НАМЫСКЕР

(«Менің ағаларым» циклынан)

Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД

«Ар-намысын бәрінен биік қойған
азамат бар мақсатына жете алады».
Сұлтан САНЖАР,
ортағасырлық философ

Қазақ қай заманда болмасын намысын қолдан бермеген халық. «Арым – жанымның садағасы» деген қағиданы берік ұстанған ер қазақтың даңқы дүниенің төрт бұрышына түгелдей жайылды. Әуелі кешегі кеңес заманында, кейін тәуелсіздік тұсында ел намысын жоқтап, топты жарып, ту көтерген балуандар бапкері, қайсар қайраткер Темірхан Мыңайдарұлы Досмұхамбетов ұлт намысын бәрінен биік қойған азамат. Бүгінгі әңгіме маған қырық жылдан бері тәлімгер ұстаз, ардақты аға ретінде ақыл-кеңесін молынан беріп келе жатқан осы бір жаны жайсаң, жүрегі кең, қолы жомарт, қайтпас қайсар тұлға жайлы болмақ.
…Ауыл баласына тән ұяңдықпен Қазақ ұлттық университет табалдырығын алғаш аттаған жыл. Ол кезде қара шаңырақты атақ-абыройы Қазақстанды былай қойып, Одақты кеңінен шарлап кеткен арыстан ректор Өмірбек Жолдасбеков басқаратын.

Қараған жан көз тоятын, жауырыны қақпақтай, құлжа мойын, келісті келбет, кесек тұлғалы, аяғын алшаң басқан ректорды университет залынан кездестіре қалғанда дәл бір адамзаттың арыстанын көргендей әсер алушы едік. Естуімізше жас күнінде жауырыны жерге тимеген болат білекті балуан болып, Мәскеудің небір сен тұр, мен атайындарын жапыра жығыпты. Ректорымыздың айбатты тұлғасына қарап, анық солай болғанына, тіпті болуға тиіс екендігіне ешқандай күмән келтірмейтін едік.
Университеттегі міндетті сабақтардың бірі денешынықтыру пәні болатын. Спорт секциясына қатысатын студенттер бұл пәннен босатылатындықтан біз әу бас­тан өзімізге етене жақын еркін күресті таңдап, Айдар Хасанұлы Сұлтанов ағамыз жетекшілік ететін топпен бірге жаттығуды бастап кеттік.
Алматының апорт иісі мұрын жаратын берекелі күзіндегі жаймашуақ күн­дердің бірінде университет бас ғима­раты алдындағы жаңалықтар ілінетін қабырғаның тұсында әлденені жамырай талқылаған жыпырлаған жастарды көрдік. Біз де ентелей алға ұмтылдық. Үлкен әріптермен қып-қызыл тушпен жазылған құлақтандыруда бас бапкер Темірхан Досмұхамбетов басқаратын университет самбошылары Мәскеудегі арнайы мамандандырылған әйгілі «Самбо-70» спорт мектебі балуандарын 9:1 есебімен есеңгірете ұтқандығы жазылыпты. Күрестен аздаған хабары бар адам үшін бұл нағыз сенсацияның көкесі болатын.
Кеңес Одағында самбоның орны бөлек еді. Өйткені күрестің бұл түрі осы елдің төл перзенті саналатын. Кезінде оны А.Харлампиев деген бапкер-ұстаз жапонның дзюдо, айкидосы, грузиннің чидаобасы, біздің қазақша күресіміз бен алып империядағы алуан халықтардың түрлі күрес өнерін зерттеп, самбоны спорттық-әскери қолданыстағы жекпе-жек ретінде жүйелеген екен. Кейін ол Кеңес Одағы ықпалындағы елдер арасына кеңінен тарап, күрестің дәл осы түрінен Еуропа, әлем чемпионаттары өткізіле бастады. Ал біздің қарасирақтар қирата жеңіп келген «Самбо-70» мектебі бүкіл дүниежүзіндегі жас самбошылар даярлайтын ең үлкен орталық болатын.
Мәскеуге әбден тозығы жеткен күртеше киіп, жыртық трикомен келген ауыл балаларын он бес республиканың үкілеген үміттерінен тұратын жас самбошылар жыртыңдай күліп, келеке етіп қарсы алыпты. Темірхан ағасы қапысыз дайындаған біздің балғын балуандар әлгілерді жүндей түтіп, жабағыдай лақтырған. Осы күнге дейін жұмыс істеп тұрған бұл орталықтың тарихында бұған дейін де, кейін де дәл осындай ойсыраған жеңіліс болмаған екен.
Көп ұзамай мен Темірхан Мыңай­дар­ұлы жаттықтыратын самбошылар тобына ауыстым, бірақ бұл бөлек әңгіме…
Ағамызбен ұстаз бен шәкірт, ағалы-інілі адамдардай 40 жылға жуық ара­ласқанымда оның өміріне, отбасына, шәкірттеріне, толып жатқан жарыстар мен чемпионаттарға, тіпті Олимпиада ойындарына қатысты сансыз көп әңгімелер мен деректерге молынан қанықтым.
Темағаңның ата-тегі туралы әңгімені тым әріден бастамай-ақ оның Қарақыпшақ Қобыландының тұқымы екенін айтсаңыз, оқырманның көп сауалының жауабы өзі­нен өзі табыла кетеді. Батырлар жы­рын­дағы бәрімізге бала кезімізден таныс, бір жағынан жойқын күш, қайтпас қаһар­ман­дықтың иесі, екінші жағынан аңқыл­даған, аузын ашса көмейі көрінетін ақ көңіл Қобыланды қандай болса Темірхан аға­мыз да тура сондай жаратылысы бөлек жан.
Ол он балалы отбасында өсіп, қазақы дәстүрмен Рәбия әжесінің қолында тәрбиеленді. Әжесі ер азаматтар соғысқа аттан­ған қиын-қыстау кезеңде колхоз басқарған, ел арасында сыйлы, шаруаға мығым, қарулы адам болыпты. Қоста­най­дың аязы ақырып, бораны бұрқылдап тұратын қаһарлы қысында салт атпен қыстау-қыстауды жалғыз аралап, колхоз малын ит пен құсқа да, ұры-қарыға да алдырмапты. Қарлы боранда жалғыз жүргенде өзегіне қорғасын құйылған дырау қамшысымен талай қасқыр соққан әжеміздің ерлігін көз көргендер кейінге дейін жырдай етіп айтады екен. Соғыстан соң туған Темірхан осындай ер мінезді әжеміздің тәрбиесін алыпты.
Мектеп бітірген соң бір жылдай туған ауы­лында еңбек етіп, 1968 жылы Қазақ денешынықтыру институтының күрес факуль­тетіне оқуға түседі. Қорғасын құйған құлжаның сақасындай кесек жара­тыл­ған азамат күрес өнерінің айла-тәсілдерін тез арада меңгеріп, шеберлігін шыңдай бастайды.
Алпысыншы жылдардың соңында Қазақстанда самбодан Л.Москалев, А.Панферов, С.Волгин сияқты балуандар әдіс-айласы кемшін түсіп жатқан қазақ балуандарын бет қаратпай ұтып тұрады. Мұндай жырынды балуандарды таза жықпасаң жеңістің қолға түсе бермейтінін білген Темірхан республикалық жарысқа нар бурадай жарап келеді. Мыңдаған көрермен, ондаған спорт мамандарының көз алдында атағы жер жарып тұрған Панферовты амалдап емес, атойлап жүріп жеңеді. Тартысты белдесуде өзі де қатты жарақат алады.Кейін бірнеше рет одақтық жарыстарда топ жарса да дәл осы жарақаты оған балуандықты тым ертерек бапкерлікпен ауыстыруға мәжбүр етеді.Бізге ұстаз болған 1977 жылы әжептәуір жігіт ағасы жасында көрінетін Темірхан Мыңайдарұлы Досмұхамбетов Қасым ақын айтатын «қайрап ап қалың жауға сермейтін» нағыз көксемсер жаста екен.
Әңгіменің басында тілге тиек еткен құлақтандырудағы өжет оғландардың табысы одақтық, еуропалық, әлемдік додаларда олжа салған жалаулы жеңістердің басы ғана екен. Кейін ол ел бағына жаңбырдай жауып, нұр болып құйылды.
Қазақтың жауынгер халық екені бесенеден белгілі. Азия мен Еуропаның арасын ат тұяғынан шыққан шаңға көміп, әйгілі Рим империясын тізе бүктірген Аттиланың жер қайысқан қолында, жарты әлемге әмірін жүргізген Шыңғыс хан әскерінің құрамында, Үндістанда Ұлы моғолдар империясын құрған Бабыр сарбаздарының сапында қазақ руларынан шыққан баһадүрлер аз болмаған. Әттең, соларды әскери өнер тарихы тұрғысынан індетіп іздеген зерттеушілеріміз аз.
Мұны айтып отырғанымның себебі: батырлық пен балуандық егіз өнер. Дүниенің төрт тарабын түгел шарлап, соңына мәңгі тозбас даңқ қалдырған Қажымұқан бабамыздан басқа, әйгілі ­Балуан Шолақ, Битабар, Боранқұл, Байғабыл сынды балуандардың есімі аңызға айналып, ел жадында жатталып қалған.
Өткен ғасырдың алашапқын жиырмасыншы, қуғын-сүргінді отызыншы, от-жалынды қырқыншы жылдарда қазақ баласы ана сүтімен бірге ауызданатын күрес өнері қағаберіс қалды. Еңсемізді тіктеген елуінші жылдары батыр бабалар рухына сыйынған қазақ балуандары атойлап боз кілемге шықты. Есімі ешкімге белгісіз Қабден Байдосов 1957 жылы Кеңес Одағында барлық студенттерді біріктіретін «Буревестник» қоғамының еркін күрестен өткен біріншілігінің финалында Олимпиаданың күміс жүлдегері, КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері Рашид Мамедбековті тас-талқан етіп жеңіп, күрес атаулыдан қазақ жастары арасынан шыққан тұңғыш спорт шебері атанды. Сол жылдарда жалғыз жортқан Байдосовтай дала бөрісінің жолын кескендер де аз болған жоқ. Ол одақтық жарыстарда атағы жер жарған үш мәрте әлем чемпионы В.Рубашвилимен тең түссе де, КСРО-ның ресми чемпионаттарында қазақ балуанына жүлделі орынды мүлде бұйыртпады.
Алпысыншы жылдары ұлттық күрес аспанында Амангелді Ғабсаттаров пен Әбілсейіт Айхановтың бақ жұлдызы жарқырай жанды. Еркін күрестен 1962 жылы Ригада өткен КСРО чемпионатында ең мықты деген балуандарды бет қаратпай тізе бүктіріп, жартылай финалда Одақтың 6 дүркін жүлдегері З.Чикриладзені екі минутта есін жиғызбастан таза жеңіп, финалда КСРО-ның 5 дүркін күміс жүлдегері украиналық В.Литвинді қос жауырынымен бірдей кілемге қадаған Амангелді Ғабсаттаров ұлтымыздан шыққан тұңғыш КСРО чемпионы атанды. Одақтық турнирлерде 1959-67 жылдар арасында әлемнің бес дүркін чемпионы атанған дағыстандық даңқты балуан Әли Әлиевпен төрт мәрте тең түскен Амангелді ағамызға да әділетсіздік аз жасалған жоқ. Оның үлкен спортпен тым ертерек қоштасуының бір сыры да осы болатын.
Қажымұқаннан кейін қазақ күрес өнерінің даңқын Әбілсейіт Айханов ағамыз жер жаһанға жайды. Ол 1961 жылы спорттық разрядынан басқа дәңенесі жоқ, күрестегі жолын енді ғана бастаған студент балуан ретінде Чехословакияға барады. Барады да атынан ат үркетін небір «сен тұр, мен атайын» дейтін қарсыластарын құйындай соқтыра жеңіп, финалда кілем иесі, кейін Рим Олимпиадасының қола жүлдегері болған бір жарым центнерлік Багумил Кубабпен кездеседі. Ешбір жасқанбай, тайсақтамай күресетін қазақтың жас қабыланы мыңдаған жерлестерінің көз алдында чех алыбын қайқайтып ұрады. Бұл кейін даңқы бүкіл қазақ даласын шарлап кеткен балуанның жеңісті шерулерінің басы ғана еді.
Еркін күрестен ең алғашқы КСРО чемпионаты 1945 жылы ұйымдастырылған екен. Ал 1963 жылы чемпионат пен КСРО халықтарының спартакиадасы қатар өтетіндіктен, спартакиада чемпионатқа бағаланып, оның жеңімпазы ресми түрде ел чемпионы ретінде танылған. Міне, осы 1963 жылғы спартакиада финалында Ә.Айханов В.Поповты жеңіп,Одақ чем­пио­натының алтын медаліне ие болады.
Кейін болмысы да, бітімі де бөлек Айханов ауыр салмақ дәрежесіне ауысты. Ол толып жатқан жаттығу жиындарында үш мәрте Олимпиада, 7 дүркін әлем чемпионы А.Медведь пен Олимпиада және 4 рет әлем чемпионы атанған А.Иваницкийді талай мәрте ойсырата жыққанымен, сол жылдары күш-қайраты толысып, тау қопарып, тас шайқаған қазақ балуанына Олимпиада, әлем чемпионаттарына қатысу мүмкіндігі берілмеді. Қатысқан күннің өзінде екінші нөмірлі балуан ретінде барып, кілемге мүлде шығарылмады.
Мен Қазақстанның 2013 жылы Беларусьта өткен мәдениет күндерінің дас­тар­қанына 76 жастағы Александр Мед­ведьті шақырып, әңгіме барысында даңқты балуаннан Әбілсейіт ағамыз ­туралы сыр тартқанмын. Ол: «Айхановты жақсы білемін. Сұрапыл күштің иесі еді. Бірден шабуылға шығатын сұсы да, мысы да басым Айхановпен мен ғана емес, ауыр салмақтағы әлемнің ең әйгілі балуандары жасқана күресетін. Ол ұстаған жерінен сығымдай қысып, бірден әдіске көшетін. Ауыр салмақта мұндай шапшаң­дықпен күресетін балуандар өте сирек» деп ағынан жарыла бағасын берген еді.
Бұқпантайлау, именудің не екенін білмейтін жойқын күш иесі Әбілсейіт ­Айханов Қажымұқан бабасының жеңісті жолын лайықты жалғастырды. Жалғастырған емей немене орыс А.Албул, осетин Б.Кулаев, чех Клемент, болгар Н.Станчев, венгр Резняк, эстон Т.Мадалвее, грузин Ш.Ломидзе, жапон Сасаки, түрік Г.Йылмаз, үнді Б.Сингх, моңғол Т.Доржы сияқты күрес өнері дамыған елдердің Олимпиада, әлем және құрлық чемпиондарын бірінен соң бірін жапыра жығып, қазақтың рухын көтеріп, атағын аспандатты. Мәскеу тау тұлғалы қазақ балуанының жолын кескен сайын оның даңқы туған жерінде биіктей түсіп, Айханов көзі тірісінде-ақ аңызға айналды.
Жетпісінші жылдары қазақ күресінде Әбілсейіт ағаның шәкірті Аманжол Бұғыбаевтың бағы жанып, ол КСРО чемпионатының әуелі қола, кейін күміс медалін алып, 1973 жылы Одақ чемпионы биігіне көтерілді.
Мәскеу Олимпиадасына дейін Жақсылық Үшкемпіровтің де күрестегі жолы оңай болған жоқ. Шетқақпай мен әділетсіздік атаулыны молынан көрген Жақсылық 1973, 1974, 1978 жылғы Одақ чемпионаттарында қола, күміс медальдарды місе тұта жүріп, тура Олимпиада қарсаңында – 1980 жылдың ақпанында Мәскеуде өткен чемпионатта алтыннан алқа тақты. Дәл осы жеңіс оған Мәскеу Олимпиадасына даусыз жол ашып, Ж.Үшкемпіров қазақ балуандары арасынан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпио­ны деген абыройлы атаққа қол жеткізді.
Мәскеу Олимпиадасында қазақтың тағы бір теңдессіз балуаны, әлемдік күрес тарихында қайталанбас тұлға ретінде танылған Шәміл Серіков те чемпиондық тұғырға көтеріліп, талай жылдар бойғы әділетсіздіктен есесі кеткен қазақ күрес өнерінің даңқын аспандатты.
Жақсылық пен Шәміл Мәскеу Олимпиадасында қазақтың айбынын асырғанда тірнек күнінде «Самбо-70» жеткіншектерін допша домалатқан Досмұхамбетовтің жас қырандары тастүлек болып жетілген еді. Сек­сенінші жылдары Кеңес Одағының күрес аспанында дәл осы қырандар қана­тын жазып қалықтап та ұшты, шабытын ша­қырып шарықтап та ұшты. Боз кілем үс­тінде қамау терін сорғалата төгіп, қар­сы­­­лас атаулыны іліп те, тіліп те алуға ­әб­ден жарады. Осылайша самбо күресінде Досмұхам­бетов шәкірттерінің дәуірі бас­талды.
Күрес өнері теориясының жілік майын шағып, бар машығын өз тәжірибесінен өткізген Темірхан бапкер университетке түскенде 17-18-ге келген жастардың ­буындары қата бастайтынын жақсы білді.Сондықтан самбо, дзюдо сияқты сәмбі талдай созылып тұруды қажет ететін, жай оғындай жылдам күреске арналған болашақ таланттарды ауылдан іздеді. Алыс­тан арбаламай бар асылын Алматының дәл іргесіндегі Қарасу ауылынан тапты.
Осы ауылдың күрестен дәмесі бар қы­рық­қа жуық қарасирақтарын боз кілемге шығарды. Бас аяғы 2-3 айдың ішінде Темірханның темірдей тәртібіне шы­­даған қырық шораның оны ғана қалды. Бапкердің әлемдік додаларда «аспандай алатын асыл қанаттары» да дәл осылардан шықты.
Әуелі Айтжан Шаңғараев топтан озды. 1981 жылғы КСРО чемпионаты Қара­ған­дыда өтті. Оған Кеңес Одағының әр түкпірінен келген ең мықты 273 самбошы қатысты. Он жетіге енді ғана толған Айтжанға жеребе тым ауыр түсіп алғашқы кездесуде Әлем кубогының иесі Сосо Ростишвили қарсы тұрды. Темірхан шәкіртінің жігерін қалай қайрағанын білмейміз, әйтеуір Айтжан кілемге шыға салысымен бірден шабуылға көшті. Атақты қарсыласына соқыр ұпай да ұстатпай, сілкіледі-ай дерсің. Бабаларының «күш атасын танымас» деген қанатты сөзін тағы бір дәлелдеп, әйгілі балуанды 5:0 есебімен ойсырата ұтты.
Бар қарсыластарын боз кілемді сабалаттыра жыққан Айтжан финалда ағасы Қанат Байшолақовтан басым түсіп, қазақтың қос оғланы чемпионаттың алтын, күміс медальдарын жарқырата жеңіс тұғырына көтерілді. Осылайша Темір­ханның тастүлегі қазақ самбосы тарихында тұңғыш рет КСРО чемпионы атанды. Өзім басынан аяғына дейін тамашалаған дәл осы чемпионатта қазақтың тағы бір жас перісі Алмас Мұсабаев ағайынды Белоглазовтардың Геннадийін айқын басымдықпен ұтты.
Мен Айтжанның талай белдесу­леріне куә болдым. «Ер бесіктен – танылады» дегендей, ол бала күнінен еш қарсыласынан қайтпай, намыс отын жандыра күресетін. Кей балуандар сияқты ыңғайына келетін әдістің орайын күтпей, алуан тәсілдерді бірінен соң бірін жасап, қарсыласын есін жиғызбай жеңетін. Жастығына, сырттай ұяң көрінетіндігіне қарамастан небір мықты балуандарды деңгелең қаққызып, әп-сәтте аптығын басып тастайтын.
Ресейде 1984 жылы өткен КСРО чемпионатында тағы да Айтжан мен ­Алмас кілең ығай мен сығайдан тұратын мықты қарсыластарын жамсата жығып, жеңіс тұғырына көтерілді. Бір қызығы бұл жолы да финалда Айтжан Байшолақовтардың ортаншысы Талғатпен кездесіп, бауы­рынан басым түсті. Дәл осы чемпионатта Досмұхамбетовтің тағы бір мұзбалағы қарасулық Мәден Қалиеков 62 килограмдық салмақта қола медальді жеңіп алды. Бұл жолғы чемпионат Қазақстанда самбо күресінің барынша өркен жайғанын, республикада Т.Досмұхамбетов, Д.Биткөзов, М.Жаһитов басқаратын үш үлкен самбо мектебі қалыптасқанын дәлелдеп берді.
Қазақстан намысын қорғаған азаматтардың бәрі бірдей ұлтымыздың ортақ мақтанышы болғандықтан, орайы келгенде ағайынды Байшолақовтар туралы да лебіз білдіре кеткеніміздің артықтығы болмас. Ағайынды батырлардың үлкені Қанат самбодан әлем чемпионы (1984) және Еуропа чемпионы (1987) атанса, ортаншысы Талғат Әлем кубогының жеңімпазы (1985), Еуропаның күміс жүлдегері (1987), ал кенжесі Жанат екі дүркін әлем чемпионатының қола жүлдегері болды. Шіркін, осындай арыс­тан ұлдарды дүниеге әкелген ата-анада арман бар ма екен дейсің, мұндайда.
Самбо сияқты күш-қуат, ақыл-ой, қимыл-қозғалысты қатар ұштауды қажет ететін спорт түрінде кілем үстінде өрнек сала күресетін Айтжан Шаңғараев та Байшолақовтар сияқты көп балалы отбасынан шықты. Оның ағасы Нұрғожа, інісі Қайрат та айтулы балуан атанып, екі рет қатарынан жастар арасында КСРО чемпионатының жүлдегері болды. Әйтсе де ағайынды Шаңғараевтар ішінде Айтжанның даңқы алысқа кетті.
Самбодан Еуропа чемпионаты 1984 жылы Испанияның Бильбао қаласында өтіп, финалға испандардың үкілеген үміті М.Гомес пен Айтжан шықты. Біздің жігіт бір жарым тонналық алып бұқаларды бір соққымен өкірте құлататын матадорлар елінің өршелене алға ұмтылған әккі балуанын бүкіл жерлестерінің көз алдында қат-қабат әдістерді көз ілеспес шапшаңдықпен жасап, бет қаратпай ұтты. Айтжан Темірхан ұстазының да, күллі қазақ елінің де абыройын асырып, самбодан қазақ балуандары арасынан шыққан тұңғыш Еуропа чемпионы атанып, жеңіс шыңына жеке дара көтерілді.
Кеңес заманында қаншама рет қуғын-сүргінге, қан-қасапқа ұшырап, жігері әбден жанышталған халқымыздың еңсесін тіктеп, рухын көтеріп, намысын қайраған Темірхан түлеткен жас қырандардың жеңістері талай қазақ жастарының жүрегіне от берді.
Осы тұста ересен күш пен мол мейірді қатар еншілеген Темірханның мына бір адамгершілікті абзал қарекетін айта кеткенді жөн санаймын. Айтжанның Қайрат атты тетелес інісі 9 жасында Темірханның қарасирақтары қатарына қосылады. Отағасы ертерек қайтыс болып, он баласын жалғыз тәрбиелеп отырған Шаңғараевтардың анасы Нұрбалаға Темірхан: «Апай, осы балаңызды маған беріңіз. Туған әкесіндей қамқорлық көрсетіп, тәрбиелейін» деп ұсыныс жасайды.
Таудай азаматтың ерекше мейір­бандығына көңілі толқыған анасы бірден келісімін береді. Ол кезде өз жағдайы да жетісіп тұрмаған бапкер Қайратты университет жатақханасындағы жұбайы Сәулемен тұратын жалғыз бөлмесіне жатқызады. Әрине, үйі Алматының іргесіндегі таяқ тастам жерде орналасқан ойын баласы 3-4 айдан соң ауылына қайтып оралады. Бірақ Темірхандай сырттай сұсты көрінетін жігіттің осындай мейірбандығы оның жан дүниесінің жомарттығынан мол хабар беріп тұрғандай.
Қайрат мектепте оқып жүріп-ақ спорт шебері атанды. Екі рет қатарынан жасөспірімдер арасындағы КСРО чемпио­натында жүлдегерлер сапынан көрінді. Нағыз күш-қайраты толысқан 21 жасында көлік апатына ұшырап, операцияға жатады. Өкіл әкесі Темірхан ең мықты нейрохирургтерге көрсете жүріп, шәкіртінің жанын аман алып қалады.Ұстазы: «Сен болашақта әлем чемпионы боласың!» дейтін Қайрат спортпен тым ерте қоштасуға мәжбүр болса да ағасының демеуімен ұлттық университеттің заң факультетіне түсіп, оны ойдағыдай тәмамдайды. Ұстаз бен шәкірт әлі күнге дейін әкелі-балалы адамдардай араласуын тоқтатқан емес.
Айтжаннан кейін Темірхан түлектері ішінде 14 жасында КСРО спорт шебері болған Мәден Қалиековті бөлек атауға болады. Кеңес Одағының жасөспірімдер арасындағы турнирлерін бірінен соң бірін ұтып, бүкілодақтық жарысқа тас-түйін дайындалған балуанды автомобиль қағып, ауыр жарақат алады. Ұстазы тағы да жанұшыра көмекке келіп, мықты дәрігерлерге көрсетеді. Құраманың бас бапкері денсаулығына байланысты жарамсыз деп тауып, командадан шығарып тастағанына қарамастан қосалқы топпен жарысқа алып барады.
Дәл сол жолы Мәден өз салмағындағы балуандардың бәрінен басым түсіп, біріншіліктің алтын медалін жеңіп алады. Көп ұзамай жасөспірімдер арасында Мад­ридте өткен дүниежүзі чемпионатында қазақ жастарынан шыққан тұңғыш әлем чемпионы атанды. Түбіт мұрт бозбала кезінде жеке дара топ жарып, ересектер арасында да нағыз әлем чемпионы болуға лайық Мәден сол баяғы жарақаты жиі-жиі сыр бергендіктен үлкен спортпен тым ерте қоштасуға мәжбүр болды.
Досмұхамбетов түлеткен қырандар ішінде дзюдо күресінен КСРО чемпионатының (1987) күміс жүлдегері атанған Бостан Жаңбырбаев туралы айтпасақ әңгімеміздің ортасы тола қоймас.
Дзюдо Қазақстанда ең кенже дамыған күрес түрі: өздеріңіз байқағандай,қазақ азаматтары арасынан еркін, грек-рим, самбо күресінен еліміздің намысын биікке көтеріп, Одақты былай қойғанда, әлемдік деңгейде топ жарған таланттар 50-60 жылдарда қаулап шыға бастаса, дзюдодан алғашқы республикалық чемпионат тек 1973 жылы ғана өткізілді. Бұл кезде Бостан Темірхан жинаған қарасулық қарадомалақтар қатарындағы 10 жасар балғын балуан ғана болатын. Бір қызығы ол Айтжан, Мәдендермен бір сыныпта оқыды. Күрестегі жолын самбодан бастады. Әуелі дәл осы спорт түрінен КСРО спорт шебері атанып, қатарынан бірнеше рет республика чемпионатын ұтады. Кейін күн сайын қанат жайып келе жатқан болашағы зор дзюдоға ауысады.
Ақиқатын айтар болсақ, дзюдода самбомен салыстырғанда одақтық, халықаралық деңгейдегі бәсекелестік анағұрлым күшті. Бостан қазақ азаматтары арасынан бірінші болып 1987 жылы Ленинградта өткен дзюдодан КСРО чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Денесі толысып, күш-қуаты да шиыршық атып тұрған Б.Жаңбырбаев 71 килограммда күресті. Қолы қарсыласының күртесіне тиісімен-ақ бірден әдіс жасауға көшетін Бостан КСРО чемпионатында халықаралық деңгейдегі шеберлер латвиялық Сидякин, майкоптық Тұлпаров, грузиялық Джикурилерді бірінен соң бірін таза жеңіспен ұтып, «алтын алақанымда» деген нық сеніммен финалға шығады. Алайда шешуші айқаста өзі көп менсіне қоймаған ресейлік А.Карасевке қарсы тізгінді сәл босаңсытып алды. Қалай десек те, Бостан Темірхан түлектері ішінен ғана емес, жалпы қазақ балуандары арасынан дзюдо күресінен тұңғыш рет Одақ чемпионатының күміс медалін олжалаған азамат ретінде тарихта қалды.
Біз Қазақстанның һәм Кеңес Одағы­ның еңбек сіңірген жаттық­тырушысы, профессор Темірхан Мыңайдарұлы Досмұхамбетов шәкірт­терінің Одақ, Еуропа, әлем чемпионаттарында топ жарған хас таланттарына ғана тоқталдық. Ол тәрбиелегендер қатарында КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, халықаралық және одақтық спорт шебері атанған балуандардың жалпы саны қырықтан еркін асып жығылады. Олардың ішінде республика чемпионатын қатарынан 5-6 рет ұтқандары да жеткілікті.
Кеңес Одағы атты алып империя құлап, балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен жылдары кез келген қиындықты қатепті қара нардай көтеретін Темірхан асып-сасқан жоқ. Әуелі «мемлекеттік» деген дардай атынан басқа заты жоқ, әбден кетеуі кете бастаған «Интурист Қазақстан» ұлттық компаниясын, туризммен айналысатын «Яссауи» акционерлік қоғамын басқарып, оларды аяғынан тік тұрғызады. Көп ұзамай атағы дүрілдеп тұрған компания да, оның жігерлі басшысы да Елбасы назарына түсіп, 1996 жылы Т.М.Досмұхамбетов Тәуелсіз Қазақстанның Жастар ісі, туризм және спорт министрі қызметіне тағайындалды.
Бір топ шәкіртімен бірге ұстазымды құттықтауға мен де бардым. Алматының Абай даңғылында орналасқан ғимараттағы министр кабинетінің «демалыс бөлмесі» деп аталатын әдетте шай-су ішетін бөлігін шағын спортзалға айналдырып жіберіпті. Сол баяғы тура мінез, жайдары қалыптан айнымаған. Жарқылдап күліп, сенімді сөйлейді. Бізге кейінгі он жылда әбден тозығы жеткен Орталық стадиондағы қайнаған құрылыс жұмысын көрсетіп, болашақ жоспарларымен бөлісті. Ақиқатын айтар болсақ, қиындық атау­лыдан аяқ алып жүргісіз сол жылдарда Темірхан Мыңайдарұлы жоқтан бар жасады. Көп ұзамай іскер министрдің батыл бастамалары өз нәтижесін бере бастады.
Министр Досмұхамбетов 1996 жылы ұлттық құраманы Атланта Олимпиадасына өзі бастап апарды. Дәл осы жолы қазақ елінің спортшылары ел тарихында тұңғыш рет 11 медальді жеңіп алып, жалпы есепте 22-орынға табан тіреді. Тәуелсіздік алға­­нына әлі 5 жыл да толмаған әрі өз та­ри­­хында алғаш рет ұлттық құраммен Олим­пиадаға қатысқан жас қазақ елі үшін бұл үлкен жеңіс болды және осы табыста ежел­­ден спорттың жілік майын шаққан Темірхан Мыңайдарұлының да үлесі зор еді.
Тегеурінді министрдің қарымды қызметін Елбасымыз ерекше бағалап, оны 1998 жылы Президенттің Іс басқарушылығына тағайындады.Темірхан Мыңайдарұлының бұл қызметке кірісуі елорданың Астанаға ауысуымен тұспа-тұс келді. Ол кезде көп облыс орталықтарының бірі ғана болған Ақмолада басқаны былай қойғанда Мемлекет басшысы тұратын резиденция да жоқ еді. Осы бір тарихи кезеңде Темірхан Мыңайдарұлындай ердің сойы Елбасымыздың қамшылар жағынан табылды. Қай салаға салсаң да күш-жігерін сарқа жұмсап, бар қайратын көрсететін оның еңбекқорлығына дән риза болған Елбасымыз 2003 жылы Т.М.Досмұхамбетовті Астана қаласының әкімі қызметіне тағайындады. Бұл қызметті бір жыл бойына абыроймен атқарған ол келесі 2004-2006 жылдары Президенттің Іс басқарушысы қызметіне қайта оралды.
Биік лауазымды қызмет атаулының оңайы болмайды. Бірақ солардың ішінде күн сайын дерлік Елбасының назарында болатын Іс басқарушы лауазымының орны да бөлек, жауапкершілігі де жоғары. Бұл қызметке қай заманда болмасын Мемлекет басшысының ең сенімді адамы тағайындалған. Темірхан Мыңайдарұлы өзінің таза болмысы, адал қызметімен Елбасының осындай зор сеніміне ие бола білді. Досмұхамбетов екінші мәрте Президенттің Іс басқарушысы қызметіне кіріскеннен кейін тәуелсіз ел тарихында тұңғыш рет Елбасының өз жобасымен салынып жатқан еліміздің еңсесі биік ордасы – Ақорданың құрылысы қарқын ала түсті.
Шындықты айтар болсақ, Прези­дент­тің Алматыдағы резиденциясы Кеңес заманында Ленин музейі ретінде жоба­ланған ғимарат болатын. Қаржы-қаражатты үнемдеу мақсатында Елбасымыз мұражайға арналған осы ғимаратты резиденцияға ыңғайлап қайта жасатты.
Елордамыз Астанаға қоныс аударған кезде де Елбасымыз барлық ресурсты орта­лық мемлекеттік органдар мен әлеу­меттік бағыттағы нысандарды салуға жұмсап, өзі бұрынғы облыстық партия комитетінің ғимаратына жапсарлас салынған шағын ғана резиденцияға орналасты.
Ақорданың құрылысы Темірхан Мыңайдарұлы алғаш Іс басқарушы болып тұрған кезде басталып, ол осы қызметіне қайтып оралғаннан кейін 2004 жылдың желтоқсанында аяқталды. Елбасының өз қолымен сызылған жобамен бой көтерген бұл құрылыстың басы-қасында қашанда талмайтын Темірхан мырза болғандығын сол жылдары Президенттің жанында қызмет істеген біз өз көзімізбен көрдік.
Ақорда тарихындағы ең айтулы оқиғалардың бірі ретінде дәл осы ғажайып ғимаратта 2006 жылдың қаңтарында өткен Елбасының ұлықтау рәсімін айтуға болады. Дүниежүзінің ондаған елдерінің басшылары мен биік лауазымды тұлғалары қатысқан ұлықтаудың ресми шараларынан бөлек, келген қонақтардың барлығын лайықты қарсы алып, жайлы орналастырып, дәмді ас-суын әзірлеп, разы-хош етіп шығарып салу сияқты көп айтылып, жазыла бермейтін қыр-сыры мол жұмыстарды мүлтіксіз атқарудың басы-қасында тағы сол Темірхан ағамыз жүрді.
Елбасымыз қазақ спортының еңсе­сін биіктету мақсатында 2006 жылы Т.Досмұхамбетовті екінші мәрте Т­уризм және спорт министрі қызметіне тағайындады. Мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі әбден толысып, Үкіметтегі әріптестері арасындағы абырой-беделі дәуірлеп тұрған кезде келген Темірхан Мыңайдарұлы бұл жолы ескі-жаңа қызметіне барын салды.
Спорт саласын бес саусағындай білетін министр сайдың тасындай жігіттерді таңдап, талғап, комитет, департамент басшылығына тағайындады. Әр спорт түрі бойынша ұлттық федерация басшылығына беделі ғана емес, қолында қаржы-қа­ражаты мен әлеуеті бар азаматтарды сайлады. Көп ұзамай Досмұхамбетовке тән кең құлашты қызмет жайнап сала берді.
Кеңес заманында Қазақстандағы ең айтулы додалар Алматыдағы Орталық стадион, Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы, Медеу мұз айдыны мен Шымбұлақта өтетін. Сол кезде алды жарты ғасырдан астам уақыт бұрын салынған бұл ғимараттардың кетеуі кетіп, іргесі сөгіле бастаған еді. Темірхан Мыңайдарұлы олардың бәріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қайта түлетті. Әсіресе осы заманғы ең озық техникамен жарақтандырылған Медеу мен Шымбұлақ Еуропаның ең әйгілі қысқы курорттарымен иық теңестіретін дәрежеге жетті. Бұған қосымша қысы-жазы жұмыс істейтін 95 және 125 метрлік қос шаңғы трамплині, «Алатау» шаңғы-биатлон стадионы, тау шаңғысына арналған «Табаған» кешені салынды.
Астанада ұзақ жылдар бойы спорттық жарыс қана емес, жалпы бұқаралық шаралар атаулы қаланың ескі бөлігінде орналасқан «Қазақстан» спорт кешенінде өтетін. Министр Досмұхамбетовтің тұсында жылдың кез келген мезгілінде пайдалануға арналып, төбесі ашылып-жабылатын «Астана-Арена» стадионы, «Алау» мұз айдыны, «Сарыарқа» велотрегі салынды. Мұның бәрі алдағы 2011 жылы өтетін Қысқы Азиадаға қапысыз дайындықтың белгісі еді.
Өзім де бірнеше Үкімет құрамында қызмет істеген азамат ретінде әдетте оқыр­ман қауымның назарынан қағаберістеу қалатын мына бір ақиқатты жеткізе кеткенді жөн көрдім.
Басқарып отырған саласының өсіп-өркендеуін қаламайтын министр болмайды. Бірақ оған бәрінің бірдей білім-білігі, шама-шарқы, абырой-беделі жете бермейді. Ең әуелі жалпыұлттық маңызы бар, мол қаражатты қажет ететін іргелі нысандарды салудың қажеттігін Елбасы­на дәлелдей білуің керек. Осы сыннан сүрінбей өткен соң Премьер-министр­ден қаржы бөлгізуге күш жұмсайсың. Үкімет қаулысына барлық министрлер қол қоятындықтан әріптестеріңе бедел саласың. Ең соңында республикалық бюджет Парламентке келгенде депутаттар алдында өз ұстанымыңды қорғап шығуың керек. Темірхан Мыңайдарұлының аса зор абырой-беделі оны осындай машақаты көп сындардан сүрінбей өткізді.
Егер Қысқы Азиада тарихына көз жіберер болсақ, ол бізге дейін тек Жапония, Оңтүстік Корея және Қытай сияқты экономикасы да, спорты да қарыштап дамыған елдерде ғана өткізіліпті. Еліміздің Азиаданы ұйымдастыру құрметіне ие болуының өзі үлкен тарихи жетістік еді. Ал Қазақстанның әлемдегі ең алпауыт елдерді артқа тастап, жеке дара Қысқы Азиаданың бірінші орынын жеңіп алуы ұлттық спорттың ғана емес, еліміздің аса зор, айтулы табысы ретінде бағаланды.
Лондонда өткен тарихи Олимпиадаға Т.Досмұхамбетов Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті ретінде қатысты. Олимпиада бүкіл әлем елдерінің спорттағы ғана емес, экономикадағы, саясаттағы, ғылым мен технологиядағы жетістігі, артықшылығы, бәсекеге қабілеттілігі сынға түсетін ұлы жиын. Лондонда Қазақстан өзінің әбден марқайған, өскен, өркендеген, кемеліне келген ел екендігін, дүниенің ең дамыған мемлекеттерімен иық тірестіре алатын дәрежеге еркін жеткендігін дәлелдей алды. Олимпиадаға үмітін үкілеп келген 205 елдің ішінен Қазақстанның 12-орынға нық табан тіреуі ұлтымыздың арғы-бергі тарихында бұрын-соңды болмаған ғаламат жеңіс ретінде бағаланды. Осы тарихи жеңісте қашанда нардың жүгін көтерген қазақтың намыскер азаматы Досмұхамбетовтің жеке дара қосқан үлесі зор деп білемін.
Қаймағы бұзылмаған қазақ ауылында өскен Темірхан өз еркімен әуелі Үкімет, кейін Парламент мүшелігінің жайлы орынтағын соңынан қаулап өсіп келе жатқан шәкірт-інілеріне босатып, сол баяғы алтын бесігіне қайтып оралды. Қай шаруаға болмасын жігерін жанып, жанын сала кірісетін жойпар азамат азғана уақыт ішінде өзі басқаратын «Байсерке-Агроны» еліміздегі ең озық, ең таңдаулы кәсіпорынға айналдырды. Ұстаздың ауылына біз де бардық, табысына «құтты болсын!» айттық.
– Елбасының арқасында дүниені түгел араладым ғой. Барлық көрген-білген, көкейге түйгенімді Байсеркеге салдым. Міне, нәтижесін көріңдер, салыстырыңдар. Енді «қазақтың қолынан іс келмейді» деп айтып көрсін ана «данышпандар», – деп жарқылдай күліп, жадырай қарсы алды ұстазымыз.
Байсеркеден біз құлжадай үлкен қош­­қарлар, құйрығын көтере алмай ма­мыр­ла­ған құнан қойлар, желіні жер сыз­ған қарала-торала сиырлар, небір алып бұқа­ларды көрдік. Қарасаң көз тоя­тын, құйрық-жалы сүзілген ағылшын, араб, ақал­теке, қазақы арғымақтардың да неше атасы осында екен. Сиыр біткен компью­терлік технологиямен сауылады. Шаруа­шылықтағы егінжай, көкөніс, жеміс-жидектің өзі де, түсімі де шаш етектен.
Жетпістің үзеңгісінде тұрған Темағаң әлі де сол баяғы дер шағында. Нық сөйлейді, кесек турайды, жойқын қимылдайды. Сексен, тоқсанға еркін жететін жоспарлары да жетерлік.
Ағамызбен осыдан тұп-тура қырық жыл бұрын басталған еш қылаусыз қарым-қатынасымыз жарасымды жалғасын тауып келеді. Тіпті екеуміздің балаларымыз да бір мектепте оқып, біздің достығымызды ұрпақтарымыз жалғастыра түсті. «Жайнаған туың жығылмай, кіршіксіз пейілің мен ақ көңіліңдей әрдайым желбіреп тұрсын!» дейміз Алаштың намыскер азаматына.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.