Жастардан күтер үміт көп

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Батыс Қазақстан облысына сапары кезінде Орал қаласында мемлекет қолдауымен ашылған бірнеше өндірістік нысанды ара­лап, орталық алаңда халықпен, Ассамблея өкілдерімен, жастармен жүздесті.

Оралдағы «Квант» ЖШС – жиһаз және тұр­мыстық заттар шығаратын іргелі кәсіп­орынды аралап көріп, бұйымдарымен, еңбек ұжымымен танысқан Мемлекет басшысына Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысы, соның ішінде өнеркәсіп секторының, шағын және орта бизнестің қазіргі ахуалы мен перспективалары жөнінде баяндап берді. Бұдан кейін Елбасы «Жайық Агро LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің зауытына барды.
«Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» акционерлік қоғамына барған Мемлекет басшысы көмірсутегі ши­кізатын өндіру және тасымалдау сала­сында пайда­ла­ны­латын құрылғы­лар мен жабдықтар жасау үдерісін көрді.
Елбасы бұдан кейін қабырғаға және шатырға арналған материал­дарды, шыны және металл бұйымда­рын шы­ғаратын алаңда өңір жұртшы­лы­ғымен, жергілікті Ассамблея мүшеле­рі­мен кездесті. Тұрғындар Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа қабылданған «Бес әлеуметтік бастама» үшін алғыс білдірді.
Бұдан кейін Елбасы 10 мың оқушы мен жастар түрлі бағыттағы үйірмелерге қатысып, интеллектуалды алаңдарда бас қосатын Оқушылар және жастар сарайында балғын спортшылармен, жас көшбасшылармен, сондай-ақ бір топ жаңа­­­шыл жетекшілерімен жүздесті. «AQJAYIQ» телеарнасының редакторы Нина Павлычева «100 жаңа оқулық» жобасы бойынша жарық көрген «Медиа этика» кітабын қазақ тілінде оқып шыққан соң алған әсерін баяндап берді.
Елбасы жастар өкілдерімен емен-жарқын әңгімелесіп, олардың за­ма­науи озық технологияны жаппай игеруі қажеттігін, әлемдік деңгейдегі бәсекелерге қабілетті білікті маман болуын ескертті. Елімізде жастардың білім алуына, дамуына мемлекет тара­пы­нан мол мүмкіндік жасалып отыр.
Нұрсұлтан Назарбаев цифрлы және ақпараттық технологиялардың қарқынды дамып келе жатқан жағдайында бәсекеге қабілетті жастар тәрбиелеп өсірудің маңызды екенін атап өтті. «Мектептер мен университеттер ғылыммен айналысуға бағдарланып отыр. Қазіргі жағдайда адам өмір бойы білім алуы тиіс. Бес-алты жылдан кейін бүгінгі көптеген мамандық жойылып, орнына жаңа мамандықтар пайда болады. Біздің бар үмітіміз жастарда. Қарқынды дамып келе жатқан әлемнен қалып қоймауымыз үшін не істеу керектігін сіздер әрдайым ойлап жүресіздер деп сенемін» деп түйіндеді сөзін Мемлекет басшысы.
Елбасы Батыс Қа­зақ­стан облысының әлеуметтік-эко­номикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізді.
Жиында облыс әкімі Алтай ­­­Көл­гіновтің 2017 жылдың және биылғы бірінші тоқсанның қорытындылары бойынша өңірдің даму барысы жө­ніндегі есебі тыңдалды. Сонымен қатар облыс әкімі Қазақстан Прези­ден­­­тінің мемлекеттік және салалық бағ­дар­ламалар аясында берген тапсыр­ма­ларының орындалуы туралы баяндады.
Басқосуда Нұрсұлтан Назарбаев өңірде дайын өнім шығару ісінің жолға қойылғанын айтып, мемлекеттік әлеуметтік бағдарламалардың іске асырылу барысына оң баға берді. «Бүгін облыстағы нысандарды аралап көрудегі мақсатымыз – мемлекеттік бағдарламалардың, соның ішінде жақында қабылданған «Бес әлеуметтік бастаманың» іске асырылу барысымен танысу. Оларды жүзеге асыру қоғам өміріне оң әсерін тигізеді» деді Елбасы.
Сапар соңында Қазақстан Пре­зиденті өңірдің даму қарқынын сақтауды және берілген тапсырмалардың жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.
***
Қазақстан Президенті «Hotel Properties Limited» компаниясының негізін қалаушы Онг Бэнг Сэнгпен кездесті. Әңгімелесу барысында тараптар туризм саласындағы ынтымақтастық және бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.
Мемлекет басшысы бүгінде Қазақстан мен Сингапур арасындағы достық әрі әріптестік қарым-қатынастар жоғары деңгейде екенін, сонымен қатар Қазақстанның туризмді дамытуға мүдделі екенін атап өтті.
***
Ресейдің Сочи қаласында Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысы өтті. Алқалы басқосуға ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер басшылары – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков, Беларусь Президенті Александр Лукашенко және Арменияның жақында ғана сайланған Премьер-министрі Никол Пашинян, сондай-ақ ЕАЭО-ға байқаушы мемлекет – Молдова Президенті Игорь Додон қатысып, экономикалық мәселелер бойынша пікір алмасты.
Мәселе, Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы көп бағытты ынты­мақ­тас­тықтың түрлі аспектілері, сондай-ақ ұйымның ұйымдастыру-кадрлық бағыттағы шаралары мен жалпы жұмыс барысы әңгіме арқауына айналды. Жиын әдеттегідей шағын құрамдағы отырыстан басталып, ұйымға биылғы жылы төрағалық етуші мемлекет – Ресей Президенті Владимир Путин жүргізіп отырды.
Шағын құрамдағы жиын бұ­қа­ралық ақпарат құралдары үшін бұ­рынғыдай жабық есік жағдайында өтті. Бір жарым сағат уақыттан соң ғана мемлекеттер басшылары күн тәртібіндегі негізгі мәселелерді тал­қылауды кең құрамдағы ашық жиында жалғастырды. Онда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Еуразия­лық экономикалық одақ қысқа уақыт ішінде экономиканы ілгерілетудің тиімді тетігіне айналғанын атап өтті. «Біз Еуразиялық экономикалық одақта ортақ кедендік аумақ пен біртұтас ауқымды нарық құрдық. Негізгі салалардағы экономикалық саясатты бірлесе отырып үйлестіреміз. Интеграциялық процестер біздің мемлекеттеріміздің экономикалық өсімі қарқынына айтарлықтай үлес қосуда. Оны осы жерде Президент Владимир Путин мен Президент Александр Лукашенко да айтты. Оған стратегиялық салалардағы оң ди­намика, ауыл шаруашылығындағы, өнеркәсіптегі экономиканың өсімі сеп­­тігін тигізіп, елдер арасындағы сырт­­­қы, сонымен қатар өзара саудада ай­­тар­­­лықтай серпіліс орын алды» деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылы ЕАЭО-ның өзара сауда көлемі сәйкесінше 24,4-26,1 пайызға ұлғай­ғанын тілге тиек етіп, оң динами­каның ағымдағы жылы да сақталып отыр­ғандығына назар аударды.

Жаннұр Елемесов

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

5 Пікір

  1. Ерема

    инициатива деген жақсы ғой болса жақсы болмаса несі жақсы

  2. Танк

    Мектептер мен университеттер ғылыммен айналысуға бағдарланып отыр

  3. Петрович

    жастарға қазір барлық мүмкіншілік жасалып отыр

  4. Лайка

    бизнестің іргетасы қалану үшін осы инициативаның көмегі көп болары сөзсіз

  5. Гир

    жалпы мемлекет басшысы осы өңірді аралап өткені жақсы болды

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.