Сергектікті серік еткен

Ақтөбе облысының және Ақтөбе қаласының құрметті азаматы, Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі Өтеміс Әкімовпен алғаш танысып, араласқаныма қырық жылдан асыпты. Оның да өзіндік ерекшелігі бар.
1977 жылдың қыркүйегінде Байғанин ауданының орталығы-Қарауылкелді ауылында Нұрпейіс Байғанинді ұлықтау шаралары өткізілді. Бағдарламаға ақындар айтысы енгізілген, мұның өзі Ақтөбе аймағында Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейінгі бейбіт кезеңде араға ондаған жылдар түсіп, қолға алынған шаруа екен.Шалқардың аудандық газетіндегі жауапты хатшы – маған жүктелген міндет өңір атынан додаға түскелі тұрған өкіл Данабек Қалмұратовқа атқосшы, жолбасшы болу.

Сапарласым ауыл-ауданнан көп ұзап шықпаған шаруа адамы, бірінен бірі өткен сүлейлердің мысы басты ма, түн ортасында ақынымның қызуы көтеріліп, ауырып қалған, төсектен тұра алар емес. «Жедел жәрдем» ша­қырып, әбігерге түстік. Ертеңіне екі­күндік бағдарлама шымылдығын көрші орналасқан Шалқар, Ырғыз аудандарының ақындары ашуы керек.
Мәдениет үйінің фойесінде абдырап тұрмын. Қасыма бір азамат келді де:
– Сізді Әкімов шақырып жатыр, – деді. Октябрь аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі Тіленбаев екен.
Облыстық мәдениет басқармасының бастығы Әкімов туралы газеттегі жария­ланымдардан оқығандықтан сырттай білемін. Ұзын бойлы, көзілдірік киген келісті жігіт. Салаға қарасты бірқатар ме­кемелер басшыларымен әңгімелесіп тұр.
– Шалқар, ақының қайда? – деді салғаннан. Ол кісіге ие бола алмай қайда жүрсің? Қазір райкомыңа телеграмма салғызамын…
Мәссаған, мынау екпін тіпті абыржытты. Әлгіде «Жедел жәрдемнен» алған анықтаманы көрсеткен болып жатырмын. Ағамыздың дидарындағы қатқылдық сейілгендей.
Айтыс та өтті, бағдарлама сәті­мен жүзеге асты. Қызықты тама­ша­лаған үлкен-кіші шараны ұйымдасты­ру­шыларға риза болып тарасты. Ал мен болсам қашан елге оралып, өзімді іссапарға жіберген аупарткомның бөлім меңгерушісі Әбдірахман Шолақовқа жағдайды баяндағанымша санамнан Өтеміс ағаның кейістік кейпі кетпей тұрып алғаны рас.
Жылдар өтті, қоғам алмасты. ­Уа­қыт­­тың ағысымен біз де есейдік. ­Үл­кен-кіші орынтақтарды иеленген аға-апалардың біразымен арала­сып, дү­ние­танымымызды молайт­қанымыз – тағдырдың әдемі несібесі. Атақ-даңқы бірте-бірте ұлғайып, ел сыйлаған қалпында сексен жастың сеңгіріне шық­қан Әкімов жайлы таным-түсінігіміз тереңдей түсті.
Кезінде облыс көлеміндегі айтыстың жеңімпазы атанған әкесі Ұлықпан мен ғасырдан астам жасаған ­анасы Божай Гурьев пединститутының ­физика-математика факультетін бітіріп келген Өтемісті «Құдай берген жалғыз баласың, ешқайда жібермейміз» деп, Ойылдың Қарой жетіжылдық мектебінде мұғалімдікке қабылдатады. Мектепте өзінен бір сынып төмен оқыған, Алматы қаржы техникумының түлегі Жансұлумен уәдесі жүзеге асып, шаңырақ көтерді.
Жаратылысынан алғыр, ескерімді, ұдайы ізденіспен жүретін жас маман туып-өскен Ойыл өңірінде қызмет сатыларынан сүрінбей өтеді. Осылайша аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, кейін аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы болып, айтарлықтай тәжірибе жинақтаған. 1975 жылы облыстық мәдениет бас­қармасының бастығы қызметіне бекітіледі. Өтеміс аға бұл орынтақта үзіліссіз, абыроймен он үш жыл отырды. Біздің білуімізше тұтас Ақтөбе облысының мәдениет саласында ең ұзақ жетекшілік еткен де осы Әкімов.
Қай қоғамда да халықтың тыныс-тіршілігіне тікелей ықпал ететін шаруаның басы-қасында жүру оңай болмаса керек. Кейіпкеріміз облыс басшылығымен, одақтық және рес­публикалық министрліктермен ұдайы байланыста жұмыс істеп, мәдениет мекемелерінің материалдық-техни­калық базасын нығайтуға, оның шеңберін ұлғайтуға күш салды. Соның нәтижесінде Тахауи Ахтанов атын­дағы облыстық драма театры, облыстық тарихи-өлкетану музейі Шалқар қаласындағы, Мәртөк және Ырғыз селоларындағы филиалдарымен бірге, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың мемориалдық музейі, Көрме залы ашылды, Мұғалжар ауданының Ембі қаласында Ахмет Жұбановтың мемориалды музейі қалпына келтірілді. Облыстың бірқатар аудандарының орталықтарында типтік үлгіде мәдениет үйлері салынды. Жаңадан құрылған ансамбльдер, хор ұжымдары қысқа мерзімде тыңдарман жұртшылықтың құрметіне бөленді.
Кейіпкеріміздің жадында орныққан жай — Кеңес Одағы тұсында СОКП Орталық Комитеті Саяси бюросының мүшелігіне кандидат болған министр, Петр Нилович Демичевтің қабылдауында арнайы үш рет болғаны. Оның ашық-жарқын әңгімелескенін ұтымды пайдаланып, Ақтөбе облыстық мәдениет басқармасының игілігіне қажетті мәдени құрал-жабдықтарды кідіріссіз алғанын ұмытар ма?!
Жүрегі жұмсақ азамат Әкімовтің қамқорлығымен жоғары және арнаулы орта оқу орындарында білім алып оралған мамандардың үлкен шоғыры облыстың мәдениет мекемелерінде жемісті еңбек етті.
Даусыз ақиқат-өзіне тапсырылған істі жауапкершілікпен атқарған адам былайғы жұрттың назарына тез ілігеді. Ақтөбе – мұнай-газға бай өңір. 1991 жылы Кеңкияқтағы кәсіпорындарда мұнайшылардың әлеуметтік жағдайларға байланысты наразылығы туындады. Бұл жағдайға алаңдаған облыс басшылығының ұсынысымен «Актюбинскнефть» бірлестігінің Бас директоры Сергей Петрович Зимин Әкімовті өздеріне қызметке шақырды. Өңірдегі ахуалмен жете таныс, басшылық қызметте шираған азамат жаңадан құрылған үкіметтік мекемелермен және бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс бөлімінің жетекшісі ретінде қызмет барысында іскерлік көрсетті. Бірлестікке қарасты филиалдарда ісқағаздарды мемлекеттік тілде жүргізу үшін аудармашы штаты енгізілді, жариялылық пен демократияға өріс ашылды, қарапайым еңбек адамдарының арыз-шағымдарын аяқсыз қалдырмау талап етілді. Кейін «Мұнайшы» қоғамдық қорының аумақтық үйлестірушісі болған Өтеміс ағаның төрелігіне жүгінген адамдардың ризашылығына сан мәрте куә болдық.
Кейіпкеріміз зейнет демалысына шықаннан кейін де өзін бұқарадан бөлектеген емес. Облыстық, қалалық деңгейдегі қоғамдық-саяси шаралардан сыртқары қалмауға тырысады. ­Замандас азаматтардың отбасындағы қуанышты, ренішті жайларды бөлісуден жалыққан емес. Облыстық «Ақтөбе» энциклопедиясының материалдарын дайындау мен баспадан шығару жұмыстарының басы-қасында жүрді. «Өмір өткелдері», «Нәрен Имашев» кітаптарының авторы, «Қазақ мұ­найы­ның энциклопедиясы», «Қазақстан мұнайшылары Ұлы Отан соғысы жылдарында. 1941-1945 ж.ж.» кітаптары редакциялық алқасының мүшесі болды. Жасы ұлғайса да сергектігінен танбай облыстық, республикалық басылымдарда материалдар жариялап келеді.
Өтеміс Әкімовтің қажырлы еңбегі «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы» ордендерімен, егемен еліміздің «Құрмет» орденімен, ондаған медальдармен, мәртебелі атақтармен бағаланды. Ғұмырдың саналы жылдарын есеп қызметіне арнаған зайыбы Жансұлу Жүнісқызы екеуі алпыс жыл қос аққудай әдемі жарасып, бес бала, он бір немере, төрт шөбере сүйді.

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ
Ақтөбе

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Onlinepharmacycanada

    Thank you ever so for you post.Much thanks again.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.