Он екі айдың сұлтаны

Серікбай қажы ОРАЗ,
Қазақстан мұсылмандары діни
басқармасының төрағасы,
Бас мүфти

Аса қамқор, ерекше Мейірімді Алла­ның атымен бастаймын!
Қадірлі бауырлар!
Баршамызды оразаға аман-есен жет­кіз­ген құдіреті шексіз Алла Тағалаға сан­сыз шүкірлер мен мақтау-мадақтар болсын!
Сіздерді күллі мұсылман қауымы асыға күткен қасиетті рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын! Әр шаңыраққа шаттық пен бақыт, бірлік пен береке тілеймін! Баршаңызға Жаратқан Ием жар болсын!
Біздің халқымыз ежелден рамазанды ерекше қастерлеп: «Он екі айдың сұл­таны» деп атаған. Бе­рекесі мол айда жарамазан жырын ай­­тып, ораза­ның кел­генін қуанышпен жеткізіп, насихат­таған. Ал ауызашар дастарханы рухани сұхбаттың, бата мен ізгі тілектің қайнары болған. Ауыз бекіткен адамды айрықша қадірлеп, оған ауызашар беру – бағзыдан келе жатқан салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыз.
Таңғы сәресі әр шаңырақ үшін қуа­нышты сәт болса, кешкі ауызашар ағайын мен туысты, бір қауым елді имандылыққа ұйытқан, мерекесі мен берекесі үйлескен басқосу болатын. Аллаға шүкір, бұл игі дәстүр ғасырдан-ғасырға жалғасып, жаңғырып келеді.
Рамазан – рақым айы! Қасиетті айдың құрметі үшін бір-бірін кешіріп, мейі­рімділік жолын ұстанған пенделер сауапқа кенеледі. Өзгеге мейірім көрсеткен адамға Алла Тағала оны мейіріміне бөлейді. Кешіргенге – кешірім жасалады.
Рамазан – жақсылық айы. Оразада әрбір жақсы амалдың сауабы еселеніп жазылады. Хадис-шарифте айтылғандай, «адам баласының барлық игі істерінің сауабы артады. Әрбір жақсылыққа он еседен жеті жүз есеге дейін сауап жазылады».
Осы ретте отандастарымды мате­риал­дық көмекке мұқтаж жандарға көңіл бөліп, қайырымдылық іс-ша­раларға белсенді түрде атсалысуға шақырамын. Кәсіпкерлерді рама­занның құрметі үшін азық-түлік, көкөніс пен тұрмыстық заттарға, жол-көлік ақысына жеңілдіктер жасауға үндейміз.

Құрметті жамағат!
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «2018 – Ислам және от­басы жылы» деп атады. Қасиетті айда қараусыз қалған қарттар мен мү­гедектерге, жетімдер мен көпбалалы от­басыларға, науқас адамдарға барынша қамқорлығымызды көрсетейік, ардақты ағайын! Бір адамды қуанышқа бөлеу – садақа.
Құдайы астар мен садақалар ­ауызашар уақытында ұйымдастырылса, тойлар ішімдіксіз өткізілсе, жамандықтың ­бастауы болған арақ-шараптың сатылуына барынша жол берілмесе деген тілегімді білдіремін.
Құрметті қауым!
Он екі айдың сұлтаны – рамазан құтты, бе­рекелі болсын! Қасиетті айда жасайтын құл­шы­лық, дұға-тілектеріңіз қабыл болсын! Алға қойған арман-мақсаттарыңыз орын­далып, оразадан оразаға аман-есен жете беруімізді Алла нәсіп етсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, халқымыздың бірлігі нығайып, берекесі арта бергей! Тәуел­­сіздігіміз әрқашан баянды болғай! Әумин!

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Аянат

    Қасиетті Рамазан айында бір-бірімізге кешірімді, мейірімді болайық.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.