Замана жыршысы

Қарағанды өңірінде Бұқар жырау ҚАЛҚАМАНҰЛЫНЫҢ 350 жылдығына арналған І халықаралық жыршы-жыраулар фестивалі өтті. Елдікті ту еткен шара екі күнге жалғасты.
Әрісі Ресей Федерациясының Алтай Республикасынан және Қырғызстаннан, Моңғолиядан, берісі Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген өнер иелерін облыс басшылығы мен Бұқар жырау ауданының басшылығы, қалың бұқара сән-салтанатпен қарсы алды.

Алдымен, «Көмекей әулие» тойының қонақтары Бұқар жырау ауданындағы Баба ескерткішіне тағзым етті, гүл шоқтарын қойды. Жыраудың өмірінен сыр шер­те­тін қойылымды тамашалады. ­Содан соң көпшілік айтыскер ақын, Бұқар жырау ауданындағы жыршылар мектебінің жетекшісі Дидар Қамиевтің арнауына құлақ түрді.
Қонақтарды қарсы алу рәсімінде сөз алған облыс әкімінің орынбасары Жандос Әбішев Бұқар жырау бабамыздың 350 жылдық ме­рейтойының мән-маңызына тоқталды.
– Ел арасында «Көмекей әулие» атанып кеткен абыз жыраудың мерейтойы – біз үшін үлкен мереке. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында Бұқар жыраудың 350 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар облысымызда басталып кетті. Тарихтан тамыр тартатын, тереңнен сыр шертетін мұндай шаралардың, әсіресе өскелең ұрпақ тәрбиесіне қосатын үлесі қомақты, – деді ­Жандос Әбішев.
Баба ескерткішінің алдында Астана қаласынан келген жыршы-жырау Алмас Алматов та сөз алды. Ауқымды шараны ұйымдастыруға мұрындық болған облыстың және Бұқар жырау ауданының басшылығына алғысын айтты. Сондай-ақ Бұқар жыраудың ұрпағы, ұлағатты ұстаз Ғалымтай Бақтиярұлы осынау мерейтойға арнаған ыстық ықыласын білдірді.
Әрмен қарай мерейтой меймандары мен жергілікті атқарушы билік өкілдері, руханият жанашырлары Бұқар жырау кесенесіне арнайы барды. Қос облыс шекарасындағы құтты қонысқа табан тіреп, жыраудың аруағына тағзым етті, Құран бағыш­тады. Құрбандық шалып, Жаратушы иемізден халқымыздың амандығын, ел іргесінің тыныштығын тіледі.
Расымен де, Далба тауының етегінде орын тепкен, бір шеті Қарқаралы ауданымен, бір шеті Кереку өңірімен ұштасқан жазықта мәңгілік тұрағын тапқан Бұқар жырау бабамыздың басына тағзым ету – сауапты іс.
Кесененің жанында жырау атындағы мұражай және шырақ­­шы үйі орналасқан екен. Мұра­жай­да Бұқар бабаның өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін дүниелер топтастырылған. Бұқар жыраудың жерленген жерін анықтаған Мәшһүр Жүсіп орнатқан тасбелгіні де (1927 жылы) осы мұражайдан көз шалды. Тіпті кезіндегі Ульянов ауданын Бұқар бабамыздың атымен атау туралы бастама көтеріп, оң нәтижеге қол жеткізген Шопанай Әмірхановтың еңбектері де осы мұражайда сақталған. Екінші Дүниежүзілік соғыс ардагері, «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері Ш.Әмірханов Бұқар жыраудың 325 жылдық мерейтойын өткізуге де мұрындық болған.
Айтпақшы, Көкшетау қаласынан келген жыршы-жырау Баянғали Әлімжанов Бұқар жырауға арналған жыр жинағын, айтыскер ақын ­Айтбай Жұмағұлов Баба тойы қарсаңын­да жарық көрген кітаптың сүйінші данасын осы мұражайға табыс етті.
Түс ауа жыршы-жыраулар Бұқар жырау ауданының орталығына келіп, Ботақара мәдениет үйінде жергілікті халыққа концерттік бағдарламасын ұсынды.
Ертеңіне жыршы-жыраулар мерейтойға арнаған жыр-шашу­ларын қарағандылықтардың ­назарына ұсынды.


Иә, жыршылық өнер жайлы айтқанда, есімізге әуелі Сыр өңірінің жыршылық дәстүрі түсетіні белгілі. Содан болар көпшілік жыршылық өнер сол өңірде ғана қалыптасқан деп ойлайтын. Жоқ, облысымызда да көмейінен жыр төгілген керемет жыршылар бар екен. Көрмей жүр екенбіз, лайықты бағасын бермей жүр екенбіз. Мұны Қарағанды қаласындағы К.Станиславский атындағы орыс драма театрында ақтаңгер жырау, көмекей әулие атанған Бұқар жырау Қалқаманұлының мұрасын дәріптеу мақсатында өткен халықаралық жыршылар фестивалінде көзіміз көріп, құлағымыз естіді. Фестиваль­дің салтанатты ашылу рәсімінде сөз сөйлеген ұйымдастырушылар жыршы-жыраулық дәстүрді жаңғыр­тып насихаттау, ұрпақты ұлттық ата-дәстүр рухында тәрбиелеу, халықтың рухани, мәдени мұраларын келешек ұрпаққа жеткізу және оны елдің санасына сіңіруді мақсат еткен шара келешекте де жалғасын табатындығын айтты. Игі шараны халықаралық деңгейде өткізіп тұруға атсалысатындықтарын сөз етті.
Даңғайыр жырау Бұқардың мерейтойына арналған халықаралық жыршы-жыраулар фестивалін жүргізу үшін Астанадан белгілі айтыс ақыны Аманжол Әлтаев арнайы келіпті. Тоғыз сағатқа созылған шараны әдемі жүргізіп, шырайын кіргізіп, арасында өзі де Бұқардан үзінді оқып, халық ықыласына бөленген Аманжол әр жыраулар мектебінің тарихын тарқата айтып жеткізді.

Алмас Алматов,
жырау, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері:
– Жыршылық өнеріміз, шыны керек, өте кенже қалып қойды. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында бүгінде атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Облыс әкімі Ерлан Қошанов мырзаның ұйытқы болуымен көптеген іс-шаралар жоспары жасақталды. Сол шаралардың беташары ретінде бүгінгі фестиваль қолға алынып отыр. Оның басында көмекей әулие Бұқар бабамыздың тұруы, сөз жоқ, құптарлық. Өйткені хандарға кеңесші болған, билік айтқан Бұқардың ой-толғамдарынан тұратын толғаулары мен дастандары осы өнерді дамытуға толық сұранып тұр. Түркі халықтарының жыраулық өнері және эпикалық дәстүрінде Бұқар жыраудың алар орны ерекше. Енді мұны халықаралық деңгейде өзге тілдерге аудартып жырлау үшін ықпал жасау керек. Елбасының Мәңгілік ел идеясында мәңгілік рухани құндылықтарымызды насихаттап, дамытып жатқандығы белгілі. Біздің елдігімізді сақтап, даңқымызды асыратын да осы біздің мәңгілік мұраларымыз. Сондықтан бұл фестивальдің қоғам үшін, келешек ұрпақ үшін маңызы зор деп есептеймін.

Алғашқы болып жыр түндігін серпіген жырау, Қазақстан Респуб­ли­касының еңбек сіңірген қайрат­кері, Қазақ ұлттық өнер универси­тетінің профессоры Алмас Алматов Бұқардың «Он бір тілегін» төкпеледі.
Жыр жәрмеңкесінде мәртебелі меймандар – Ресей Федерациясы, Моңғолия, Қырғызстан орындаушылары келіп қатысуы фестиваль аясын кеңейте түсті. Айдын Кұрманов, Ресей Федерациясы Алтай Республикасындағы саны аз телеңгіт халқының өкілі, кайчы (жыршы), халықаралық конкурс­тардың бірнеше дүркін лауреаты, «Оскус уул» эпосының орындаушысы көпшілікті таңдай қақтырды. Телеңгіт халқының мәдени мұрасын сақтаушы Айдын Қазақстанда осыдан бірнеше жыл бұрын сурет және сызу пәнін оқып кеткендігін мәлімдеді. Қырғыз елінің өкілі, ырчы, «Құрманбек» эпосының орындаушысы, Қырғызстандағы республикалық және халықаралық конкурстардың жеңімпазы Айпери Кулбаева да көптің көңілінен шықты. Жыршы, Моңғолия Республи­касы­ның халық артисі, «Наранхуу хаан» эпосының орындаушысы Авирмед Балдандорж көрерменге қол соқтырды. Қазақ елінің тіл байлығын, қонақжайлығын айтып, ризашылығын білдірді. Сыр сүлейлерінің жырына сусындатқан қызылордалық Бидас Рүстембеков, Марат Сүгірбай, Майра Сәрсен­баева­ның орындау шеберлігі жоғары болды. Түбі бір, діні бір, ділі бір, жыры мен ыры бірдей бауырлас елдің арасында теқ қана достық бар екендігін алға тартқан айтыскер, жыршы – Баянғали Әлімжанов Тарақты Байғозы батыр туралы толғады. Арқалана жырлаған Баянғали жырау Манасты айтып барып, тізгін тартты. Маңғыстаулық Амандық Көмеков, оралдық Армат Исламғалиев және Ерболат Шалдыбеков (Астана), ­Фархат Оразов (БҚО), Демеубай ­Жолымбетов (Ақтөбе), Шаттық Уатқан, Қазбек Әдікей (Алматы), айтыскер ақын ­Дидар Қамиев, Бұқар жырау ауданының түлегі Әлібек Бимендин шараның сәнін кіргізді. Қазақтың жыр-дастандарын, толғау-термелерін көмейінен төгілте орындайтын түрлі деңгейдегі шараларға үнемі қатысып, халқымыздың өнерін кеңінен насихаттап жүрген өрендердің жырын жиылған қауым сүйсіне тыңдап, құлақ құрышын қандырды. Өнері көпті тәнті ­еткен жыршыларға облыс әкімінің орынбасары Жандос Әбішев, «ТҮРКСОЙ» ұйымының өкілі Асқар Тұрғанбаев, Бұқар ­жырау ауданының әкімі ­Шагурашид ­Мамалинов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рымбала ­Омарбекова сынды өнердің жанашырлары алғысын жеткізіп, барлығына сый-құрмет көрсетті. Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен өткен игі шара Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестігі ұжымының әншілері мен Тәттімбет атындағы академиялық халық аспаптар оркестрінің арнайы концерттік бағдарламасымен кеш шымылдығын жапты.

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ,
Нұрдос КӘРІМ
Суреттерді түсірген
Д.КУЗМИЧЕВ

Қарағанды облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.