Фотоөнердің шынайы шебері

Сурет:Алматыдағы Ленин (қазіргі Республика) сарайында өткен Бүкілодақтық слет кезінде. Роза Рымбаева (ортада) мен Қалиғұмар Қабдешов Өзбекстан мен Тәжікстаннан келген қадірлі меймандардың арасында.

Қалиғұмар аға талай қас-қағым сәтті қалт жібермеген…
Адам баласының өз тарихындағы өзгеше өнертабысының бірі – суретке түсіру, яғни қас-қағым сәтте әлдебір тарихи оқиғаны немесе қызықты көріністі, не жеке тұлғаның іс-әрекетін, бет-бейнесін анық алып, оны көз алдыңа айқын әкеле бедерлеп бейнелеп беру болса керек. Иә, фотоөнердің де біздің өмірімізбен біте қайнасып кеткені қашан!
Бұл ретте қазақ фотожурналистикасында осы кәсіпті жоғары дәрежеге көтерген тамаша шебердің бірі, тіпті бірегейі ретінде Қалиғұмар Қабдешовтың есімі ерекше аталады десек, артық емес.
…Шыңылтыр аязымен де шынықтыратын Шығыс Қазақстан облысындағы теңіз деңгейінен 1300 метр биіктікте орналасқан әйгілі Марқакөл көлінің жағасында дүниеге келген кішкентай қара баланың бойында әу бастан-ақ таудай үлкен талап-талпыныс бар еді.

Төртінші сыныптан бастап тайын­бай сурет салатын, талмай қабырға газетін көркемдейтін. Олары аудандық, облыстық көрмелердің көзайымына айналатын. Осылайша ол әдемілікке, әсемдікке жақсы жақын болып өсті.
Ойлағаны өнер жолына орнықты түсіретін оқу орны еді. Алайда туған ағасы Зәкеш Қабдешовтың күштеуімен сол тұстағы бас қаламыз – Алматыдағы зоотехникалық-малдәрігерлік институтына қиналмай-ақ түскен.
– Ата-анамыз ертерек қайтыс болып кеткендіктен, – дейді Қалиғұмар аға, – ауданда зоотехник, ауылдық кеңес төрағасы қызметінде істеген осы ағам әкем де, шешем де өзі болып, мені тәрбиелеп адам қылды ғой. Сондықтан айтқанынан шыға алмадым. Бірақ 1963 жыл оның өміріне күрт өзгеріс әкелді.
– Бір топ студент Алматыдағы осы күнгі Абылайхан мен Абай көшесі қиылы­сынан өтіп бара жатсақ, – дейді Қале­кең, – «Жол тарабы» деген кино (режиссері Шәкен аға болып шықты) түсіріліп жатыр екен. Киіміміз де, келбетіміз де ұнаған болу керек, режиссердің көмек­шісі Дариға атты келіншек келді де, бізді «массовкаға» түсуге шақырды, соңы­­нан әрқайсымызға 3 сомнан ақша берді. Мақтанғаным емес, өзім студент кезімнен-ақ сәнді киінетінмін, әрі кербездеу болатынмын. Сонымен, әлгі әйел екі-үш жігіттің ертеңіне «Қазақфильм» студиясына келуін өтінді. Бізді атақты Шәкеңнің, Шәкен Аймановтың өзі қабылдап, қатаң «сүзгіден» өткізді. Сөйтсек, ол кісі тың игеруге бара жатқан студенттер туралы «Мальчик мой» деген жаңа кино түсірмекші екен. Әлгі жігіттердің ішінен Шәкең мені таңдап, штаттан тыс актерліктің куәлігін бергізді. Сол жерде Асанәлі Әшімовпен, Суат Әбусейітовпен таныстым. Қысқасы, көп ұзамай қорықпай актерліктің «қорасына» қойып кеттім!
Әйтсе де сол жылы оны әскерге шақырады. Әрнәрсені білсем, үйренсем деп үнемі ізденіп жүретін Қалекең кезінде, тіпті техник-топографтың курсын да бітіріп алған. Соның арқасында Отан алдындағы борышын Өзбекстандағы Наманганда орналасқан әскери бөлімнің фотолабораториясында өтейді… Сөйтіп, үш жыл бойы талай жерді шарлап топо­графиялық суретке түсіреді.
Бірде одақтық әскери «Красная звезда» газетінің фототілшісі Шутовпен бірге жүріп, фотообъективінің назарына көп нәрсені алады. Алғашқы суреті осы газетке басылады. Содан кейін өздерінің тапсырмасымен Түркістан әскери округі газетінің бетінен суреттері түспейтін болды.
1966 жылы Алматыға оралған соң осындағы атақты «Журналист» атты фотостудияға орналасты. Алайда, тағы да Зәкеш ағасы қарсы болып, дереу елге қайтарады. Сөйтіп, Марқакөл аудандық комсомол комитетінде, аудандық «Шам­шырақ» газетінде бірқатар жыл қызмет істеп, 1973 жылы Алматы жоғары партия мектебіне оқуға жіберіліп, ауылдан «қашып» кетеді. Жоғарыда айтыл­ған фотостудиямен қайта табысып, содан бері осы оңтүстік астананың көңілді «көшелерін» көп көркем фотосуреттерге толтырып жүрді.
Жалпы бұл кісінің өмір, еңбек жолын­дағы елеулі істері мен келісті кезеңдерін толық айта берсек, газет бетінен көп орын алады, сондықтан кейбір жайларды ғана қысқа қайырсақ деп отырмыз.
Сонымен, Қазақстан Журналистер одағының, Халықаралық Журналис­тер одағының мүшесі, бүгінде Қарасай ­ауданында тұратын жетпіс сегіз жастағы Қалиғұмар ағамыз ұзақ уақыт ерен еңбегі мен бойына Алла берген талантының арқасында фотоөнерінің шын шеберіне айналды.
Көп жыл шетелдермен ынтымақты қарым-қатынас орнататын республи­калық «Достық» қоғамында жұмыс істеп, өскен, өнген, өрлеген Қазақстанды, оның ардақты азаматтарын, тамаша таби­ғатын өзге жұртқа (осы қоғам ұйым­дастырған сурет көрмесімен талай елде, атап айтқанда, Үндістанда, Цейлонда, т.б. жерлерде болды) таныстырды.Республикалық КазТАГ, одақтық АПН ақпараттық агенттіктерінің шататтан тыс тілшісі болды.
Үш театрдың – Абай атындағы опера және балет театрының, М. Әуезов атындағы драма театрының, Ғ. Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының шынайы фотошежірешісі атанды.
Бір кездері оның үлкен жиын, бас­қосуда түсірген суреттері республи­калық басылым беттеріне күн құрғатпай шығып жататын. Фотосуреттерінен жасалған талай тамаша көрмелер елімізде де, шетелдерде де тұрақты ұйымдас­тырылып тұрды.
Осы орайда, Арал проблемасы жайлы «Ақ бота» фотокөрмесі ел назарын ерекше аударған. Кезінде «Қазақфильм» диафильмдер де дайындайтын, Қалекең соның жиырма шақтысының авторы.
Әсіресе КСРО халық әртісі, ұл­тымыздың тұғыры биік тұлғасы, қазақ театры және кино өнерінің корифейі Асанәлі Әшімов туралы «Асанәлі» деген фотоальбом кітабы өнерсүйер қауымның, халықтың ыстық ықыласына бөленді. Бұл туралы Елбасының 2000 жылы халық әртісіне жолдаған хатында: «Қадірлі ­Асеке! Жіберген кітабыңызды алдым. Мұқият таныстым. Менің білуімше, бұған дейін біздің өнер шеберлеріміз хақында дәл осылайша ойлы да оңтайлы әдіптелген кітап жарық көрген емес. Жақсылықтың нышаны, жарқын істің басталуы болар деп білемін. Ықылас-пейіліңізге деген ризашы­лықпен Нұрсұлтан Назарбаев» деп жазуының өзі көп нәрседен хабар бермей ме! Қалекең одан кейін қазақ өнерін өрге сүйреп, мерейін өсірген Әзірбайжан Мәмбетов, Досхан Жолжақсынов туралы дәл осындай фотоальбом кітап шығарған. Сондай-ақ «КСРО халық әртістері» фотоальбомы, көрермен жүрегін жаулаған әртіс, марқұм Әнуар Боранбаев жөніндегі «Актер тағдыры» фотоальбомы да көп көңілінен шықты.
Атақты «Түрксіб» теміржолының 50 жылдығына арналған тарихи кітапқа арналған суреттері де нағыз фотошебер екенін анық аңғартады.
Айта берсек, Қалиғұмар ағаның басқа да еңбегі ерен. Дегенмен, бұл кі­сінің Қазақстанның Тәуелсіздік декла­­ра­циясын қабылдау кезінде Е­лбасы Нұрсұлтан Назарбаевты түсірген және Парламентіміздің алғашқы сессия­сындағы тарихи суреттерінің бағасы өлшеусіз. Сұлтан Сартаев сияқты керемет заңгердің қол астында жұмыс істеп те жақсы танылды.
Сол сияқты «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» екі сериялы кинофильмінің фото­суретшісі болуын қалай атап өт­пейміз! Бір кездері республикалық «Заң» газетінде фототілші ретінде қызмет істегені тағы бар.
Елі үшін елеулі жұмыс атқарған Қалиғұмар ағамыз бүгінде жан жары, өмірлік қосағы Гүлзағира Жұмашқызы­мен бірге зейнеткерлік демалыс­тың игілігін көруде. Бір ұл, екі қыздан сүйген немерелеріне бар мейірім-шапағатын төгіп, аталық, әжелік ақ ниетпен аялап отыр.

Берікбай ҚАДЫҚОВ
Алматы облысы
Қарасай ауданы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. Лаула

    Роза апайымыз керемет сұлу болған екен. Қазір де сондай ажарлы.

  2. Інжу

    Осындай суреттерде қаншама тарих жатыр…

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.