Ерлік – ұрпаққа ұран
Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театрында жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сәбит Досановтың «Мәншүк» драмасының премьерасы өтті. Қойылымға автордың өзі қатысты.
Соғыс талай жанның өмірін қиып, бізге тек есімдерін ғана қалдырды. Сол елеулі есімнің бірі – Мәншүк. Ұлы Отан соғысы басталған кезде ол медицина институтында оқып жүрген болатын. 1942 жылы өз еркімен әскер қатарына алынып, ұрысқа қатысты. Аға сержант, пулеметші Мәншүк ұрыстарда өзінің мергендігімен және батылдығымен көзге түсті. Невель қаласы үшін болған кескілескен шешуші ұрыста Мәншүк ақтық демі біткенше пулеметтен оқ боратып, қаһармандықпен қаза тапты. Осының бәрі қойылымда әдемі көрініс тапқан. Мәншүк бойжеткеннің қайтпас қайсарлығы, сертіне адалдығы, арманы бейнеленген қойылым көптің көңілін дөп басты.
Туындыда Мәншүктің рөлінде Айжан Қайырова мен Әйгерім Сағаденова ойнайды. Ал Мәншүктің анасының рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлжиян Шынтемір, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері Әсел Мәмбетова, әкесінің рөлін Айдар Жарылғапов пен Талиғат Жігеров сомдады. Ал жауынгер Нұркеннің рөлін Жылқыбай Жұбатов алып шықты.
Драма авторы Сәбит Досанов шығармашылық топқа алғысын білдіріп, сый-сияпат табыстады.
– Батыр апамыз 20 жасында сұм соғысқа аттанды. Марқұм бір өзі 72 дұшпанды өлтірген екен. «Не бәрі 20 жастамын, Жазылған жоқ өмір баян-дастаным. Айтылған жоқ жақсы әнім, Не бәрі 20 жастамын» дейді батыр қыз монологында. Қайсар жанның рухына осылай, қойылым арқылы тағзым етіп жатырмыз. Бұл – бірлесе жасалған дүние. Облыс әкімі бастаған топ қолдау көрсетті. Сахнада қанша киім, декорация бар. Бәрі керемет жасалған. Бұйырса, осы дүниені Астана жұртшылығына ұсынамыз, – деді жазушы.
Қойылымның режиссері Асхат Маемиров театр ұжымына ерекше алғысын жеткізді.
– Бұл қойылымнан соғыстың көркемдік жағын көрдік. Себебі шығарманың өзі соған сұранып тұр. Батыс Қазақстан облысының мәдени кеңістігінде көптеген жаңалықтар болып жатыр. Тағы айта кететінім, осы қойылымды сахналаған театрдың әлеуеті жоғары. Күзде Алматыға келіп, есеп берсеңіздер екен деймін. Себебі сіздер жасап жатқан дүние көрерменге көрсетуге тұрарлық, – деді режиссер.
Аталған қойылымның тағы бір режиссері – Әлия Баймахан, қоюшы суретшілері – Мәдениет саласының үздігі Қайыр Оразғалиев, Мұрат Мамбетов.
Айдана Хамидуллина
Орал