«Асыл кисең тозбайды…»

Әншілік және жыршылық өнерді қатар игерген – Бағымбай Жақсымұратұлы айтулы өнер иесі еді. Ол бізге Бесқала қазақтарының «Ән басы», «Көк айна», «Ыңғай-ау», «Асылаужай», «Күлпан» сияқты бірнеше әндерін жеткізді.
Халыққа «Бағымбай жырау» деген атпен белгілі болған ол 1933 жылы Қарақалпақстанның Қоңырат өңіріндегі Арзымбетқұм деген жерде дүниеге келген. Өнер жолында жастайынан көп ізденіп, Кердері Әбубәкір, Қумолда (Тілеумағамбет), Таз жырау (Құдайберген жырау), Ережеп, Жоли Жақсылық, Шекті Жақсылық, Теңелбай сынды ақын-жыраулардың шығармаларын жаттап, ел көп жиналған мереке-жиындарда айтып жүреді.

Б.Жақсымұратұлы жұртшылыққа әншілігімен де көріне білді. Оның репертуарында жоғарыда аталған әндермен қатар басқа да көптеген туындылар болды. Жыршымен бір кездескенімізде өзі тәлім алған Ережеп, Жоли Жақсылық жыраулар жайында тамаша естеліктер айтып: «Менің жыршы болуыма Ережеп жырау қатты әсер етті» деген еді. Ал әншілігі басым Жақсылық Мамытұлына да шәкірт болып, одан көптеген әндер үйренеді, батасын алады.
1952-1956 жылдар аралығында Қарақалпақ мемлекеттік мұғалімдер институтының тарих факультетінде білім алып, зейнет демалысына шыққанға дейін орта мектептерде қызмет етті. Ұстаздықпен бірге жыршылық, әншілік өнерде де биіктен көрінген Бағымбай Жақсымұратұлының терме-толғаулары кезінде Қарақалпақ радиосы мен Өзбекстанның бас телеарнасындағы қазақ тілді «Замандас» хабарында халыққа дәріптелді.
Бағымбай жырау өнерді насихаттау жолында жыр айтып, ән салумен шектелмеді. Қолы қалт еткенде республикалық, аудандық баспасөздерге танымдық мақалалар жазып жариялайтын. Әрі өнерге қызығушылық танытқан жастарға бар білгенін жалықпай айтып, халықтың асыл қазынасын кейінгіге жеткізуге үлес қосты. Өнерін ұлы Сағымбай мен қызы Зәурешке үйреткен.
Бұрынғы ақын-жыраулардың үлгісімен өзі де термелер жазған:
«…Домбыраны сөйлеткен,
Он саусақтың саласы.
Қызыл тілді сөйлеткен,
Отыз тістің қаласы.
Аруана мая күңіренер,
Бауырында болса баласы.
Арғымақ мінсең азбайды,
Аяғында болса тағасы.
Асыл кисең тозбайды,
Алтын-зер болса жағасы.
Құлақ салып тыңдасаң,
Мінекей сөздің сағасы.
Бұл сөздерді шығарған,
Алдарыңда отырған
Өздеріңе белгілі,
Менің атым – Бағымбай,
Мен Жақсымұраттың баласы».
Ал желілі жырлардан «Асау-Барақ», «Асқар батыр», «Алтын балық» сияқты жыр-қиссаларды жырлаған.
Бағымбайдың анасы Үміт – Төлеген Айбергеновтің туған апасы. Ақиық ақынмен бірге ойнап-өскен Бағым­бай Төлегеннің «Апаларым» атты толғауын жыр сарынына салып орындап, ақынның балалық шағы жайында қызықты естеліктер айтатын.
Кезінде Қоңырат өңіріне барған фольклорлық экспедицияның адамдары жыршыдан «Алтын балық» қиссасын, «Теңелбай мен Құрбанбай ақынның айтысын» және бірнеше термелер жазып алады. Аталған мұралар Өзбекстан ғылым академиясы Қарақалпақстан бөлімінің Н.Дәуқараев атындағы тарих, тіл, әдебиет институтындағы қолжазба қорында сақтаулы.
Біз жыршының сексенге келіп, қайраты қайтқан шағында дидарластық. Бірнеше рет кездесіп, сұхбаттас болып құнды деректер мен мұраларды жазып алдық. Бесқала қазақтарының әндерін жеткізуші өнерпаз ретінде жоғары баға­ланатын Бағымбай Жақсымұратұлы 2017 жылдың 26 шілдесінде Жамбыл облысының Меркі ауданында бақилық болды.

Күнқожа ҚАЙРУЛЛА,
Құрманғазы атындағы Қазақ
ұлттық консерваториясының
оқытушысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.