Сирек қолжазба – құнды мұра

Қолжазба – ғасырлар мұрасы. Елдің сан ғасырлық рухани, саяси өмірінен, мәдениеті мен тарихынан мол мағлұмат беретін асыл мұраларымыздың құндылығы қашанда жоғары бағаланған. Өйткені сирек кездесетін қолжазбалар мен алуан түрлі сирек басылымдардың түп нұсқалары – бағзы заманнан бүгінге дейінгі тарихи ұзақ мерзімді қамтитын, әртүрлі тілдерде жазылған баға жетпес, құнды жәдігерлердің бірі. Осы орайда ұзақ жылдар бойы кітапхананың жандануы жолында еселі еңбек еткен, Орталық ғылыми кітапхананың меңгерушісі Қарлығаш Қаймақбаевамен әңгімелескен болатынбыз. 

– Қарлығаш Ескендірқызы, әң­гімемізді Орталық ғылыми кітап­ха­наның құрылу тарихынан бастасақ…
– Кітапхананың тарихы 1932 жылы КСРО Ғылым академиясының Алматыдағы қазақстандық базасының алғашқы ғылыми бастауыш ұйымы­ның ашылуымен басталды. 1946 жылы Қазақ КСР Ғылым Академиясы құрылып, кітапхана «Орталық ғы­лы­ми кiтапхана» дәрежесіне ие болды.
Кітапхана дамуының, ғылыми деңгейінің маңызын анықтауда Қазақ КСР Ғылым Академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаевтың орны ерекше. Орта­лық ғылыми кітапхананың қалыптасуы­ның, дамуының негізгі кезеңдері ғалым есімімен тығыз байланысты. Сол жылдары ғылыми-зерттеу мекемелерінің тақырыптары бойынша міндетті ақылы басылымдар, атақты ғалым-академиктер В.Комаров, А.Архангельский, Н.Курнаков, ­Д.Зеле­ниннің жеке кiтапханалары, Мәскеу, Ленинград, Рига, Львов, Таш­кенттің ірі кітапханаларының дублеттік қор­ларынан кітаптар алына бастады. Сонымен қатар академик Әлкей Марғұлан бастаған ғылыми экспе­дициялар ұйымдастырылып, ел ішінен, басқа республикалардан мұралар іздестірілді. Жиналған құнды жазбалар Орталық ғылыми кітапхана қоры­ның маңызын арттырды десек те болады.
Еліміздегі ірі кітапханалардың бірі саналатын Орталық ғылыми кітап­ханада 6 миллионға жуық ғылы­ми басылым бар. Кітапхана қоры ұлттық және шетелдік басылым­дар, дис­сертациялар, ғылыми еңбек­тер, Қазақстан ғалымдарының жеке кітап­ханаларының аса бай жиынты­ғы­нан тұрады. Деректердің ауқымы өте үлкен: түпнұсқа қолжазба­лармен қатар заманауи электронды ақпарат тасы­малдаушылар да бар.
– Орталық ғылыми кітапхананың бөлімдері, оның ерекшеліктері жөнінде не айтасыз?
– Орталық ғылыми кітапхананың 7 функционалды бөлімі бар. Олар: кітапхана қорын жинақтап, есепке алу, әдебиеттерді ғылыми өңдеп, каталог ұйымдастыру, халықаралық кітап алмасу бөлімі; ғылыми библио­графия­лық бөлім; кітапхана қорын ұйымдастырып, оқырмандарға қыз­мет көрсету бөлімі; ақпараттық ресурс­­тармен қамтамасыз ету, кітап қорын насихаттау бөлімі; ғылыми-талда­малық, әдістемелік бөлім; сирек кітаптар, қолжазбалар және ұлттық әдебиет бөлімі; кітапхана технология­ларын автоматтандыру бөлімі.
Кітапхана қоры баспалардан, кітап дүкендерінен сатып алынған кітаптар, ғылыми-зерттеу институттардың, жеке ғалымдардың еңбектері, мерзімді басылымдарға жазылу арқылы, Ұлттық Ғылым академиясының журналдары, Мемлекеттік тапсырыс бойынша шыққан әдебиеттер, Халықаралық кітап алмасу, Орталық ғылыми кітап­хананың көрсеткіштері, сандық фор­матқа көшірілген құжаттар арқылы толықтырылады. Кітапхана 65 мем­лекеттің 455 мекемесімен кітап алмасады.

Қазақстан ғылымының же­тістіктері шетелдерге «Ұлттық Ғылым акаде­мия­сының хабаршысы», «Ұлттық Ғылым академиясының хабарлары», «Ұлттық Ғылым академиясының баяндамасы» арқылы насихатталуда.
Орталық ғылыми кітапхананың сирек кітаптар мен қолжазбалар қоры Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті Қаныш Сәтбаевтың бұйрығы бойынша тарихи маңызы бар құнды халық мұрасын жинақтап, сақтау мақсатымен 1959 жылы 22 қаңтарда құрылды. Бұл кезде кітапха­нада қазақ тіліндегі әдебиеттер, өткен жылдар басылымдары, Қазақстанның мерзімді басылымдары аз болды. Бөлім ертеректегі ғылыми басылымдар мен ұлттық әдебиетті жинақтап, оқырмандар арасында насихаттау жұмыстарын жолға қою, ғылыми құнды сирек басылымдарды сақтау үшін аса қажет еді. Қазіргі таңда қор көлемі 300 мың данадан асады.
Сирек кітаптар мен қолжазбалардың жалпы ­хронологиясы: ХII, XVI-ХХ ғасырлардағы (1940 жылға дейінгі) басылымдарды қамтиды. Олар елдің мәдени мұрасы болып саналады. ­Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорына: XII, XVIII-XXI ғасырлардағы қолжазба құжаттар; XVII-XXІ ғасырлардағы сирек ғылыми басылымдар; ­XIX-ХХ ғасырлардағы қазақ тіліндегі ­сирек басылымдар мен қолжазбалар; көне славян тіліндегі кітаптар; орыс зерттеушілерінің Қазақстан ­туралы еңбектері; көркем безендірілуі мен полиграфиялық орындалуы жағынан бірегей кітаптар; XVI-XIX ғасырлардағы шетелдік сирек басылымдар; XVIII ғасырдан бүгінге дейінгі шығыс тілдеріндегі басылымдар; сирек микро-, фото-, ксерокөшірмелер; 1917 жылға дейінгі орыс тіліндегі сирек журналдар; ХХ ғасырдың 40-жылдарына дейінгі орыс тіліндегі ғылыми әдебиет және т.б. кіреді.
Мәселен, кітапхана қорында Ыстан­бұл қаласында шамамен XX ғасыр­дың басында шыққан «Құран» кітабы бар. Оны «Құранның» алғашқы бетін­дегі өрнектелген «Матбағ Османиа» деген жазу айғақтайды. «Құран» шығыс қағазына, араб жазуының насих үлгісінде жазылған. «Құран» сүрелерінің жазуы анық, бірақ өте ұсақ болғандықтан, оқылуы қиын. Бастапқы және соңғы беттеріндегі өрнектеліп жазылған жазулардан жылын, баспасын ажыратуға болады, бірақ кітап өте кішкене болғандықтан, арнайы лупалармен карау керек. Бұл «Құран Кәрім» ХХ ғасырдың басында шыққан, осы күнге жеткен өте сирек кездесетін толық нұсқасы деуге болады.
«Хандар шежіресі» деп аталатын қол­жазба 1964 жылы кітапхана қыз­меткері Е.Байболов деген адамның атына келіп түскен. Қолжазбаны жолдаушы С.Кулбасинов деген азамат мекен-тұрағын «РСФСР, Челябинский облысы, ст. Субутах, Магнитный Зерно сов­хозының Южное отделе­ниесі» деп көрсетіпті. Қолжазбаның ені – 45 см, ал ұзындығы – 3 метр. Қол­жазбаның жа­зылған уақыты, жері, жазған адамның аты-жөні белгісіз. Олар туралы ешқан­дай дерек жоқ. Қолжазбаның аты да көр­се­тілмеген. Мазмұн-мәтініне қарап, «Хандар шежіресі» деп аталды. Қағазына, жазу үлгілеріне, стиліне қарағанда бұл – XVIII ғасырлардың туындысы деген бол­жам бар.
Сирек ғылыми басылымдар қата­рына жататын Л.Магницкийдің «Арифметика», Ф.Канкриннің «Тау-кен және тұз өндірудің алғашқы іргетасы», Д.Аничковтың «Теория­лық және прак­тикалық геометрия», Д.Скополидің «Энтомология» еңбек­терін жатқызуға болады. Сонымен қатар жазушылар мен ғалымдардың көзі ті­рісінде басылып шыққан кітаптар қатарына А.С.Пушкиннің «Руслан мен Людмила» атты поэмасын, Н.И.Гнедич аударған Гомердің «Илиадасын», Д.Менделеевтің «Аналитикалық химия» туындысын, М.Ломоносовтың «Орыс халқының қысқаша шежіресін», Г.Гейнзиустың неміс тілінен аударған «Кометалар сипаттамасын», В.Севергиннің «Ресей мемлекетінің жер сипаттамасынан тәжірибе» атты туындыларын топтастыруға болады.
Шет тілдеріндегі сирек кітаптарға атақты неміс саяхатшысы, географ, шығыстанушы, тарихшы, математик және физик Адам Олеарияның «Московияға, Московиядан Парсы еліне және қайта оралу саяхатының баяндамасы» атақты туындысын, нидерландық саяхатшы Ян Стрюйстің «Путешествия в Московию, Тартарию, Персию», өнер тарихшысы, суреткер, суретші, Бавария мұражайының директоры Яков Генрих Гефнердің «Орта ғасыр христиан костюмдері», Бронислав Залескийдің «Қырғыз даласының өмірі» деген еңбектерін топтастыруға болады. Осындай тарихтың көзі іспетті қазыналы дүниелер еліміздің өткенінен мол ақпарат береді.
– Кітапхана жұмысында заманауи технологиялардың қолданысы қалай?
– Бүгінгі технологиялар дамыған кезеңде кітапхана оқырмандары да өзгерді. Көпшілігі ақпаратты ғаламтордан алатын болды. Дегенмен, кітаптар – сол ақпаратты дәлелдейтін дерекнама ғой. Адамдар бәрібір кітаптан айрыла алмайды. Уақыт өткен сайын мүмкіншіліктер де арта түсуде. Қазіргі таңда жаңа технологиялар арқылы оқырмандарымыз Орталық ғылыми кітапхананың қорларымен электрондық каталог арқылы сырттай танысып, басылымдарға тапсырыс бере алады, цифрлық форматқа көшірілген құжаттарды пайдалана алады.
Ендігі заман талабына сәйкес пайда болған автоматтандыру бөлімі жайына аз-кем тоқтала кетейін. Орталық ғылыми кітапханада автомат­тандырудың алғашқы толқыны 1980 жылдары басталды. 2000 жылдардың басында бір маманымыз Мысыр еліндегі Александрия кітапханасына барған сапарында цифрлық форматқа, яғни электронды нұсқаға айналдырыл­ған кітаптар жөнінде мәлімет әкелген еді. Біз мұны керемет жаңалық ретінде қабылдап, осы бағыттағы жұмыстарға кірісіп кеттік. Бүгінде 5000-нан астам құнды дерек, мұралардың электронды нұсқасы дайын, сайт арқылы оқып, білуге болады.
Соңғы кездері «кітап қорының қажеті жоқ, электронды жүйеге көшу керек» деген мәселелер де туындап жатыр. Уақыт өте келе бұл мәселе де өз шешімін табады деп ойлаймын. Біз дәстүрлі кітапхананы сақтай отырып, электронды кітапхананы құрудамыз. Яғни оқырмандар кітапхананың сайты арқылы үйінде отырып не әлемнің қай түкпірінде жүрсе де, компьютер, телефон арқылы кітаптардың электронды нұсқасын еркін пайдалана алады. Осылайша, технологиялық мүмкіндіктерді тиімді пайдалана отырып, оқырмандар назарын кітапханаға бұра білдік. Яғни бүгінгі таңда, кітапхана қорын әр адам қалтасына салып жүр деуге болады.
Орталық ғылыми кітапхана – рес­публикадағы ғылыми-библио­графия­лық қызмет көрсету орталығы. Ал мұндағы бірнеше библиографиялық сериялар зияткерлік меншік сертификатына ие. Қазақстан ғылымының іргелі және қолданбалы зерттеулерін библиографиялық ақпараттармен қамтамасыз ету үшін Орталық ғылыми кітапхана көптеген ғылым салалары бойынша өңірлік, проблемалық-тақырыптық, ағымдағы және ретроспек­тивті библиографиялық көрсеткіштер шығарады. Көрсеткіш­терді кітап түрінде ғана емес, электронды нұсқасын да дайындаймыз.
– Енді ғылыми кітапхананың оқыр­мандары туралы ой бөліссек. Сіздерге қай саланың оқырмандары көбірек келеді?
– Қазір «Оқырмандар базасы» бойынша 51 мың адамнан астам оқырманымыз бар. Оның 38 мыңнан астамы тұрақты оқырман есебінде. Осы санның 37 пайызын ғылыми мамандар мен жоғары оқу орындарының оқытушылары құрайды, докторант, магистрант, студенттер 55 пайызын иеленсе, 8 пайызы – басқада оқырмандар. Оқырмандардың 39%– жа­ра­ты­лыстану ғылымдары, 43% – қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар, 13% – техника ғылымдары, 3% – медицина, 2% – ауыл шаруашылық саласының мамандары.
– Сирек қордың, қолжазбалардың ғылыми айналымға түсуі жөнінде не айтар едіңіз?
– Мемлекеттік бағдарламалар, ғы­лыми жобалар, ғылыми-зерттеу инс­ти­туттарының зерттеу тақырып­та­рына байланысты сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалардың ғылыми айна­лымға түсуі жақсы деп айтуға болады.
– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасы бас­талғалы бері өз тарихын ұлттық қор­дың кітаптарынан, тарихи құжат­тарынан із­деу­шілер көбейіп келеді деуге негіз бар ма?
– Елбасының мақаласынан кейін ғалымдар тарапынан тарих, әдебиет, тіл, мәдениет жөніндегі мемлекеттік бағдармалар, ғылыми жобалар бойынша сұраныс көбеюде. Яғни көне мұралар арқылы кешегіні түгендеуге деген талпыныс артып келеді. Әсіресе биыл сирек қолжазбаларға деген сұраныс көбейді. Осыған байланы­сты кітапхана қо­рындағы сирек мұралардың, қолжаз­балардың тақырыптық, мазмұндалған қөрсеткіштерін дайындап, ғылыми айналымға енгіздік.
Кітапханада автордың баспадан шығарған өз кітаптарын алып келген жағдайлар болады. Бізде қор­ларды қалыптастыратын комиссия бар. Басылымдардың саласына, мазмұ­нына, ғылымилығына қарап, шешім қабыл­дайды, мазмұндық, заңдық тұрғыдан сараптап, қорға өткіземіз. Әрине, ғылыми кітапхана болғандықтан, кез келген кітап талғаусыз қабылдана бермейді.
– Арғы ғасырларды айтпаған күннің өзінде, бергі 100 жылда қазақ халқы төрт рет әліпби алмастырып отыр. Латын әліпбиіне көшу науқанының кітап, кітапхана үшін қандай тиімді жақтары бар деп ойлайсыз?
– Қазіргі кезде технология қарқынды дамып келеді. Сондықтан кітаптың басылып шығуына кедергі жоқ. Әліпби ауысуы қазақ халқының кітап оқуына, кітапханалардың болашағына теріс әсерін тигізеді деп ойламаймын. Кітапхана қорымызда латын әрпімен шыққан басылым көп, оқырмандар пайдаланып келеді. Жақында Астанада өткен «Рухани жаңғыру –ұлт бағдары» атты конференцияда көрме ұйымдастырдық. Іс-шараға қатысқан ғалым, саясаткер, мұғалім, оқушы, т.б. қатысушылар латын жазуындағы әдебиетті емін-еркін оқи алатынына көзіміз жетті.
– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен
Әділет АХМЕТҰЛЫ,
А.Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институтының қызметкері

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.