Ән сабағы қалай оқытылып жүр?

Адам жанына ерекше әсер ететін құдіретті күш – музыка. Ішкі жан дүниемізге, көңіл-күйімізге байланысты музыкаға қуана да, күрсіне де аламыз. Себебі бір  ән жүрегімізді тербеп, көзімізге жас алдырса, бір ән сонша қуантып, көңілімізді көтере алады. Адамның қуанышын да, қайғысын да музыка бөлісе алуы ғажап, әрине. Өйткені музыканың құдіреттілігі сонша, бесіктегі баладан, төрдегі қартқа дейін өз әсерін тигізе алады. Музыка жасқа, ұлтқа, нәсілге, жынысқа да бөлініп жатпайды. Оның құдіреттілігі де сонда.

Сондықтан болар музыка, тіпті балабақшадан бастап, мектептерде де арнайы пән ретінде оқытылады. Ал музыка үшін жаралған балаларды арнайы музыка мектебіне де беруге болады. Баланы кішкентайынан музыкаға баулып, оның таным-көкжиегін кеңейтуге, ой-өрісін арттыруға мүмкіндік бар. Алайда тілі жаңа шыққан балаға ән үйретіп, сөз жаттату оңай емес. Білім беру саласындағы ең қиын шаруа да осы. Себебі балабақшалардағы кішкентайлармен жұмыс істеу, оларға музыканың құдіреттілігін сезіндіру үлкен жауапкершілікті, қажырлық пен еңбекті талап етеді.
– Балабақшаларда әнге берілген уақыт 20-25 минут қана. Сол уақыттың ішінде біз балаларға әнді тыңдатамыз, оның мағынасына қарай заттар көрсету арқылы, сөзін екі-үш қайтара айтқызамыз, сосын балалар өздері алып кетеді. Яғни тыңдау, көру, жаттау арқылы жұмыс істейміз. Көбіне пианиномен дайындаймыз. Пианино кәдімгі музыкаға қарағанда балаға жеңіл болады. Әнге қатысы бар көңілді би, ойындармен байланыстырып отырамыз. Сабақ балалардың деңгейіне, тобына байланысты бөлінеді. Бала берілген әнді айта алады, бірақ сөз жаттатқызу қиын. Дегенмен, балабақшадағы кез келген бала әнді жақсы көреді, қалап тұрады, – дейді Қызылорда облысы Арал ауданы «Алмарай» балабақшасының музыка жетекшісі Назгүл Мейірхан.
Ал бүгінде жалпы білім беретін орта мектептерде ән сабағы ең жеңіл пән ретінде қарастырылады. Алайда осы пәннің мұғалімдері бұл пікірмен келіспейді. Музыка арқылы баланы жақсылыққа үйрету, қуану мен қиындыққа төзуге баулу, музыкаға қызығушылығы жоқ баламен жұмыс істеу, жалпы бір сыныпты ортаға алып, музыканың құдіреттілігін сезіндіру оңай шаруа емес. Ал осы ән сабағы мектептерде қалай оқытылып жүр? Біз бұл сұрақтың жауабын музыка пәнінің мұғалімдерінен сұрастырдық.
– Мектепте музыка пәні жаңартылған мазмұндағы оқу бағдарламасы негізінде, білім стандартына сәйкес аптасына 1 сағат оқытылып жүр. Музыкаға баулу үшін дауыс ерекшелігіне қарай оқушыларды топтау, дауыс жаттығуы мен диафрагма арқылы жұмыс жасап отырамыз. Әр сабақ сайын түрлендіріп, мультимедиялық техникаларды, аспаптарды пайдаланып, балаларды музыкаға баулимыз, – дейді Алматы қаласы №172 мектеп-гимназиясы, музыка пәнінің мұғалімі Арайлым Әлібекова.
Арайлым Камалқызының пікірінше, оқушыға ҰБТ тапсыру барысында да музыкаға байланысты сұрақтар келетіндігін естеріне салу арқылы музыка пәнінің маңызды екендігін түсіндіруге болады екен.
Қарапайым мектепте музыка пәнін оқытудың өз ерекшеліктері мен қиындықтары бар. Ал арнайы музыка мектебінде жағдай басқаша. Әлдеқайда жеңілірек деуге болады. Себебі оған әнге әуес болған бала өз еркімен келеді. Арнайы оқиды. Музыкалық білімді қалайды. Сондықтан мұндай мектептерде музыканы оқыту әдісі мүлде бөлек.
– Арнайы музыка мектебінде оқушының таңдаған класы, мамандық сабағы бойынша кәсіби тұрғыда оқытылады, әр баламен жеке 45 минут сабақ өтіледі, соған қоса топ сабақтары бар, 1-сыныпта сольфеджио (нота әліппесін үйрететін сабақ) және хор, 2-сыныптан бастап музыка әдебиеті, 3-сыныптан қазақ-орыс музыка әдебиеті қосылады да, 5-сыныпқа дейін жалғасады, оқу мерзімі 5 жылдық және 7 жылдық (таңдауы бойынша). Әр мамандықта оқыту бағдарламасына сәйкес сабақ жүргізіледі. Пәнді меңгеру музыка мектебіне келген әр баланың өзіне байланыс­ты. Сабақты қызықты өткізумен қатар, оқушыларды әртүрлі концерттерге, конкурстарға қатыстыру арқылы олардың музыкаға деген қызығушылығын арттыруға болады. «Мен музыканы таңдадым, маған ұнайды» деп келген талантты балаларға көп көңіл бөліп, әрі қарай дамыту жеңілірек болады, өйткені бала да ізденіс үстінде жүреді, – дейді Қарағанды облысы Теміртау қаласы Ғазиза Жұбанова атындағы Балалар өнер мектебі дәстүрлі ән пәнінің мұғалімі Алтын Садықова.
Алтын Ғаниқызының айтуынша, музы­ка­ – баланың таным түсінігі мен ой-өрісін арттырады, мәдениеттілікке үйретіп, этика және эстети­калық тәрбие қалыптастырады. Осыны балаға оқыту, түсіндіру, үйрету – мұғалімнің міндеті.
Мәселен, арнайы музыка мектебінде оқитын балалар үшін қорытынды емтихандар «академиялық концерт» деп аталады. Арнайы кіші залдардың сахнасында оқушы өзінің жарты жылда үйренген шығармасын сахнада отырып, орындап береді, осының өзі балаға үлкен әсер етеді. Яғни мектеп жасынан бастап баланың сахнада өзін ұстауы, көрерменмен қарым-қатынасы барлығы дерлік үйретіледі.
Ал қарапайым мектептерде музыкаға икемі жоқ бала болса, оларға қосымша тапсырмалар беріледі. Мысалы, суреттер салу, реферат жазу, жоба тапсырмалары, музыкалық флипшарттар ойлап табу, т.б.
Яғни мектептердегі ең жеңіл пән музыка мен дене шынықтыру пәндері деген ойдан аулақ болған жөн. Дене шынықтыру пәні арқылы бала спортқа бейімделіп, денсаулығын жақсарта алады. Ал музыка пәні арқылы оқушы ой-өрісін кеңейтіп, әлемді музыка арқылы тани түседі. Себебі музыка адамдарды тілсіз түсінісуге ықпал ететін ғажайып дүние.

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. Әлия

    Өте дұрыс пікір. Мектеп қабырғаларындағы музыка пәнінің сағатын көбейту керек деп ойлаймын.

  2. Лаура

    Балаларда да, ата-аналарда да жоғарыда аталған екі пәнге деген көзқарас бірдей. Музыка мен дене шынықтыру мектептегі ең жеңіл пәндер деген ой қалыптасқан. Ал мен үшін дене шынықтыру ең қиын пән болған еді.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.