Бейбіт күн бізге аманат!

Қаншама жылдар өтсе де соғыс жаңғырығы ұрпақтар санасынан ешқашан өшпейтіні анық. Бұл түсінікті де, себебі Ұлы Жеңіске Қазақстанның барлық аймақтары, әр ауыл, әр шаңырақ өз үлестерін қосты. Сұм соғыс сол кездегі мұнай техникумы атанған колледж өміріне де өзгеріс енгізді. Көптеген қызметкерлер майданға аттанды. Әркімнің ел қорғанысы үшін стратегиялық маңызды өндірістік міндеттері болды.

Оқытушылар уақытпен санаспады, жұмыс күнінің ұзақтығы тәулігіне 12-14 сағат, кейде одан да асып кетіп о­тырды. Техникум ғимаратында орналасқан ­госпитальда жаралыларға оқушылармен бірге күтім жасады, жылы киім-кешек жинауды ұйымдастырды, үйлеріне хат жазды, олардың көңіл-күйлерін көтеріп концерт қойды. Мұрағат құжаттарында С.В.Назаров, Н.Д.Рогаткин, П.В.Гайдай сияқты оқытушылардың қажырлы еңбегі туралы деректер сақталған. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Бір сөзбен айтқанда, мұнай техникумы қиын-қыстау сәтте елмен бірге болды.
Колледжде ардагер оқытушы Шолпан Андакулованың жетекшілігімен бес жылдан бері студенттік драмалық клуб жұмыс жасайды. Биыл Ұлы Жеңістің 73 жылдығына музыкалық-театрландырылған «Бейбіт күн бізге аманат!» қойылымын Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагерлері, қоғамдық ұйым өкілдері, оқытушылар мен студент жастар тамашалады.
Аталмыш кеш барысында соғыс жылдарындағы әндер шыр­қалып, басқа да көріністер көр­сетіліп, оқиғалар тізбегі жалғасты. Әр сәттің орны бөлек… Жүрек толқытар үнсіздік минуты… Әуелете шырқалған «Тырналар» әні… Мамаев қорғанындағы әсерлі көрініс… Қалың тұман арасынан буалдыр бейне болып көрініп, ақырындап жоқ болып кеткен, оралмаған солдат бейнелері қойылым кезінде көрсетілді.
Шара соңында майдангерлер А.Айбаров, О.Қарасаев, А.Захарова қатысушыларға ең ізгі тілек­терін жеткізді. Әсіресе олардың жас ұрпаққа айтқан ұлағатты сөздері әр жүрекке жетті. Осынша жасқа келіп талай қиыншы­лықтарды өткерсе де әлі сапта келе жатқан ардагерлерге кешке қатысушылар құрмет танытты.
Ардагер журналист Л.М.Монастырская сөзін ардагерлерге тағзымнан бастады. «Бес жылдан бері тұрақты түрде осы оқу орнындағы Жеңіс салтанатына арналған шараға қатысып келемін. Осы күнді асыға күтемін, себебі жаңа күш алып, қуаттанамын. Бүгін де көз жасымды тоқтата алмадым. Көріністер өте әсерлі, ақиқатты көрсете білген. Соғыс зардабын мен де бір кісідей білемін, оның зардаптарын өз басымнан өткізген едім. Көптеген жақындарым осы соғыста опат болды. Әкем майданға қатысты. Қан­шама өрімдей жастар әке, ана, жар атана алмай бұл дүниеден жастай кетті. Өте аянышты жағдай, ауыр тағдырлар. Біз бейбітшілік пен тыныштықтың құны үшін ардагерлерімізді құрметтеуіміз керек.. Аман болыңыздар, ардагерлер, ардақты жандар!» деді ол.
Бұл, әрине, Жеңіс күні мерекесіне арналған шаралардың бір парағы, мүмкін негізгі парағы. Осындай ой салар тағылымды кештен кейін Елбасының жиі қайталайтын – бейбітшілік пен келісім біздің берекелі үйіміз Қазақстанның ең басты байлығы дейтін сөзінің байыбын жете түсінгендей боламыз.

Бақыт ШЕРКЕШБАЕВА,
С.Мұқашев атындағы Атырау
политехникалық колледжінің
директоры, қалалық мәслихат
депутаты
АТЫРАУ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.