Ер есімі ұмытылмайды

Қазақ халқы аңызға айналдырған тұлғаның бірі – Бауыржан Момышұлы. Ер Баукең көзінің тірісінде Кеңес Одағының Батыры атағын ала алмаса да, қалың елдің арасында  «Халық батыры» саналды. Оны жұрттың бәрі батыр деп бағалады.   

Батырдың туып-өскен жері Жуалы ауданында Бауыржан Момышұлы мемориалдық музейі бар. Музей 1995 жылдан жұмыс істейді. Содан бері Жуалыға атбасын тіреген жақсылар Бауыржан музейіне бір соқпай кет­пейді. Осында талай министрлер мен белгілі ғалымдар болған екен. Бұл музейге еліміздің барлық облысынан, шет мемлекеттен келіп, тамашалайтындар бар. Қазіргі таңда музейді Нұрзат Әмірбек басқарып отыр.
Жақында батырдың музейіне арнайы бардық. Бізді музейдің экс­курсоводы Ұлханым Исмай­лова қарсы алып, батырдың мұра­лары­мен таныстырды. Әр бұрышта алтын көмбе жатқандай. Мұнда қажет емес дүние жоқ. Барлығы жүрек толқытады. Мәселен, «Волоколамск жолын­дағы шайқас» көрінісінен бір сәт майдан дала­сының қасіретін сезгендей болдық. Келесі сәтте ­Бауыржан батыр киген шинель, әскери етік, бас киімі мен планшеті көңіл толқытады. Батырдың майдандағы киімдерін көзбен көру де бір ғанибет қой. Баукеңнің соғыс кезінде өзі сызған ұрыс дала­сының стратегиялық картасы да осында сақталған. Батыр оны араб жазуымен жазған. Ж­азатайым жау қолына түссе, ұрыс бағытын дұшпандар түсінбесін дегені болар.
Сол кездегі Куба елінің басшысы Фидель Кастроның ша­қы­руымен Кубаға барғаны да музейде үлкен құр­метпен көрініс тауыпты. Сол сапардан соң «Куба әсерлері» жазбасы жа­зылғанын да, Раул Кастроның ба­тырға құрметі де осы мұражайда бейнеленген.
Бауыржан атамыздың өз қо­лымен ойған қазақы оюлар көзді арбайды. Мұнда құс қанаты, бұлт деген оюлар қойылған екен. Әрбірі Баукеңнің қай­таланбас қол­таңбасы ғой. Батыр­дың жазу үстелі, жазу мәшинесі сол күн­дегідей сақталыпты. Кереуеті де қо­йыл­ған. Белгілі ғалым Мекемтас Мырзахметов дайындаған Бау­кеңнің 30 томдық кітабына да мұнда үлкен мән берілген.
Ұлханым Баймолдақызы бізге ба­тырдың ұрыс даласындағы ерлік­те­рінен және бала күндерінен сыр шертті. Баукең батальон командирі ретінде Мәскеу үшін шайқаста 207 рет ұрысқа қатысып, ерлік көрсеткен. 3 күн бойы фашистер шабуылын тойтарып, батальонды шығынсыз жау қолынан алып шыққан екен. Нағыз – ерлік!
Бұл музей 2010 жылы Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына орай күрделі жөндеуден өткен. Қазір музей ауласында гүлдердің 15-20 түрі, талдар көгеріп, өсіп тұр. Бұл жерді абаттандыруда аула күтуші Бибігүл Өтеуованың үлкен еңбегі бар. Ол 12 жылдан бері табан аудармай осында еңбек етеді. Гүлдерді, шыршаларды суарып, ауланы тазалаудан жалыққан емес. Отанын қорғаған хас ба­тырға қызмет еткеніне қуанады. Ба­тыр­дың музейі Баукеңнің өзіндей асқақ, айбынды. Бұл музей талай жас ұрпаққа тағылым берді. Алдағы уақытта да жастардың үлгі алатын орталығына айнала беретіні анық.

Есет ДОСАЛЫ,
журналист
Жамбыл облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.