СҮМБЕДЕН ҚАНАТТАНҒАН СЫРШЫЛ АҚЫН

М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында белгілі ақын, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты Жарас Сәрсектің шығармашылық кеші өтті. Ердің жасы 50-ге келген ақын мерейтойына еліміздің түкпір-түкпірінен келген қаламгер қауымы, жалпы өлеңсүйер жұртшылық жиналды. Мәртебелі поэзия мейрамын ақын, Қазақ радиосының қызметкері Бақыт Жағыпар жүргізіп отырды.  

Сыршыл өлеңдерімен оқырман жүрегі­нен орын тапқан ақынның өмірі мен өлеңі әдебиетке адалдығымен ерекше­ленеді. Қаламгерлікті кәсіп емес, маң­дайы­на жазылған тағдыры, Тәңірдің сыйы деп қабылдаған Жарас ақынның шығармашылығының түпкі өзегі сол адами асыл мұраттардан өрбиді. Шығармашылық кеште сөз алғанҚазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет Жарас Сәрсектің әдебиетке келген 1990 жылдардан-ақ қазақ поэзиясынан өз орнын алғанын тілге тиек етті. «Алтын көпірліктер» аталған бұл буын өтпелі кезеңде қазақ әдебиетінің туын жықпай, содан бері әрқайсысы қабілет-қарымына қарай еңбек етіп келеді. Соның ішінде Жарас ақын өз қатарластарының алдыңғы жағынан көрінді. Жан-жүрегінің түкпірінде бұғып жатқан арман-аңсарын жыр жолдарымен жеткізген ақын өлеңдері шынайылығымен ерекше, сонысымен де тартымды.
Кеш барысында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының құттықтау хатын жазушы Әлібек Асқар, Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың жылы лебізін ақын қызмет ететін «Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Бас директорының орынбасары Ләззат Ноғайбаева жеткізді. Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек те ақын мерейтойына орай құттықтау хатын жолдап, құрметін білдірді. Ақынның туған жері Алматы облысы Ұйғыр ауданынан арнайы келген әкімдік өкілдері Жарас Сәрсектің иығына шапан жауып, сый-сияпат көрсетті. Арысы Алтай мен Маңғыстау, берісі теріскейден келген ақын-жазушы әріптестері мен достары, аға буын өкілдері ақынның абыройын асырып, ән мен жырдан шашу шашты.
Сүмбе дейтін кішкентай ауылдан Алматыға өзін іздеп келген ақын ақ қағазбен қауышып, өзін өлеңнен тапты. Ширек ғасырдан астам уақыт бедерінде «Түнемел», «Жүрегімнің ішіндегі жүрегім», «Жан – арымның жарығы» және басқа кітаптары оқырман қауымның ыстық ықыласына ие болды. Ақын өлеңдеріне жазылған әндер де өнерсүйер қауымның сүйсініп тыңдайтын туындыларына айналған. Әсіресе белгілі әнші Сәкен Майғазиев орындап жүрген «Жүрегімнің ішіндегі жүрегім», Саят ­Медеуов орындайтын «Көшесінде Гогольдің» сияқты әндері көпшіліктің көкейінен шығып, тыңдарманын тапқан туындылар. Кеш барысында Жәудір Артықбаева, Роза Әлқожа, Айгүл Бажанова сынды композиторлардың Жарас ақынның өлеңдеріне жазған әндерін белгілі өнер иелері Рамазан Стамғазиев, Саят ­Медеуов және т.б. әншілер орындап, мерейін өсірді. Ғ.Мүсірепов атындағы жастар театрының артистері ақын өлеңдерінен композиция орындады.
Өмірде де, өлеңде де өзіне тән қоңыр тіршілігімен ерекшеленетін Жарас ақынның өзі де жыр оқып, әдебиет жайлы сырға толы ой-пікірлерімен бөлісті. Қазіргі әдебиеттің жай-күйі, ақынның шығармашылық зерт­ханасының қыр-сыры қозғалды. «Өлең – жан тазалығын паш етудің құралы» деп санайтын қаламгер талғампаз оқырманды тәрбиелеу ақынның өз қолында деп есептейді. Ақ қағаз бетінде пенделікке орын болмауы тиіс екенін айтады. Жазу үстеліне он отырып, он тұратын ақын жазғандарына қайта-қайта шұқшиып, қажып барып нүктесін қояды. Сондықтан да аз жазса да саз жазады. Өлең жазудан сескенетіні де содан. Бірақ, бұл сескеніс өлеңнен қол үзу емес, өлең алдындағы адалдықты, жауапкершілікті түсінгендік.
Ақын жүрегі кең, ол ешкімді жау тұтпайды, жақын тартады, ешкімді алаламайды, бөле жармайды, бөтенсімейді.Өлеңінде де, өмірінде де тек дос іздейді. Қай тақырыпты да өзіне тән қоңыр даусымен жырлайды. Айтарын астарлап айтатын ақын жаратылысы жұмбақтығымен баурайды. «Баянды бола ма өзі Бостандығым, Қу көңіл соған тағы алаң бүгін» деп, елінің амандығын, ұлтының болмыс-бітімінің бүтіндігін тілейді. Ақ парақпен беттесер алдындағы мақсат-мұраты да елінің мұң-мүддесімен өзектес.
«Көнеден қалған көз едім, Айтылмай қалған сөз едім», деп өзі жазғандай, ақынның айтары әлі де алда. Шарын мен Іле арасын жайлаған киелі Қарадаласынан түлеп ұшқан ақынның өлеңдері оқырманын әлі талай қуантары анық. Даласы мен сол даланы жайлаған халқы аманда Жарас ақын да жасай бермек.

Дина Имамбаева

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. Рауан

    Шығармашылық кеш жоғары деңгейде өтті. Жақсы ұйымдастырылған.

  2. Оқырман

    Жарас аақынға шығармашылық табыстар тілеймін.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.