Ойықтағы игі іс

Әр адамға өзінің туған жері  Мысырмен тең, алтыннан қымбат. «О шетімен бұ шетіне жүгірсең, шаршайсың ба, құмарың бір қана ма?» деп Қасым Аманжолов жырлағандай,  өскен ауылдың бір түп жусанына дейін есіңнен кетер ме? Міне, осындай қасиетті мекеннің бірі шалғайда, Тараздан 140 шақырым алыс жатқан Ойық ауылы.

Бұл топырақта әйгілі Бөлтірік шешен, қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың әкесі Рысқұл, иман­ды­лық дәнін таратушы Қарақожа, жазушы Шона Смаханұлы мәңгілік тыныстап жатыр. Сондықтан да қасиетті. Бұл ауылдық округте екі мың жеті жүз тұрғын, білім беретін төрт мектеп бар. Сол төрт білім ордасынан қанат қаққан шәкірттер бұл күнде еліміздің әр тарапында еңбек етуде. Жазушы-ақын Ерғали Сағат, Болат Бекжанов, айтыскер Біржан Сөктай, марқұмдар Зернебек Шілдебайұлы, Нарша Қашағанұлы, Серік Томанов, ғалымдар Зейнолла Жаңабаев, Жаңғара Дәдебаев, композитор Әбиірбек Тінәлі, марқұм дәрігер Амантай Біртановтың бал балалығы қасиетті осы топырақта өткен. Бұл ауыл белгілі кәсіпкерлер Әлімбек Жұмабаев, Марат Рахымбердиевтердің де сағына еске алатын ыстық мекені. Қандай қиын жағдай болса да өскен жерді тастамай, қасиетін бағалап отырған бүгінгі тұрғындарына да құрмет танытуға болады.
Елбасы­ның «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарла­малық мақаласы аясында әр ауылда жүзеге асып жатқан шаралардың көпшілікке тағылымы мол. «Туған жерге туыңды тік» акциясы аясында белгілі азаматтар мен кәсіпкерлер өскен өңірлеріне барып, тағзым жасап, көмегін көрсете бастады. Осындай тағылымды шараның бірі Ойық ауылдық округінде ұйымдастырылды.
ХVІІІ ғасырда ғұмыр кешкен ­шешен, батыр, әйгілі Төле бидің сенімді серігі болған Бөлтірік Әлменұлы­ның есімі елімізге кеңінен белгілі. Бөлтірік шешен Ойық ауылының арғы жағындағы Мойынқұмның құмында жерленген екен. Бабаға 1991, 1996 жылдары Ойық ауылында ас беріліп, еңселі кесенесі тұрғызылған болатын. Бүгінгі таңда аталған округтегі бір мектеп Б.Әлменұлының есімімен аталады.
Ойық ауылдық округіне қарасты Сейілбек ауылының күншығыс жағындағы Бөлтірік шешен кесене­сінің басында бүкілхалықтық сенбілік ұйымдастырылды. Бұл шара осы округтен шыққан белгілі азаматтардың және белгілі кәсіпкерлердің, ардагерлердің қолдауымен жүзеге асты. Шараны Ойық ауылдық округінің әкімі Медет Рүстенов сөз сөйлеп ашып, туған жерге жүректері елжіреп жеткен жерлестеріне тұрғындар атынан алғысын білдірді. Мұнан соң Талас ауданының Құрметті азаматы, осы ауданды басқарған ардагер Тынысбек Сейдуанов сөз сөйлеп, Бөлтірік Әлменұлының тарихтағы орнына тоқталып, ұрпақтарының бүгінгі игі ісіне, елдің ұйымдасқан тірлігіне ризашылығын білдірді. ­Жазушы-драматург Болат Бекжанов, Талас аудандық мәслихаттың депутаты Рашид Сейдуалиев, облыстық «Ауыл-аймақ» газетінің бас редакторы Әзімхан Қилыбаев та кесененің басындағы елдік шараны жо­ғары бағалап, осындай ынтымақпен ел­дің рухани кемелділігі арта түсетінін айтты.
Ашылу шарасынан кейін 2 мың түп көшет отырғызу ­шарасы бас­талып та кетті. Ауданға ­ардагер ­Есенаман ­Бейсеуов, белгілі кәсіпкерлер Әлімбек Жұмабаев, Марат Сапарұлы, Бостан Әбдиев осы іске демеушілік жасады. Осы азаматтардың демеушілігімен Ойық ауылындағы жағдайы төмен 15 отбасын азық-түлікпен қамтамасыз етті. Ұн, күріш, құмшекерді қабымен, май, шайды қорабымен таратқан бұл шарада әр үйге 20 мың теңге көлемінде көмек көрсетілді. Бұл қайы­рымдылыққа ауыл тұрғындары Ләйла Күмісбаева, ­Айжамал ­Борбасова, Бақыт ­Маханбетов, ­Марат Қиябеков, Тұрысбек Қонақбаев ризашылығын білдіріп, алғыстарын жаудырды.
Кесене басында Бөлтірік Әлменұлы­­ның және Қарақожа атаның рухына бағышталып Құран оқылды. Ауыл имамы Қарақожа атаның ұрпағы Әбдірахым Ділдаұлы жұрт­қа қайырымдылық, имандылық тұрғы­сынан ой қозғады. Кесене басына жиналған көпшілікпен бірге журналистер де көшет отырғызды. Бұл күні 4 түрлі тал егілді. Мұнан соң 500 адамға арналып ас беріліп, құран бағышталды.
Берекелі басқосу аясында еліне табан тіреген кәсіпкер азаматтар туған жерге үнемі атбасын бұрып тұруға уәде беріп тарқасты. Ойықта өткен игі шара көпшіліктің есінде ұзақ уақыт жүрері анық!

Есет ДОСАЛЫ

Жамбыл облысы
Талас ауданы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.