Халқының сүйікті перзенті

Тарихты ғимарат деп алсақ, ол ұлттар мен ұлыстардың көрнекті өкілдерінің жарқын істерінен тұрғызылады деп есептеледі. Кеңес мұраттарына сеніп, адалдық пен шынайылық үлгісін көрсеткен сондай адамдардың бірі Самат Сіләмбекұлы Сүндетбаев болатын. Ол Кеңес Одағының дипломатиялық корпусының өкілі, Йемен Араб Республикасындағы елшіліктің екінші хатшысы болған.

Өткен жылдың желтоқсанын­да дипломаттың туғанына 80 жыл толды. Ол және оның әріптесі В.А.Яковлев 1967 жылы желтоқсан­ның 11-інде азаматтық борышын атқару кезінде Кеңес өкілдеріне қарсы қастық әрекет жасаушы лаңкестердің қолынан қаза тапты. Ол кезде ЙАР-да республикашылар мен монархистердің арасында азаматтық соғыс жүріп жатқан болатын. Елшілік қызметкерлері мен олардың отбасылары үшін қиын кезең туды. Олар қауіпсіздікті қамтамасыз ету және адамдарды көшіруге қатысты міндеттерін жа­уапкершілікпен орындады. Бірақ өздерінің өмірін сақтай алмады…
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінде Сүндетбаевты бі­летін қызметкерлер қалмаған да шығар. Сол жылдарды айғақтайтын құжаттар да сақталмаған болу керек. Қанша айтқанмен ол қазірде таратылып кеткен елде қызмет істеді ғой. Әйтеуір ол туралы және сонау ерлік туралы басылымдарда соңғы бір жарым жыл ішінде әріптестер тарапынан ешқандай мақала көзге түспеді.
Адамдармен тіл табысқыш, қа­тарлас балалардың арасында пысық, еті тірі Самат жетім болып өсті. Оның әкесі қуғын-сүргін кезінде қайтыс болды ма, шетелге қашуға мәжбүр болды ма – әйтеуір хабарсыз кетті. Еркін әрі зерек, саналы жас жігіт мектеп пен Семей қаласындағы кеңестік сауда техникумын үздік бітіріп, Ленинградтағы кеңестік сауда институтына түсе­ді. Оқуды бітіргеннен кейін 1960 жылға дейін Гурьев (қазіргі Атырау), Ақтөбе облыстарында сауда саласында әртүрлі қызмет­тер атқарады. Қажырлы, адал қыз­метімен көзге түсіп, ол Алматыға шақырылады да, сауда ұйымдас­тыру басқармасының бастығы­на тағайындалып, Республиканың Сауда министрлігіне қабылдана­ды, оның алқа мүшесі болады. Көп ұзамай-ақ оны бұл жерде де лайықты түрде бағалап, 1963 жылдан бастап Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде жауапты жұмыста еңбек етеді. 1964 жылы оның өмірі күрт өзгереді: оны Мәскеуге, КСРО СІМ-нің Жоғар­ғы дипломатиялық мектебіне тыңдаушы ретінде жібереді, бұл жерде оның іскерлік қабілеттері мен адамгершілік қасиеттері, тапсырылған іске деген адалдығы мен жауаптылығы бағаланса керек. Осы мектепті бітіргеннен кейін ол ЙАР-ға дипломатиялық қызмет атқаруға жіберілді. Онда ол аталып өткен оқиғаға дейін өз қызметін абыроймен атқарды. В.А.Яковлев пен С.С.Сүндетбаев қайтыс болғаннан кейін, 1968 жылы қазанның 22-сінде әскери жағдайда үлгілі жұмыс істегендері үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. 1968 жылы қарашада Сүндетбаевтың жақын-туыстары Алматы қаласындағы Райымбек даңғылы бойындағы зиратта дипломаттың бейітінің басына ескерткіш-мүсін орнатты.
…Кеңес өкіметі тұсында шыққан тегінің «пролетар еместігін» айту қауіпті еді. Оның үстіне оның анасы Қайныш кейіннен тұрмысқа шықты да, өгей әкесі Құрмаш майданға кетіп, содан қайтып оралған жоқ. Соғысқа дейінгі және одан кейінгі жылдардың ауыртпалығы оны шыңдады, бұл сол жылдардағы жас ұрпақтың барлығының бірдей «еншісіне тиген» сынақ болатын. Десек те, оның алғырлығы мен ой-санасының ұшқырлығының бас­тауын тегінен іздеу керек сияқты.
Кезінде тобықты әулетінің басшысы, әділ биі болған, Тәуке ханның оң қолы және 17-ғасырдағы даланың заңдар жинағы «Жеті жарғыны» құрастырушылардың бірі Әнет бабаның Самат – жетінші ұрпағы. Әнет баба туралы басылымдарда көптеген мақалалар жазыл­ған. Сүндетбай атасының інісі Әнияр Молдабаев Семей зиялылары мен қаланың белгілі адамдары­ның арасында беделі мықты, 20-ғасырдың бас кезінде жетекші банк қызметкерлерінің бірі болған. Ол Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясында өз заманының белді өкілдерінің бірі Данияр Қондыбаев образында сипатталған. Семей қаласындағы Абайдың ме­мориалдық мұражайындағы қол­жазбаларға жүгінсек, Абай өзіне жақын адамдармен бірге Әниярға үй алуға көмектескен, Әнияр ол үйді едәуір үлкейтіп, жөндеген. Абай, Ақылбай, Әбдірахман, Мағауия, Тұрағұл, Шәкәрім қажы, басқа да ағайын-туғандар мен жора-жолдастар қалаға келгенде осы үйге тоқтап, әңгіме-дүкен құрып, кей мәселелерді шешеді екен. Қазір мұнда «Алаш арыстары» мұра­жайы орналасқан, онда М.Әуезов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов және басқа да жазушыларымыздың қызметтері туралы деректер жи­налған. Халық ішінде ізгілігі мен әділдігі жағынан кең танылған Әнияр ата 20-шы жылдардың бас кездерінде Семей уезінің алғашқы соты болып сайланады.
Сүндетбайдың Қалаубек және Сіләмбек атты ұлдары болған. Сіләмбектің Нұржамал атты қызы және Сағынтай, Мақсұт, Самат атты үш ұлы болды. Нұржамалды кішкентай кезінде Әнияр бауырына басып тәрбиелеген, гимназияда оқытқан, оның ақындық қабілеті де болған. Алайда 20-жылдары үрейлі жылдар басталды… Кейінірек Нұржамал Ақберді қажының не­мересі Жұматайға ұзатылды. Бұл жерде ескерілетін жайт, Ақберді қажы – Абайдың әкесі Құнанбайдың туған ағасы Жақыптың баласы. Ақберді мен Сүндетбай балаларының жақсы білім алғанын атап өткен жөн: Ақбердінің балалары Қисатай мен Өміртай судья болып Семей уезінің Шыңғыс болысында сайланған, ал Сіләмбек алқа би болған, ол туралы 1916 жылғы шілденің 14-індегі дауысқа түсу парақтарындағы жазбалар мен 1920 жылғы деректерден білеміз (ҚР ОММ Ф. 15 және т.б.).
Ағасы Сағынтай Ұлы Отан соғысы кезінде хабарсыз кеткен. Одан кейінгі ағасы Мақсұт жұрт ішінде белгілі ұста, дүкен-шеберхана ұстаған, ауылда техника тілін жетік білетін бірден-бір адам болған. Ол әйелі Дәкен екеуі 9 бала өсіріп тәрбиелеген. Олардың екеуі Серік пен Нұрхан құрылысшы-инженер, құрылыс фирмаларын басқарады. Мақсұт өмірден ерте кетті. Саматтың қарындасы Райләш пен інісі Ахаттың балалары бар.
Дипломат С.Сүндетбаевтың атымен Қарауыл ауылының орталығында көше аталған, ол оқыған Семей техникумында ме­мориалдық тақта орнатылған. Жұбайы Мария мен балалары Мұхтар және Данеля Мәскеуде тұрады. Мария жеңгей көп жылдар КСРО Жоғарғы Кеңесі аппаратында Қазақстанға байланысты құжаттармен айналысып жұмыс істеген. Ұлы – Мәскеудегі ғылыми-зерттеу институтында инженер. Қызы әкесінің жолын қуды, Мәскеу халықаралық қатынастар институтын бітірді, консулдық қызметте.
Самат Сіләмбекұлы оны білетін адамдардың жадында көрнекті тұлға, елінің патриоты ретінде сақталады.

Тілес Ақбердин,
Халықаралық және Қазақстанның ұлттық инженерлік
академияларының академигі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.