Қара баянның құдіреті

Ел ішінде Қалибекті білмейтін адам жоқ. Оның әндері біздің бала кезімізде радиодан жиі беріліп жататын. Тұтас бір буын Қалекеңнің әндеріне тербеліп өсті. Қара баянын құшақтап жүріп Қалибек талай лирикалық әндерге ғұмыр сыйлады. Ерке Тобылдың тынысына бір сәт құлақ түріп, еркелей ескен самал желдің, сылдырай аққан бұлақ суының шуылына еліткен композитордың қаламы жылдар бойы туған жер топырағының құнарынан нәр алды. Әлбетте, ән шығару оңайдың шаруасы емес. Шығармашыл жұп қоршаған ортаның беймәлім сырына терең бойлағанда ғана жанкешті еңбек ақталады.

Иә, оның өнер жолында жүргеніне биыл 45 жыл толды. Едәуір уақыт. Осы аралықта композитор 150-ден астам ән жазған. Тақырыбы сан алуан. Отанға, туған жерге, анаға деген махаббат, қазақ қыздарына деген ынтық сезім Қ.Деріпсалдин әндерінің ­басты көзірі. Қалекең бүгінгі заманның сал-серісі сияқты. Ол тек, Тобыл төңірегіне ғана емес, көптеген облыс орталықтарын аралап, әндерін елге насихаттап жүр. Бұған дейін Алматы, Астана, Орал, Атырау, Тараз, Көкшетау сияқты еліміздің бірқатар өңірінде өзіндік шығармашылық кешін өткізген өнер қайраткері әндері мен күйлерінің басын қосып, бірнеше жинақ шығарған. Бұл жолы да Қалекең Қостанай, Торғай топырағынан шыққан композиторлардың жүзден астам әндерін біріктіріп, «Тобыл-Торғай әуендері» атты үлкен жинақ шығарды.
Композитор тұңғыш рет республикалық деңгейде «Көктем қыздар» деп аталатын ән байқауын өткізуді ұйғарыпты. Тың идеяны Қостанай облысының әкімдігі, облыстық мәдениет басқармасы мен қала басшылығы іліп әкетті. Тобыл өңірінде мұндай ірі көлемдегі ән байқауларының өтуі заңды құбылыс. Кешегі Бақытжан Байқадамов, Әбілахат Еспаев тәрізді ән әлемнің падишалары дүниеге келген топырақ небір талантты композиторларға кенде емес. Қалекең солардың лайықты ізбасары іспетті.
Қазақстан композиторлар Одағының мүшесі, әнші-композитор Қалибек Деріпсалдиннің әндеріне арналған республикалық «Көктем-қыздар» байқауына елдің түкпір-түкпірінен келген отызға тарта әнші қатысты. Байқаудың көздегені – қазақстандық әндер шығармашылығын дамыту, ел ішіндегі жастар арасында Қостанай облысынан шыққан композиторлардың шығармашылық мұраларын сақтау және насихаттау, ән әлеміндегі жаңа есімдерді халыққа таныстыру. Еліміздің түкпір-түкпірінен ат арытып келген үміткерлер екі күн бойы Қостанайды әсем әнге бөледі.
Қалекеңнің өзі сахна сыртында қобалжып жүр. Дұрыс қой. Бәрі абыроймен өтсе екен деп тілейді жұдырықтай жүрегі.
– Ел ішінде мұндай байқау өткізу бұрыннан қалыптасқан дәстүр ғой. Мәселен, Алматыда Нұрғиса Тілендиев, Әсет Бейсеуовтің кеші, Таразда Алтынбек Қоразбаев, Қызылордада Кеңес Дүйсекеев, Оралда Ескендір Хасанғалиев ағаларымыздың ән байқаулары өтіп жүр. Ал Солтүстік өңірде бұл алғаш рет өтіп отырған шара. Сол үшін бақыттымын. Жалпы Тобыл-Торғай халқына, көрермендеріме шын жүректен алғыс білдіремін, – дейді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Қалибек Деріпсалдин.
Байқаудың алғашқы күні қатысушылар қазақ ұлт-аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен Қ.Деріпсалдиннің бір шығармасын орындаса, келесі кезекте үміткерлер өз қалауы бойынша көрнекті композиторлар Б.Байқадамов, Ә.Еспаев, Б.Хамзин, Б.Сәуекеновтердің бірінің әндерін орындауы шарт. Байқаудың екінші кезеңінде әншілер автордың эстрадалық жанрда жазылған бір әнін орындады.
Әдiлқазылар алқасына ҚР еңбек сiңiрген қайраткерi, Астана мемлекеттiк өнер универси­тетiнiң профессоры Ермұрат Үсенов төрағалық етті. Қалғандары да осал емес. ҚР еңбек сiңiрген қайраткерi, Қазақстан композиторлар одағының басқарма мүшесi, Құрманғазы атындағы консерва­тория­ның профессоры Бейбiт Дәлденбай, еліміздің еңбек сiңiрген артисi, Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының әншiсi Ғазиза Жұмекенова және ҚР еңбек сiңiрген қай­раткерi, Елубай Өмiрзақов атындағы Қостанай облыс­тық филармониясының жанынан құрылған ұлт-аспаптар оркестрiнiң бас дирижерi әрi көр­кем­дiк жетекшiсi Назымбек Молдахметов бар. Мұның сыртында танымал өнер жұлдыздары Есет Садуақасов, Сүлеймен Ибрагимов кеш қонағы болды.
Кілең мықты құлағын тосып, мұқият тыңдап отырған байқауда сахнаға толқымай шығу мүмкін емес-ті. Бірақ үміткерлердің бәрі қатал сыннан сүрінген жоқ. Әр әнді нақышына келтіре, ырғақ үйлесімін бұзбай айтып шықты. Әрине, байқаудың аты – байқау. Біреу жеңеді, енді бірі жеңіледі. Бұл жолы байқаудың бас жүлдесі Тараздан келген ­Жанатбек Кәдіровке бұйырды. Бірінші орынды Батыс Қазақстан облысынан келген Дәрия Бақытова мен Дастан Есентемiровтер жеңіп алды. Екiншi жүлделі орын ақтөбелiк Нұртас Омаров пен қостанайлық Қанат Ражановтың еншісіне тиді. Ал үшiншi орын ақмолалық Алмат Әбiлғазин, қостанайлық Гүлбақыт Жаңбырбаева мен Азамат Мұқатовқа берілді.
– Қалибек ағаның әндері жүрекке өте жақын. Біз ол кісінің «Айнакөл жағасында» деп аталатын әнін ең алғаш болып орындадық. Осыдан үш-төрт жыл бұрын Оралға келіп, бізге осы әнді өзі ұсынды. Өте сәтті шыққан сияқты. Әннің әуезі мен сөзі өзара қабысса туындының тұғыры биіктей түседі. Мұндай дүние өміршең болады. Әсем әуенді тыңдарманның жүрегіне жеткізіп, орындай білу қажырлы еңбекті талап етеді. Қалибек Деріпсалдин – сол үдеден шыға білген композитор әрі әнші. Тума талант иесін Тобылдың дүлділі ғана емес, «Қазақтың Қалибегі» деп атайтыны да сондықтан, – дейді Дастан Есентеміров.
Байқау өткен екі-үш күнде түрлі санаттағы мамандармен пікірлестік. Ән өнерінің шексіз құдіретін ой-тамызық еттік. «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» дейді халқымыз. Оңды пікір осы. Өнердің соқтықпалы-соқпақты жолында жүрген жандар да бұған еш шүбә келтірмейді.
Өнер кеші өзінің шарықтау шегіне жетер кезде белгілі композитор, музыка саласының майталманы Ермұрат Үсеновпен жолығып, пікірін сұрадық. Ерекең көптің көкейіндегісін дөп басты.
– Меніңше, байқау мұнымен тоқтап қалмауы тиіс. Неге десеңіз, ел ішінде талай дарынды жас­тар жүр. Солардың бағын ашатын осындай ша­ралар. Тіпті болмаса әр екі жыл сайын ұйымдас­тырып тұрса, бұдан қазақ музыкасы, ән өнері ұтпаса, ұтылмайды. Сол себепті Қалибек әндерінің байқауы ғұмырлы, тұғырлы болсын деп тілеймін, –дейді елімізге еңбек сіңірген қайраткер, Қазақстан композиторлар Одағының мүшесі, профессор Ермұрат Үсенов.
Осылайша, композитор Қалибек Деріпсалдин әндерінің республикалық байқауы өз мәресіне жетті. Ел Ұлы мәртебелі өнерге түрегеп тұрып қол соқты. Бұл Қалекең әндеріне берілген шынайы баға.

Әлібек ЫБЫРАЙ,
журналист
Қостанай

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.