Нұрсұлтан Назарбаев: Жаңа оқулықтар – білімнің нағыз энциклопедиясы

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың қазақ қоғамына ерекше серпіліс әкеліп, рухани сілкініс тудырған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының жарияланғанына бір жыл толды. Осыған орай Астанадағы Назарбаев орталығында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында шығарылған алғашқы кітаптардың таныстыру рәсімі өтті. Шараны Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев жүргізіп отырды. 

Алқалы жиынды ашқан Мемлекет басшысы рухани жаңғыру аясындағы жұмыстардың маңыздылығына тоқталып, «100 жаңа оқулық» жобасының жас ұрпаққа білім беру ісіндегі рөлі зор екенін айтты. «Жастарымыз жоғары ғылыми стандарттарға сәйкес білім алуы тиіс. Сондықтан біз 800 кітаптан тұратын үздік оқулықтардың ауқымды тізімін әзірледік. Ұлттық аударма бюросы құрылып, жұмы­сына кірісті. Біз бүгін алғашқы 18 кітап­тың таныстырылымына жиналып отырмыз» деді Елбасы.
Ұлттық аударма бюросының дирек­торы Рауан Кенжеханұлы жобаны жүзеге асырудың жай-жапсарына кеңі­нен тоқталды. Ұлттық аударма бюросы был­тыр Елбасының тапсырмасы бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тілін­дегі 100 жаңа оқулық» жобасын іске асыру мақ­сатында құрылған болатын. Бюро дирек­торы бұл жобаның маңыз­ды­лығына тоқ­талып, бір жыл ішінде қандай жұмыс атқарылғанын айта келе, алдыңғы кезекте жарық көрген 18 оқулықты таныстырды.

Олар: Дерек Джонстонның «Фило­софияның қысқаша тарихы: Сократтан Дерридаға дейін», Энтони Джон мен Патрик Кеннидің «Батыс философиясының жаңа тарихы, Антика философиясы» (4 томдық, І том) және «Батыс философиясының жаңа тари­хы, Орта ғасыр» (4 томдық, ІІ том), Реми Хесстің «Философияның таңдаулы 25 кітабы», Дэвид Бринкерхофтың «Әлеуметтану негіздері», Джорди Ритцердің «Әлеуметтану теориясы», Элиот Аронсонның «Көпке ұмтылған жалғыз: әлеуметтік психологияға кіріспе», Дуэйн П.Шульц пен Сидней Еллен Шульцтің «Қазіргі психология тарихы», Дэвид Майерстің «Әлеуметтік психология», Грегори Мэнкью мен Марк П.Тейлордың «Экономикс», Дональд Ф.Куратконың «Кәсіп-керлік: теория, процесс, практика», Рикки В.Гриффиннің «Менеджмент», Карен Армстронгтің «Иудаизм, Христиандық пен Исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдайтану баяны», Виктория Фромкин, Роберт Родман, Нина Хаймстің «Тіл біліміне кіріспе», Светлана Тер-Минасованың «Тіл және мәдениетаралық коммуникация», Алан Барнардтің «Антропология тарихы мен теориясы», Клаус Шваб­тың «Төртінші индустриялық револю­ция» атты оқулықтары.
Елбасы Н.Назарбаев өз сөзінде «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» атты бағдарламалық мақала қазақ­стан­дықтар тарапынан кең қолдауға ие болғанын айтып, оның жекелеген бағыттары бойынша атқарылған жұмыс­тардың нәтижелеріне тоқталды. «Барлық өңір «Туған жер», «Киелі жерлер­дің географиясы» және «100 жаңа есім» жобаларына атсалысып жатыр. Бір жыл ішінде меценаттар қара­жаты есебінен әлеуметтік инфра­құры­лымды дамытуға ондаған мил­лиард теңге бөлінді. 700-ден астам мәдениет ескерткіштері жөнде­ліп, қайта қалпына келтірілді. Жүзде­ген ғылыми экспеди­циялар ұйымдас­тырылды» деді Президент.
Мемлекет басшысы «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан «100 жаңа оқу­лық» жобасының бүкіл әлеуметтік-гу­манитарлық сала үшін маңызды екенін айтып, оның бірқатар ерек­ше­ліктерін атап өтті. «Бүгінгі алғаш­қы зияткерлік транш АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Франция және Швей­цария сияқты алдыңғы қатарлы елдер­дің ең үздік ғылыми еңбектерін қамтиды. Бұл кітаптармен танысуға мүмкіндік алған жастарымыз көп емес» деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы ұсынылған кітаптар қазақ тіліне түпнұсқадан аударылғанын айрықша атап өтті. Ал бүгінгі іс-шара рухани жаңғыру бағдарламасының жаңа кезеңін бастайтынын айтты. «Бұл – ауқымды энциклопедиялық ізденіс арқылы адамзат дамуының көкжиегіне жол ашатын кезең. Бүгінде зияткерлік даму үдерісінен туындаған тың серпіннің арқасында рухани революция бастау алып келеді» деді Президент.


Нұрсұлтан Назарбаев, сондай-ақ қазіргі жағдайда әлемнің дамуы кө-біне инженерлік ғылымның әлеуетімен анықталатынына назар аударып, озық технологияларды пайдаланудың мақсаттарын ұғыну маңызды екендігін тілге тиек етті. «Ғылыми таным – заманауи ұлттың бәсекеге қабілетті болуының басты шарты. Жаңа оқу­лықтар білімнің нағыз энциклопе­дия­сы болып саналады. Бүгінде оқу әдісі ғана емес, сондай-ақ оның мазмұны да маңызды. Осыған орай «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бес жылға арналған жалпыұлттық білім беру ісін жүзеге асыруға мүмкіндік береді» деді Мемлекет басшысы.
Елбасы әлемдік тәжірибеде мұндай кешенді бағдарламаның іске асырылуы сирек кездесетінін атап өтті. «Жаңа оқулықтар – эксклюзивті гуманитарлық кітапхана. Бұл оқу­лық­тар көпшілік үшін кітап түрінде, электронды онлайн нұсқасында және үздік лекторлардың ашық дәрістері­нің видео­текасы сияқты үш форматта қолжетімді болмақ. Кітаптар латын қарпінде басып шыға­рыл­ғаннан кейін, оларды шетелде тұратын жастарымыз да оқи алатын болады» деді Президент.
Нұрсұлтан Назарбаев жобаны іске асы­рудың арқасында Қазақстанда аударма ісінің жаңа мәдениеті қа­лыптас­қанын атап өтті. Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті еліміз бен қо­ға­мымыздың бәсекеге қабілетті­лі­гін арттыру факторының маңызды­лығы жөнінде айтты. «Рухани жаңғыру» бағ­дарламасы жастарымыздың бола­шағы үшін іске асырылуда. Осы орайда, өскелең ұрпақтың оны жүзеге асы­руға белсенді түрде атсалысқаны аса маңызды. Біз бүгін тәуелсіздік жыл­дары қалыптасқан ғылыми-кадр­лық әлеуетіміздің зор екеніне тағы да көз жеткіздік» деді Мемлекет бас­шысы. Елбасы үштілділік қағида­тын сақтаудың маңыздылығына тоқталып, биыл бірнеше шетелдік оқулықты орыс тіліне де аудару мәселесін қарас­тыруды тапсырды.
Жиынды қорытындылай келе, Елбасы Қазақстан Үкіметі мен Ұлттық аударма бюросына бірқатар нақты тапсырма берді. «Біріншіден, 2018 жылға жоспарланған 30 кітаптың әрі қарай сапалы аударылуын және басылып шығуын қамтамасыз ету керек. Қаржыландыру уақтылы әрі толық бөлінуге тиіс. Келесі жылы аударылады деп жоспарланған оқу­­лықтар өз уақытында іріктеліп, тал­даудан өткізілуі керек. Екіншіден, бұл оқулықтарды білім беру үдерісіне тиімді түрде енгізу – маңызды міндет­тердің бірі. Осы оқулықтар бойын­ша оқытылатын пәндер жаңа оқу жылы­ның білім беру бағдарламалары­на енгізілуі қажет. Үшіншіден, ғы­лыми тәжірибеде қолданылатын бар­лық терминдерді жүйелендіріп, гу­манитарлық және экономикалық лексиканың жаңа түсіндірме сөздігін шығаруды тапсырамын. Төртіншіден, оқулықтар кәдімгі кітаптар сияқты басылып шығуы керек. Сонымен қатар онлайн білім беру ісін дамыту қажет. Қазір дамыған елдерде виртуалды университеттер бар. «Қазақстанның ашық университеті» жан-жақты қолдау табуы керек. Ашық лекциялар видеотекаларының және солардың негізінде дайындалатын оқулықтардың сапасын қадағалауға ерекше назар аудару қажет. Бесіншіден, «100 жаңа оқулық» жобасы ғылыми аударма мектептерін дамыту ісінде маңызды рөл атқарады. Сондықтан аударма саласында тәжірибенің, білімнің және кәсіби дағдының жүйелі дамуын қамтамасыз ету керек» деді Мемлекет басшысы.
Ұлттық аударма бюросының ­­­­ди­ректоры Рауан Кенжеханұлы жоба жұ­мысына еліміздегі іргелі оқу ­орын­дары, гуманитарлық бағыттағы ­­ғ­ы­лыми-зерттеу орталықтарының ­­­ма­ман­дары тартылғанын жеткізді. ­­­­­­­­«­­­Ау­дарманы мейлінше сапалы шығару үшін жұмысқа тәжірибелі аудар­машылар мен жоғары оқу орын­­дарының ұстаздары шақырылған. Ғылыми редакция жасауға еліміздің белгілі ғалымдары, әдеби редак­цияға қарымды қаламгерлер, білікті редакторлар мен баспагерлер тартылды. Қазір бұл жұмысқа ­­200-ге тарта маман қатысуда. Сондай-ақ ғылыми аудармасы жолға қойылған елдердің тәжірибесі мұқият зерттелді. Іргелі аударма технологиясының бірі дүниежүзінің 181 мыңнан аса аудар­машысы қолданатын арнайы тұғырнама ұсынылды» деді ол.
Қазақстан Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиын-қыстау кезеңнің өзінде талантты да талапты жас буынды әлемнің алдыңғы қатарлы оқу орын­дарына жіберіп, олардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасағаны белгілі. Бүгінде бұл жұмыстар бір ізге түсіп, жүйелі сипат алды. Бұл еліміз жастарының жоғары ғылыми стан­дарттарға сай білім алуы – Елбасы­ның басты назарында екені­нің айғағы. Сол игі істердің заңды жалғасы ретінде Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы жүзеге асыры­лып отыр. Сондықтан жиынға қатысқан ғалымдар мен ЖОО оқытушылары бұл бастаманы ең алдымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жастарға деген ұдайы қамқорлығы мен қолдауының жемісі деп бағалады.
Сонымен, мемлекеттік маңызы зор ауқымды жобаның алғашқы нәтижелері – әлеуметтік және гуманитарлық салада жоғары бағаланатын және дүние-жүзінің ең үздік жоғары оқу орын­дарында оқытылатын 18 оқулық өз оқыр­манына жол тартты. Ғылым мен бі­лімді дамытып, әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына қосылу міндетін алдыға қойып отырған еліміз үшін қазақ тіліне аударылған жаңа оқулықтардың маңызы зор. Ана тіліміздің кең қанат жаюына және отандық ғылымның өркендеуіне үлкен мүмкіндік беретін жоба алдағы уақытта лайықты жалғасын табады.

Дина Имамбаева

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. Алмагүл

    Сапалы оқулықтар саны артса, қуанамыз. Жастарға білім, бағдар беретін жаңаша, салалық оқулықтар ешқашан артықтық етпейді.

  2. Жайна

    Оқулықтардың сапасы қазіргі күні білім беру ісіндегі маңызды мәселелердің бірі ғой. Сол себепті осы мәселеге баса назар аударылып отырғандығы қуантады.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.