Бекзат суреткер

Алматы қаласындағы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен көрнекті жазушы, сыншы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Марал Ысқақбайдың 80 жасқа толуына арналған мерейтойлық кеші өтті.
Кешті Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып ашып, жүргізіп отырды.
Марал Ысқақбай кезінде әдебиетке жан-жақты дайындықпен келген қаламгер. Алғашқы туындылары «Етікші», «Көкжал» әңгімелерін, «Қырық қыз» хикая­тын оқырмандар жылы қабылдады.

М.Ысқақбай кезінде жауапты қызметтерде болды. Қазақ кеңес энциклопедиясында, Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінде, «Қазақкітап» бірлестігінде, сондай-ақ Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде қызмет атқарды. «Мектеп», «Жазушы» баспаларына басшылық жасады. Тәуелсіздік алған жылдары ҚР Авторлық құқық жөніндегі мемлекеттік агенттігін басқарып, қазіргі күндері «Қазақстан авторлары қоғамына» жетекшілік етіп келеді.
Жазушының «Қырық қыз», «Сұлутөрдің бөктері», «Ұят туралы аңыз», «Жойқан төбе», «Көңіл жұба­нышы», «Пенде ғұмыр», «Ғашық боп көрмеген келіншек», «Шілде басталғанда», «Менің көршілерім» деп аталатын прозалық кітаптары, «Шығарма шырайы – шындық», «Мүйізді Өтеген», «Баба ұраны» атты сыни, зерттеу кітаптары жарық көрді.
Әңгіме, хикаяттарының желісі бойыншаа «Қырық қыздың ауылы», «Қияндағы қыстау» секілді телеқойылымдар, «Тамшы» көркем фильмі түсірілді. Қазақтың 1100 әнін құрастырып, «Қазақша қараоке» деген атпен СD-ға жаздырды.
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет құттықтау сөзінде әде­биет­тің, жазушының қоғамда алар орны жөнінде айта келіп, былай деді:
– Марал ағамыз кезінде «Ұят туралы аңыз» деген шығарма жазған. Сонау кеңес заманында жұрттың ары мен ұятын оятуға тырысқан. Тырнақалды шығармаларынның бірі «Көкжал» деп аталатын. Бұл әңгімеден ұлт мінезін аңғаруға болады. Қаламгер туындыларында қазақ халқының қарапайым тіршілігін, ой-санасын, психологиялық ирімдерін дөп баса біледі. Ағамыздың мерейтойы жазушылар қауымының ғана емес, халқымыздың тойы деп айтуға әбден болады. Өйткені ол кісі біздің бірегей, үлкен жазушымыз.
Мерейтой иесінің шығарма­шы­лығы жөнінде сыншы Бақыт ­Сарбалаев баяндама жасады.
Баяндамашы өз сөзінде қа­лам­гердің осыдан қырық-елу жыл бұрын жазған шығармалары бүгінгі күні де оқылатынын, еш ескірмегенін тілге тиек етті.
– Ең бастысы – ол осы келелі де кемел шығармаларында өз басы мен кейіпкерлері қандай қоғамда ғұмыр кешті, қалай өмір сүрді, не бітірді, қандай адам екендіктеріне жақсы жауап берген. Нақ осы тұрғыдан келсек, ол алғашқы қадамдарынан бастап-ақ әдебиеттің өз адамы, төл қолтаңбасы айқын шебер, тілі таза, ділі дарқан батыл да бекзат суреткер. Алла тағала жомарт қабілет дарытса, өз басың сол талантыңды түсіне бағалап, қадірлеп, қуатын барынша ашып, шуағын шашып пайдалансаң, жақсы шығарма тууы соншалықты қиын да емес. Алайда тұла бойы текті, ойы тәрбиелі суреткерге мұның өзі де аз. Сондықтан шығармасын қарақан бас қамы үшін емес, халқы үшін жазғандықтан ол өмір мен өнердегі қайсыбір қадамында батылдыққа ­барып, бекзаттық бітім танытып келеді, – деді ол.
Баяндамашы өз сөзінде тұтас қарастырғанда Марал Ысқақбайдың шығармашылығында мазмұны нәрсіз, айтары әрсіз, көркемдігі әлсіз дүниелер жоқтығын айтпағанда, басты емес, күллі қазақ әдебиеті аясынан келіп шолғанда да осал, ортақол шығармалар жоқтың қасы екеніне айрықша тоқталды. Яғни туындылардың қай-қайсысы да айтары жөнінен жаңалық көркемдік келбеті жөнінен даралық білдіретін дарқан дүниелер.
Б.Сарбалаев сөзінің соңында сұңғыла сыншы, саңлақ суреткер, кемеңгер Әбіш Кекілбайдың мерейтой иесінің еңбектеріне қатысты кезінде атап өткен мына сөзін келтіре кетті: «Адамның пенде болмаққа да, Құдай болмаққа да хақысы жоқ. Адам адам болып қалуы керек. Басына бақ қонса да, іс түссе де адамдығынан айнымауы керек. Ысқақбай шығармашылығының ұқтырары – осы».
Жиын барысында ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қ.Тоқаевтан бастап, бірқатар министрлер мен облыс әкімдерінің құттықтау лебіздері оқылды.
Қаламгерді мерейтойымен ақын-жазушылар, М.Рәш, С.Оспанов, Б.Нұржекеев, Р.Ниязбек, Ш.Сариев, Ә.Асқаров, С.Ақсұңқарұлы, суретші А.Ақанаев, Жамбыл облысы Қордай ауданынан келген азаматтар және басқалар құттықтап, сый-сияпаттарын ұсынды.
Белгілі өнер иелері Р.Стамғазиев, Е.Шүкіман, С.Медеуов, Ж.Омаров­тардың орындауындағы әндер кеш ажарын аша түсті.
Кеш соңында сөз алған ­М.Ысқақ­бай жиынды ұйымдас­ты­ру­шыларға, жылы сөздерін арнаған қаламдас әріптестеріне ризашы­лығын білдірді.

Нұркен Жандәулетұлы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.