Сәйгүлік жаршысы

Бастағанбыз жылқы жылы жыр басын,
Жылқы деген, адам пенде, құрдасың.
Сергектік пен бақыт тілеп баршаға,
Сыр-сандықты аштық, тыңда, сырласым!
Бесінбай Бегеніш

Бесінбай Бегеніш – бір қарағанда қарапайым ғана адам болғанымен өзінің Ақан серідей таза, бегзат, серілік бейнесін өзі сомдап шығарған қоғам қайраткері, саңлақты – сәйгүлікті танытушы білгір маман.
Ол басып өткен өмір жолында – мектепте әдебиет пәнінің мұғалімі, мектеп директоры, кеңес төрағасы, партком хатшысы, т.б. маңызды-маңызды салаға тер төккен, қызмет атқарған белгілі азамат. Шәкірттерін ана тілін, дәстүрін қастерлеуге, тарихына терең үңілуге, өткенге салауат айтып, болашаққа үміт артуға үйретуді мақсат етті. Сондықтан да болар, саналы өмірін ұрпақ тәрбиесіне арнады, ол жай мұғалім ғана болған жоқ, ұстаздардың ұстазы атанып, көптеген мектептерде мектеп директоры қызметін атқарды. Абырой атаққа да жетті.

Қай салада еңбек етсе де бала кезінен қанына сіңген ата-бабадан келе жатқан дәстүрге берік Бесінбайдың бойында жылқыға деген ерекше құмарлығы болды. Ат көрсе, айналсоқтап шыға алмай, тұлға пішініне, пошымына, ерекше назар аударып, төңіректей беретін. Сондықтан да болар, оның жазғандарының көбі – жылқы туралы болды, азаматқа қанат болған Адай жылқысын дәріптеумен өтті. Көпті көрген көнекөз қарттардан жылқының күтімі, сейістігі (ат бегі), жайылатын өрісі, жейтін шөбі, ішетін суы, күтім-бабы жайында әңгімелерді тыңдап, білмегенін үйренуге ұмтылатын. Осы жайлар хақында ол өткенді еске алып: «Ел ішінде абыройлы абыз ақсақалдардың біразын көрдім. Бәрі есімде – қажы Қадырдың Есбосыны, Матай Шәріп, Келжанның Жылқыбайы, Алданазардың Атшыбайы, Алшын Меңдалиев, Ержан Хазірет, т.б. Олардың әңгімелерін қызыға тыңдайтынмын».
Ал бәйге атын баптау, ол – ерекше өнер. Халқымыздың тарихында жүйрікті шаппай таныған, қыранды ұшпай білген не бір сұңғыла, көрегендер болған. Сондай қарттардың бірі Әділ ақсақал Бесекеңмен қоныстас болып, жылқы тарихына қатысты, халқымыздың атағын аспандатқан арғымақтар туралы айтылатын әңгімені тыңдаудан жалықпайтын. Әсіресе ­Балуанияз мінген құла ат туралы, оның адамнан зият мінез-құлқы туралы, туған жерге өскен ортаға, өзін баптаған балықшы Балуаниязға жанқияр адалдығы, ер серігі болғаны туралы тебіреніп айтқан әңгімесін тыңдағандар көздері жасқа шыланып, арғымаққа деген сүйіспеншілігі арта түсетін.
Осылайша Бесінбай сәйгүліктанушы болып, арғымақ аттың жаршысына айналды. Жай ғана жаршыға айналған жоқ. Өзі асау жуасытқан арда азамат, бәйгеге шапқан шабандоз бола жүріп, ат құлағында ойнап өсті.
Сәйгүлік үшін ғана емес, Бейсекең халқына қажетті еңбектің бәрінен де төбе көрсетті. Облыс көлемінде өткізілген әңгіме, очерк, суреттеме сайыс­тарында жүлделі орындарды жеңіп алып, қаламы қарымды жазушы екенін әлденеше рет дә­лелдеді. Көпшілік ұйымдастырған әлеуметтік жұ­мыс­тарда бастамашыл топ қатарынан көзге түсті.
Ат десе ішкен асын жерге қоятын ол ата сал­ты­ның алтын арқауын үзбей жалғады. Жыл­қының қыры мен сырына бір кісідей үңілді.
Қазақ халқы жылқы түлігін өте жоғары бағалаған. Мереке-қуанышта, қайғы-қасіретте, басқа түскен не ауыр күндерде бұл түлік адамның жан серігі, айырылмас досы болған. Сондықтан жылқыны «ердің қанаты» деп атаған.
Жылқы туралы аңыз әңгімелер, шығар­малар, өлең-жырлар, ертегілер өте көп. Қобыланды батырдың Тайбурыл, Алпамыс батырдың Шұбар, Ертөстіктің Шалқұйрық, Қамбардың Қара қасқа, Ер Жәнібектің Көк дөнен деген аттары болған. Бұл аттар жай аттар емес, жүйрік, сұлу әрі батырдың ең жақын досы бола білген.
Жылқы өз бойын таза ұстайтын, өз жерін қашықтан танитын, аса сезімтал, адамға өте жақын келіп, сыр-сипатын қабағынан аңғарып тұратын қасиетті жануар. Жылқының тас қараңғы түнде жарты тарыны көретін жанарының өткірлігі сынды жаратылыс ерекшеліктерінің өзі қандай!
Қазақтар жылқыны ұрып-соғу былай тұрсын, киесі атады деп, желіден, жылқышы ұстайтан құрықтан, бақанның үстінен аттап өтпейді. «Бақан аттаған жарымайды» деген сенім бар. Сүрінген атты да ұрмайды. «Сайтан аттың көзін басып тұрса, қашып кетсін» деп, көзін оң қолымен сүртіп тазалайды. Жолаушы келе жатып, атының сауырынан ұрмайды. Жапанда жалғыз келе жатқан жолаушыны қолдап, жебейтін Қызыр пайғамбар аттың сауырында отырады деп жорылады. Көшпенді халықтың өмірінде осы түліктің маңызы зор болғандықтан, жылқыға байланысты салт-дәстүрлер мен ырым-тыйымдар өте көп.
Қазақ халқы жылқыны жеті қазынаның бірі әрі киелі жануар деп жыл қайыруда жетінші орын берген.
Халқымыз үшін, әсіресе жылқы – еркіндіктің, батырлықтың, серіліктің нышаны. Қазақтың ұлттық ойындарының бірсыпырасы да осы жылқы жануарымен тікелей байланысты болады. Спорттық ойын-сауықтарда Аламан бәйге, Бәйге, Құнан бәйге, Жорға жарыс, Көкпар, Аударыспақ, Ат омырауластыру, Ат үстінен тартыс, Қыз қуу, Салма ілу, Күміс ілу, т.б. азаматтың мерейін асыратын, шырайын келтіретін текті жануар деп есептеледі. «Жылқы сәндік үшін, түйе байлық үшін» деген мақалдың мәні де осыны меңзесе керек.
Қазақ қоғамында жүйрік жылқы тек иесінің ғана емес, бүкіл рудың, аймақтың мәртебесін өсірген. «Алаштың аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» дейтін мәтелі де сондай мәнде шығарылса керек. Олар туралы әндер мен күйлер өмірге келіп, есімдері халық жадында ұзақ уақыт бойы сақталған. Жылқы тұқымын асылдандырудың, сәйгүлік болар жылқыны тай күнінен ажырата білудің, ат баптаудың қыры мен сырын жетік меңгерген мамандарды халық арасында атбегілер деп атаған.
Қазақ халқы жылқы малын 3 топқа бөлген. Қазақтар бәйгеге қосатын жүйрік жылқыларды тұлпар, арғымақ, сәйгүлік деп әлпештеп, ерекше күтімге алатын болған. Ал ауыр жүк артуға, алыс жолға төзімді жылқыны қазанат деп атап, оны да ерекше бағалаған. Ал еті мен сүті үшін өсіретін жылқыларды жабы деп аталған.
Жылқы малы қазақ өмірінде «Жесең тамақ, ішсең сусын, мінсең көлік» болып, тұрмыс-тіршілігінен еш ажырамаған. Біздің кейіпкеріміз де әңгіме арасында: «Ат жалында өстім. Арғымақ мініп шаптым. Етін жедім, қымызын іштім. Жылқы туралы жазып, атымды шығардым» деп марқаяды.
Рас-ау, Бесекең айтса айтқандай, ат үстіндегі адам қиялшыл, сезімшіл, сергек келетінін өз ісінің өнегесімен көрсетті. Серілік те, серкелік те танытып жүрді. Осы түліктің арқасында Ақназар, Баланжан, Тұржан, Ұзақбай сынды атақты жылқышылармен де үзеңгілес жүрген кезі болды. Кейбірімен көршілес, қоныстас болып, көп сырға қанықты. Сондай атақты адамдар хикаясы мен түйгендерінен – «Балуанияздың құласы», «Қанатты қара» , «Жалды қара», Шабандоз Мизамның «Жауын сары қызыл аты», «Өткілбай торы», «Барахаттың көк байталы», т.б. әр қайсысына арнап қалам тербеді. Далаға тұлпарлар ізін алтын әріппен жазды. Бұл ғана емес, Адай жылқысы туралы, Маңғыстау түбегіндегі жылқы бағудан «Еңбек ері» атанған он адам хақында еңбек жазды. Кейінгіне өшпес мұра қалдырды. Ұрпаққа тұлпарлар туралы кітаптар сыйлады.
Бесекең жас кезінде мұғалім болуды қалай армандаса, өзі де ұстаздық биігіне солай көтерілді. Жылқы ғана емес, жылқы мінездес жырлары мен жазбалары оны биікке көтеріп келеді. Ол тек тұлпарды ғана жырлаған жоқ, тұлпар тектес, жылқы мінезді ұрпақ тәрбиелеуді де парызым деп білді.
Біз әдетте ойымызға тиянақ, сөзімізге түйін іздеу үшін ұлылардың ойына жүгінетін дәстүріміз бар. Қазақтың қанатына айналған жылқы, сәй­гү­лік, пырақ, тұлпар, арғымақ туралы ойлаған кезде, Әбіш Кекілбаевтың пікіріне соқпай кете алмаймыз.
Қаламгерлік қана емес, қайраткерлік, сая­саткерлік қасиеттері Жоғарғы Кеңестің депутаты, төрағасы болған кезде байтақ еліміздің сөйлер сөзі, қиып түсер қылышына айналған Әбекеңнің – Әбіш Кекілбайұлының ойларына қайта-қайта жүгінеміз. Айталық, егемендігіміздің балаң кезінде шешімі қиын болған мәселенің бірі егеменді еліміздің елтаңбасын, тағы басқа рәміздерін қабылдау болды.
Елтаңбаны талқылау кезінде «аты несі, қанаты несі» – деп көптеген депутаттар оны түсінбей, бұра тартып, бастарын ала қашып, сан-саққа жүгіртті. Сондай бір мәселе әбден ушығып, тығырыққа тірелген сын сағатында Әбіш Кекілбайұлы: «Қазақ қазақ болғаны үшін мың өліп, мың тіріліп жүріп, қазақ болып қалғаны үшін атқа қарыздар. Қазақ аттың жалында, түйенің қомында жүріп, іргелі ел, қабырғалы халық болған. Қазақты жылқы мінезді дейді. Жылқының еті де дәрі, сүті де дәрі. Қазақтың жылқысыз күні жоқ. Жылқы қасиетті, киелі Қамбар атаның түлігі. Өңіңде түгіл, түсіңде атқа мінсең бақытты боласың.
Қанатты ат – қазақтың қырғидай қиялы, Алатаудай арманы. Қанатты ат – қазақтың жарқын болашағы, кемел келешегі. Қанатты ат – жақсылықтың нышаны, жаңалықтың жаршысы» дегенде депутаттар сілтідей тынып, бұл жобаға бірауыздан дауыс берді. Міне, данышпанның дуалы аузынан шыққан қасиетті, киелі сөздің құдіреті осылай болды, кереметін көрсетті!
Демек, біздің өткен-кеткен тарихқа үңіліп, жылқы жайында, сәйгүлік хақында баяндауы­мыз, әрине, осы өнердің тізгін-шылбырын қолына ұстап жүрген – Бегеніш Бесінбайдың сәйгүлікшілдік өнерінен туындап отыр.
Бурабай бір таза жер пері жүрген,
Онда жоқ жын мен шайтан өріп жүрген.
Ағашқа атын байлап көлеңкелеп,
Ақан ғой анда-санда келіп жүрген, – деп Ілияс Жансүгіров жырлағандай бегзат өнердің құлағын ұстап, пырақ түліктің сыны мен шынына үңіліп, өзі де ерттеген арғымақтай алшаңдай басып келе жатқан Бекеңнің жолы тіптен басқа. Сексеннің сеңгіріне сәйгүлік мініп жету көп адамға бұйыра бермейтін бақыт. Отбасылық өмірінде де – абзал әке, ордалы шаңырақтың отағасы бола білді. Қағаздай жарға сенімді серік болды. Тоғыз баладан немере-шөбере сүйіп, абыз атаға айналды.
Оның ұзақ жылдық іздену, зерттеу еңбегінің нәтижесінде: «Сәйгүліктер мекені», «Адай жылқысын түлеткендер», «Адай арғымақтары» атты кітаптары шықты. Осы кітаптардың құнды­лығын, маңыздылығын ескере отырып Бесінбай Бегенішке Қазақстанның педагогикалық академиясының професоры атағы берілді. Бесекең хақында А.Қуанышбаев, Ө.Оңғарбай, М.Болат, С.Әбдінасырұлы, т.б. қаламгерлер мен шәкірттері тебірене қалам тербеді.
Тағы бір қызығы, Бесекең ақын. Өлең жолда­рын сөзбен өріп, шумақтар төге салатын өнері тағы бар. «Ақынмен сырлас ауылмын» деген өлеңін:
Жырлансын ауыл, жырлансын,
Ауылда туып, тұрғансың.
Жүйріктердің артында,
Будақ-будақ жыр қалсын! – деп аяқтайды. Қандай тамаша! Тура өзіне қаратып айтып тұрғандай.
Тағы да «Ат пен адам туралы сыр» атты өлеңінен де бір шумақ келтірейік:
Арғымақтар сұлу-сымбат көзіндей,
Шұрқырасып кездеседі өзімдей.
Жылқы мінез ұқсастығым кей кезде,
Қалмас деймін ара-тұра сезілмей, – дейді.
Шынында да, сәйгүлік туралы зерттеу, сол өнерге құнығудың өзінде ұлттың үлкен тектілік болмысы жатыр. Сол таза, пәк, арманшыл, елеңдеген киелі жануар бізге қарап кісінесе болды, ол Бесінбай ағамен бірге тұлпарлар туралы, ел мен жер туралы жар салып тұрғандай болады. Қазақ даласынан тұлпарлар дүбірі үзілмесін. Тұлпар сынды, сәйгүлік жырлы Бекеңнің әрбір қуаныш – тойы қазақ үшін сондай жағымды жаңғырық болып, туған даласын тербей берсін деп тілейміз!

Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ,
тарих ғылымының докторы,
профессор

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.