Жалған намыс жаза бастыруы мүмкін

Есірткі… Естір құлақтың өзін елжіретер сөз емес. Есесіне есепсіз жанды есінен айыра алады. Бұл жерге есірткіден емделгісі, әлдекімін емдетпек боп келетіндерде есеп жоқ. Атауы – Алматы қалалық наркологиялық медико-әлеуметтік түзету орталығы. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – аталған мекеменің нарколог дәрігері Зүбайра Тастемірқызы.

– Бұл жерге науқастар «жаза бастым, ажалдан арашалаңызшы» деп өз аяғымен келе ме? Әлде… Жалпы, есірткіге еліткендер осы мекенге қалай тап болады?
– Әрқалай. Өз еркімен келетіндер де бар. Бірақ тым сирек. Олардың арасында кезінде бұл өмірден жалығып, есірткіден ермек іздеп, кейін сол «ертегі өмірлерінен» қашып келіп көмек сұрайтындар бар. Алайда науқастардың көбі ата-аналарының, ағайындарының мәжбүрлеуімен ғана осы орталыққа табан тірейді.
– «Қызық өмірлерінен» қол үзіп қалғандарына қапаланып, бұл арадан қашқысы келетіндер де бар шығар?
– Әрине. Телефонмен ата-аналарын ақша беруге үгіттеу, «өз-өзіме қол жұмсаймын» деп қорқыту секілді әрекеттер болмас үшін бізде науқастарға біраз шектеулер бар (ақша, өткір бұйымдар, телефон ұстауға болмайды). Тіпті бізде қасық жұтқан сырқаттар да болды. Ондағы мақсаты – қашу. Қасық жұтып қойған соң дереу мына жерден хирургияға әкетеді ғой, яғни науқастың әу бастағы мақсаты орталықтан шығу болып табылады.
– Сонымен адасқандарды адам қалпына қосуды неден бастайсыздар?
– Біздің емдеу орталығында он бөлімше болса, олардың арасында ерлерді, әйелдерді, жасөспірімдерді емдеуге, науқастарды мәжбүрлі түрде сауықтыруға арналған бірнеше бөлімшелер бар. Ол науқастардың емделуіне 3 ай, 6 ай немесе 1 жылдай мерзім берілуі мүмкін. Емдеудің алғашқы сатысы – дезинтоксикация, яғни оның есірткімен уланған ағзасындағы (қанындағы) түрлі токсикологиялық заттардың мөлшерін азайту және олардан арылту. Бұл процесс 5-12 күнге дейін созылуы мүмкін. Емдеудің бұл алғашқы сатысымен айналысатын арнайы бөлімше бар. Науқас бұл жерде система алып, түрлі дәрумендік терапиямен емделеді. Бұл кезең ең алдымен нашақорлардың өздеріне ауыр соғады. Өйткені өмірін есірткімен ғана елестетіп, «ажалды» өмірінің арқауына айналдырған олар үшін бұл – ең ауыр күндер. Сондай сәттерде олардың басынан бастап бақайшағына дейін шыдатпай ауыратынын біз білеміз. Ондай күндері олар өздерін қоярға жер таппай кетеді. Ол кезде ауырсынуды азайтатын дәрілер егіп, жанын сақтаймыз. Амал қанша… Бұның бәрі – ауруды қалыпты адам қалпына қайта әкелудегі алғашқы қадамдар.
Емдеудің екінші сатысы – реабилитация (қалыпқа түсіру). Бізде арнайы реабилитация бөлімшесі бар. Бұл емдеу сатысы ұзақ мерзімге созылады. Психотерапия емдеу әдісімен жүзеге асатындықтан, бұл емдеу кезеңінде, әсіресе, психолог дәрігерлерге артылатын жауапкерші­лік тым үлкен. Олар арнайы тренингтер өткізеді. Есіткінің құрсауына түсірген науқастың о баста­ғы проблемасын анықтау керек. Біз емдеудің бірінші сатысында науқасты есірткіге тән (ағза) тәуелділігінен құтқарғанымызбен, психикалық тәуелділіктен құтқару қиынға соғады. Қазақ «ауру қалса да әдет қалмайды» дегенді осындайда айтса керек. Нашақордың қаны ғана емес, күллі жан дүниесі, жүйке жүйесі өзгеріске ұшырайтыны бәріне белгілі. Жүйке жүйесіне зақым келгендіктен олардың мінез-құлқы, барлық адами болмысы өзгереді. Өкініштісі сол, жағымсыз жаққа қарай. Олар шырт етпе шамшыл, ашушаң, кекшіл болып келеді. Айналасында болып жатқан оқиғалардың ешқайсысы оларға жақпайды. Көңіл-күйі болмай, өмірді еш бояусыз, өңсіз, сұрықсыз қалыпта ғана елестетеді. Ол аздай, олардың ойынан еш шықпайтыны – есірткіні тағы бір мәрте қолдану. Бұл жерде ол адамның есірткі қолданудағы «стажын» қосыңыз. Яғни бірнеше жыл есірткі қолданып келген, соның салдарынан жүйке жүйесі бұзылған адамды дені сау қалыпты адамның қалпына қайта әкелу қаншалықты қиынға соғатынын осыдан-ақ аңғара беріңіз. Бұдан бөлек бұл науқастардың қалыпты ұйқы режимі бұзылады. Сондықтан біз сырқаттарды ұзағырақ ұйықтатуға тырысамыз. Өйткені ұйықтаған кезде оның жүйке жүйесі тынықса, екіншіден, жағымсыз ойларынан аз болса да арылып, көңіл күйі мен ұйқысын, тамаққа тәбеті тартуын қайтадан қалыпты дені сау адамның қалпына келтіруге жәрдемдеседі.
– Бұрынырақта еңбекпен емдеу дегенді естуші едік. Қазір мұндай әдіс қолданыла ма?
– Мүлде жоқ деуге келмейді. Біздегі науқастардың арасында қолдарынан түрлі іс келетін жандар бар. Олардың өз сүйікті істерімен айналысуына мүмкіндік мол. Бұл психотерапияның әдісіне кіреді. Сурет салып, тіпті кеме жасайтындар да бар. Бірақ мұның бәрі өз қалауларымен ғана. Алайда мен еңбекпен емдеуді өз басым қос қолдап қолдаймын. Бірақ біздің заңда ол жағы айтылмаған. Кеңес үкіметі кезінде олар зауыт жұмысына, аула сыпыру секілді жұмыстарға жегілетін. Ал қазір саусағын да қимылдатпайды. «Мен сырқатпын» деп сылтауратады. Ал мемлекеттен олардың сауығуына қаншама қаржы жұмсалуда.
– Есірткінің құрсауына түскендер осы жерден құлан-таза айығып шыға ала ма?
– Біз науқастарды емдегенімізбен, олар күн­дердің бір күнінде есірткіні қайта қолдан­байтынына еш кепілдік бере алмаймыз. Олардың көбі мына өмірден мүлде түңіліп, емделуге еш ниеті қалмайтын жағдайлар да жиі кездеседі. Оларға да ем қонуы екіталай. Одан бөлек, жоғарыда атап өткеніміздей, есірткі қолданудағы «стажы» тағы бар. 1-2 ай ғана есірткі қолданған науқас пен 10-15 жылдық ғұмыры инеге байланған жанды емдеудің жер мен көктей айырмашылығы бар. Өкініштісі сол, науқастардың есінде оның қалай қиналғаны, ет-жақындарын қандай күйге түсіргені емес, бір сәттік есірткінің алдамшы ләззаты ғана қалады. Ол сол күйді тағы бір кешу үшін бәріне даяр. Мәселен, героин қолданатын нашақорға «қорегін» қолына түсіру үшін күн сайын 15-20 мың теңге керек. Ал оны жұмыс істемейтін ол қайдан табады? Осының бәрі оны қылмысқа итермелейді. Бұдан соң нашақордың өмірі не түрмеде үзіледі, не есірткіні мөлшерден тыс қолданып, өз түбіне өзі жетеді. Бұл жерден емделіп шыққанымен қайтадан сол бұзақы ортасына тап болуы, қолына қомақтылау қаржы түссе нашаға жұмсау туралы ойдың сарт ете қалуы мүмкін. Тіпті кейде жасөспірімнің ата-анасы нашақор болуы да мүмкін ғой. Сондықтан науқасқа бұрынғы ортасын ұмыттырып, біз оларды жаңа өмір бастауға ұмтылдыруымыз керек. Отбасы мүшелері науқасты рухани жағынан қолдап, ерекше мейірімдерін төксе, ет-жақындықтарын сездіріп, көмек қолдарын созса, құба-құп. Сол арқылы сырқат өзінің отбасына керектігін, ол үшін жаны ауыратын жақындары бар екенін сезуі тиіс. Алла адамдарға өмір сыйлады. Біздің міндет – адасқандарды өмірге оралту.
– Баласының осы жолға түскенін, яғни нашақор екенін біле тұра «баласы нашақор екен, соны емдетіп жүр» дегенді естісе – елден ұят» деген жалған намыс қысып, баланы емдеу орталықтарына жолатпауға тырысатын қандастарымыз бар. «Бетін басып, тұра қашып» жүріп, баланың беті бері қарамауға айналғанын байқағанда ғана амалсыздан алдарыңызға алып келетінін талай естиміз. Бұған не дейсіз?
– Бұл жағдайға бірнеше рет куә болдық. Сондағы байқайтынымыз – ата-ана мен перзент арасындағы туыстық байланыс әлсіреген. Осы жерге түсетін балалардың бәрі дерлік ана-анасын сабап, өлтіруге де бек дайын тұрады десем, өтірік емес. Бұл біздің қоғамдағы тәрбиенің ақсағанын аңғартады. «үлкенге – құрмет» деген түсінік жойылған. Оған ересектер тарапынан да кінә бар. Ақша табам деп жүріп, бала тәрбиесіне мән беруді қойған. Баланың материалдық қажеттілігін өтеймін деп жүріп, рухани мұқтаждыққа ұшыратады. Осыдан соң бала өзін ешкімге керексіз әрі жалғыз сезінеді. Оның ақыры жаңа орта тауып, «ессіз ермекке» бой алдыруына әкеп соғады. Ал жаңа ортасы онымен әңгімелеседі, тіл табысады, жан дүниесін түсінген болады (әрине, оның ақшасын алып, нашаға тәуелді жағдай­ға жеткізгенге дейін). Ата-аналарға айтарым, балаларыңызға Сізден тек ақша емес, мейірім керек екенін естен шығармасаңыздар екен. Сосын тым қатты еркелетіп, баланың барлық ісін дұрысқа балауға болмайды. Оның араласатын ортасын үнемі бақылауда ұстауыңыз керек. Бетін әрмен қылсын, егер балаңыздың күнделікті іс-әрекетінен бір өзгешелік байқасаңыз (ұйқысының бұзылуы, көңіл-күйінің құбылуы, мінезінің күрт өзгеруі, үйден ақша, басқа да бағалы мүліктердің жоғалуы…), себебін тезірек анықтауға тырысыңыз. Егер есірткі қолданатынын білсеңіз, дереу емдетуге кеңес береміз. Біз бірден мектептерге, басқа да жерлерге ақпарат бермейміз. Келіп анонимді (жасырын) әрі тегін тексеріле алады. Сондықтан «елден ұят» деген қазақы психологиядан арылып, баланы емдету керек. Қазақ «ауруын жасырған өледі» дейді. Сөйтіп, жалған намыс жаза бастыруы мүмкін. Өйткені жасөспірімнің тағдыры үшін әр сағат қымбат. Сол себепті кейін бармақ тістеп, өмір бойы өкініп өтпес үшін абай болайық. Ал тағдыры қыл үстінде келген науқастарға біздің қолдан келер дәрмен де аз.
– Бұл жердегі қазақтардың үлес салмағы қандай? Ерлер мен әйелдердің қайсысы басым? Жастар жағы ше?
– Өкініштісі сол, науқастардың тең жартысы – өзіміздің қаракөз қандастарымыз. Ал ерлер мен әйелдерге, балаларға шаққанда жасөспірімдер көп. Сондай-ақ ерлерге қарағанда әйелдердің есірткіге салынуы аса үрейлі құбылыс дер едім. Өйткені жан дүниесі нәзіктеу келетін әйел заты есірткімен күресуде ерлерге қарағанда әлсіз әрі тез салынғыш келеді.
– Қазір халықты алаңдатып отырған тағы бір жай, ол – есірткі заттарының дәрілік препараттар ретінде көшедегі дәріханаларда еркін сатылуы. Яғни қолданам дегенге қолжетімді дүниеге айналғандай. Қалай жолын кесуге болады?
– Оларды психотроптық препараттар деп жүрміз. Ол кез келген дәріханаларда сатылмауы керек. Оны тек дәрігердің арнайы бланк қағазына препаратты қолдануды мақұлдап берген әрі тиісті жерден соғылған үш мөрі бар рецептпен ғана ала алады. Алайда бізге түсетін сырқаттардан бұл препараттардың дәріханаларда еш рецептсіз сатыла беретінін жиі естиміз. Бұған бақылауды орнату – есірткі саудасымен күрес жүргізетін органдардың құзырындағы дүние. Бұдан бөлек дәріханаларда ұйқыны қалыпқа түсіретін дәрілік заттар да бар. Оларды да шектен тыс мөлшерде қолдану керісінше әсер беріп, кейін соған тәуелділікке әкеп соғады. Сондай-ақ дәрігер ретінде ғана емес, азамат ретінде айтарым – біздің елімізде ақпарат кеңістігіндегі шектеудің жоқтығы да бұған кері әсерін тигізіп отыр. Қазір интернетке кіре қалсаңыз, сан алуан сайтта есірткіні қалай қолдану керектігі егжей-тегжейлі жазылып, тіпті оны қалай сатып алуға болатынын алдыңызға әкеп тосады. Үйден шықпай-ақ есірткіге тапсырыс бере аласыз. Бұл – өте қауіпті құбылыс. Сондықтан ақпарат кеңістігімізде қатаң бақылау жүргізгеніміз де абзал дер едім.
– Есірткіден ес жиюдың жолы осы екен деп, түрлі пиғылдағы діни ағымдардың тырнағына ілігіп қалып жататын жандар жайында не дейсіз?
– Дінде жағымсыз қылықтарға жол жоқ деп жатады ғой. Жастарымыз есірткіден ес жиып, Құ­дайға құлшылық етіп, намазға жығылып жатса, құба-құп. Ал өзге діни ағымдар мен секталардың жетегінде кеткендерін көргенде қынжыласыз. Бірақ бұның өзі өте сирек дер едім. Өйткені нашақорлардың көбінде сенім, ертеңгі күнге деген үміт оты жоғалған. Олар тек бүгінмен өмір сүріп келеді. Олардың сеніміне кіру, санасын бұру кез келгеннің қолынан келмейді. Рас, дін жолындағылар – мықты идеологтар, қала берді, психологтар. Іші-бауырыңа кіріп, сөзіне ұйыта алады. Ал бұрынғы нашақорлардың біразына кезінде адамдардың назар аударуы мен өзара тіл табысуы жетіспеген болуы мүмкін.
– Сізді не алаңдатады?
– Көз алдымда күн санап қанша өрімдей жас­тар гүлдей солып барады. Бір кездердегі аппақ армандар да ажал құшып жатыр. Соларды көре тұра алаңсыз өмір сүруге бола ма?.. Бала күнімізде үлкендер «өлетін бала молаға қарай жүгіреді» деп отырушы еді. Сондықтан Алладан балалар «ана ауылға» асықпасыншы деп тілейік..

Сұхбаттасқан Д.ІЗТІЛЕУ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.