жылдары Орал губерниясында 100 мектеп жұмыс жасап, оның 40-ы ауыл-аймақта ашылған» деген дерек сақталған. Солардың бірі – қазіргі Базаршолан ауылындағы «Қызылжар» мектебі 1888 жылы ашылған. Ол мектепте алғашқылардың қатарында Палмұ­қан Өзбекқалиев, Ғабдолла Махамбетов, Аманғали Асылбеков, Хұсайын Қараба­лин, Жұмағали Есжанов, Мамырбай ­Ерубаев, Байсары Шағатаев, Нұрмағанбетов, Көптілеуов, Асылғалиев, Костин, Жұмашев деген азаматтар оқыған. Сол мектепті көп жыл басқарған Махмет Жәрдемұлы 2008 жылы «Туған топырағыңның тарихы – өзіңнің тарихың» атты кітап шығарған еді. Осы еңбекте Базаршолан ауылында 40 шамалы оқушы оқыған мектеп 1904 жылдан «Соналы болысының орыс-қырғыз училищесі» деп өзгертіліпті. Қазақ ауылдарында болыстық жүйенің ісқағаздары орыс тілінде жүргізілгендіктен, жергілікті басшыларды орысша сауаттандыру, іс жүргізуші, аудармашылар даярлау мақсаты қойылған. Училищеде Мұхан Күпсеғалиев, Әуелбай Төребев, Ақбас Ақатов, Дүйсенғали Бурабаев, Рахметолла Қаржаубаев, Керей Тоғайбаев ұстаздық еткен. Училище бір басқышты, 4 жыл бойы сабақ орыс тілінде оқытылған» деп баяндалады. Орал қаласындағы №11 Сәкен Сейфуллин атындағы мектеп тарихында да Дүйсенғали Бурабаев есімі кездеседі. Орал қаласында 1920 жылдары ашылған алғашқы жетіжылдық мектеп-интернатта Каратаев Гали, Камалов Суйиндик, Варлов Лев Михайлович, Баймухамедов Абдрахман, Шагиев Исмензен, Кондрахин Александр, Казиев Хайджи, Бурабаев ­Дуйсенгали жұмыс істеді деп көрсетіледі. ­Дүйсенғали Бурабаевтың 1929-31 жылдардағы өмірі мен қызметі, халқымыздың батыр ұлы Бауыржан Момышұлымен тікелей байланысты. Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» атты деректі кітабын қайыра па­рақтасақ Дүйсенғали Бурабаев туралы мә­ліметтерді кездестіреміз. Сонда Бауыржан Момышұлының мынандай сөздері бар:
«Ол кезде райкомда да екі-ақ адам: секретарь мен есепші, райисполкомда да екі-ақ адам: председатель мен жауапты секретарь жұмыс істейтін. Райкомымыздың секретары Кабаков деген кісі де, райисполкомпредседателі Дүйсенғали Бурабаев деген семинария бітірген бұрынғы мұғалім еді. Аудандык атқару комитетінің жауапты секретары Губанов деген адам орнынан түсіп қалды да, райком мен райисполком оның орнына кандидатура таба алмай састы. ­Бурабаев өзі бұрын мұғалім болған соң ба, кім білсін, әйтеуір, маған тоқтаса керек. Сонымен мені, ай-шайға қаратпастан, аудандық атқару комитетінің жауапты секретары етіп тағайындап кеп жіберді. Жауапты секретарьдың жұмысынан еш хабарым жоқ. Әйтеуір, оңаша кабинетім бар. Қалқиып сонда отырамын. Оңаша отырғаннан кейін менің не істеп, не тындыратынымды ешкім біліп жатқан жоқ. Сырт жұрт осы бірдеңе бітіріп отыр деп ойлайтын шығар. Ал ештеңені де ұқсата алмағаным өзіме аян. Бурабаев маған ана мәселе, мына мәселе жөнінде аудандық атқару комитетінің қаулысын, шешімін шығар, ана жерге қатынас жаз, мына жерге жарлық жібер дейді. Мен олардың қалай жазылатынын да білмеймін. Бірдеңелерді нобайлап, осылай болар деп тұспалдап, Бурабаевқа алып барамын. Бурабаев ұстамды педагог еді. Менің жазғандарымды алдына алып отырып, маған ұрыспастан, ренжіместен ерінбей соларды бірі кызыл, бірі көк түсті қарындашпен түзететін де отыратын. Мен Бурабаев қып-қызыл ала етіп берген документтерді қайта кө­шірумен күн өткізетінмін. Содан кейін әр документтің соңына аудандык атқару коми­тетінің председателі Бурабаев деп қол қояды, жауапты секретары Момышұлы деп мен қол қоямын. Ал шындығына келгенде, аудандык атқару комитетінің председателі де, секретары да Бурабаев еді. Не керек, ақыры Бурабаев мені үйретіп шығарды. Сөйтіп, мен үш жыл аудандық атқару комитетінің секретары болдым. Мен сол Бурабаевты күні бүгінге дейін ұмытпаймын. Менің орысша сауатты болуыма, ісқағаздарын дұрыс жазуыма сол кісі көмектесті. Жалғыз ісқағазы емес, менің газет, кітап оқып өсуіме де сол кісі жетекшілік жасады. Оқитын кітаптардың тізімін беріп, не оқығанымды тексеріп, газеттерден не оқып, не қойғанымды үнемі қадағалап, өзімді ысылдырып адам етті».
Бауыржан Момышұлы өзінің ­«Агроном Мұстафа Бұралқиев» атты әңгіме­сінде киім кию мәселесінде де Дүйсен­ғали Бурабаевтың жақсы ұстаз болғанын көрсетеді. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетіндегі Бауыржантану ғылыми орталығы жазбаларында 1929-31 жылдардағы құжаттарда Б.Момышұлы мен Д.Бурабаев қолдары бар екенін дәлелдейтін дәйектер бар.

Лесқали Бердіғожин,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымының докторы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.