Ғылым тілі жаңа ұғымдармен толығады

Отандық авторлар жазған төл оқулықтар да жарық көріп жатуымен бірге, гуманитарлық, қоғамдық ғылымдар саласындағы үздік 100 оқулықты аудару ісі қолға алынды. Олардың алғашқы 18-нің тұсауы да кесілді. Осы оқулықтарды көпшілік қауым қазақ тілінде оқып, алдағы жаңа оқу жылынан бастап бүкіл студенттер қауымы қажетіне жарата алады. Енді «Бұл еңбектер бізге не береді, қажеттілігі неде?» деген мәселеге келсек, тіл ғылымы мен ұлт тілінің мүддесі тұрғысынан қарағанда мына мәселелерді атап айтқан жөн деп санаймыз.

Біріншіден, қазақ тілінде білім алып жатқан студент жастар мен ғылыми ізде­нушілер ең үздік оқулықтар арқылы әлемдік ғылымның соңғы жетістіктерімен өз ана тілінде танысу мүмкіндігіне ие болады. Енді олар әлем­нің жетекші университеттері мен ғылыми орталықтары профессор­ла­рының, аты жаһанға жайылған ғалымдардың еңбек­терін қазақша оқи алады. Яғни бұл оқулықтар тілдер арасындағы бөгетті бұзып, ағылшын, неміс, француз, испан, қытай, орыс және басқа да тілдердегі озық білім мен ғылым жетістіктерін қазақтілді қауымға тікелей жеткізетін құрал болатындығымен құнды.
Екіншіден, бұл оқулықтар мемлекеттік тілдің таным көкжиегін кеңейтіп, оны жаңа ғылыми ақпарат­тармен байытады. Қазақтың ғылым тілінің, оқулық тілінің дамуына, оны оқитын, іздейтін оқырмандардың артуына жол ашады. Ендеше, ондай әдебиеттерді ұлт тіліне аудару қазақ тілін құнды ғылыми ақпараты мол, ғылым тіліне айналдыруға септігін тигізетін өте маңызды қадам.
Үшіншіден, сол ғылым тілі жаңа ұғым­дармен, ұлттық терминдер қорымыз өз тілімізде жасалған ұтымды жаңа балама­лар­мен және өзге тілден қабылданған атау­лармен де толығады. Әр ғылым саласы­ның терминдер қоры – ғылыми ұғым­дар­дың қоймасы, қазыналы сарайы. Сол сарайды қазіргі заманғы ең жаңа әрі ғылыми құндылығы жоғары ақпараттармен, солар­дың атауларымен үнемі толықтырып отыру өте маңызыды. Озық ғылым мен жаңа техно­логия­ны меңгеруге ұмтылған ізденімпаз адамдар ғылыми ақпаратқа жұтаң тілге ешқа­шан жүгінбейді. Бұл тұрғыдан қарағанда, жарық көріп отырған аударма еңбектердің қазақ тіліндегі құнды ғылыми ақпараттар қорын байытары анық.
Төртіншіден, қоғамдық, гумани­тар­лық ғылымдардың ғылыми атауларын тілара­лық біріздендіруге негіз қаланады. Мәселен, ағылшын тіліндегі оқулықтарды қазақ тіліне аудару арқылы қазақ-ағылшын және ағыл­шын-қазақ тілдері арасындағы терминдер қол­данысы жүйеге түсіп, стандартталады. Ағылшын тілінің аса мол ғылыми ақпарат көзі екенін ескерсек, мұндай жұмыстың атқа­рылуы біздің тіліміз үшін де өте қажет. Терминологиядағы тіларалық бірізділікті, оның ішінде, әлемге ең кең тараған ағылшын тілімен арадағы бірізділікті орнықтыру – қазақ терми­но­логиясын, ғылым тілін жаңа деңгейге көтеру бағытындағы маңызы зор іс.
Бесіншіден, ағылшын және өзге шет тілдеріндегі оқулық әдебиеттерді араға делдал тілді араластырмай өз ана тілімізге тікелей аудару – уақыт оздырмай атқарылуға тиісті жұмыс. Қазақтың әдеби тілінің, ғылым тілінің бүгінге дейінгі даму тарихында біз Батыс пен Шығыстың әдебиеті мен өнері, ғылымы мен технологиясы дамыған елдердің тілдерінен, яғни түпнұсқа тілден тікелей аудару дәстүрі мен мәдениетін қалыптастыра алмай келдік. Шет тілдерінен төте аударылған осы оқулықтар аталған олқылықтың орнын толтыруға септігін тигізетін дұрыс бастама, игілікті іс деп санаймыз.
Ұсынылып отырған оқулықтарды аудару барысында 3-4 мың термин мен біздің тілімізде өте сирек қолданылатын немесе осыған дейін мүлде қолданыс таппаған ғалымдар мен жер-су атаулары жинақталыпты. Ұлттық аударма бюросы осы атауларды жеке басылым ретінде дайындап, көпшілік қауымға, терминология комиссия­сына таныстырса деген ұсынысымыз бар. Мұндай жұмыс терминологиямызды жүйелеу мен тіларалық біріздендіруге, жаңа ұғымдар мен терминдердің көпшілікке танылуына, тілге тезірек сіңіп кетуіне де оң ықпал еді.
Бір жыл бұрын ғана құрылған «Ұлттық аударма бюросы» мен жоғары оқу орын­дарының, ғылыми-зерттеу мекемеле­рінің ғалымдары, авторлар ұжымы, бір жылдың ішінде ауқымды жұмыс атқарды. Бүгін жұртшылыққа ұсынылып, тұсауы кесіліп жатқан оқулықтар атқарылған істің нақты нәтижесі. Бұл игілікті іс алдағы уақытта да жалғасын тауып, қазақ тіліндегі озық оқулықтар мен ғылыми-көпшілік әдебиеттер қорын толықтыра береді деген сенімдеміз. Қазақ тілі жаңа білім, құнды ғылыми ақпараттармен толығып, оның білім беру мен ғылым саласындағы қолданыс аясы кеңейе берсін десек, бұл жұмыс бірер жылмен ғана шектелмей, жалғасын таба беруге тиіс.

Шерубай Құрманбайұлы,
филология ғылымының докторы,
профессор

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.