Арғынбаев оқуларының тағылымы

Елбасы Н.Назарбаевтың «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдар­ламалық мақаласы аясында ҚР Мемлекеттік орталық музейінде «ІІІ Арғынбаев оқулары. Қазіргі заман этнография ғылымы және оның қоғамдық жаңғырудағы рөлі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Ізгі шараны Мем­лекеттік орталық музейі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тарих факультеті мен Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтымен бірлесіп өткізді.
Жиынды ҚР Мемлекеттік орта­лық музейінің директоры, профессор Нұрсан Әлімбай ашып, Халел Арғынбаевтың ғылымға сіңірген еңбегіне баса назар аударды.

Еліміздің этнологтары мен антропологтары бірлесе жұмыс жасауы үшін қауымдастық құру жөнінде ұсыныс айтылды. Нәтижесінде этнологтар, этноархеологтар, мәдениеттанушылар, өнертанушылар, тарихшылар мен гуманитарлық ғылым саласының мамандары қатысқан жиында «Қазақ­стан этнологтары мен антрополог­тары­ның рес­публикалық қауымдасты­ғы» ­құ­­рылды. Қауымдастық жетек­ші­лігіне әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің тарих, археология және эт­нология факуль­тетінің профессоры, ­тарих ғылымының докторы ­Аманжол Қалыш сайланды.
Түркиядан арнайы келген ғалым, Ыстанбұл қаласындағы Йедитепе университетінің профессоры Ариф Аджалоғлы ­баяндама жасап, түркі әле­міндегі этнографияның ерекше­ліктеріне тоқталды.
Этнолог, профессор, тарих ғы­лы­мы­ның докторы Серік Әжіғали қазақ этнографиясы ғылымының тарихы тереңде жатқандығын тілге тиек етіп, ұстазы ­Халел Арғынбаевтың нағыз қам­қор тәлімгер болғандығын атап өтті. «Мен Халекеңмен көп аралас­тым. Қасында жүріп, білім алдым, тәжірибе жинадық. Менің өзім ол кісі туралы 15-тей мақала жазып, ол дүниелер әр жылдары баспасөзде жарияланды. Ассоциа­ция жұмысына сәттілік тілеймін» дей келе, ол соңғы уақытта «қазақ этнография мектебі» деген ұғым пайда болғанын, оның негізі ҚР Ұлттық ғылым академиясы мен Тарих және этнология инс­титутында қалыптасқанын әрі сол мек­тептің жетекшісінің бірі Халел Арғынбаев болғанын сөзіне арқау етті. ­Жиында тарих ғылымының ­докторлары Меруерт Әбусейітова, ­Талас ­Омарбеков, Берекет Кәрібаев, Жамбыл Артықбаев және т.б. сөз сөйлеп, этнография ғылымының тарихы жөнінде ой өрбітті.
Конференция жұмысы отандық этнология ғылымының тарихы; қазіргі Қазақстан этнология ғылымының өзекті мәселелері; этнология және оған байланыс­ты ғылымдар: тарих, археология, көркемөнер, фольклортану және т.б.; музей және Қазақстандағы музей үрдісі; этнографияның және аралас пәндердің методологиясы, әдістері атты тақырыптар бойынша секциялық жұмысқа ұласты.
«Х.Арғынбаев және қазақ этнографиясы» атты көрме жиынға қатысушылардың қызығушылығын туғызды. Ғалымның кезінде Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында қыз­мет істе­­гендігінен көзі қарақты оқырман ха­бардар. Сол кезде, 1973 жылы 30-ға жуық құнды жәдігерді Орталық мұра­жайға табыстаған екен.
Көрмеге экспедиция барысында Х.Арғынбаевтың қолымен жиналған заттар және ғалымның жеке заттары, құжаттары қойыл­ған. Көрме сөресінен «Абай шы­ғармаларындағы этнографиялық сипат­тамалар хақын­да», «Жетісу өңірінің халқы» қол­жазбалары, «Қазақ отбасы», «Қазақ халқының қолөнері» атты еңбектері және т.б. орын тепкен. Жағлан, кебе­же, жер­­жастық, кесеп қап, көнек, ер, сеңсең тон, алаша секілді халқы­мыз­­­дың тұрмыстық заттарын да кездестіресіз.
Жиын барысында қауымдастық төра­ғасы А.Қалышты әңгімеге тартқан едік. «Біз Кеңес өкіметі кезінде, тотали­тар­лық заманда өмір сүрдік. Ол кезде этнографиядан кан­дидаттық, доктор­лық диссертацияны елімізде қорғай алмадық. Мен де кандидаттық диссерта­цияымды Мәскеуге барып, қорғауға мәжбүр болдым. Қазір жақсылық көп. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде осы салаға арналған ғылыми кеңес бар. Мен сол ғылыми кеңестің ғалым-хатшысымын. Бұл тақырып әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Е.Букетов атындағы Қарағанды мемле­кет­тік университеті, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті, т.б. жоғары оқу орындарында арнайы оқытылып жатыр. Диссертация қорғаймын, білімімді жетілдіремін деген жастарға елімізде барлық мүмкіндік бар» деді ол.
Сонымен қатар басқосуда бес томдық «Қазақ­тың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» атты ғылыми энциклопедиясының таныстырылымы болды.

Бағдагүл Балаубаева

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.