Күйі көркем Шәміл

Ғасырлардан жалғасып келе жатқан қазақтың күй өнері өзінің бай табиғатымен, сыршыл­дық үнімен, дауылпаз, күрескерлік рухымен, қайталанбас нәзік болмысымен, ұрпақтан ұрпаққа жалғасар өнегесімен, адамның ой-санасын, жан-жүрегін баурап алатын сиқырлы ғажап сазымен ерекшеленетіні сөзсіз. Кең байтақ даламыздағы күйшілік мектептердің қалыптасып дамуы көбіне көп сол күйді әспеттеп, заңғар биікке көтере білген тұлғалардың есімдерімен тікелей байланысты. Құрманғазы, Дәулеткерей, Абыл, Мәмен, Қазанғап, Дина, Тәттімбет, Сүгір және т.б. күйші композиторлардың шығармашылық дәстүрлері бүгінде жеке дара мектептерге айналып, өріс алып отыр. Осындай абыз да аңыз тұлғаларды аузымызға алғанда Баламайсан есімді күйшіні айналып өте алмасымыз анық. Қасиетті Нарын құмында дүниеге келген Баламайсан Құрманғазының батасын алып, сол атыраптағы күй дәстүрінде өз қолтаңбасын қалдырған өнерпаз. Баламайсанның атақты «Баламайсан» күйі халықтың жадында сақталып қалған.

Бұл орайда айтпағымыз, кешегі ұлылардың мектебін жалғап, оны өзінен кейінгі замандарға жеткізу әр дәуір, әр ғасыр өнерпаздарының алдындағы жазылмаған заң сияқты. Сол ­Баламайсан күйші өмірге келген топырақтан бармағынан бал тамған талай дауылпаз күйшілердің түлеп ұшқаны анық. Ондай тұлғаны бүгінгі ­заманнан, яғни қазіргі уақыттан іздейтін болсақ ол белгілі күйші-композитор Шәміл Әбілтай дер едік.
Шәміл Әбілтайдың есімі өнерсүйер қауымға жастайынан-ақ белгілі бола бастаған. Себебі ол қос ішекті домбыраның қоңыр үнімен тербеліп, сиқырлы сазына елтіп өскен. Б­аламайсан табаны­ның ізі қалған қасиетті топырақтан рухани нәр алып, үлкен өнерге қадам басқан. Баламайсан қайтыс болғаннан кейін 43 жылдан соң дүние есігін ашқан бала Шәміл өз құралыптастарынан ойының ұшқырлығымен, зеректігімен, құймақұлақтығымен ерекшеленген. Туған атасы Әбілтай да, әкесі Бисенғали да сол аймаққа белгілі домбырашылар болған. Әкесі Бисенғали әулеттегі күйшілік дәстүрді берік ұстанып, бота тірсек, бозбала Шәмілге қалақтай домбыра жасатып беріп, ата-баба өнеріне баулыған.
Өзі бұл туралы былай деп еске алады: «Әкемнің Көшәлі, Серкебай, Қамеш деген күйші достары болды. Біздің үйге қонаққа келгенде кезекпен-кезек күй тартып отыратын. Олар Баламайсан­ның көзін көргендер ғой. Сөз арасында Әбілтай атамды еске алып: «Шіркін-ай, күй тартсаң Әбілтайдай тарт» деп тамсанып отырушы еді. Өз басым атамды көрген жоқпын. Мықты домбырашы болғанын әкем­нен және оның достарынан естіп білдім. Осындай сөздердің барлығын жастай кезімнен зердеме тоқып, көңіліме түйдім. Бір естіген күйімді сол сәтте жаттап, қайта орындап беретінмін» дейді Шәкең.
Шәміл Әбілтайдың күйшілік өнердегі алғашқы қадамдары осылай басталады. Уақыт өте келе да­рыны да, таланты да шыңдала береді. Сонау 1962 жылы Гурьев (қазіргі Атырау) облыстық көркем­өнер­паздар байқауына қатысып, күй анасы Дина Нұрпейісованың «Бұлбұлын» тыңдаған жұрт бала Шәмілдің шымыр қағыстарына, пернелердің бойы­мен жүйткіген балаң саусақтарына қайран қалысады. Содан не керек, Динаның «Бұлбұлын» бұлбұлша сайратқан Шәміл сол байқаудың бас жүлдесіне ие болады. Халықтың ыстық ықыласы мен қошеметіне бөленеді. Қазылар алқасының төрағасы, белгілі композитор Сейілхан Құсайынов өзі басқаратын Атырау музыка училищесіне емти­хан­сыз-ақ қабылдайды. «Бейсеке, осы балаң ­Әбіл­тай атасы сияқты күйші болады» деген дос­тары­­ның әкесіне айтқан болжамдары шындыққа айналады.
Әрі қарай Шәкеңді алдынан үлкен өнер жолы тосады. Алматыға жол тартады. Өзі айтпақшы, консерваторияға дайын күйші болып келеді. Бірінші курстың есеп беру концертінде Құрманғазының «Жігерін» шебер орындап, консерваторияның рек­торы, сол кезде атағы дүркіреп тұрған компози­тор Құдыс Қожамияровтың «Вы, молодой человек, феномен в музыке» деген бағасын алады. Әйгілі өнерпаздан мұндай жылы сөз есту бозбала жастан енді асқан Шәмілдің бойына қанат бітіріп, шабытына шабыт қосады. Шәкең өз өміріндегі бұл оқиғаны үнемі ілтипатпен еске алып жүреді. Бір әңгімесінде: «Құдыс Қожамияровтың сол сөзі маған берген батасы сияқты болып, даңқымды асырып, Шәміл етті. «Күй сардары» атандырды. Кейін Құдыс Қожамияровқа арнап «Құдыс» деген күй шығар­дым. Құрметімді күй тілімен жеткізгім келді» дегені бар.
Қазақтың белгілі ақыны Меңдекеш ­Сатыбалдиев Шәміл Әбілтайға арнаған өлеңінде:
Аңсаумен күткен ардағымысың,
Атыраудағы бар үйдің?
Әлде, сен жастық дәуренімісің,
Жантілеуден қалған Қалидің?
Жалғанда мынау, бабалар,
Бауырын не үшін сыздатқан,
Мен соны қалқам, Шәмілжан,
Сен бебеулеткен «Баламайсаннан» танимын! – деп жырлаған екен.
Консерваторияда оқып жүрген шағында Шәкең атақты Қали Жантілеуов, Құбыш Мұхитовтардан дәріс алу бақытына ие болады. Қалидің өз қолынан Құрманғазының «Жігер» және «Ақбай» күйлерін үйренеді. Жылдар сырғып өте береді. Күйші Шәмілдің есімі республикаға лезде тарайды. Содан не керек, Мәскеуде ұлы Абайдың 125 жылдығына арналған салтанатты кеш өтіп, операдан Амангелді Сембин, күйден Шәміл Әбілтай дүйім жұртты таңғалдырып, өнер көрсетіп қайтады.
Күйшінің шығармашылығына қазақ өнерінің аймаңдай дарабоздары Рүстембек Омаров, Нұрғиса Тілендиевтердің назары түседі. Шәмілдің дара талантын, композиторлық қарым-қабілетін аңғарған Нұрғиса Атабайұлы: «Сен композиторлық бөлімге неге түспейсің?» деген ұсынысын айтады. Ал Рүстембек Омаров болса, жас күйшінің домбыра тартқан шеберлігіне разы болып, үлкен сахнада өнер көрсеткен бір кеште маңдайынан сүйіп, батасын береді. Ал қара сөздің хас шебері Әбіш Кекілбайұлы атақты «Күй» повесін Шәміл Әбілтайдың орындауындағы «Абыл» күйін тыңдап отырып жазған екен деседі.
Шәміл Әбілтайдың шығармашылығына қазақтың көрнекті ақыны, мемлекет және қоғам қайраткері Кәкімбек Салықовтың, академик Зейнолла Қабдоловтың ықыласы ерекше ауады. Зейнолла Қабдолов оның орындаушылық шеберлігін Американың атақты пианисті Ван ­Клиберенге теңесе, Кәкімбек Салықовпен арада әдемі шығармашылық байланыс орнайды. Кәкімбек ағамыз бірде: «Шәміл, сен қазақтың күй абызы Құрманғазы жерінің талантты перзентісің. «Күй ата» деген өлең жаздым. Соған, даңқты бабаның құдіретті күйлері құлаққа құйылып тұратындай еңселі ән шығар!» деп телефон соғады. Сөйтіп, ақын мен композитордың үндестігінен «Күй ата» атты ән өмірге келеді.
Халқымыздың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев та дара күйшінің өнеріне тәнті болып: «Шәмілжан, бүгін қазақ радиосынан боздаттың-ау! Домбыра қағысыңнан есіміңді айтпай-ақ танимын. Өзгешесің ғой, шіркін, аман жүр, айналайын!» деп қанаттандырған екен.
Иә, Шәміл Әбілтайдың қазақтың күй өне­рін­дегі орны ерекше. Күйші қолына домбырасын алған сәттен бастап шанағынан небір сиқыр­лы әуендер төгіле жөнеледі. ­«Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабатын» демекші, домбыра­шы­лардың барлығы дерлік күйді бірдей әсерлі жеткізе бермейді. Себебі күйдің өзі адамнан жан тазалығын талап етеді. Күйдің қиындығы сонда, шанақтан шыққан дыбыс орындаушының барша болмысын тыңдарман алдына жайып салады. Шәкеңнің домбырасынан төгілген бұлақтай мөлдір күйлерінде адамның жүрегін баурап алатын тылсым қасиет бар ма дерсіз. Өйткені перне басысы, қағыстарының шымырлығы, домбыра ішектерін әдемі өрнекпен иіріп әкетуі, шанақтан әуелеген саздың адам жүрегіне соншалықты жылы тиіп, ерекше әсер сыйлауы – бәрі де күйшінің дара болмысын айшықтай түскендей. Шәкеңді көргенде кешегі сал-серілердің дәл көзін көргендей әсерде болатынымыз сондықтан шығар. «Бір өзі – бір театр» деген сөзді Шәміл ағамызға қатысты қол­дан­­сақ, әбден жарасымды. Әңгіменің майын тамы­зып айтады, артынан бебеулетіп күйін тартады, шарық­татып әнін шырқайды. Осыдан кейін кешегі өткен сал-серілердің алтын тұяқ жалғасы демей көріңіз.
Шәміл ағамыздың өнердегі жолы тақтайдай тегіс болды деуге келмес. Жолын көлденең жапқан көреалмаушылық пен қиянат та жасалды, бірақ оның бәрі артта қалды. Ең бастысы, Шәмілді Шәміл еткен оның тынымсыз еңбегі, ізденімпаздығы, өнерге деген адалдығы, ән мен күйге деген ықыласы. Күйшінің домбырасынан туған «Жібек жолы», «Бекет Ата», «Қазақстан – Нұрсұлтан», «Құдыс», сондай-ақ ән-толғаулары «Аңсау», «Күй ата», «Құрманғазы мекені», «Қара өлең», «Төрт қақпалы Түркістан» және тағы басқа ғажайып туындылары бүгінде халқымыздың рухани қазынасына айналып үлгерді.
Біз бұл мақаламызда Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Қарағанды облысы Ұлытау ауда­нының Құрметті азаматы Шәкеңнің өнердегі барлық биік асулары мен жарқын белестерін тізіп шы­ғуды мақсат етпедік. Оны күйшінің өнерін баға­­лайтын жұртшылық, тыңдарман қауым онсыз да жақсы біледі. Бір сөзбен айтқанда, Шәміл Әбілтай­дың шығармашылығы қаншалықты мазмұн­ды әрі терең болса, соншалықты қазыналы әрі көркем.

Дәуіржан Төлебаев

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.